Қылышбай ақын әдетте бір шықса, екі-үш ай жолаушылап бір-ақ қайтады екен. Мұндайда сағынысқан ауыл-аймақ түгел жиналып, мерейлері өсіп, жай-жапсарды барынша кең әңгімелейтін болған. Осындай бір шырайлы дидарласу үстінде ауыл жігіттерінің бірі биыл азын-аулақ уақ малдың жүдеулігін, келер күннің қалай болары алаңдатып отырғандығын айтады.
— Е, жаздыгүні жұтағандарыңа жол болсын? — депті Қылышбай.
— Өзіңіз білетін Сәрсенбек бай биыл жердің отын да, құдығымыздың суын да билетпей қойды. Жерімізге малын жайып, құдығымызға қойын суарып, әпшімізді бір уыс етті.
— Бар болғаны сол-ақ па? Сәрсекеңнің малы тұрмақ өзін бұл маңайға жоламайтын етейін. Бұйырса бір бозқасқаның сорпасын да ішіп қаларсыңдар.
— Қайтіп, Қылышеке?
— Ертең таң атпай бір жігіт құдыққа түсіп, шегенге жасырынып тұрсын. Ақыры құдыққа байекеңнің өзі келеді дедіңдер ғой. Құдыққа қауғасын салған кезде біріншісіне тимей, екіншісін ұстап, жібермей тартып тұрсын. Бай құдыққа үңілген кезде әлгі жігіт ербеңдеп, суға құлай кетсін. Арғы жағын тағы көре жатармыз, — дейді Қылышбай.
Айтқандай-ақ күндегі уақыты сәске түстің мезетінде Сәрсенбек бай қойын шұбатып, құдыққа қарай келе береді. Келе сала ай-шай жоқ, қауғасын құдыққа салып жібереді. Құдықтың ішінде шегенді тасалап тұрған жігіт Қылышбайдың әлгі айтқандарын істейді. Құдықтың ішінде қауғаға жабысып тұрып, суға ербеңдей құлап түскен «бәлені» көрген бай шалқасынан түседі. Түрулі тұрған іргеден мұны Қылышекең көріп отырады.
Сәрсенбек бай тұра салып, шулап келе жатқан қойына қарай жүгіріп, қойшысына:
— Ойбай, қайтар кейін, құдықта бір пәле жатыр. Ішінен бір бозқасқасын таңдап ұстап, үйге алып бара бер, — дейді де де, өзі Қылышбайдың үйіне қарай жүгіреді. Асыға-үсіге табалдырықтан аттай беріп:
— Қылышеке, мына құдықтан бір пәле көрдім, тезірек жорып жіберіңіз, — дейді. Қылышбай ештеме түсінбеген райда:
— Байеке, о не, жайшылық па? — депті.
— Ойбай, айналайын, Қылышеке, мына құдықтан бір бәле көрдім.
— Байеке, бұл құдықтың басына жын-шайтан ертеден-ақ үйір еді. Соның бірі шығар, ешнәрсе атадыңыз ба? — дейді.
— Иә, естуім бар еді. Мені қай Құдай қара бастырды. Бұл құдыққа биыл қайдан қона қалып едім, Құдай қырсығыңнан сақтай гөр, бір бозқасқа атадым.
Қылышбай жел бере түсіп:
— Ойбай, тезірек таратып жібер, тезірек қамына кіріс, — дейді. Ол осылайша ауыл-аймақты жас сорпаға бір кенелтеді.
Арада бірер ай өткенде Қылышекең жігіттерін тағы жинап алып:
— Сояр мал жоқ, бәрі арық екен. Сәкең байдан тағы бір сорпа ішемін, — дейді.
— Е, қалай, Қылышеке?
— Бай ұйқыға барды-ау дегенде бес-алты жігіт үйін көтеріп, есігін артына қаратып қойыңдар да, қойын үркітіңдер. Арғы жағын көре жатармыз, — дейді.
Ауыл жігіттері Қылышекеңнің айтқанын бұлжытпай орындап, түн қараңғысында ешнәрсе сездірмей кетеді. Қорадағы қойдың шуынан шошып оянған бай есікке қарай тұра жүгіріп, маңдайын керегеге ұрып алады. Сөйтсе, орнында есігі жоқ. Бай бәйбішесін оятып, шам жақтырса, есігі артқа қарап қалыпты, жүктің тасасында тұр.
Ақылы айран болған бай таң атар-атпастан Қылышбайдың аулына қарай шабады. Қылышекең үйінде екен, түк сезбеген адамша жайбарақат:
— Байеке, реңіңіз неге мұнша қашып кеткен, не болды? — депті.
— Ойбай, Қылышеке, биыл мені бір қырсық айналдырды. Анадағысын өзіңіз білесіз, ал түнде үйімнің есігі артқа қарап қалыпты, — деп бай жағасын ұстайды.
— Апырай-ә, мынау сұмдық екен. Әнеугүнгінің салқыны ғой, кетпей алып жүрген ғой. Ешнәрсе атадыңыз ба?
— Бір бозқасқа атадым, Қылышеке.
— Ойбай, тез таратып жіберіңіз. Түнеукүнгінің кенеуі ғой кетпей жүрген. Енді кетеді.
Сөйтіп, жөнсіз баса-көктеген байды жанынан шошытып, қайтып бұл араға жоламайтын еткен екен.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі