Өлең, жыр, ақындар

Топан су

Бұл менің үлкен қалаға алғаш рет келуім. Сол күннің ертеңінде көкем:

— Сәкен, сендер Тимур екеуің үйде қала тұрыңдар. Бүгін мен Кәрім ағаңмен барып бір шаруамды бітіріп алайын. Ертеңнен бастап қаланы армансыз аралатамын, — деді.

Менің бірден-ақ қаланы көргім келіп еді. Бірақ, амал қанша. Сөйтіп, міне, үйде Тимурмен қалдым.

Екеуіміз алғашында не туралы сөйлесерімізді білмедік. Ішім пысып кетті. Балконға шықтым. Тимур соңымнан ерді. Бейне бір менің көлеңкем сияқты. Үйдің іргесіндегі үлкен жолмен машиналар ағылып жатыр. Ерсілі-қарсылы зу-зу өтеді. Кенет барлық машиналар бірден тоқтай қалды.

— Аналар неге тоқтады? — деп сұраймын Тимурдан.

— Көрмей тұрсың ба, бағдаршамның қызыл шамы жанды ғой, — дейді ол.

— Е-ее...

— Тимур, ана бір автобустың үстіндегі екі темірді сымға неге байлап қойған?

Тимур ішек-сілесі қатқанша күледі:

— Ол автобус емес қой, — дейді екі иығы селкілдеп. — Ол — троллейбус. Электр тогымен жүреді.
Кіп-кішкентай болып алып бәрін біледі өзі. Әрине, өмір-бақи қалада тұрсам, мен де білген болар едім. Жаңағы мазақтап күлгеніне ыза болып кеттім. Енді қайтып Тимурдан ештеңе сұрамаймын деп ойладым. Көшеден көз алмастан үнсіз тұра бердім. Кенет қатты шыңғырған дауыстан селк ете қалдым. Қып-қызыл екі-үш машина зуылдап барады. Тіпті жаңағы бағдаршамның қызыл шамына да қараған жоқ. Кабиналарының үстіндегі көк шамдары жарқ-жұрқ етеді. Шыдай алмай кетіп:

— Ана машиналар қайда асығып барады? — дедім тағы да.

— Өрт сөндіретін машиналар ғой, — деді Тимур. — Бір жерде үй жанып жатқан болар.
Бұл жолы күлген жоқ. Балконнан үйге кіріп кетті. Өзінің бөлмесіне барып, үлкен бір қорапты алып келді де, алашаның үстіне төңкере салды. Жәшіктің ішінен неше түрлі ойыншықтар түсті. Мен қызығып кеттім.

Екеуіміз біраз уақытқа дейін пойызбен де, машина, тракторлармен де, кішкентай құлыншақпен де ойнадық. Темірден, ағаштан, пластмассадан, резеңкеден жасалған сан алуан ойыншықтар...

Бір уақытта менің көзім қораптың түбінде қалып қойған қып-қызыл қайыққа түсті. Көз ілеспес жылдамдықпен суырып алдым да:

— Біреу-ақ па? — дедім.

Тимур бірден түсіне қойды. Жүгіріп өз бөлмесіне кетті де, дәл менің қолымдағыдай тағы бір қайықпен қайтып оралды. Тек ол қызыл емес, жап-жасыл.

— Ех, шіркін, су болса ғой, — деймін мен.

— Жүр, кеттік онда ваннаға... — Тимур мені қолымнан жетелеп, дедектете жөнелді.

Суды ваннаның ернеуіне дейін толтырдық. Қайықтарды ішіне салып қойып едік, қалқып алып жөнелді. Ақырын ғана түртіп жіберсең, тіпті қатты жүзеді. Енді екі қайықты қарама-қарсы қойып, аузымызды желге толтырып алып үрлей бастадық. Олар бір-бірімен түйісіп қалса, кейін серпіледі. Кейде жанамалап өтіп те кетеді.

— Өзіміз де ішіне түссек қайтеді? — дедім мен. Тимур қарсы болған жоқ.

 Сәлден соң қайықтар туралы тіпті ұмытып кетіппіз. Бір-бірімізге су шашысып, алқын-жұлқын алысып, мәз-мәйрам болып жатқанбыз. Қаншалықты уақыт өткенін білмейміз. Кенет есіктің қоңырауы үсті-үстіне шарылдап қоя берді. Тимур екеуіміз бірдей ваннадан ытқып шықтық. Киімдеріміз едендегі тобықтан келетін судың бетінде қалқып жүр. Суын сорғалатып киіп алдық. Тимур жүгіріп барып ас бөлмеден орындық алып келді де, есіктің орта тұсындағы саңылаудан сығалай бастады. Мен де сығаладым. Кіп-кішкентай әйнек-көзден бәрі де көрініп тұр. Есіктің арғы жағы топырлаған адамдар. Өздері бірдеңеге ашулы сияқты ма, қалай?

Қоңырау дамыл таппай безілдейді. Тимур «Бізде кілт жо-оқ» деп айқайлады. Ванна бөлмесіндегі су біздің соңымыздан сарқырап, дәлізге ағып шығыпты.

Сәлден кейін құлып сарт-сұрт етті де, есік ашылып кетті. Тимурдың апасы Райгүл тәтеге ілесе үйге бір топ адам анталай енді.

Олар бізді қолымыздан жетелеп, төменгі қабатқа алып түсті. Астыдағы үйдің төбесінен су сорғалап тұр екен. Қабырғалары жағал-жағал болып қалыпты.

Тимур екеуміз де аяғымыздың ұшымен еденді түрткілей бердік.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз