Қожа бірде тоғайға отын ала барғанда бір қоян ұстап алады. Оған дейін қоянды көрмеген де, білмейді де екен. «Бұ неткен ғажап аң еді! Үйге апарып, жұртқа көрсетейін, біреу болмаса, біреу қандай аң екенін білер», — деп ойлайды. Қоянды дорбаға сап, аузын мықтап байлап, үйіне алып келеді. Әйеліне бір ғажап аң ұстап әкелгенін айтып, көрші-қолаңды жинап келгенше дорбаның аузын шешпе деп ескертеді.
Адам әрқашан да көрмегенді көруге әуес емес пе, Қожаның әйелі оңаша қалысымен: «Бұ не ғажап екен, байқап көрейін» деп дорбаның аузын шеше бергенде-ақ қоян атып шығып, түндік ашық тұр екен, шаңырақтан бір-ақ секіріп кетеді. Есі шығып қалған әйелдің қолына түскен арпа өлшейтін аяқты дорбаға салып, қайтадан аузын байлап қоюдан басқа істер амалы болмайды. Сонсоң түк білмеген адам құсап отыра береді. Күйеуі оған не есалаң біреуді ертіп келетін, не ешкім оның айтқанына сеніп, еріп келмейтін тәрізді көрінеді.
Бірақ іс жүзінде басқаша болады: Қожа далаға шықса, қаланың қонақтан қайтқан бір топ игі жақсы адамдары үйінің жанынан өтіп бара жатыр екен. Олар Қожаға жолығып бірі сұрап, бірі қостап, Қожаның бүгінгі сырын айтқызады, сонсоң ғажап аңды көреміз деп бәрі Қожанікіне лап береді.
Қожа оларды алқа-қотан жайғастырып отырғызып, ғажап аңнан қапыда айрылып қалмас үшін қолдарын жоғары көтеріп отыруды өтінеді. Сонсоң барып керегеде ілулі тұрған дорбаны алады. Анталаған жұрттың көзі енді дорбаға тігіледі. Қожа дорбаны ортаға әкеліп, аузын жайлап шешеді де «пыш» деп сілкіп қалады. Дорбадан бағанағы аяқ жерге топ ете түседі.
Сонда Қожа қысылғанынан:
— Мырзалар! Осындай он аяқ арпа бір пұт болады, — десе керек.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі