Ықыластың бұл күйіне де өткен заман оқиғасы арқау болған.
Ертеректе Ақшахан деген хан болған екен. Айналада анталаған жауы көп, ат үстінде күн кешер жортуылы мол заман болса керек. Күндердің бір күнінде ел тағдыры сынға түскен, ердің басы бәйгіге тігілген ұлы сүргін, жаугершілік болыпты. Сонда жауды жеңіп, жалауы желбіреп қайтқан Ақшахан көзге түскен батырлардың басын қосып, той жасап, сый-сияпат көрсетеді. Осы бас қосуды Айрауыққа айрықша ықылас көрсеткен хан: «Айрауық сен — ел еркесісің, қашан көзім жұмылғанша бетіңнен қақпаймын», — деп, жұрт алдында жария етіп еді дейді.
Сол кезде Ақшаханның бой жетіп, толықсып отырған жалғыз қызы болады екен. Айрауықтың осы қызға көңілі кетеді. «Жұрт мақтаған жігітті қыз жақтаған» деген емес пе, Айрауықты қыз да ұнатса керек. Сөйтіп, Айрауық пен хан қызы бір-бірі мен көңіл жарастырған соң Ақшаханға сөз салады.
Ақшахан болса: «Жалғыз қызымның ұнатқан адамы Айрауықтай батыр болса, Айрауықтың қалағаны менің қызым болса, екі жастың қалауы болсын!» — деп, ұлан-асыр той жасайды. Сонан соң, хан қызына лайық жасауын келістіріп, қырық нарға жүк артып, Ақшахан жалғыз қызын ұзатады.
Содан, Айрауық батыр хан қызын алып, нөкерлерін ертіп, көшкен елдей болып, көңілдері тасып еліне қайтып келе жатады. Сол кезде, есесі кеткен жаудың ел шетін торып жүрген жасағы бар екен, бір күні аңдып жүріп Айрауықтың көшіне тұтқиылдан шабады. Айла тауып, ақыл тоғыстыруға мұрша болмайды, арсы-күрсі айқас басталып кетеді. Қапыда соққан жау қоя ма, аз сәтте Айрауықтың жанына ерген жігіттерін баудай түсіреді. Айрауық жалғыз өзі қаша ұрыс салып, жауға теңдік бермейді. Сөйтіп жүргенде садағының адырнасы үзіліп, бойында басқа қаруы қалмаған Айрауықтың амалы болмай бір төбенің басында тұрып қалады.
Ақшаханның ару қызын мол жасауымен қолға түсірген жау мәз болып, көшті бұра тартпақ болады. Осы кезде Ақшаханның қызы сауға сұрайды: «Некелеп қосылған қосағым еді, бұйрық осы шығар, енді тым болмаса бір ауыз тілдесіп, қоштасып айырылысуға ұлықсат етіңдер», — дейді.
Мерейі үстем болып тұрған жау ару қыздың тілегін қабыл алып, Айрауыққа қарай алып жүреді. Сонда, Айрауыққа жақындап келген Ақшаханның қызы: «Ей, Айрауық, мұнша неге есің шықты, тарыққанда талғасын деп, қанжығаңа мейіз түйіп едім ғой», — депті.
Сөйтсе, алдын болжайтын ақылды қыз «заман қандай болады» деп, түйе сіңірінен ширатып жасаған садақтың тара- мыс адырнасын ерінің қанжығасына байлаған ғой. Жаңағы «тарыққанда талғажау етсін деп, мейіз түйіп едім» деп тұрғаны сол адырнаны меңзегені еді дейді.
Бұл емеурінді Айрауық түсініп, садағына адырнасын тағып алып, жауға «жекпе-жек, жекпе-жек!» деп қайта шабады. Қаруы келіскен Айрауық дес бермейді, қапысыз атып, қынадай қырып шыдатпай, ақыры жауды түре қуады. Сөйтіп, сүйген жарына қайта қосылып, аман-есен еліне келіп, мұратына жетіпті дейді.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі