Тілеуімбет Наурыздың Наурызының тарауы: Шобалай, Шобай, Ақай, Төкей, Ерсімбек (Ырсымбек), Мамек.
Шобалайдан: Жаңабатыр, Өміртай. Айдаболда — Төлебай, Күлікте — Шобалай, Орманшыда — Қарабай, Қаржаста — Мырзағұл төрт босаға болған, жұрт аузына ілінерлік, ел ұстарлық кісілер осылардан шыққан.
Абылай ханның Үш жүздің баласы қазаққа дүрі жүріп тұрған күнде, құнға кесім қылдырғанда, тамам талас сөздің үстінен қаратып, бітім айтқызып, билік қылдыратұғын биі Күлік Шобалай баласы Жаңабатыр би екен. Және:
«Ас беріліп, ат шаптырылған жерде Жаңабатырдың босағасына түйе бастатқан «тоғыз» байлансын, Жаңабатыр: «Осы ас жарайды, келісті ас-ақ болды» десе, ат шауып, ас тарқасын. Болмаса, қайтадан ас бергіземін десе, билік Жаңабатырда болсын!» — деп Абылай хан жарлық қылғанекен. Сонда Жаңабатыр өзінің бәйбішесінің асында:
— Бәйбішенің балалары босағама түйе бастатқан «тоғыз» байламаса, ат шабар төбенің басына бармаймын, — деп отырып алған соң, бәйбішенің балалары айтқанын қылып: «Өзінің қатынының асына өлбелеген (олбала-кен) Жаңабатыр» атанған. «Жаламен Жаңабатыр үш шабылды» делінген Жаңабатыр — осы. Бұл кісінің құнға қылған кесімі: «Қара құн — жүз жылқы, он екі «жақсы». Сүйек кұны елу жылқы, алты «жақсы». Өнер құны тоқсан құн болады, тоғыз «жақсы». Жақсы дегеннің басы — «жетім, қалы кілем, қара нар, мылтық, сондаймен тоғыз болады. Ұрғашының құны — еркектің бір көзінің құны, елу жылқы, алты жақсы».
Аттың құйрығын кескен ұрыға бір жылғаша билік айтпайды екен, босаға күзеттіреді екен. Босаға күзеттіргеннің мәнісі сол атының құйрығы кесілген үйден бір жылғаша кісі өлсе, ат құйрығын кескен ұрыға кісі құнын тарттырады екен.
— Сен жаман ырым қылдың. Атын тұлдадың, мұның үйінен кісі өлуі сонан болды, — деп.
Шідер ұрлағанға шідер кайыс болса, үш атқа үш балағын салып, үшеуі үзіп кете алмаса, ұрыға үш ат айып салады екен. Жау бетін қайыратұғын жаудан елін қорғап, аман айыратұғын батырлардың құнын — «жеті ердің құны болсын» деген екен. «Шебердің қолы ортақ, шешеннің тілі ортақ» деген. Шешендікпен ұлтына олжа түсіріп, беретұғын шешендердің құны — «үш ердің құны болсын» деп кесім қылған екен.
Сол замандарда жеті ердің құны — Малай-Жәдігерден шыққан Айтқожабаласы Жауқаш, Биқаштың Жауқашына алынған екен қалмақтан.
Бір басына үш құл, ұрғашыда Ұлбикеге, еркекте Көтеш ақынға алынған екен.
Бұл Жаңабатыр: «Арқаға үш шабындым, жаламен үш шабылдым!» деген дейді.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі