Қыстың қыспағынан қысылып әрең шыққан халық күннің қызарып батып, айдың қораланып туғанынан-ақ іштерін тартып, үрейленіп жүргенде, Алтынемелдің күнгей, теріскейін түгелдей шарпып Сван рабданның бір түмен қолы лап қояды. Бұл кезде бір жамандықты іштері күнілгері сезген жалайыр елі қамыстан сал буып, Іле-дариядан батысқа қарай өтіп жатса керек. Бұл маңға қарай жөңкілген ойраттардың жақсы жарақтанған қолына лаузан-Шона деген қолбасшылық жасапты. Ол «қашқан елге қатын да батыр» дегенді малданып, төрт түліктерінің тең жарымынан астамын тастай көшіп бара жатқан жұрттың соңынан Қашқа деген зайсанды салыпты.
Қашқа алғашқыда аздаған ғана қолын ұрысқа кіргізеді де, Іленің оң жағасындағы тосқауылға қойылған жалайырлардың жасақтарынан күйрей жеңіледі. Мұны естіген лаузан-Шона келесі күнге әмір беріп: «Алдымен батырларын жекпе-жекке шақырған болып, күшін анықтаңдар», — дейді.
Қолбасшы айтса, қолдамайтын кім бар? Келесі күні Іле бойының бір тақырында жекпе-жек соғысы өтеді. Ойраттардан шыққан жеті батыр жер құшады. Бәрін мерт қылған астында көк бурыл бестісі бар отыздардың ішіндегі жігіт болса керек. Күн ұясына қонып бара жатқанда ызаға булыққан Қашқаның өзі шығыпты жекпе-жекке. Бірақ ол орнынан оқ бойы қозғала беріп-ақ атынан ауып түседі.
Бас қолбасшы әлгіні өзіне шақырып алып, не болғанын сұрағанда:
— Білмеймін, есім ауды ма, әлде жын соқты ма, орнымнан қозғалғанда, алдымдағы найза жалғыз еді, «Ескелді! Ескелді!» деген есім жаңғырығып кеткен кезде, кеудеме жүз найза қадалғандай болып, қалай ұшып түскенімді білмей қалдым,— депті Қашқа.
Сол Қашқа жоңғарлар жорығының соңына дейін қару көтеруге жарамай, ақыры жалайыр елін іздеп келіп, Ескелді батырдың есігінде көз жұмыпты дейді бір аңыз.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі