Арғы, алыс заманда қазақ даласында барымта-сырымта деген болмапты. Ол кезде жауды алыстан күтіп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған заман екен. Тіптен, алалы жылқыны барымталау былай тұрсын, біреудің жалғыз атын ұрлаған адамның жанын қиып жіберген қатал тәртіп болған. Беріде ғой, халық ханынан айырылып, хан тағынан айырылған соң, «үлкені жоқ ауылдың жастары дуана» дегендей, қазекем өзді-өзін түртпектеп, барымта-сырымтаны әуезе етіп алғаны.
Осындай ауыл-үйі аңдысып, барымта-сырымта қабындап тұрған кезде бір ауылдың қарттары екінші бір ауылдың ерулікке шақыруынан қайтып келе жатса, сайтандай сақ етіп ұрылар кездеседі де, қаукерік қарттарды топылдатып аударып тастап, аттарын ала жөнеліпті. Осы жағдайдың үстіне басқа жақтан жолаушылап келе жатқан бір қара атты, бір торы атты жігіт тап болады. Көз алдарында қарттарға жасалған зорлықты көрген қара атты мен торы атты бөгеліп тұрмастан, тақым қаға ұмтылып, ұрыларымен сарт-сұрт ұрысып кетеді. Қара атты мен торы атты екеуі де өз күштеріне сенген жігіттер болса керек, әрі-бері қағысқан соң-ақ басымдық көрсетіп, қарттардың мінген атын алып қалады. Жай алып қалмайды, құрық тиіп елірген аттарды қоғамдап, ұстап береді. Шалдар кәукілдесіп, қос жігітке алғыстарын жаудырады. Қара атты мен торы атты қош айтысып жөндеріне кетеді.
Сонда көрген түстей болған жағдайдан абдырап қалған қарттар, аттарына мініп, өздеріне-өздері келген соң, «ау, әлгі екі жігітті құрғақ алғысқа тойдырып қоя бергеніміз ұят болды-ау, тым болмаса аты-жөндерін сұрап қалайықшы, өздері алты сай етіп бөрік киген екен, керей жігіттері болар» дейді де, соңдарынан қуғыншы жібереді. Қуғыншы астындағы атын қамшылай түсіп, «Қара атты мен торы атты, тоқта, керей, тоқта!»
деп дауыстай шауыпты дейді.
Осы оқиғаны қарттардың ішіндегі бір өнерпазы кейін ауылға келген соң күйге салып тартса керек.
Қазақтың күйшілік дәстүрінде бұл сияқты күй атауын әуен-ырғаққа салып тартатын күйлер көп. «Қара атты мен торы атты» күйінде де «қара атты мен торы атты, тоқта, керей, тоқта!» деген сөздер күй ырғағына бағынып, адамша сөйлейді. Адамша сөйлей отырып, әуен-сазымен бүкіл оқиғаның жанды суретін елестетеді.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі