Өлең, жыр, ақындар

Күш атасын танымас (І нұсқа)

Қашан да әңгімені түрлендіру үшін батырдан не шешеннен: «Сіз өміріңізде неше мәрте ауыр сынға түстіңіз, неше рет жеңілдіңіз, қанша рет сүріндіңіз?» деген сияқты сауалдар қойылады ғой. Міне, осындай сұрақтар Балуан Шолаққа да қойылса керек. Сонда Балуан Шолақ былай деген екен:

— Қақаған қыстың күні жүрдек ат жеккен шанамен жаныма ешкімді ертпей, жол жүріп келе жатыр едім. Кенет қарсы алдымнан кездескен орыс:

— Әй, киргиз, кәнекей, жол бер, — деп айғай салды.

— Жол керек болса, жолдан бұрылып өт, — деп мен отырдым. Орыс сол кезде шанадан жалма-жан түсіп, менің атымды қамшымен басқа бір салып, жолдан бұрып жіберді. Ол кезде шанадан секіріп мен де түстім. Орысты жағасынан ұстап, жұлып алып, шанаға көлденең салып қойып, қамшының сабымен барлық тісін сындырып, ендігәрі атты басқа ұрмайтындай етіп «емдеп» болғаннан соң, шананың үстіне көлденең көтеріп салып қоя бердім. Бұл оқиға ұмыт болғалы не заман?

Арада біраз жылдар өткеннен кейін Көкшетау жәрмеңкесіне Балуан Шолақ салт атпен барып, қала аралап келе жатса, бір орыс мұжығының үйінің жанында кешке қоналқыға келген бес-алты шаналы ауыл адамдары түсіп жатады.

— Бір таң қалғаным, — деп сөзін жалғайды Балуан Шолақ, — қораның аумағы кішкентай екен. Мұншама адам қайда сыймақшы деп таңырқап мен де бардым. Келсем, үй иесі мұжық аттарды доғарып, шаналардың жүгін бұзғызбай, сол күйінде қабырғаға қатарлап, бірінің үстіне бірін шығарып, жалғыз өзі үйіп жатыр екен. Шаруасын тәмамдаған соң ауыл адамдарын ертіп, үйге кірді. Жаңағы адамның күштілігіне таңырқап, мұнымен бір сөйлесіп көрейін деп, мен де кірдім. Үйге кірген соң үй иесі тамақтануға отырды. Және бір ғажабы үлкен шарамен әкелген бір шелекке жақын ботқаны әп-сәттің ішінде жалғыз өзі соғып алды. Манағы манағы ма, менің таңырқауым одан әрі өрши түсті. Тамағын жеп болған соң, әлгі кісіден:

— Тісіңе не болды? — деп сұрадым.

— Ертеде қыстыкүні шанамен шөп тасып келе жатып, жолға таласамын деп жүргенімде бір қазақ алдына бұрап салып, қамшының сабымен менің аузымдағы барлық тісімді қағып алып еді. Содан бері тіссіз жүрмін, — деп шынын айтады ол.

Сол кезде мен орысқа:

— Егер сол кісіні көрсең, танисың ба? — деп сұрадым. — Танымайтын болсаң, сол жолғы сенің тісіңді алып қалған жолаушы менмін, — дедім. Әлгі мұжығым таңырқап қарап, бір алыстағы ағайынын көргендей мәз болып, амандасып жатыр. Бұл менің өмірімде көрген күшті адамдарымның бірі еді.

Екінші жолы былай болды. Халықтың бір бас қосып мәре-сәре болып қызық думанға бататын жері — жәрмеңке базары ғой. Сол базарды аралап келе жатсам, базардан алшақтау шет жақта бойында қылаудай міні жоқ, сұлу мүсінді, кертөбел ат қаңтарулы тұр. Қызығып кеттім. Жақындап келсем, жерошақтың басында жүрелеп, от тұтатып біреу отыр. Албырт жүрек нені аңғартқан! Аттан қарғып түсіп, жаңағы қол тоқпақтай жағасынан алып бір бұрап, жерошаққа тығып жібермекші болып қолды салып бүктеуге айналғанымда, жаңағы адам өзімді көтере түрегелді. «Күш атасын танымайды» деген осы ғой. Енді бір сәт көз ілеспес шапшаңдықпен қасымды қағып жібергенде, бет-әлпетінің таныстығынан секем алып, тез бұрылып, атыма қарғып мініп кете бардым. Сол кезде жаңағы адамның:

— Әй, азамат, сенің қызыққаның анау кертөбел ат қой, көңіліңе ұнаса, ала ғой, — деген даусы естілді.

«Өлімнен ұят күшті» дегенді осы жолы сезінген шығармын. Жазықсыз жанды жазалау менің бойыма бітпеген әдет болғандықтан, қайырылып баруға дәтім шыдамады, — деген екен Балуан Шолақ.


Пікірлер (2)

Нұлан

Қызық

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз