Жасы қырықтан асқан бір кісінің әйелі қайтыс болады. Тұрмысы орташа, екі баламен қалған. Біраз уақыт әйел ала алмай жүреді. Оған себеп қыз алуға күші жетпейді. Қалыңмал беру керек, жесір әйел алуға тағы болмайды. Сиысып өмір сүріп кете ала ма, жоқ па, осы ойлармен жүріп бір күні есіне Мөңке түседі. «Осы Мөңке бүкіл елге ақыл айтатын еді ғой, мен де барып ақыл сұрап келейін» деп атқа мініп, Мөңкенің аулына келеді. Келсе, Мөңке ат үстінде серуендеп ел шетінде жүр екен. Ат үстінде кездесіп, сәлем беріп амандасады. Сәлемдесіп болғаннан кейін Мөңке жөн сұрайды.
Шаруа:
— Сізге келе жатыр едім, — деді.
Мөңке:
— Олай болса, жұмысыңды айта жүр, — деді.
Шаруа:
— Менің әйелім былтыр қайтыс болып еді, екі баламен қалдым. Шаруам ортадан төмендеу. Қыз алуға қалыңмал сұрайды. Жесір отырған жеңгем бар, оны аларымды, аяғынан жүрген 1-2 күйеуден шыққан әйел бар, оны аларымды, болмаса бір кедейдің арзандау түсетін қызы бар, оны аларымды білмей, сізге ақыл-кеңес сұрауға әдейі іздеп келе жатқан бетім еді, ақсақал, — деді.
Мөңке аз ойланып қалды да:
— Анау ойнап жүрген балаларды көрдің бе? — деді.
Шаруа:
— Көріп тұрмын, — деді.
Мөңке:
— Ендеше, сол балалардың ішінде бір ақ көйлекті бала жүр ғой. Содан барып сұрасаң, саған ақылды сол айтады, — деді.
Шаруа аң-таң болып тұр, сегіз жасар баладан барып ақыл сұрауды ерсі көрді, бармайын десе, би сырттан қарап тұр.
— Қой, би айтты ғой, барайын. Айтса ақылын естіп қайтайын, — деп балалардың тұсына барып, ақ көйлекті баланы жанына шақырып алды. Бала келіп сәлем берді. Сегіз жастағы бала астына кішкене шыбық ұстаған. Сәлемін бергеннен кейін:
— Ақсақал, менде шаруаңыз бар ма еді, айта беріңіз, — деді.
Шаруа кісі:
— Балам, әйелім қайтыс болған еді, ортадан төмен шаруам бар. Екі балам бар. Сол балаларыма бір ана керек. Екі жыл жесір отырған жеңгем бар, соны алайын ба? — деп сұрады.
Бала:
— Мен білемін, — деп жауап берді.
— Арзанға түсетін бір кедейдің қызы бар еді, әлде соны алайын ба?
Бала:
— Сіз білесіз, — деді.
Шаруа:
— Жоқ. Әлде аяғынан жүрген әйел бар еді. Мал бермей-ақ алуға болады. Соны алайын ба?
Бала:
— Піштіру-міштіру, — деп астындағы таяқ атын бір салып, балаларға қарай шауып кетті.
Шаруа кісі аң-таң қалды.
— Бидің мені мазақтағаны ғой, — деп үйіне кетіп бара жатыр еді. Мөңке қолын былғап шақырып алды.
Би:
— Иә, жігітім, балаға барып сөйлестің бе? Мұңыңды түгел жеткізіп айттың ба? — деді.
Жігіт:
— Балаңыз маған ешқандай ақыл айтпады.
Би:
— Кәне, сен не дедің? — деп сұрады.
Жігіт:
— Жеңгемді алайын ба десем, мен білем деді. Қыз алайын ба десем, сіз білесіз деді. Аяғынан жүрген әйел алайын ба дегенімде пыштыру-міштіру деп ағаш атын бір салып қалып, кете барды, — деді.
Мөңке күлімсіреп:
— Бұдан артық ақыл бола ма? Түсінбесең, кімнен көресің?
Жігіт:
— Ол қандай ақыл болды?
Мөңке:
— Жеңгеңді алсаң, мен білемін дегені — жеңгеңнің жолы үлкен, билікті соған беріп отырасың дегені ғой. Ал қыз алсаң, сіз білесіз дегені — барлық билікті сізге беріп отырады дегені. Енді аяғынан жүрген әйел алсаң, піштіру-міштіру деп шауып кеткені — аяғынан келген әйел сізге бағына қоймайды. Егер қабақ шытысып қалсаңыз «әдіра қалғыр, маған қалың төлеп, малың күйіп пе еді» деп буыншақ-түйіншегін арқалап кетіп қалады деген сөзі, — деп талдап түсіндіріп берді.
Сондағы ақыл айтқан ақ көйлекті бала Бала би — атақты жезтаңдай ақылы асқан Ержан би еді.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі