Өлең, жыр, ақындар

Ағайынды алты құрт

«Ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде, қырғауыл қызыл екен, құйрық жүні ұзын екен» деп басталатын еді ғой ертегі.

Сол ерте, ерте заманда, дін мұсылман аманда ағайынды алты құрт өмір сүріпті.

Олар құрт болғанда жыбырлаған жәндік емес, кез келген қазақ сүйсініп жейтін құнарлы тағам болыпты. Жұт — жеті ағайынды болса, құрттар алты ағайынды болыпты.

Күндердің бір күнінде алты құрт аяңдап жолға шығыпты. Жер-жерді аралап, білмегендерін біліпті. Өздері елмен танысыпты, білмейтіндерге өздерін таныстырыпты.

Күндердің бір күнінде құрттар ойнап жүрген бір топ балаға жолығыпты. Олар бір-бірінен жөн сұрасыпты.

— Біз — ағайынды алтаумыз. Аты-жөніміз — Күлше, Сықпа, Шүйір­­мек, Жарма, Малта және Сүзбе, — депті ағайындылар. — Әке­міз — Сүт, анамыз — Іркіт.

Балалар олардың үлкен-кішкентай, ұзын-қысқа, домалақ-жал­пақ, қатты-жұмсақ — әртүрлі пішіндеріне қарап таң-тамаша болыпты.

— Сендер бұған таңғалмаңдар, — депті құрттардың бірі. — Мысалы, менің атым Күлше құрт. Мені жасағанда құртты кесектеу етіп домалақтайды. Одан соң оң қолдың бас бармағы мен төрт саусақ арасына қысады. Бүйірімді жұқартып, дөңгелектейді.

— Менің атым Жарма, — деді тағы да бір құрт. — Күлше екеумізді ұзақ уақыт сақтап, қыста жеу үшін жасайды. Бізді көп уақыт кептіру керек. Әйтпесе, ішіміз көгеріп кетеді.

Ортаға тұла бойында төрт бұдыры бар тағы бір құрт шықты:

— Менің атым Сықпа құрт. Мені саусақтың төрт бүгуіне салып, сығып жасайды. Ал мына менің жартымдай ғана болатын інім — Шүйірмек, — деді Сықпа. — Шүйірмекті жасағанда құртты екі-ақ саусақтың бүгуіне салады. Екінші жағын басқа қолдың бармағымен батыра қысады. Жазды күні және күзде шайға салып жеу үшін екеумізді де аз кептіреді.

— Ал сендерді қалай кептіреді? — деп сұрады балалардың бірі.

— Құрт қайнап, әбден қойылған соң оны қапқа құяды. Сосын оны іліп, сары суын ағызады. Құрт қапта бір тәулік тұрады. Суы сарқылып құрғайды, — деді Сықпаның інісі Шүйірмек. — Бұдан кейін қаптан алып, сықпалап бөледі. Ол құрттарды тақтаға, шиге қойып, өреге жайып кептіреді.

— Өре деген не?

— Өре деген құрт-ірімшік, жеміс-жидек тұтастай кебу үшін жа-салған биік сөре, — деді Шүйірмек. — Жайма ағаш десе де болады.

— Балалар, сендер құрттың өзі неден жасалатынын білесіңдер ме? — деп сұрады Күлше құрт.

— Құрт құрттан жасалады да, — деп күлді балалар.

— Жоқ, олай емес, балақайлар. — Күлше құрт ойланып қалды. —
Жаңа ғана біз әкеміз — Сүт, анамыз — Іркіт дедік емес пе. Олай бол­са, ең алдымен сүт сабаға жиналады.

— Саба деген не?

— Саба — жүнін қырқып, түтінмен ысталып, жылқы терісінен жасалған сүт ашытатын ыдыс.

— Жарайды, балалар, — деді Күлше құрт. — Жаңа сендер құрт қалай жасалатынын дұрыс айтпадыңдар ғой?

— Иә, иә, — деп шуылдасты балалар.

— Олай болса, сүт сабаға жиналған соң ашиды. Сонан соң оны піседі. Сүт іркітке айналады. Майы бетіне қалқып шығады. Ол май­ды бөлек алып, іркітті қазанға салып қайнатады. Құрт қайнап болғаннан кейін не істейтінін өздерің білесіңдер, — деді Күлше құрт. — Дұрыс айтасыңдар, кептіреді.

— Ал біз Малта мен Сүзбе туралы толық білмедік қой? — деді балалар.

— Иә, айтпақшы, біз — үлкендер ең кішкентай болған соң, оларды ұмытып кетіппіз. — Ұялып қалған бауырлары үшін Сықпа құрт жауап берді. — Қыстыгүні құртты сорпаға немесе ыстық суға езіп құрт көже жасайды. Мына Малта — езілгеннен қалған қиыршық құрт.

— Сонда, Сүзбе қайдан шыққан?

— Ол сары суынан арылған қатықтан жасалған құрт.

Құрттар да, балалар да бір-бірімен жақын танысқандарына қуа­нышты еді.

Осыдан кейін балалар өздері күн сайын жеп жүрген құрттардың қалай жасалып, қалай аталатынын біліп жүретін болыпты.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз