Бір саудагер жолаушылап келе жатып кеш бата шағын бір мейманханаға келіп түнейді. Мейманхана иесі оған бір пысқан тауық, екі жұмыртқа, жарты нан әкеп береді. Сонымен бірге есегіне жетерлік жем-шөп береді.
Ертеңінде таңертең саудагер жолға шығарда, мейманхана қожайынына «есеп-қисапты қайтарымда жасайын» дейді. Оған мейманхана иесі мақұл болады.
Үш айдан кейін саудагер қайтып келіп, тағы сол мейманханаға түнейді. Мейманхана иесі тағы бір пысқан тауық, екі жұмыртқа, жарты нан береді.
Ертеңінде таңертең саудагер жолға шығар алдында мейманхана қожайынына:
— Есеп жасаңыз, қанша ақша төлейін? — дейді. Мейманхана иесі:
— Аз есептегеннің өзінде екі жүз дархан бересің, — дейді. Саудагер мұны естіп қайран қалады да:
— Есіңіз ауысқаннан сау ма, екі тауық, төрт жұмыртқа қайтіп екі жүз дархан бола қояды? — деп сұрайды.
— Мен сізге анық есебін көрсетейін, — дейді сонда мейманхана қожайыны, — үш айдың алдында жеген тауығың, егер күніне бірден жұмыртқаласа, қазірге дейін қанша болар еді? Егер ол жұмыртқалардан балапан бастырса, қанша тауық шығар еді? Одан олар тағы жұмыртқаласа, әлденеше мың дарханның есебін шығармас па еді? Сен үшін тарта есептедім, екі жүз дархан дегенім сол.
Екеуі таласа-таласа ақыры қазыға барады.
Мейманхана иесі қазының кеңірдегіне білдіртпей семіз үйректің біреуін жүйткітіп жібереді, сондықтан кесім жасарда саудагерден:
— Сен тауықты жеген кезде оған ақша тапсырмағаның распа? — деп сұрайды.
— Рас, қайтарда есеп жасаймын деген едім, — дейді саудагер.
— Олай болса, үш ай ішінде ол екі тауық, төрт жұмыртқасынан неше мыңдаған жұмыртқа өндіріп алмас па еді, — дейді қазы.
— Оныңыз рас, бірақ оның тауығы пысырылған тауық, жұмыртқасы пысқан жұмыртқа, — дейді саудагер.
Қазы саудагердің өзін ақтау пікіріне құлақ аспайды. Саудагер мейманхана қожайынына екі жүз дархан төлейтініне көзі жеткеннен кейін абыржып қалып, кесімді сәл кешіктіруін өтінеді. Қазы оған мақұл болады.
Біреулер саудагерге Жұқаны іздеу жөнінде кеңес береді. Сонымен ол Жұқаны тауып істің жайын егжей-тегжейлі түсіндіре келіп, оған өзіне ақтаушы болуды айтады. Жұқа мақұлдығын білдіреді.
Тергеу жүргізілетін күні Жұқа тергеу жасалатын орынға әдейі келмей қалады. Қазы Жұқаны шақыртып алып:
— Сен неге уақытында келмейсің, біздің көп уақытымызға зиян салмадың ба? — деп ақырады.
Жұқа бұған жайбарақат жауап беріп:
— Мырза, ашуланбаңыз, келейін деп жатқанымда менімен серіктесіп егін салатын дихан келіп қалып, менен бидай ұрығын сұрады. Мен оған бұрттырылып дәндері қарағайдың ұрығындай болған бидайдан бір дағарын бердім. Былтыр бидайымыздың түсімі өте төмен болды. Жартысын оған беріп, бажыға тапсыратынын бажыға тапсырып, ұрыққа алып қалғанда маған жөнді ештеңе қалмады. Түсімнің төмендеу болуын дәнсіздігінде деп біліп, мен биыл бидайды суда бұрттырып дәнін үлкейтіп бердім, осы себепті кешігіп қалдым, — дейді.
Мұны естіп қазы қарқылдап күліп кетеді де, қол астындағыларға қарап:
— Пысқан бидайды ексе, өнетіндігін қайсыларың естіп едіңдер? Миы бар адам бұл сөзге сенер ме? — дейді.
Сонда Жұқа қазының сөзін іліп әкетіп:
— Олай болса, пысқан тауықтың жұмыртқалайтыны қалай? Екі пысқан тауық, төрт жұмыртқа жеген саудагерге екі жүз дархан төлеу кесімі лайықты болар ма? — дейді.
Осылайша, қазы кесімін күшінен қалдырады, саудагер өз жөніне кете барады.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі