Ертеде Байболат деген байдың отар-отар қойы болыпты. Қойының көптігі сонша, оның саны қанша екенін ешкім нақты білмепті. Тек болжам бойынша он мыңнан астам қой бар деген мәлімет болған көрінеді. Сол малдардың ішінде Ес деген лақап аты қойылған қой ерекше болыпты. Ол басқа қойлармен салыстырғанда өте ақылды екен. Әрдайым сақтанып, жан-жағына қараумен жүріпті. Бірде отар қойлар жайлауда демалып жүргенде Ес ешқандай шөп жемей, құр су іше беріпті. Ол үнемі: «Егер мен басқа қойлар сияқты шөпті көп жесем, семіріп кетемін. Толысып кеткеннен кейін адамдардың көзі түсіп, ақырында мені сойып жейді. Қой, осылай жемей, арық бола берейін. Ешкім мені сойып алмас» деп ойлапты. Расында да Ес ең арық қой болыпты.
Бірде Естің тамақ жемейтінін байқаған жастау келген бір қой:
— Осы, сен неге тамақ жемейсің? Арық болып сынғалы тұрсың. Қабырғаңдағы сүйектеріңді санап шығуға болады, — деді.
— Мен қазір ораза ұстап жүрмін, — деп қалды Ес байқаусызда.
— Қойшы, қайдағы ораза? Ораза жылына бір-ақ рет келеді. Ал сен өмір бойы шөпті аузыңа алмайсың. Бұның қалай?
— Тамаққа деген тәбетім жоқ.
— Е, ендеше осылай деп айтпайсың ба манадан бері...
Уақыт сырғып өте берді. Қарт қойлардың біразы сойылып, оның орнына қошақандар дүниеге келіп жатты. Ал Ес болса өте арық бейнесін сақтап, басқаларға қарағанда ұзағырақ жасады. Есті көрген адамдар: «Бұл өте арық қой екен. Бұны союға келмес» деп қолын сілтеп жүре беріпті. Арада біраз жылдар өткеннен кейін Ес әбден қартайды. Оның артынан дүниеге келген талай қошақандар, есейіп қой болып сойылды.
Ес бірде өзінің балаларын жинап алып:
— Сендер тамақты көп жейсіңдер. Қазірдің өзінде маған қарағанда толықсыңдар. Толық болғандарың үшін адамдар сендерді күні ертең-ақ сойып жейді, — деді.
— Әке, сіз қандай қойсыз? Біз сізді осындай екен деп ойламаған едік. Сіздің тамақ жемеуіңізге қарап, тәбеті жоқ шығар деп ойладық, — деп балалары таңданысын жасырмады.
Олар әкесінің айтқан ақылын тыңдамады. Ақырында көп ұзамай қожайындары соғым ретінде балаларына көзі түсіп, союға алып кетті. Балаларының о дүниелік болғанына Ес қатты қайғырды. Бұл қыс айының соңғы күні болатын. Қайғырып әрі суыққа байланысты Ес одан әрмен арықтады. Ақпан айының соңғы күндерінің бірінде қожайыны мал қорада тұрған Есті көріп шошынды. Бұл кезде Естің көзі аларып, қу сүйегі қалған болатын. Қожайын: «Бұл ауру қойды әрі қарай ұстауға болмас. Басқа қойларға ауру таратса, бәрі қынадай қырылады ғой» деп ойлап Есті қырға апарып салды. Ес адамдардан құтылғанына қуанды. Ол мал қоралардағы шөпті ұрлап жеуді дағдыға айналдырды. Алайда далада қасқырларға кезігіп қалудан қатты сақтанды. Ол түнде таудағы жартасқа тығылып, күндіз ешкімнің көзіне түспей, сыртқа шығып шөп ұрлаумен болды. Арада бірнеше күн өткенде наурыз да келді. Күн мен түн теңелетін кездегі жердің дүрсілін тек қана қой жарықтық естиді емес пе?! Ес те түнде жердің дүрсілін естіп жатты. Бір кезде оның көз алдында алып қошқар бейнесіндегі періште пайда болды.
— Сенің тірлігің ұят. Семірмеу үшін шөп жемедің. Енді адамдардан құтылып, шөпке деген тәбетің ашылыпты. Қой адамдар үшін жаратылған. Сендерді адам жесе, сауабы өздеріңе келеді. Осы үшін жандарың жаннатқа барады. Ал сен өмір бойы арамдық жасадың. Сенің жаның тозаққа кетеді. Тозақ отына түспеу үшін қожайыныңның көзіне көрін, — деді періште оған.
— Мені сойып жейді ғой...
— Айттым ғой саған, сауабы өзіңе тиеді.
Тозақ отын елестеткен Ес қатты қорқып, қожайынының көзіне түсті. Бұл кезде Ес аздап оңалған еді. Қожайыны Естің біраз өзгергенін байқап, «Қайтқан малда қайыр бар» деп, оны мал қораға кіргізіп жібереді. Ес көрген-білгендерін, бәрін басқа қойларға айтып береді. Көп ұзамай жаз да келеді. Артынша қоңыр күз келгенде Ес толық қойға айналған еді. Қожайыны құрбандыққа шалуға қойларға көз тігеді. Еске қарап: «Бұл толық қой, алайда қарттау екен. Еті аса дәмді болмас», — деп, жас семіз қойды таңдайды. Арада қанша күндер өтсе де Еске қарт деп ешкім де союға алмапты. Қаһарлы қыс келсе де Еске қожайындары қызығушылық танытпапты. Көктем келіп, күн мен түн теңесетін уақыт та жетіпті. Бұл кезде Ес әбден қартайып, ауруға шалдыққан болатын. Сол түнде барлық қойлар жердің дүрсілін естіпті. Осы кезде Жебірейіл періште қанатты қошқар бейнесіне еніп Еске келіп:
— «Адамдар мені соймаса екен. Ұзақ өмір сүргім келеді деп армандаған» едің. Жоспарың орындалды. Адамдар сені ақырында сойып жемеді. Сен әлемдегі ең ұзақ өмір сүрген қой атандың. Алайда бүгін сенің жаныңды алып кетуге келдім, — деді.
О дүниеге аттанғалы жатқан Ес менің жаным жаннатқа ма, әлде жоқ, тозаққа бара ма деп қатты уайымдады.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі