Өтегеннің аман келгенін естіген әр рудың жақсылары, әз-киелілері түгел жиналады. Төле бидің көңілі көтеріліп, «өлді» деген Өтегеннің туған жерге аман-сау келгеніне арнап ақбоз айғырды шалдырады. Өзі де көңілі көтеріліп, бауырының сөзін жалықпай тындайды.
Елден аттанған күннен бастап, қай жерде болғанын, қай елдерді аралағанын, түп-түгел жігін жатқызып, әңгімелейді. Өтегеннің сөзін тыңдап отырғандардың біразы «астапыралла» деп жағаларын ұстайды. Кейбірінің көзіне жас келіп, сүйектері босайды. Әңгімеге қаныққан Төле би о баста ұлы жүзге жердің бетінен қолайлы қоныс ізде деген сөзін есіне алып:
— Еңіреген еліңе тапқан жерің бар ма? Құшағын ашар ел бар ма? Сен кеткелі қанша жыл, қайырын Құдай берер ме? Шығыстан Қытай қаптаса, Қалмақ та тыным таппаса, Бұқар, Қоқан, Хиуа қылышын жалаңдатып, бір жыл тыныш жатпаса, халқымның күні не болар? Үш жүзді бөліп ап, күңірентер ме екен елімді? Сындырса бүтін белімді, кімнен алам кегімді? Мамырлайтын қалың ел, таптың ба, айтшы жеріңді? — деп жамбастап, жастыққа сүйенеді.
Сонда Өтеген де ардақты ағасының көңілін жықпаймын деп жәмпеңдеуден гөрі шындықты айтайын деген байламға келеді де, былай дейді:
— Садағаң кеттім, Төле би!
Алатаудай жер қайда?
Аспан асты, жер үсті,
Қазақтай дархан ел қайда? —
депті. «Атамекеніміз Алатау мен Жетісу, Қаратау үшін қан майданға түсіп, жаудан кегімізді алайық. Ерте заманнан бері иеленген қасиетті жерімізден айдап шығайық. Енді бізге тек қылыштың жүзі, найзаның ұшы, шоқпардың күші жалынсын!» — деп гүжілдескендерге Төле би қолын жай ғана көтереді де:
— Түсінгендеймін-ау, шырағым, Өтеген! Ташкенді жаудың көзінен қан жаудырып алып бердім. «Алтау ала болса, аузыңдағы кетеді». Ташкент, Шымкент, Күмкент, Түркістан, Бабата, Сайрам, Әулиеата, Алмалық, Меркі, Созақ, Жетісу түгел Алтын Емелге дейін сендердің жерің. Ағаш бір жерге көгерсе керек. Ел болам десеңдер, ежелгі Моғолстан, онан ары үйсін аталарыңның елдігін, хандығын, мемлекеттілігін ойлағайсыңдар. Ендігі бостандықтың туын көтеруді бір Алла саған жазсын! — деп Өтегенге бата беріпті. Отырғандар «Әумин» деп бата жасаған соң, Өтеген былай депті:
— Жер жәннаты — Жетісуды қалың қалмақка бергенім — менің тірі жүрмей өлгенім. Ата қоныстан айырылғаным — алмастай жүзімнен майырылғаным. Өз жерімді өгейсіткенім, аңыратқаным — арымнан да, иманымнан безгенім. Бө тен жұрттан жер-жайылым, қоныс іздегенім — дүниедегі халықтардың хал-ахуалын сезбегенім. Енді Асанқайғы бабамдай «Жерұйық» іздеп, ешкімге көзімді сатпаймын! Антты мен босқа айтпаймын! Айттым ба, әруақ жар болса, сөзімнен қайтпаймын! Ұшы болат найзамды шыңдаймын да саптаймын.
Арғымақты баптаймын. Ақ семсерді қолға алып, білтелі мылтыққа оқ салып, шоқпарды қысып тақымға, тайлы-тұяғыммен қалың елім Жетісуға қаптаймын!
Өтеген батырдың алған бетінен қайтпайтынын Төле би бала жастан білетін-ді. Басын изеп:
— Бабалардың сүйегін
Моласында тебірентпей,
Әруақтарды еңіретпей,
Жаудан босат ел-жерді,
Қолдасын Құдай сендерді! —
деп тағы да батасын беріп, ақ жол тілейді. Өтеген бастаған батырлар мен баһадүрлер сонан былай қалың жаудың іргесін сөгу үшін жанын да, қасық қанын да аямай жорыққа аттанады.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі