Бір жесір кемпірдің жұрт аузына іліккен жалғыз баласы болыпты. Ол кездегі жақсының әдеті — жүйрік мініп, ит жүгіртіп, құс салатын. Кемпірдің баласының да бір жүйрік аты, ұшар деген құмай тазысы бар екен. Әсіресе ұшары қара жерден із кесетін аңсақ, иесіне адал қағылез, қанжығаның қанын құрғатпайтын жолды ит болса керек. Астындағы аты, соңындағы тазысы келіскен соң, жігіт жиі-жиі аңға шығып, саятшылық құрады екен.
Күндердің бір күнінде жалғыз жігіт тосын дертке шалдығып, дүние салады. Ел аза тұтып, арулап қояды. Сонан соң бұрынғы-соңғының дәстүрі бойынша, өлік шыққан жұртты ауыстырып, ауыл қонысын өзгертіп, жаңа жұртқа аунап қонады.
Жаңа жұртқа келген соң, жесір кемпір «жалғызымның көзі ғой» деп, тазыны іздесе жоқ дейді. Содан көңілі алаң болып, тынши алмай ескі жұртқа келсе, ұшар жас қабірдің басында иесін қимай ұлып отыр дейді. Үшкір тұмсығын көкке қаратып ұлып, иесін жоқтап сарнаған ұшардың дауысын естігенде жесір кемпір:
Жалғызымнан айырылдым,
Қанатымнан қайрылдым!
Ұшар, Ұшар, кә-кә! —
деп дауыс қойып, аңырап қоя береді. Ескі жұртта жалғызынан айырылған сорлы ана мен иесінен айрылған жетім тазы қосыла күңіренеді.
Осы бір қайғылы халді Қорқыт қобызына күй етіп шалған екен.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі