Бірде Әлмерек батыр алыс сапарға шығады. Ұзақ жол жүреді. Бір күні кештете қазақ салты бойынша алдынан кездескен ауылға атының басын бұрады да, еңселі ақ боз үйдің алдына барып тоқтайды. Құдайы қонақты көрген бір жігіт жолаушының атын ұстап, мама ағашқа байлайды да, есік ашып үйге кіргізеді. Үй иесі қонақпен амандасып, төрге шығарады. Мал сойғызып, ықыласпен сыйлайды.
Таңертеңгісін орнынан тұрып қараса, қонақтың арқандаулы аты қара терге шомып, есеңгірегеннен тәлтіректеп тұр екен. Сөйтсе, ат дертке шалдыққан. Қонақ сондағы оташыға атын қаратып, бұл үйде жатып қалады.
Сонда барып Әлмерек байқап қараса, бұл үйдегі адамдардың мінез-құлықтары бір-біріне ұқсамайды, басқа-басқа сипатта. Бірінің айтқанын екіншісі тындамайды. Кішісі тіл алып, үлкеннің айтқанын орындау деген жоқ. Ерегістері көп. Әкесі қытымырлау, шешесі қазымырлау, ұлдары қырсық, қыздары кербез, келіні керенау сықылды. Шеттерінен даукес, тәрбие көрмеген, тәлім алмаған түрлері бар.
Оңаша отырғанда Әлмерек үйдің отағасымен ұзақ әңгімелеседі, ақтарыла сыр шертіседі.
— Бір ошақтың қасында, бір дастарқанның басында отырған соң, — дейді Әлмерек үйішілік ынтымақ жайын майдалай айтып, — қабақтың да ашық болуы кірбің көңілді жадыратады емес пе?
— Біз осылай тақасып әдеттеніп кеттік, — дейді отағасы қынжылып, — әй, енді түзеле қоюы екіталай шығар.
— Қойыңыз, олай үміт үзбеңіз.
— Сонда не істеймін?..
— Бүгіннен бастап өзіңіз қабақ ашып, күліп отырыңыз. Сонда балаларыңыз сіздің қабағыңызға қарайды да, өздері-ақ солай істейді.
Отағасы Әлмеректің тіліне көніп, айтқанын орындайды. Сөйтіп, бұл үйде жаңа бір жарқын құбылыс пайда болады. Томсарып жүретіндердің қабағынан кірбің кетеді, өзара жайнаңдап, жадырай сөйлеседі. Осы әрекет үстінде Әлмерек батыр бірталай үлгі сөздер айтып, тәлім үйретеді. Үй иесі де, балалары да бұл кісінің сөзін зейінмен тыңдайды. Оған деген құрмет сезімдері қозады. Біраз тыныққан Әлмеректің аты да оңалып, тыңая бастайды. Енді ол аттануға ыңғайланады. Сонда отағасы мен оның әйелі және бала-шағасы жығыла жабысып, тағы да біраз күн аялдауды өтініш етеді. Әлмерек батыр бұлардың тілегін қабыл алып, тағы бірнеше күн жатады. Сонда ылғи тәлімді, тәрбиелі әңгімелер айтады. Жылы сөзі бұл үйдегілердің құлағына сіңіп, көкейлеріне қонады. Бұрынғы сиықтарынан көп өзгереді.
Ақыры жолаушы аттанады. Бәйбіше жолаушының жақсылығына ризалығын білдіріп, иығына шапан жабады.
— Асқан ақылды адам екенсіз, балаларыма батаңызды беріңіз, ақылыңызды айтыңыз...
Үйдегілердің бәрі Әлмерек абызға ынтыға құлақ түреді. Сонда абыз алдымен кемпір мен шалға мойын бұрады:
— Құдайдан жақсылық тілемейтін пенде жоқ. Сол тілекке Жаратқан иісе, адам баласы мұратына жетеді. Ендеше ғибратты сөздерге ден қойыңыздар. Сондай сөздің біреуі мынадай:
— Қазымыр болсаң — ұлың кетеді,
Қытымыр болсаң — қызың кетеді.
Сиымсыз болсаң — келінің кетеді,
Тынышсыз болсаң — серігің кетеді.
Қатал болсаң — жұратың кетеді,
Сұраншақ болсаң — ұятың кетеді.
Ақылсыз болсаң — бауырың кетеді,
Ақымақ болсаң — ауылың кетеді.
Аз нәрседен көңілің кетеді,
Мұратқа мінін түзеткен жетеді.
Міне, осы тәлімді есте сақтаңыздар, —
дейді Әлмерек. Шал мен кемпір бастарын изесіп, кінәларын мойындаған адамдарша жапырылады. Балалары да көздері жаудырап, тәтті үмітпен жақсы тілеу күтеді. Әлмерек енді балалар жаққа бұрылады:
— Сендер де өздеріңе тиесілі балалық борыштарыңды бұлтақсыз, адал орындаңдар! Мына сөзді естеріңнен шығармаңдар:
— Ұлдың жақсы болғаны — өмір ізі,
Ұлдың жаман болғаны — көңіл сызы.
Келін жақсы болғаны — келген дәулет,
Келін жаман болғаны — бітпес бейнет.
Қыздың жақсы болғаны — нұры тамғаны,
Қыздың жаман болғаны — қырсық шалғаны...
— Ата, адам баласына жақсылық тілеуші әулие екенсіз, тәліміңізді бұлжытпай ұстанамыз, — деп шалдың балалары да уәде береді.
Содан бастап бұл үйдің адамдары бірін-бірі елжірей сыйлап, үлкенінің айтқанын кішісі екі айтқызбай орындауды әдет етеді. Өзара сөздері де сыпайы, көзқарастары да мейірімді. Маңайдағы ел де енді бұларды үлгі тұтатын болыпты.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі