Орта жүзден шыққан руы қыпшақ Доспол датқаның жігіт кезінде ақылын сынап, әйел аламын деп қыз таңдап ел аралап жүргенде жолда бір шалға кездесіп, жолдас болып біраз жүргеннен кейін Доспол шалға:
— Үлкен болып осы жолды сіз арқалайсыз ба, кіші болып мен арқалаймын ба? — деген.
— Шырағым, бұл қалай сөз, қара жерді қалай арқалаймыз? — деген. Доспол үндемеген. Біраз жер жүрген соң бір жақсы шығып тұрған егін де кез болады. Доспол:
— Отағасы, мынау егін шыққан егін бе, шықпаған егін бе? — деді.
— Шықпаған егін осындай бола ма, өзің көріп келе жатқан жоқсың ба? Доспол үндемеді. Доспол біраз жүрген соң мола қазып жатқан көп адамды көрді.
— Отағасы мынау адам өлген адам ба, өлмеген адам ба? — деді.
— Ау, балам, өзіңнің ақылың дұрыс па, қалай сөйлейсің?
Доспол тағы да үндемей қойды. Шалдың аулына қонуға келді. Шал қонақ үйіне кіргізіп, өзі үйіне барды. Шалдың бір қыз баласы бар екен. Соған әкесі айтты:
— Балам, мынау үйде кісі бар, соған бір тамақ бер, бірақ өзінің ақылы дұрыс па білмеймін, түрлі сөздері бар еді.
— Әке, не айтады ол қонақ түрлі сөздері болғанда? Әкесі манағы жолдағы сөздерді айтты. Қыз түрегеліп бір табақ қуырдақ қуырды, бетіне бір жалпақ нан істеп жапты, «бар, осыны қонаққа қой» деп бір жігітінен беріп жіберді, «қонақтың алдына қой да, жұлдыз жиі, ай бүтін» деп айтарсың, қонақ не айтады сонда, соны маған айтып кел!». Қонақ: «жұлдыз сирек, ай жарты» дегенін қызға айтып келді. Қыз біраз отырып:
— Әке, сенің қонағың ақымақ кісі емес қой, манағы «жолды кім арқалайды» деген сөзі — «әңгімені кім айтып, осы жолды қысқартады?» деген сөз, егін туралы айтқан сөз, әрине, жақсы егін екенін көзі көрген шығар, «бар адамдікі болса шыққан егін, жоқ адамдікі болса борыштанып салады, борышпен кетеді ғой» деген сөзі. Өлген адам туралы айтқан сөз — «артында тұқымы қалған адам ба, тұқымы қалмаған адам ба?» деген сөз. Әрине, бала қалмаса, өлген адам, бала қалса, өлмеген адам. Сонан кейін біздің мынау жігіт қонаққа берген бір табақ қонақ асыны дұрыс апарып беруді қойған ғой, қуырдақты да, нанды да жартылап жеп апарған көрінеді. Таң ертең шал қонақты үйіне шақыртып алып:
— Шырағым, саған менің ұятым бар, кешегі жолда сөйлеген сөзіңе мен түсінбеген екенмін, түндегі берген қонақ асы дұрыс бармаған көрінеді, ол сөзіңді міне, бір қыз балам шешіп, енді сол ұятымды жояйын деп шақыртып алып отырмын, — деп қойын сойғызып, қонақ асы беріп болған соң, Доспол:
— Елден шығып жүрген жұмысым осындай сөйлеген сөзге түсінетін жолдас еді. Бұрынғы үлкендердің айтқан мақалы бар еді, «ер егіз, еңбекті жалғыз» деген, егіздесіп жүруге жарайды екен деп отырмын. Осы балаңызды маған бер, — деп, соны алған екен. Ақырда сол бала екі сарттың хандыққа таласып жүргенде арасын тындырып, қазақ есіміне төрт датқалық сыйлық алып, өзі Доспол датқа атанған себебі осы екен.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі