— Бабаларымның тарихына көз жүгіртсем, Бекназардың баласы Қойлыбайдан тарайтын аз үйлі елде Қоныспайдан басқа ақындығымен аты шыққан басқа ешкім болмаған көрінеді. Қоныспай — менің төртінші атам. Қоныспайдан Ханжан. Ханжан мен оның бәйбішесі Болғаннан Боқаш, Бәкеш, Жақып — үшеуі туған екен. Үш ағайындының кішісі Жақып өлеңші, әңгімеші атанып, би атанбаса да, ел ішіндегі дауға жиі араласатын сөз шебері болыпты. Мен Жақыптың бәйбішесі Ығайша Жеңісбайқызының, яғни әжемнің тәрбиесінде өстім. Ығайша — ата-тегінен дарыған киелі емшілігі бар, аққұба өңді, қыр мұрынды, қайратты қара шашты, жұмсақ, биязы, жүзді, мейірімі мол, асыл туған адам еді. Ол 1968 жылы 77 жасында Нарын топырағына жерленіп, мәңгі де тыныш ұйқысын жалғастырып жатыр. Одан туған Қамза да өлең жазған. Ол марқұмды мен «әке» деп атап көрмедім.
Бала кезімде әжем Ығайшадан, Иса Естемесовтен т.б.үлкендерден Қоныспай жөнінде еміс-еміс әңгімелер еститінмін. Олардың айтуынша, Қоныспай жалғыз аттының серісі атанып, жиын-тойларға ел кезекпен шақырысып, үйге тоқтамайтын, жүргіш, әншілік пен ақындықты, таза жүруді ғана қасиет тұтқан. Қоныспайдың кірпияз тазалығы сондай — күнде қырынып-жуынып, тырнағын үйден алыс жердегі төбенің басына барып алады екен. Ыдыс-аяғы кір үйден ас татпай аттанып жүре беріпті. Сегіз ағайындының ішіндегі тентек, ерке өскені де сол — Қоныспай. Ол үйге тоқтамай қызық қуып кеткен соң ағайын-туыстары ақылдасып:
— Мұны жын қуып кетті, енді тоқтамайды, — десіп, баласының үлкені Мүрәліге:
— Сен әке орнына әке болдың. Шаңыраққа ие сенсің, — деп шешеді. Өнерді жын деп ұққан, өз жанының сырын түсінбеген тоғышар туыстарына іштей наразы болған Қоныспайдың үйге тоқтамауының басты себебі — оның Қытайдағы Қызай елінде Еркеш атты ғашығы болғанға ұқсайды. Қоныспай Қызай еліндегі үлкен бір жиын-тойда айтысып, отыз қыздың бәрін жеңіп отырғанда, айтыс үстінде Қоныспайдың жүрек лүпілі мен тамыр соғысы сезімталдықпен танып, байқап үлгерген
Мейір, Баян деген екі қыз:
— Қоныспай ақын жігіт керейдегі,
Енді жоқ отыз қыздың көбеймегі.
Біреуін отыз қыздың шын ұнатсаң,
Сөзің айт, келіп тұрған көмейдегі, —
деп екі ғашықтың жүрек сырларының кілтін тауып, жүрек сырын ақтарып, ғашығының жүрегіне жеткізуге себепші болады. Мейір мен Баянға Қоныспай былай деп жауап қайырған екен:
— Қызайдың қос сұлуы Мейір, Баян,
Қағаздың ақ жүзіндей еліңе аян.
Айтылмай қалмас деген жүрек сыры,
Шын сүйген осында отыр менің саям.
Ішінде отыз қыздың атың Еркеш,
Қолыңда жетелеген бөрте серкеш.
Табынан таңдап алған торытөбелдей,
Сыртыңнан шөлкемдеуші ем ертелі-кеш.
Еркештің ерке аққудай еркелігі,
Бойынан табылмайды-ау ешбір міні.
Мәңгілік жар етерлік жан екенсің,
Дүниеде жан тең келмес саған тірі, —
деп домбырасын күмбірлете, шырқата әндетіп ғашығына деген махаббатын өлең-жырмен, әсерлі әнмен жеткізіпті.
Қоныспай 38 жасында Қызай елінде қайтыс болған. Қоныспай Тоқпайұлының өмір сүрген уақыты шамамен XVIII ғасырдың аяғы мен XIX ғасырдың бас кезі.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі