Өлең, жыр, ақындар

Сірә, мына жұртқа жағып болмас

Қожа баласын есекке мінгізіп, өзі жаяу жүріп, жолаушылап келе жатады. Жолда кездескен жұрт:

— Бұ жастарды қойсаңшы. Ғұлама ғалымдығымен жұртқа танылған әкесін жаяу жүргізіп, өзі есекке мініп алыпты, — деп сын айтады.

Сонда баласы Қожаға:

— Әке, тіл ал, әлгінде айтпадым ба? Қасарыспай кел, есекке мін, — дейді.

Қожа есекке мініп, баласы жаяу жүріп отырады. Біраз жүрген соң тағы да алдарынан қарсы жолыққан адамдар:

— Әй-әй-әй! Еңгезердей болып есекке өзі мініп келеді. Ана құртақандай, ап-арық баланы жаяу жүргізіп, азапқа салу жөн бе екен? — дейді. Мұны есіткен Қожа баласын алдына мінгізіп алады.

Бірнеше қадам жүруі-ақ мұң екен, алдарынан тағы да бір топ есерсоқтар кездеседі. Олар біреуі айтып, біреуі қостап, Қожа мен Қожаның баласын сайқымазақ етеді.

— Бұ неткен қаныпезерлер! Кіп-кішкентай есекке екі адам мінгесіп, ұзақ жол жүруге бола ма екен? Қараңдар, қараңдар, осы, сірә, Қожа болуға тиіс.

Әбден ыза болған Қожа есектен өзі де түсіп, баласын да түсіріп бос есекті алдына сап, айдап жүріп кетеді.

Көп ұзамай тағы да бірнеше кісі қарсы жолығады.

— Мұндай есуас жандар да болады екен-ау, — дейді олар, — есекті бос айдап, өздері осындай ыстықта шаршап-шалдығып жаяу келе жатыр.

Мұны естігенде, Қожа:

— Сірә, мына жұртқа жағып болмас, — депті.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар