Өлең, жыр, ақындар

Ақсақ Темірдің балалық шағы және хан болуы (Құмырсқадан алған тағлымы)

(І нұсқа)

Ақсақ Темір тохан әрі жас, әрі жетім, әрі ақсақ бала екен дейді. Бірақ жас болса да ол өте зерек, байқағыш, қырағы, мықты болған екен дейді. Бір күні бұзау бағатын қырық бала сапарға кетіп қалады. Өйткені олардың аяғы сау, дені сау. Ал Ақсақ Темір тохан өзі ақсақ, оларға ілесе алмай ақсалаңдап, ақырын жүріп отырып бір биік шың тастың қасына келіп отырып, бір құмырсқаның тасқа шығып бара жатқанын көреді. Байқап отырады. Бірақ құмырсқа біраз барған соң сырғып жерге түсіп қалды дейді. Құмырсқа тағы шықты, бұл жолы жаңағы барып құлаған жерінен асып, тағы да сырғып түсіп қалды дейді. Сөйтіп құмырсқа шыққан сайын өрлей, өрлей бір уақытта тастың басына шыққан екен дейді. Мұны көріп отырған Ақсақ Темір тоханға мынадай ой келеді: «Қарашы, не нәрсе болса, талаптан екен. Талап қылсаң, неге болса да жетеді екенсің. Мына құмырсқа бағана шыға алмады. Ал бұл енді «шыға алмайым» деп безген жоқ. Талаптанып бірден бірге өрлей, өрлей ақырында шың тастың басына шықты. Мен де талаптанып көрейін. Талаптансам, мен де дегеніме жетерім», — деп қорытынды жасаған екен дейді.

Баяғы бұзау бағатын қырық балалар және Ақсақ Темір тохан өзі де бұзау бағады екен. Олар ылғи хан болып ойнайды екен дейді. Құмырсқадан тағлым алған Ақсақ Темір тохан оларға былай дейді:

— Біз бұлай ойнамайық. Хан болу үшін былай істейік. Осы тұрған бәріміз де киімімізді шешіп тұрып, осы жерге үйіп орда жасайық. Сонсын бәлен жерден осыған бәріміз жүгірейік, жарысайық. Сонсын кім озып келсе, сол бала бізге хан болсын жәна жүгіретін жеріміз алыс болсын, — дейді.

Балалар да:

— Жарайды, мақұл-ақ, болсын, — деп қостай кетеді. Сонымен киімнен орда жасап, енді жарысуға келе жатыр. Жарысатын жер мен орданың арасы үш-төрт шақырым екен дейді. Бағанағы қырық бала жарысысымен-ақ алға қарай жүгіріп Ақсақ Темірден озып кеткен. Ал Ақсақ Темір тохан сол ақсалаңдап жүріп келе жатыр дейді. Бірақ жарысып кеткен балалар біраз жер жүгіргесін өкпелері өшіп, жүгіре алмай қалған екен дейді.

Ақсақ Темір ақсалаңдап отырып жолдағы жүгіре алмай жатқан балалардың бірінен соң бірін тастап, енді алдында бір бала бар екен дейді. Әлгі бала мұны көре салып ордаға бар пәрменінше жүгіреді. Ақсақ Темір тохан ордаға құлаш жетер жерге келген кезде басындағы бөрігін алып лақтырып жібереді. Бөрік әлгі баладан бұрын барып ордаға түседі. Бала да жетеді. Енді Ақсақ Темір мен баланың арасында хандыққа
талас туады. Ақсақ Темір:

— Мен хан болам, менің басым бұрын келді, — дейді. Ал бала:

— Мен хан болам, сенің бөрігің керегі жоқ. Мен аяғыммен озып келдім, — дейді. Сонымен Ақсақ Темір тохан көп баламен таласа-таласа әбден шаршап отырса, алыстан бір ақсақалды кәрия адам келе жатыр дейді.

— Жүріңдер, — деді Ақсақ Темір балаларға, — ана кісі не десе, сол болсын, жарай ма? — дейді.

— Жарайды, — дейді балалар, — болсын, — дейді. Балалар адамға барып сәлем етіп, соған өздерінің дауын айтып, төрелік беруін сұрайды. Бұлардың сөзін тыңдап болып ақсақал адам балаларға былай деп сұрақ қояды:

— Адамның басы үлкен бе, жоқ аяғы үлкен бе? — дейді.

Қырық бала шу етіп:

— Басы үлкен, — дейді.

— Ендеше, — дейді ақсақал, — басы үлкен болса, басы бұрын келсе, хан мынау болу керек, — дейді Ақсақ Темірді көрсетіп. Сонымен балалар ақсақалдың берген төрелігіне тоқтап, Ақсақ Темір тохан қырық балаға хан болады. Манағы өзімен таласатын баланы өзіне бас уәзір етеді.

— Мен той істеймін, — деді Ақсақ Темір. — Хан болдым. Хан той істейтін. Олай болса, аман бағып жүрген бұзаудың біреуін әкеліңдер, сойыңдар! Етін асыңдар! Сөйтіп той істейік, — деп уәзірінің біріне бұйрық береді. Айтқаны орындалады. Ет жеп, өздері ойнап той жасап, бір жасайды. Сонымен қырық бала жәна ханымен шаһарға бармай, бұзауларды да апармай, бір мықты жерге тығылып жатады. Жатқан жерлерінен жол өтеді екен. Сол жолдан өткендердің қолында не болса, соны тартып ала беретін болған. Мейлі тамақ болсын, ат арба да қолдарына түседі. Не керегін тауып алады. Балалар да өсіп үлкен жігіт болады. Өздері қарулы. Сонымен Ақсақ Темір хан әлгі қырық уәзірімен әуелі өзінің шаһарын шауып, ханын өлтіріп, шаһарға өзі хан болған екен дейді. Содан былай қарай Ақсақ Темір шын мағынасындағы ел билейтін хан болған екен дейді. Ал бұрынғы қырық бала сенімді қырық уәзірі болыпты дейді.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз