Өлең, жыр, ақындар

Жер астындағы мырамыр тастан салынған мың үй

Мен 1921 жылы құдам ауырып, көңілін сұрап барып жатқан кезде Өскемен уезіне қараған Өтеміс елінен қыстың ортасында сексен бес жастағы кәрия салт атпен күндік жерден келді. Екі иығына екі кісі мінгендей зор денелі, алып тұлғалы, ақ сақалы омырауын жауып тұр, жалпақ толық бетіне сақал-мұрты жарасып тұр. Аты — Сегізбай. Көп атақты адамдарды көріп, көп жақсы сөздер естіген, қазақ, қалмақ  батырларымен жолдас болып, талай рет аң аулаған, сөзге тартымды, салмақты адам екен. Сол Сегізбай ақсақалмен үш күндей әңгімелесіп, неше түрлі әңгімелерін жазып алған едім.

Сегізбай:

— Мен өзім көрген бір ғажап уақиғаны саған айтып берейін, — деп бастады, — елімізден ақтар кетіп, қызылдар орнағаннан кейін еліміз жайлауда еді. Біз көшпей қыстауда қалғанбыз. Біздің қорадан он алты шақырымдай жерде бір үңгір бар болатын. Бір күні бір уәкіл келіп елдің барлық адамдарын әлгі үңгірдің алдына жинатты. Көп халық келген екен. Мен де хабар тиісімен атыма мініп ап бардым. Әлгі келген уәкіл бір тасқа шығып алып, сөз сөйледі:

— Ал, халқым, менің естуім бойынша, осы жердің астында көп үйлер бар дейді, оған осы үңгірмен кіреді екен. Ал осы топтың ішінде ержүректі еркек жігіт бар ма? Осы үңгірге кіріп көріп, тексеріп шығамын деушілер, кәне, қолдарыңды көтеріңдер.

Бір адам да үндемеді. Себебі, «оның ішінде аю бар, жеп қояды екен адамды» деп ертеде дақпырты елге жайылған үңгірден кіруге батылдары жетпей, қорқып тұр. Жастар жағынан «мен кіремін» деп бірде-бір жігіт қолын көтермеді. Оған менің намысым келіп:

— Мен кірейін, — дедім.

Уәкіл қуанғаннан:

— Өте жақсы, бері шығыңыз, — деп қасына шақырып алды да, — тағы кім кіреді? — деді.

Сол уақта алпыс бес жастағы бір шал:

— Мен кірейін, — деді.

— Жарайсың, өте жақсы болды, — деп оны да шақырып, маған қосты да, екеуімізге екі май шам берді. Қаруға балта, пышақ алдық. Бар қаруымыздың түрі сол екеуі болды. Үңгірдің аузы тура аюдың ініндей. Уәкіл бізге:

— Ал, ақсақалдар, ішінде не көрінсе содан белгі алып шығасыздар, абайлап байқап, біріңізден-біріңіз адасып қалмай, әсіресе аюдан сақтаныңыздар, — деп тапсырып жатыр.

Хаққа сиынып алдымен мен кірдім, қолымда май шамым, бір қолымда балтам, еңбектеп келе жатырмын. Артымда ана кісі бар. Он саржан шамасы жүрген соң алдым тұйыққа тірелген сияқты. Абайлап шаммен қарасам, үйдің қабырғасы тәрізді. Абайлап тағы қарасам, тап кигіз үй
сияқты дөңгелек үлкен тас екен. Соның бір жағын айналып кеткен жол бар сияқты. Оны анықтап тауып алып, тағы ілгері қарай еңбектеп кете бердік. Тағы да бес саржандай жүрген соң бір үйдің іргесінен шықтық. Әлгі үй бес қанат кигіз үйдей дөңгелек, қайрақтай көк шұбар мырамыр тастан қалап төбесін кигіз үйдің төбесіндей етіп, яғни мешіттің күмбез төбесіндей өріп, томпақтау етіп жауыпты. Ішінде бір төсек бар, оның үсті бір кісі жатқандай, биіктігі белуардан қызыл мырамыр тастан жасалған. Ортасы сәл ойлау, оң жағында бір есік, сол жағында бір есік, дәл ортада бір есік, бөлмелерінің қалыңдығы төрт-ақ елі. Ол есіктен кірсең, дәл осындай тағы бір үй, бір төсектен ары қарай жалғасып кете береді екен. Егер ортадағы есіктен кірсек адасамыз-ау деп, ылғи оң жақ шеткі есіктен кіріп отырдық. Бөлмелерден бөлменің ешбір айырмасы жоқ. Бірінен-біріне кіру үшін тыңдап, байқап, сылдыр-тарсылсыз жүріп отырдық. Барлық үй мен оның бөлмелері бар бір қалыптан шыққандай, еш айырмаларын көрмедік. Ар жағына жетер емеспіз. Тіпті, бос шықпайын деп белгі үшін қабырғасының қайрақтай көк шұбар тасынан бір тас алып, қонышыма салдым. Төсектің қызыл шұбар тасынан бір тас алып екінші қонышыма салып, енді қайтуға беттедік. Қайтадан кірген бірінші үйімізге келсек, кірген үңгіріміз жоқ. «Қап, бағана май шамның түбінен кесіп алып, жағып кетпеген екенбіз» деп өкіндік.

— Енді адассақ, жер астында қаламыз-ау, өзіміз сұранып келіп, — деп едім шалым да қорқуға айналды. Айғайласақ, ешбір дыбыс жоқ. Сырттан дыбыс келмеді бізге.

— Ал, ақсақал, біз екеуіміздің тағдырымыз жер астында бітетін болды, — деуім мұң екен, ақсақалым өкіріп жылап:

— Шын айтасың ба? — деді.

— Шын айтам, менің ойыным келіп тұр ма, байқұс, — дедім.

— Тым болмаса бала-шағаларыммен қоштасып та кірмеген екенмін. Менің сүйегімнің қайда қалғанын да білмейді-ау, — деп өкіріп, есі шығып жылап жүр.

Мен:

— Япыр-ай, алғашқы бірінші үйіміз осы ақ үй емес пе еді, — деп айнала іргені қарап жүрсем, үңгірден үйге кіре бергенде алдымда көлденең бір шыбық жатқан тәрізді еді, сол іргеде жатыр. Байқасам үңгірдің аузын көрсетпей бір тас үстінен қалқалап тұр екен. Үңгірдің аузын тауып, қуанып, сыртқа шықсақ, сәске түсте кірген едік, күн еңкейіп батуға жақындап қалыпты.

Әлгі уәкіл біздің шамымыз бітіп қалды да, олар адасты, олар шықпай, мен бұл жерден кетпеймін деп, бір кигіз үйді әкелтіп, тіктіртіп жүр екен. Біздің шыққанымызды көріп, өте қуанып, қарсы алып, менен оңаша шығарып алып, сұрап жатыр. Не барын, не жоғын түгелдей айтып түсіндірдім де, әлгі қонышымдағы екі жерден алған мырамыр тастарды бердім.

Ол: — Бұларың жақсы болды, — деп, жоғары тексеретін орынға жазып, екі тасты қосып салып жіберді. Содан бәріміз де тарап кеттік. Келер жылы үш орыс келді. Әлгі уәкіл менің әдірісімді бергенге ұқсайды. Біздің ауылдың шетіне келіп, кісілерден сұрапты:

— Сегізбай шалдың үйі қайда? — деп. Бір бала біздің үйге ертіп әкелді.

— Сегізбай сенсің бе? — деп сұрады.

— Менмін, — дедім.

— Сен үңгірді білесің бе? — деді.

Мен: — Білемін, — дедім.

— Сен бізді сол үңгірге апарасың ба? — деді.

Мен: — Апармаймын, ол осы жерден он алты шақырым.

Үшеуің бес сомнан он бес сом берсеңдер, апарайын, — деп едім:

— Оһо, сразу береміз, — деп он бес сом ақша берді. Сосын оларды ертіп барып үңгірді көрсеттім.

— Мен кірмеймін. Сендерге жолын ғана көрсетемін. Өздерің кіресіңдер, — деп, жолдағы тастың бір жағын айналып өтетінін, бір үйге бір шам жағып кету, шеткі үймен жүрудің бәрін білгенімше түсіндірдім.

Бұлар сәскеде кірді. Екеуі жер астына кіріп, біреуі аттарын қарауға қалды. Мен «бұлар әлі шықпайды ғой» деп ауылға барып қымыз ішіп, түстеніп келсем, кіші бесінде әлі шықпапты.

Атты отқа жіберіп, отырдық. Күн бата шықты-ау, аппақ қудай, әбден шаршаған. Жер астында таза ауа жоқ, тұншыға жаздайсың, оңай ма?

\Жігіттерге:

— Ал, баяндаңдар, — дедім.

— Шеткі үймен жүріп отырып екі жүздей үйге бардық.

Түбіне жете алмадық, — деді.

Біреуі адамның ортан жілігін, енді біреуі адамның жауырын сүйегін алып шыққан. Ертедегі адамдар ірі болса керек, ортан жіліктің ұзындығы алты сүйем болды. Ал жауырынның етегі, қаптал шапанның өңіріндей.

— Басқа ештеңе де жоқ, — деді.

Сегізбай айтады:

— Мұның үсті тау емес, құба сарыжон — алты шақырым. Ар жағында бір есігі бар дейді. Оны өзім көргенім жоқ. Сол екі есіктің арасы мың үй, — деп отырды.


Пікірлер (15)

Айдана

Қандай қызық әңгіме. Қазақстанда зерттелмеген жерлер көп сияқты.

Қайрат

Керемет

Қайрат

Керемет

Петров

Дұрыстап жаз сауатсыз мырамыр емес,қазақша мəр-мəр!

Руслан

Керемет Жерлер Көпқой Қазақ жерінде

Молдамжаров Ерсин Замзанович 87777086900 ут.

Әңгіменің авторы кім ? Қазақстандағы таулар көне тауларға жатады, әрине адамзат ол жерлерде әлемнің басқа түкпірлеріне қарағанда бұрын пана табуы мүмкін. Қазақ жері дұрыс тексерілмеген, даламыз тұнып тұрған тарих қой. Үңгір қай жерде, айтылса зерттеуге ат салысуға болатын еді.

Тоқтамыс

Осындай бір əңгіме оқып едім. Расында Қазақстанда зеріттелмеген жер көп екен. Керемет.

нұрлан

қызығы қызық бірақ қазақша мырамыр емес мəрмар.

Петров пен Нұрланға

Жер астындағы мырамыр тастан салынған мың үй - әңгімесі 1977 жылы қорға тапсырған — Ғали Дүйсеков.
Қалың оқушы дәптеріне жазылған қолжазба М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қолжазба қорында сақтаулы (ӘӨИ:Қ.866.3-дәп.).
Томға мәтіндер қолжазбадан түзетусіз дайындалып, ұсынылды. Сол себепті мырамыр болып ұсынылып отыр.

Ләззат

Қызық әңгіме екен, осындай құпия жерлерді неге зерттемейді екен?!

Айша

Қызық, шын әңгімеме екен, қай мекен екен. ол үңгір?

Серик

Ол биздин жакта

Орал

Қайдан шыққан мырамыр, қазақта мәрмәр деп атайды. Болмаса тегі ақ тас-көк тас десейші, жазушы.

Myrza

Өте керемет

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз