Жадыра, Жай, Бегімсал атты үш ұры болған. Үшеуі де қайратты, батыр адамдар екен. Ол үшеуі мал айдап кетті десе, артынан ешкім қуып бара алмапты. Сол үшеуі бір күні бас қосып, өздерінің батырлық істерін айтып, мақтанып отырыпты. Сонда Жай тұрып:
— Әй, осы біздің батыр екенімізді жұрттың бәрі біледі. Бәрі де бізді батыр дейді. Одан да қорыққанымызды айтсақ қайтеді, — депті.
Сонда Жадыра мына әңгімені айтыпты:
— Бір жолы бір жерден барымталап жылқы айдап келе жаттым. Артымнан қуғыншы шыға қоймас деп бейқам келе жатқанмын. Айдаған көп жылқының дүбірімен артымнан шыққан аттың дүбірін байқамай қалыппын. Артымнан біреу жетіп, қақ жаурынымның ортасынан найза шаншыды. Шошып кетіп, қорыққанымнан көтеріліп, аттың жалына барып қалыппын. Сонда барып жалма-жан есімді жиып, кілт бұрылып, найзасын қолынан жұлқып тартып қалдым. Қолы онша қайратты емес екен, найзасы қолынан шығып кетті. Өз найзасымен өзін шаншыдым да, әрі қарай жүре бердім, — деп Жадыра әңгімесін аяқтапты.
Сонда Бегімсал мынандай әңгіме айтыпты:
— Жиырмалар шамасындағы жас жігіт кезім. Астымда жақсы атым бар. Жолшыбай ештеңе кездеспей келе жатқан. Жолда бір көшкен жұрттың орнына кездестім. Бір ескі ошақтың қасында шоттың (кетпен) басы жатыр екен, соны ырым болсын тақымыма қыстырып алдым. Енді былай шығып жүре беріп едім, алыстан бір салт атты көрінді. Аты тәуір сияқты. Осының атын олжалайын деп бұрыла жүріп едім. Ол маған қарсы жүрді. Жақындағанда байқадым, 15-16-лар шамасындағы жас бала екен. Астында күрең қасқа аты бар. Бала келіп амандасты. Одан жөн сұрадым. Бала тұрып:
— Анау жатқан біздің көшкен жұртымыз еді. Сонда бір ескі шоттың басы қалып қойыпты. Соған келе жатыр едім. Оны сіздің тақымыңыздан көріп тұрмын, шотты беріңіз» деді.
Мен:
— Сен бала шотты қой, астындағы атыңды бер, — деп тізгініне жармастым. Бала да тайсалмады, ұстаса кетті. Оны аттан түсіре алмадым. Біраз алысқан соң, бала өзімді аттан түсіруге айналды. Әбден састым. Жас баладан жағамды ұстатып жығылуды ар көріп, өтірік қояншық болып, аузымды көпіртіп, аттан құлап түстім. Ол екі қолымды артыма байлап, «ағаны» қойып «жүр» деп бұйырды. Енді өз атыма зар болып, алға түсіп жүре бердім. Біраз жүрген соң, бір ауылға келдік. Ауыл шетіндегі көгалда киіз төсеп, бір топ қарт адам отыр екен. Мені соларға алып келді. Жас шамасы сексеннен асқан сақалды бір шал бар екен. Бала соған болған жайды айтты.
Сонда қарт балаға ақырып:
— Өй, менен тумаған ит! Мен сендей күнімде он жеті адамды қол-аяғын байламай, бос алып келген едім. Сен бір адамды байлап-матап әрең әкеліп отырсың! Шеш қолын! — деді.
Манағы, манағы ма, зәрем енді кетті. Қарт мені ақбоз үйге алып кірді. Төрге өз қасына отырғызды. Қой сойғызып, қонақ қылып, жақсылап сыйлады. Ертеңіне аттанарда қарт баланың ат-шапанын жапты. Қорыққаным ештеме емес екен, ұялғаннан бетімнен отым шықты. «Өлімнен ұят күшті» деген сол екен, — деп Бегімсал әңгімесін аяқтапты. Ал әңгімеге қозғау салған Жай әлденеге ойланып, үндемей қалды дейді.
[Әңгіме аяқталмаған].
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі