Тосын деген құмайт жер бар. Осы жерді бір кездері қалмақ жұрты мекендеген екен. Қалмақтың Садырбала деген батыры күнде Қарсақбасының басына шығып алып, қазақтарды жекпе-жекке шақырып мазалай беріпті.
Сонда өзі батыр, мәмлегер, қалмақты ел шетінен көшіруді ойлап жүрген Шақшақ Жәнібек Тархан жекпе-жекке шығатын уақ Бармақты алдыртуға шақырушы адам жібереді. Бұл кезде Бармақ Нарын құмы жақта тұратын болса керек. Қос атпен кеткен шақырушымен уақ Бармақ үш тәулікте Қаракөл — Қарсақбасыға жеткен екен.
Келгеннен кейін уақ Бармаққа Шақшақ Жәнібек барлық мән-жайды түсіндіреді де:
— Жекпе-жекке демалып, ертең түсесің бе, әлде бүгін шайқасып көресің бе? — дейді. Бармақ:
— Қазір шығамын, — депті. Жәнібек келісімін беріп:
— Сенің Сандалкөгің шаршап келді ғой, менің Қазмойын қара тұлпарымды мін», — деп ұсыныс айтады.
Сірә, қырғын, қантөгіске жол бергісі келмесе керек, ел арасында Шақшақ Қошқарұлы Жәнібек қалмаққа айтқан екен деген мынандай сөзі бар:
— Екі батыр жекпе-жекке шықсын. Қай жақтың батыры жеңсе, со жақтың дегені жүреді!
Қарсақбасының (Шың-тау) дәл төбесінде қазақтың батыры уақ Бармақ пен қалмақтың батыры Садырбала жекпе-жекке кездескен бетте, қалмақ батыры атын бұрып алып, кейін қарай қаша жөнеліпті. Ал Бармақ батыр қашқан қалмақтың жолын кесіп, алдынан келіп шаншып түсіру үшін ұмтылғанда, жаңағы астындағы аты Қазмойын қара тұлпар жете алмай қалады. Ол кезде қашқан жауды желкеден соғу батырға мін болған көрінеді.
Содан Бармақ батыр қайтып келіп, өзінің Сандалкөк арғымағын ерттетіп, қалмақты жекпе-жекке қайта шақырады. Қалмақтың батыры Садырбала бірінші рет қашып барғанда қалың қол «Не болды?» деп сұрапты. Садырбала:
— Халқым, сендермен қоштасайын деп келдім. Осы жолы менің ажалым жеткен шығар. Осы келген уақ Бармақ батыр болса керек, — дейді.
Екінші жекпе-жекте тағы қаша жөнелген Садырбаланың алдын орап келіп, қақ маңдайынан уақ Бармақ батыр шаншып түсіріпті. Қалмақтың батыры өлген Қарсақбасыда «Садырбала сайы» деген сай бар. Бала кезімде ол сайды көргенмін. Қазір де білемін:
«Ақ шабағы май татыған,
Қара суы бал татыған
Қайран Тосын қалдың ба?» —
деп қалың қалмақ жер ауған екен дейтін.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі