Темірбек пен Майраның әжесі қойдың жүнін сабау ісін қолына алды. Қойдың жүнін жайылған шаршы матаның үстіне қойды. Содан соң қос қолдап жыңғыл бұтағынан ұзындығы бір құлаштай етіп жасалған екі сабаумен үйілген жүнді қайраттана сабады.
— Әже, текемет жасаймыз ба? — деді Майра.
— Иә, қызым, киіз басамыз. Текеметтің биылғы түрін керемет етіп шығарамыз, — деді әжесі.
— Былтырғыдай текеметіміз үлкен бола ма?
— Иә. Біраз күзем жүн жиналып қалыпты. Бір текеметке жетіп артылады. Керегімізге жараталық. Әйтпесе, жазда күйе түсіп кетеді.
— Әже, күзем жүн дегеніміз не?
— Қойдың жүнін жылына екі рет қырқады. Сәуірде, мамырда қырықса, оны жабағы жүн дейді. Күзде, қыркүйекте қырыққан жүнді күзем жүн дейді.
Арада екі апта уақыт өтті.
— Майра, көрші үйлердегі апаларды шақырып кел. Әжем шақырып жатыр де. Тезірек келсін, — деді әжесі.
Майра әжесінің сөзін ықыласпен тыңдап, көрші үйлерге қарай аяқтарын жылдамдата басты.
Сәлден соң есіктің алдындағы теп-тегіс жердің бетіне бір орам тоқылған ши жайылды. Оның үстіне әжесі сабап, мақтадай түтілген қойдың қара жүні қабаттап төселді. Содан кейін қызыл, сары, көк, жасыл түстерге боялған жүндерді көрші үйлерден келген әжелер мен апалар төселген жүннің бетіне оюлап салуға кірісті. Ақ түсті жүн де өз орындарын тапты.
Шидің үстіндегі жүннің бетіне қазақы нақышпен салынған оюлар қызылды-жасылды түстерімен көзді қуанта түсті. Шеткі жиектеріне де шағын оюлар рет-ретімен орналасты.
Бір кезде әжелер мен апалар үстіндегі жүнімен қосып шиді орай бастады. Шиді орап болған соң, оны сыртын жуандау арқанмен жақсылап байлап тастады. Есік алдындағы қара қазанда қайнаған ыстық суды көрші апалар шелекпен әкеліп, ожаумен шидің үстіне құйды.
— Енді аяқтарымызбен шиді тебелік, — деді әжесі.
— Темірбек, айналайын, келіңдер. Достарыңмен бірге сендер де шиді тебісіңдер. Қолғабыстарыңды тигізіңдер, — деді көрші әжейлердің бірі.
— Солай етіңдер. Сендер де көмек беріңдер, — деді өзге апалар да.
Темірбек өз достарымен бірге шиді аяқтарымен тебе жөнелді.
— Қаттырақ тебіңдер. Қаттырақ тепсеңдер киіз жақсылап ұйысады. Тұтасуы мықты болады, — деді әжесі.
Апалар мен әжелер және Темірбектің достары шидің домалатып жүріп едәуір уақыт бойы аяқтарымен тепті. Ара-арасында шидің үстіне әжесі ыстық су құюмен де болды. Шиді ораған арқанды да қайта-қайта қысып байлауды да әжейлер ұмытқан жоқ.
— Жетер. Болды. Енді шидің арқанын шешіңдер. Текеметті жаялық, — деді әжесі.
Баяғы шидің бетіне жайылған жүн мен оның үстіндегі саналуан оюлар әлгіден де гөрі әсем бояуға, таңғажайып түске еніпті.
— Ғажайып текемет болыпты, — деді Майра қуанышын жасырмай.
— Керемет, — деді Темірбек пен оның достары да таңданыстарын білдіре.
— Қазір одан да жақсы етеміз, — деді көрші әжейлердің бірі.
— Кәнеки, екі жаққа бөлініп, текеметті білекке алып, ширатайық, — деді көрші апа.
Текеметтің екі жағында қарама-қарсы болып жайғасқан әжелер мен апалар біраз уақыт бойы киізді орап, білектеп, ширатуға кірісті.
Күн түстен ауып қалған болатын. Текемет те даяр болды. Текеметті есік алдындағы үлкен сәкі үстіне жайды. Сәкі үстіне ендей жайылған текемет төңірекке өзінің әсем де гүл-гүл жайнаған бояуымен, көздің жауын алған реңімен өзіне еріксіз тартып тұрды.
Сол күні Темірбек пен Майра да, олардың әжесі де, көрші әйелдер де емен-жарқын қимылдап, үлкен бір іс тындырды. Түрі келіскен текемет жасалды. Содан соң бәрі дастарқан жанына жайғасып, астан дәм татты. Көңілдері тасып, әуелете ән де шырқады. «Алма ағаштың гүліндей-ай, Текеметтің түріндей-ай!» деген ән әуені ауыл аспанында көпке дейін қалықтап тұрды.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі