Өлең, жыр, ақындар

Әбіш Кекілбаев поэзиясының философиясы

Прозасын оқысаң тарихтың қойнауына кіріп кеткендей боласың, поэзиясын оқысаң өзіңнің ішкі дүниеңмен сырласқандай боласың. Әдебиеттің екі жүгін жығып алмай тең көтеріп, замана көшіне ілестіре білу кез келгеннің қолынан келе бермейтін дүние деп білемін. Бұл тек қана қазақтың Әбішіне тән қасиет болар.  Абыз жазушы Әбіш Кекілбаевтың өзі бұл туралы былай деп түйіндейді: “Адамдар мен халықтардың арасындағы жарастыққа қызмет ету – менің сурет­керлік те, азаматтық та парызым.» Сөзінің растығын «Жер - ананың мен сүйікті перзенті...» өлеңімен дәлелдейтіндей.

Жер - ананың мен сүйікті перзенті,
Осалсың деп айта алады маған кім?!

Менің ізім - жердің бүкіл келбеті,
Ажарымын дүниенің, адамымын!

Өкпелетіп көрген емес жер мені,
Жер - ананы өкпелетем неден мен.
Өз қолымнан салынған бар өрнегі,
Жыртығын да жамаймын өз денеммен!

«Жыртығын да жамаймын өз денеммен», бір ғана сөйлеммен Жер-анаға деген бар махаббатын баян ете салған. Тап осы жерде өлеңді оқыған жас оқырманға баласының киімін жамап, иісін иіскеп отырған  Ана бейнесі келсе, ересек адамға туған жері, табаны тиген топырағы, даласының жусан исі келіп, жүріп өткен өмір жолындағы бар жақсысын соған деген сағынышқа айырбастай салардай сезім келері анық. «Жер - ананың мен сүйікті перзенті», ақын өзінің  жерінің, аялаған жер-анасының сүйікті перзенті екеніне сенімді. Ешбір баланың өзін анасының сүйіктісі емеспін деп ойлай алмайтыны сияқты, ешбір жан өзі туған жердің  сүйкімсіз ұрпағымын деп ойламайтыны хақ. Осы сезім қылы жоғарыдағы өлеңде анық көрінген.

Ел жағдайы ушығып тұрған сәтте дүниеге келген Әбіш Кекілбайұлының балалық шағы жан аярлықтай өтсе де ешқашан өз арман-мақсатынан алыс қалмаған.  Арманның жүзеге асатынына сенімі мол болатын. Жастайынан елім деп, жерім деп соққан жас жүрегінің сыры тереңде еді. Туған жері Маңғыстау өңірі Кекілбайұлы үшін арманмен құралған, ерекше сипатқа ие болған сағымдай еді. Сол арманның жетегінде жүре отырып елдің әл-ауқатын өз шығармаларында әсерлей жеткізе білді.Қаламгер өзін толғандырған қай тақырыпты да бостекі жырлай салмай, алған нысанына тереңдеп еніп, биіктен ой айтады:
«Тажал  табан   ну  шалғынды  жайпады,
Алда-майдан , алда – қаза,  алда  мұң»...
Жатыр  окоп қызыл  қанға  шомылған,
Жайрап  қалды , қанша   ғұмыр… қанша  өлік?
Осылайша екі  шумақ  өлеңмен,  көз  алдымызға   соғыстың  сұрғылт  суретін   салып   берді.  Өмір  жолын  ащы  шындықтардың    бетпе –бет  айқасында  бастаған   ол  өлең  жолдарын  да  ащы  шындыққа  құрды.  «Обалар» өлеңі, өзі туған Маңғыстауының тарихынан сыр шертіп тұрғандай. Қарапайым пенделік көзбен қарасаң, өмірден өткен бір жанның белгісі. Бірақ қандай белгі, кімнен қалған белгі деген сауалдарды қоя бастасаң, дала тарихы сайрай жөнеледі.

Обалар, өңшең обалар...
Бәрі де көне жыр соның
Ойынша кейде оралар.
Обалар ылғи маңайым,
Төңірек толы жыр - дастан.
Елегізе қараймын -
Ерлер жатыр тұрмастан.
Аралап мынау жазықты
Таныстым өлкем сырымен.
Тарихын халқым жазыпты
Батырлардың қанымен,
Ақындардың жырымен.
Тұрса дағы күйіп іш,
Мақтана шолам маңайды.
Ендігі қалған сүйініш -
Обалар мынау талайғы.

«Обалар ылғи маңайым, Төңірек толы жыр - дастан»- деген жолдарынан-ақ ой астары белгілі. «Таныстым өлкем сырымен.Тарихын халқым жазыпты
Батырлардың қанымен,» -деп ойын одан әрмен айқындай түседі. Обалар-ел тарихы, жүріп өткен жолы. «Тұрса дағы күйіп іш, Мақтана шолам маңайды,» - қарапайым бір сөйлеммен азаматтық бейнесін танытады. Өткен бабаның ғұмырын қимағанмен, бүгінгіге үлгісін мақтан тұтады. Келесі  Олжас Сүлейменовтің «Арғымақ» өлеңін  өзінше сөйлетіп,  сол мақтанышын, сол сезімін «Арғымақтай аласұрған жүрегім, Шапшып-ақ тұр, Оны қалай басамын,»- деп бір ақтарады.

Қыпшақтардың ой-хой, құба жондары-ай,

Жер тарыпа тұлпарын айт, тұлпарын!

Шар айнадай сауырына қомдап ай,

Арғымақ жүр

Көк шалғынға-көк кілемге

Сүртіп мүйіз ұлтанын.

Берші менің тақымыма біреуін,

Жеті қиян жер түбіне асайын.

Арғымақтай аласұрған жүрегім

Шапшып-ақ тұр,

Оны қалай басамын.

Қазақтың рухы, мақтанышы, қайраты  тола бойыңды билеп сезімге бөлері сөзсіз.  Арғымақ көңіл қазағыма ғашық болмау мүмкін емес, көңіл елтіп, жүрек

 лүпілдеп, ерекше сезімге бөленесің. Ақын қаламы да арғымақтай шапшып тұр. Оған дәлел-шығармалары.

  «...Сізге өмірлік пәлсапа қажет пе, дәлірегі, қазақ даласының пәлсапасы қажет пе, онда Сіз жоғарыдағы шет жұрт жазушыларының атағына жығылып, бірыңғай құлай бермей, олардан тереңдік әлемі, бай болмаса, еш олқы соқпайтын өз суреткеріңіз, өз ойшылыңыз Әбіштің шығармаларын да бір мезгіл оқып, ойға  батып, бойға сіңіріп көріңізші!..»- дейді Мырзатай Болат, ақын, журналист «Классик прозасында – өмір пәлсапасы»  мақаласында.

Жерде атыс. Тарс-тұрс. Құстарға да оқ тиеді...
Көшеде айқас. Сарт-сұрт. Жайрағандар сүйегі.
Үйде егес. Түзде төбелес. Қалшылдаған иегі.

Шіркін дүние қым-қуыт. Білегі көкке білеулі.
Еліріп алған ес шіркін білмейді  өзге тілеуді.
"Төбелес", - дейді. - "Төбелес!" Төбелестен өңге жөнемес."
"Ерегес , - дейді. - Ерегес. Келмесе болғың келемеш."
Күрес, - дейді, - өмірді. Тыныштық, - дейді, - өлімді...
Таныр едің тобаңды, талқандап бұзып молаңды,
Шығып қайта жарыққа: "Сап-сап!", - дер едің халыққа.

Абай атамыздың «Сап-сап көңілім, сап көңіл» өлеңі еске түседі.Сап, сап, көңілім, сап, көңілім!
Сана қылма бекерге.
Сан қылғанмен пайда жоқ,
Дүние даяр өтерге,
Ажал даяр жетерге.

Марал Ысқақбай ағамыздың:  «Пәлсапашылдық жағынан Абайға жақындаған жазушы – ең алдымен осы Әбіш» деген сөзіне тағы да бір көз жеткіземіз. Даналықтан алып қашам басымды,

 Ақыл алжып, аңғалдыққа бойлапты.

Ұмытамын ойды, ызаны, ашуды,

Қуам енді күлкі менен ойнақты.

Парасаттың бес тиындық құны жоқ,

Бұл дүниеге шаттық – күн де, шарап - ай.

Өлсем, өлем тек тәттіге құнығып,

Абайламай у жеп қойған баладай,- деп еді ол 1960 жылы жазылған бір жырында.

Сырласарға қара жоқ,

Мұңдасарға дара жоқ.

Жыртылар ма екен бұл жүрек,

Бір күні пара-пара боп.

Елеуредім «ел» деп мен,

Желеңдедім «жер» деп мен.

Тіл үшін тартпай тілімді,

Сайыстым сансыз жендетпен.

Елең қылмай ел мені,

Жерге тықпақ жер мені.

Тілдеп жатыр тіл шіркін,

Сонда неге сенгенмін?! Ойлай білген адамға ауыр сауал. Абайша мұңаю...

Оның дүниетанымында қамтылған мәселелерді қарастыру арқылы: қоғамдық сананың қалыптасуы мен дамуының ерекшеліктері, сана және тіл, ұлттық болмыс, адамгершілік, гуманизм және т.б. үлкен әлеуметтік философиялық мәні бар халқымыздың көкейкесті мәселелерінен хабардар боламыз. «Әбіш- әлемдік өнерге де, қазақ өнеріне де ауадай қажет тұлға. Суреткер ақыл көзімен көріп туады, жан көзімен көріп өледі. Ана-Жердің тағдыры адамның қолында қалған қатерлі кезеңде жерді жауапты адамзат баласы ғана сақтап тұра алмақ»,-дейді    Роллан Сейсенбаев. Олай болса, Әбіш пәлсапасы - пенде өзінің Жер-Анасының алдында жауаптылығын, ұлтының алдында ұятын  сақтауы керек.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз