Он тоғызыншы ғасырдың аяқ кезінде Шығыс Қазақстанда Бақа деген кедей адам болған. Мал дегенде бір ат, бір сиыры, бес ешкісі бар. Әйелі, бір баласы бар. Өзі жалқау адам екен. Шапқан шөбі қыс бойы жалғыз сиырға ғана жетеді.
Күздің күні байдың жылқысын қосқа шығарып жатыр. Бақа ойланып: «Осы мен қыста қайда барам? Жинаған шөбім сиырым мен ешкімнен артылмайды. Ал мына торшолақты қалай асыраймын? Қой, мұны жылқыға қосып жіберейін» деп, байдың жылқышысына тапсырып, қосып жібереді. Қыс онша қатал болған жоқ. Жаз шыға жылқыны ауылға айдап келді. Бақа торшолағын көргенше асық болып, шұбырып келе жатқан жылқыны аралап келе жатыр. Жылқының соңында сүмірейіп, ақсай басып келе жатқан торшолағын қарсы алып, мойнынан құшақтап, сылап-сипап қараса, өзге жылқылар күйлі. Торшолақтың арқасы үш жерден жауыр, өзі арық, көтеремнің алды. Бақа:
— Ой, жануарым-ай, сен жауыр болмағанда, кім жауыр болсын. Жылқышылар қосты арқаңа жалаң қабат киіз салып, саған артады ғой. Көшкенде сені қарға салып, жол ашқан шығар. Бауырыңды арқан қимасын ба? Сен жүдемегенде, кім жүдесін, — деп аяп, мойнынан құшақтап сипап тұрды. Бір жылқышы естіп қалып:
— Бұл қайдан білді? Біздің қос артқанымызды тегі көрген. Сәуегейлігі бар адам-ау, — деп ойлайды ішінен.
Жаздың күні байдың атан түйесі жоғалады. Қарап, таба алмайды. Бай ашуланып, малшыларын қысады. Сонда жылқышы:
— Осы Бақа сәуегей адам. Бір тапса, сол табады. Торшолағына қос артқанымызды біліп қойған. Сол Бақаны шақыртыңыз. Ол табады, — деді. Бай Бақаны шақырды, келді.
— Сені білгіш, сәуегей дейді, менің атаным жоғалды, соны тап, — деді. Бақа қысылып:
— Ойбай, байеке-ау, маған ондай сәуегейлік қайдан келсін? Таба алмаймын.
— Жоқ, сен табасың. Атыңа жылқышылар не істегенін білгенде, мұны неғып білмейсің? Табасың. Таппасаң, өлтіремін, — деп қорқытады.
Бақа қысылып, өзінше амал ойлайды:
— Мүмкін түс көрермін, ертең айтайын, — деп уәде береді.
Бай:
— Мақұл, — деп тамақтандырып, қондырды.
Ел ұйықтаған кезде Бақа орынынан тұрып, еппен үйден шығып, желқомын алып, тұсаулы жүрген торшолағын мініп қашады. Жолсыз терең саймен өрлеп келе жатса, қалың бұтаның ішінде бір нәрсе шылп-шылп етеді. «Бұл не нәрсе екен» деп жақындап жанына келсе, ескі апан құдық ішінде атан түйе жатыр. Бақа қуанып кетті.
— Жоқ, енді қашудың керегі жоқ, — деп кейін қайтып, атын қайта тұсай салып, орнына келіп жата қалады. Таң атып ел тұрады. Бай келіп:
— Бақа, таптың ба? — деп сұрады. Бақа:
— Байеке, таптым. Сүйінші, түнде түсімде айтты: «Адам жүрмейтін сай бар. Соның қараған бұта арасында апан құдықта атан түйе жатыр. Батып шыға алмай қиналуда» деді.
Бай дереу жігіттерін шаптырып, шығарып алып келді. Бай Бақаға разы болып, рахметін жаудырып, шапан кигізіп, құрметпен аттандырыпты.
Бақаның сәуегейлігі елге жайылып, атағы шығады. Сол елдің аға сұлтанының сандығынан бір дорба алтыны жоғалады. Іздейді, таба алмайды. Бақаның даңқын естіп, кісі жіберіп алдыртады. Бақаға:
— Сізді сәуегей-білгіш, жоқты табады деп естідік. Менің сандықтан бір дорба алтыным жоғалды. Соны табыңыз, — деді.
Бақа:
— Ондай болса, маған ауылдан алыс, оңаша бір үй тіккізіңіз. Соның ішінде мен жалғыз түнеп шығамын да, таңертең айтам, — деді.
«Жарайды» деп шеткірекке оңаша үйді тіккізіп, Бақа жалғыз соған түнейді. Бақаның ойы «түн ортасында, ел ұйықтаған соң торшолағыма мініп, қашып құтылайын» деген пікір еді. Таппаса, бәрібір мұны өлтіреді. Енді тұрып кетуге ыңғайланған кезінде, үйдің іргесіне екі адам келіп:
— Ал, не істейміз? — деп сыбырласып сөйлеседі, — Бақа ертең бәрін айтады. Бізді де айтады. Сонан соң бізді аға сұлтан өлтіреді. Біз осы алтынды Бақаның өзіне берсек қайтеді, бізді айтпа деп жалынсақ қайтеді?
— Жоқ, оған біз өз пұлымыздан ақша қалдырайық. Ол бізді айтпас үшін сосын алтынды ана беттегі жалпақ тастың астына қоялық. Бақа бәрін де біледі, — деп үйдің іргесіне ақша тастап кетіп қалады.
Олар кеткен соң Бақа тысқа шығып, іргедегі өзіне қалдырған ақшаны алып, енді беттегі жалпақ тасқа барып, астын қара- са, алтынды тастап кетіпті. Үйге қайта келіп, жатып қалады.
Азанмен сұлтан шақырып алып:
— Таптың ба? — деп сұрайды.
Бақа: — Таптым ғой деймін, тақсыр.
Сұлтан: — Қайда екен?
Бақа: — Ана беткейдегі жалпақ тастың астында.
Баласы жолдастарымен барып тауып, алып келеді.
— Алтынды түгел кім ұрлаған екен? — дейді.
Бақа: — Шеттен келген екі қашқын ұрлап, тығыпты. Енді бүгін кешке алып кетпек екен, — деді.
Сұлтан: — Оларды тауып ұстау керек.
Бақа: — Бәрібір олар таптырмайды. Қашып кетті.
Сұлтан: — Мейлі, алтыным табылды, болды, — деп Бақаны жақсылап сыйлық беріп қайтарады.
Енді Бақаның даңқы бұрынғыдан да кереметтей болып, елге тарап жайылды. Сол елде басшы төбе би Тоқай деген кісі болған. Тоқай да естиді «Бақа деген асқан сәуегей, тапқыр кісі бар» деп. Тоқай Бақаны бұрын бір-екі рет көрген еді. Тоқай ойлайды: «Бақа надан, момын, меңіреулеу адам еді ғой. Қайдан тапқыр, данышпан бола қалды? Халықты алдап жүр ме? Мұны мен сынайын» деп, алдына шақыртып алдырады. Бақа келеді.
— Сені сәуегей, тапқыр дейді ғой. Жұрт, халықты алдап жүрген жоқпысың?
Бақа: — Жоқ, тақсыр, мен ешкімді алдамаймын.
Тоқай: — Ендеше, мен сені қазір сынаймын. Соны тапсаң, тапқыр екенсің. Ал таппасаң — өлгенің. Мен мына үйге кіремін, сен бірге кіресің, — деп екеуі үйге кіреді, алты қанат ақ үйге.
Босағада үлкен қара қазан төңкерулі жатыр. Тоқай төрге шықты, Бақа есік алдында тұр. Тоқай:
— Ей, Бақа, мына қазанның астында не бар? — депті.
Бақа оны қайдан тапсын, қорқып, қысылып, «ал Бақаның өлген жері осы екен» деп, етпетінен құлайды. Сонда Тоқай:
— Таптың, таптың, — деп қазанды аударғанда, астынан бір құрбақа шыға келеді. Сонымен Бақа тағы да сыйлық алып, атағы одан да бетер жайылып, даңқы аса береді.
Бақаның алыс бір елде нағашысы бар екен, сол естіпті. «Бақа тапқыр, сәуегей болыпты» дегенді естіп, ол аң-таң қалады.
«Япыр-ай, оған мұндай өнер тапқырлық қалай бітті? Ақылсыз емес пе еді? Білейін» деп іздеп келеді. Екі-үш жатып, жағдайды сұрап, анығына жетеді. Ешқандай тапқырлығы жоқ екенін біледі.
Нағашысы:
— Жоқ жоғалтқандар бұған тауып бер деп мазалар. Бұл табылмаса өштесіп, көзін құртар. Одан да түнделетіп көшіріп әкетейін, — деп алып кетеді.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі