Мен 1907 жылғы ауылдан бірсыпыра қазақ кедейлерімен бірге Қарағандыға келіп, ағылшынның «Қарауыз» делінетін шахтасына жұмысқа түстім. Асылында ол шахта емес, бір тар қапас еді.
Жер астында забойшы болып істейтінмін. Ол кезде забойшылық адам жанын қинайтын ең ауыр, ең қиын жұмыс еді. Ағылшынның шахтасымақтарында машина атымен болмайтын, ең болмаса көмірлері [машина] күшімен құлатылмайтын.
Ағылшын шахтасын техникасыз, жөн-жосықсыз қазылған қуыс қана болғандықтан, оның лавалары жиі құлайтын, адамның завалда қалып өлуі көп кездесетін. Оның үстінде жер астының ауасы мейілінше жаман болатын. Газды ауада тұншығып, демігіп, әлсіреп отыратынбыз. Шахтерлер ауыр жағдайға төзе алмай, лезде жарымжан, мүгедек болып қатардан шығып қалатын.
Қайламыз шақылдап көмірге батпаған соң, забойдың жігін босату үшін оған темір қазық қағатынбыз. Бұл да барып тұрған азап еді-ау! Өйткені қара тасқа қолмен қазық қағу адамды әбден әлсірететін. Күн сайын он төрт сағат бойына осындай азаппен көмір өндіретінбіз. Біздің өндірген көмірімізді шанашылар ағаштан жасалған ауыр шанаға салып алып, штрикке қарай сүйреп әкетіп жататын. Жұққан көмір тозаңынан тісі ғана ақсиып көрініп, қара терге түсіп, ауыр жүкті еңбектеп тартып келе жатқан адамды көргенде, жүйке тамырымыз шымырлайтын.
Күн сайын 14-15 сағат жұмыс істеп, жан түршігерлік бейнетпен тапқан 20-30 тиын күндік жалақымыз тамағымызға да жетпейтін. Жетпейтіні бұлай тұрсын, көбінесе капиталистерге борышты болып отыратынбыз. Өйткені азық-түлікті ағылшын дүкенінен алатынбыз, онын ақшасын жалақыдан ұстап қалып отыратын да, ағылшыннан ақша алу орнына оған бересілі болып шыға келетінбіз.
Ол заманда шахтерлерде үй дейтін үй болған жоқ. 30-40 жұмысшы ұзыннан-ұзақ жерден қазылып салынған қараңғы, лас, ылғалды жер барақта тұратын. Зарлаған аурулардың, жылаған балалардың, налыған аналардың дауысы адам жанын түршіктіретін.
Шахта иесі, ағылшын Джим Герберт мейлінше жексұрын, қатал адам еді. Ол қылдан тайған шахтерлерге ауыр азап көрсетіп, қиянат жасайтын.
Бір күні забойшы Дүйсен Нұранов Гербертке мынандай арыз айтты:
— Мырза, осы сіздің бізден жұмыс киім және құрал-сайман үшін ақша ұстайтын себебіңіз не? Шынында, бұлар сіздің есебіңізден болуы керек емес пе? Ұшы-қиыры жоқ әділетсіздіктеріңді қашанғы көтере береміз...
Нұрановтың осыны айту-ақ мұң екен, Герберт ертеңінде оны жұмыстан шығарып жіберді. Онымен де тынған жоқ, қыс ішінде ақ қар, көк мұзда шахтердің үй іші, адамдарын жер барақтан шығарып тастады. Бірақ ағылшынның бұл жауыздығына орыс, қазақ шахтерлері наразылық білдіріп, бас көтерді. Көптеген жұмысшылар Герберттің үйін қамап, онан бала шағасымен көшеге шығарылып тастаған кеншіні жұмысқа қайта алуды және үйге енгізуді талап етті. Осыдан именген ағылшын Нұрановты жұмысқа қайта алуға мәжбүр болды. Бірақ кейіннен оған қылдан тайса айып салып, аса ауыртпалық тұрмысқа душар етті. Осындай қысымға төзе алмаған Дүйсен ақыры денсаулығын жойып, жұмыстан шығып кетті.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі