Көшекей, Жолдыбек, Күнаман деген үш ұры көршілес жатқан қырғыз елінен бірнеше рет жылқы айдап келіп жүріпті. Күндердің күнінде бұлардың жолы болмай, аттары болдырып, өздері ашығып еліне қайтып келе жатады. Жол бойында ат шалдырып отырғанда Көшекей:
— Сендер мына аттарға еге болыңдар. Осы отырған төбенің арғы бауырында бір үй тұр. Ол — қырғыздың бір бай манабының үйі. Сол үйден талай сусын ішкен едім. Әрдайым күбісінде ашыған көжесі тұрады. Тым болмаса соны алып келемін, — дейді.
Жаздың кезі екен. Айнала тым-тырыс. Ай жарық. Көшекей үйге енгенше жүрексінгенімен, үйге келген соң өз үйіндегідей-ақ қимылдай бастайды. Себебі, ауылда жұрт жоқ екен. Ол ақырын ғана өрешеленген шиге кірсе, күбіде көже жоқ, қазанда ұйытылған айран бар екен. Ол айранға қол салады. Сол кезде сыбыр естіледі. Көшекей тыңдаса, байдың бәйбішесі күйеуінің жоқтығын пайдаланып, көңілі сүйген жігітімен жатыр екен.
Сонда бәйбіше:
— Абзалым, сен тым болмаса бір рет көтеріп сыртқа шығаршы. Сыртқа шыққым кеп жатыр, — дейді.
Жігіт оның көңілін қимай арқалай жөнеледі. Көшекей айранды күбіге аударып алып, бұл кезде жолдастарына қарай тартып отырады. Осы кезде кешіккен Көшекей қолды болды ма деп, қауіптенген Жолдасбек пен Күнаман Көшекейді іздеп келе жатыр екен. Олар алдындағы жігітті Көшекей екен деп:
— Күбісімен көтеріп келе жатырсың ба? — десе, сасып қалған ауыл жігіті әйелді атып ұрып, тастай қашыпты. Оқыс жығылған әйел ойбайлайды да қалады.
Үш ұры қайтадан бас қосып, айранды қана ішіп отырғанда қайда жүргендерін, не істеп, не көргендерін бір-біріне баяндайды.
— Бұның аяғы тегін кетпейді, — дейді әккі ұры Көшекей, — біз бірер күн аялдайық. Мен ауылға олжасыз қайтқым келмейді. Ертеңгілік осы байдың үйіне тағы барамын. Бұйыртса олжалы да қайтармыз, — деп жолдастарымен кездесетін жерді белгілеп, уәделеседі. Жасамақ айласын да жолдастарына тәпіштеп түсіндіреді.
Мұнан соң Көшекей басына сәлде орап, белбеу байлап, молда кейпіне келіп, қырғыз манабының аулына келеді. Айтқандай түндегі әйел ауру болып, төсек тартып жатып қалыпты. Күйеуі өзі жоқта дертті болған әйеліне не ем жасатарын білмей отыр екен. Көшекей келген соң оның сопы түріне қарап:
— Сіз бал ашпайсыз ба? Мына әйелімді емдеп бермейсіз бе? — деп сұрайды.
Ол бал ашып, аурудың тамырын ұстаған болады. Әйелдің жамбасы шығып кеткенін біледі.
— Мұны өкпемен қақпаса болмайды екен. Сойылған малдың етін сіздер жесеңіздер ем дарымайды. Сондықтан сыбырлығына дейін асып, маған бересіздер, — дейді.
Көшекейдің айтқаны қабыл болып, бозқасқа қой сойылып, етін пысып Көшекейге береді.
Жамбастың ұршығы орнына түсу үшін әйелдің аяқ-қолын сілкілей тартып, сонда Көшекей:
— Шиден ендім, қалың бет,
Абзал сенің жарың ба еді?
Жазылсаң, еліме қайтам,
Жазылмасаң, еріңе айтам, —
деп өкпемен қара саннан бір тартып, осы сөзді қайталап қаға беріпті. Әйелдің мұны естігенде зәресі кетіп, есіне келіпті. Сондықтан Көшекей жамбасын қалай орнына салса да, үнсіз көніпті.
Бұл жолы бай бал басына бір жылқы, жасаған ем-домына бір жылқы жетектетіп, ертеңіне келіп, әйелді тағы да бір көріп кетуін өтініпті. Ертеңіне келген Көшекей:
— Әйеліңіз енді жазылады. Әйтпесе өкпесін ыстық, суық қысып тұр. Екі қазан жаппа нан пісіртіңіз. Әйелді ана бұлақтың басында сол нанмен ұшықтаймын, — дейді.
Әйел бұлақ басына жеткізіліп, нан келген соң Көшекей:
— А-а, әулием Болысбек,
Мына нанды суға сал,
Суға сал да қайтып ал.
Ал, Күнаман, тосып ал,
Тосып ал да қапқа сал,
Қапқа сал да, атқа сал,
Атқа сал да, тарта сал,
Ә, әруақ! — деп байдың әйелін суға бір малынған нанмен төпеп ұрып, нанды шетінен бұлақ суына ағызып жібере беріпті.
Бұл «балгердің» бір сөзін ұқса, бір сөзін ұқпаған әйел, мұнан құтылмаса болмас деп, бұлақ басынан үйіне өзі жүріп келеді. Нақ сүйерінің ауруынан мұншалық тез айыққанына дән риза болған бай, Көшекейге сыйлыққа тағы бір жылқы жетектетіпті.
Сөйтіп, айлалы да тапқыр Көшекей жолдастарымен оңай олжа тауып, ауылдарына оралған екен.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі