Қожанасыр әпенді коңырау таққан ешкісін жетекке алып, базардың қақ ортасында келе жатыр екен. Мұны көрген үш тіс қаққан әккі ұры көріпті де, біреуі тұрып:
— Мен ешкісін алып кетейін, — дейді.
— Мен есегін ұрлаймын, — дейді екіншісі.
— Мен оның бар киімін қақшимын, — дейді үшіншісі мақтанып.
Бірінші ұры ешкінің мойнындағы арқанды шешіп, қоңырауды есектің құйрығына байлапты. Екіншісі Қожанасырдың ал дына тұра қалып:
— Жұрт қоңырауды малдың мойнына тағушы еді, сен құйрығына таққаның не? — дейді.
Қожанасыр артына қараса, ешкі жоқ, ол:
— Менің ешкімді кім алды? — деп айқайлайды.
Ұры:
— Жаңа ғана біреу ешкіні алдына салып айдап бара жатқан еді, — дейді.
Қожанасыр бұған «есегіме қарай тұршы» деп өтінеді де, ешкіні қуа жөнеледі. Ешкіні таппай қайтып келсе, есегі де ғайып болыпты. Осы кезде ол құдық түбінде жылап отырған адамды көреді:
— Неге жылайсың? — деп сұрайды Қожанасыр, ал ол:
— Мен әкімнің әйелінің алтын-күміс салынған алтын қобдишасын әкеле жатыр едім, біреу мені итеріп қалды да, қобдиша құдыққа түсіп кетті. Кім сол қобдишаны алып берсе, жүз динар беремін, — дейді.
Ешкісі мен есегінен айырылған Қожанасыр көбірек ақшаға тәуекел еткісі келеді. Ол бар киімін шешеді де, құдыққа түседі, өкінішке орай, ештеңе таба алмайды. Ары-бері айқайласа, ешкім жауап бермейді. Қожа итшілеп жоғарыға көтерілсе, бар киімі үшті-күйлі жоқ. Әбден тоналған Қожанасыр үлкен таяқты алыпты да, айнала сермеп келе жатса керек.
— Әй, мұның не? — дейді оған біреулер.
Сонда Қожанасыр:
— Менің өзімді ұрлап кетпесін деп сақтанғаным ғой, — деген екен.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі