— ...Осы қазақ жаратылысынан керемет-ақ. Еңбекқор. «О, Құдай, жасымда бейнет бер, қартайғанда дәулет бер» деп күндіз-түн еңбек етеді. Егін егеді, мал бағады. Дастарханды, қонақжайлылығына келгенде, мұндай халық жерде жоқ. Сондай-ақ өте бір сенімге толы халық. Жауы келсе де, төрден орын беріп, бар мәзірін алдына тартады. Сонысынан да болар жауы тез алады да, мойнына мініп алады. Тозақ бар, ұжмақ бар дейміз. Тозақты көріп жүрміз. Ұжмақты көріп келген әзірге ешкім жоқ. Тозақ. Оны көріп жүрген бірден-бір халық ол — қазақ.
— Тозақты қазақ көрмей қайтеді?! Бәрі — кедей. Бір ауылда бай болса, бір-екі үй. Олар да сасық байлар. Қой соңынан жүргені. Байлық не керек? Не ішіп, не жеп, не ойнап-күліп қызығын көрмеген соң. Бір есептен, кедейлік те жақсы ма өзі? «Кедей — жомарт», қайғы-қасірет аз. Кедейдің несін алады? Байдан сорлы жан жоқ. Күндіз-түн тартқаны — қайғы-қасірет. Жел соқса да, дауыл болса, қар жауса, қараңғы түн болса — бәрі байға тажал сияқты. Бай үйінде тышқан жорғаласа да қауіпті. «Ұры-қары жүр» деп ұйқы көрмейді. Алып кете ме, суға кете
ме, өртке кете ме — бәрі кетеді, кетеді деп тұрғандай.
...Бұрын бір бай, бір кедей көрші тұрған. Байдың бәйбішесі, тоқалы бар. Құл мен күңі бар. Әрқайсысы өз қайғысымен әуре. Балалары жоқ. Бай әуре ұры-қары алады деп. «Жылқы ысқырса — желдікі, айдаса — жаудікі» деп ұйқы жоқ. Құл мен күң тамағымен әуре. «Қашан бай боламыз» деп уайымдайды. Кедей — жомарт. Сулы-суанды асын ішіп, балаларымен ойнап, пырылдап ұйықтап жатқаны. Бір күні бай тұрып кедейден сұрайды:
— Осы сен неңе күлесің? Қарқ-сарқ күліп, мәз болып жатқаның?
Кедей тұрып:
— Байеке, бізде асықтай-асықтай үш алтын, төрт күмісіміз бар. Кеш болғансын соны бір-бірімізге лақтырып, ойнап жатамыз. Күлкі де содан, — дейді.
Бай үйіне келіп, бәйбішесіне айтады. Сандықтағы алмадай-алмадай алтын-күмісін шығарып, бәйбішесіне, тоқалына лақтырып көреді. Күлкі жоқ. Күлкі тұрмақ, алтынды біреу көріп қоя ма деп жалтақтап, қорқып, бүрісіп отырады. Ертесіне, келесі күні тағы да солай. Көрші кедей одан әрі қарқылдап күліп жатқаны. Байдың бәйбішесі ақылды екен. Кедейдің алтын, күмісі балалары ғой деп түсінеді. Байға бірақ айтпайды.
Бір күні кедейді шақырып, бір алмадай алтынын, күмісін береді. Кедей тұрып алмайды. Кешкісін әйеліне айтады, сүйтіп, сүйтіп деп. Әйелі тұрып:
— Ой, сорлы-ай, неге алмадың? Ой, санасыз туылған сорлы-ай! Алтын, күмісті сатып, балаларға, өзіңе киім жасамаймыз ба? Аш отырған балаларға тамақ та болады емес пе? — дейді.
Кедей барып, бәйбішеден алтын мен күмісті алады. Үйіне келген соң әйелі екеуі ақылдасады қашан, қай күні, қайда, кімге, қаншаға сатамыз деп. Ері мен әйелі таласып та қалады. Тілге де келмеді. Бұрын-соңды болмаған сөздер де айтылып, сол күні ерлі-байлы екеуі үдірейіп, біріне-бірі қарамайды. Түнде құшақтасып жататын байқұстар біріне-бірі теріс қарап жатып, таң атырады. Ерте тұрып ері: «Базарға барғанша, мұны бір жерге көме тұрайын» деп, есік алдындағы топ шеңгелге көмеді. Үйіне келіп, шай ішіп отырып ойлайды: «Көмуін көмдім, біреу көрмеді ме екен? Әй, көрген де шығар, орнын ауыстыру керек» деп, бұлақ жағасындағы қамысқа жасырады. Желсізде сылдырлап тұрған қамыс кедей құлағына одан әрі шуылдағандай болады.
— Ә, — дейді кедей, — ұры жүр. Қамыс неге сылдырлап кетті? Ұры іздеп жүр. Көрген ғой, қу неме!
Түнгі қараңғыда тұрып, құрғырды алып, беттегі тасқа көмеді. Сол түні аспанда нажағай ойнап кетпесі бар ма?! Ұйқысынан шошып оянған кедей:
— Әй, ит-ай, ит. Ұры шам жағып іздеп жүр. Әйтпесе неге жарық болып кетіп жатыр? — деп күпісін жамылып, бетке шығып, жан-жағына алақтап қарап, әр тасты бір шұқылап, алтынды таппай әуре болады. Қай тастың түбіне тыққаны есіне келмейді. Не керек? Күнде неше түн ұйқы көрмей тасты қазып, алтынын іздеумен болады. Әбден шаршайды. Әйелі болса, «бұл түнде қайда барып жүр? Бәйбіше бұған бекерден-бекер неге алтын, күмісін беріп, жарылқай қалды. Әй, қайдам» деп төсекте дөңбекшіп, ол да ұйқыдан қалады. Үй іші, ұл-қыздары бірін-бірі жақтырмайтын болады. Күлкі қалады. «Үй іші ала болса, кереге басы бәле» деген емес пе? Алтыны құрғыр, сары шайтан. Бар бәленің басы сол емес пе? Кедей сорлы бір ай әуре тартып, азып-тозып, өлдім дегенде, алтынды тастан әрең тауып үйіне келеді. Шаршағаны соншалық — шайға қарамай сұлап түседі. Ұйықтап жатқанда қойнындағы алтыны түсіп кетеді. Оны көрген бір баласы алып, далаға ой нап жүрген бауырларына:
— Жарқыраған тас тауып алдым, — деп айғайлап мақтанады. Балалар ойынға батады. Тасты лақтырып, шағып көреді.
Шешесі көріп қалып, балаларын ұрып-соғып, әрең алып, ырыншақтың қуысына тығып қояды. Күйеуі оянып:
— Бұл не дабыр? — деп сұрайды. Әйелі күйеуіне жалынады.
— Жоғалт мына сары шайтанды, күлкіден, ұйқыдан қалдық, — деп.
Ерлі-байлы екеуі күлісіп, бәйбішеге алтын-күмісін қайтарып береді. Сол күннен бастап кедей үйіне күлкі қайта оралады...
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі