Өлең, жыр, ақындар

Арбабайдың аңқаулығы

Ақмола-Қараталы темір жолы салына бастағанда ауыл жігіті Арбабай өзі сұранып құрылыс жұмысына кіреді. Қарулы жігіт құлаштап қайла сілтеп, омыра күрек батырып қара жердің қыртысын айырады. Жол құрлысының басшылары оны үнемі мақтап жүреді.

Жол салынып біткен соң адал да қарулы жігітті уыстарынан шығарғысы келмеген басшылар оған жол қараушы болып қалуды ұсынады. Ауыл жігіті келісімін береді. Содан оны бір апта бойы жол қараушысының міндетін атқаруға үйретеді. Жол қараушысының шартты белгілері болып есептелетін үш түсті жалаушаларды қандай жағдайда қалай пайдалану керектігін айтады.

— Өзің қарайтын участоктен кездейсоқ жолдың бүлінгенін көрсең және сол кезде поезд келе жатса, — дейді мұны үйретіп жүрген нұсқаушы, — қоржыныңнан қызыл жалауша ны көтере ұстап жол бойында тұра қаласың. Бұл сенің поезд жүргізуші машинистке, айтайық мына өзіміздің Максимовке «жол бүлінген, жүруге жарамайды, поезды тоқтат» деген белгі, — дейді.

Бір күні өз участогін қарап жүрген Арбабайға жол бойында мал бағып жүрген малшы кездесіп, ол мұның жұмысы жайлы, поезд туралы сұрайды.

— Поезд жүргізушінің бәрі маған бағынышты. Олар кез келген уақытта станса бастығын тыңдамауы мүмкін. Ал мен бар ғой мына қызыл жалаушаны көтеріп қалсам болды, зулап келе жатқан поезың төбеге ұрғандай тоқтай қалады, — деп бөседі Арбабай. Осы сәтте ысылдап-пысылдап өрге қарай ауыр арбаларын әзер сүйреп келе жатқан «қара айғырдың» қарасыны көрінеді.

— Ал, қане, Арбабай, сені тыңдайтынын көрейін, мынаны тоқтатшы, әрі поезды жақын жерден көрейік, — дейді ерігіп, ермек іздеп тұрған малшы жігіттер.

— Көріңдер, ендеше, — деп Арбабай қызыл жалаушаны қоржынынан жұлып алып, жолдың ортасында тұра қалады. Алқынып келіп, Арбабайға тақай келіп тоқтаған паравоздан қарт машинист Максимов не болғанын сұраса, Арбабай:

— Жол аман. Сенің берілген белгіге қалай тоқтайтыныңды сынайын деп едім, — дейді ойында бөтен ештеңесі жоқ жол қараушы. Уақытынан ұтылып былай да ыза боп келе жатқан машинист мына орынсыз сынаққа ашуланып, Арбабайды жағынан бір тартады да, «ендігәрі бұлай істеуші болма» деп жүріп кетеді.

Жаңағы бір малшылар содан бастап «поезд жүргізушілердің Арбабайға бағынатыны рас екен. Соның куәсі болдық» деген әңгіме таратады.

Арада біраз уақыт өткен соң жұмысында жүрген Арбабайға тағы бір ауылдардың малшылары кездесіп, оны мақтай келіп, поезды тоқтата алатынын көрсетуді сұрайды. Бөспелеу Арбекең оларға да көне кетеді. Келе жатқан поезға тағы да жалаушасын көтереді. Бұл жолғы паравоз жүргізуші тағы да Максимов болып шығады. Арбабайдың бұл жолғы қалжыңына қаны қыза ашуланған ол сол жерде Арбабайды ұрып жығып, тепкілеп, жолдың үйіндісіне аунатып жібереді.

Поезд жүріп кеткен соң, үстінің шаңын қағып орынынан тұрған ол, жол жиегінде ат үстінде өзін келемеждеп күліп тұрған малшыларға Арбабай:

— Бұрын мұндайда жақтан бір тартып жүре беруші еді. Мына Максимов жынданған шығар, енді тепкілейтінді шығарыпты ғой, — деп машинистке наразылығын білдіріпті.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз