Өлең, жыр, ақындар

Шөлдеген жолаушы

Шөлдеген жолаушы «шай-пай ішіп дем алайын» деп бір үйге түсіпті. Ол үйде бір ақсақал шал бар екен. Сәлем беріп, төрге шығып отырыпты, сәлден соң шал келініне:

— Балам, мына жігіт шөлдеп келді ғой, сусын бер, — депті.

«Япыр-ай, мына қу мүйіздің шай қайнаттырмай айран бергізетін болғаны-ай, бәлемнің қанша айраны бар екен, мен бір ішіп көрейін» деген ойға бекініпті жолаушы. Келіні шынылап айран әкелген екен, «болдым» деместен іше беріпті. Шынылап айран тасуды әуре көрген келіншек айранды тегенесімен әкеліп қойыпты. Жолаушы бір тегене айран таусылса да, болдым демепті.

Келіншек және бір тегене айран әкеліп қойыпты, ол айран таусылайын дегенде жолаушы бір ырғалып құйып, «мұның бұдан басқа айраны қалды ма екен» дегендей қазан-аяқ жаққа көз жіберіпті, сабада және басқа тегенелерде айран тұрыпты.

Тауыса алмайтынына көзі жетіп жүре бергенде, бағанадан үнсіз қарап отырған шал жолаушыны шап беріп ұстай алып:

— Біздің керейдің қатындары көшерде айранды қайда сиғызарын білмей сабаға құйып немесе асқанын жер ошаққа төгіп әуре болушы еді, міне, даяр саба бар екен емес пе! Құйыңдар айранды! Ертең көшкелі отырғанда көрім болды ғой, — депті. Сонда жолаушы жұмған аузын аша алмай тұрып қалыпты.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз