Өлең, жыр, ақындар

Екі дос

— Жәнібек, сені Ермек шақырып тұр, — деді көрші үйдің баласы Дәрмен қақпа сыртынан дауыстап.

— Ішке кірсінші! Ит байлаулы, — деді Сәкен оның сөзіне аса мән бермей, добын одан ары тепкілеп.

Сарт-сұрт. Сарт-сұрт. Жерден көтермей, үйдің іргесіне дәлдеп тепкендіктен бе, доптың дауысы анық естіледі.

— Барсаңшы! — деді атасы бір кезде Сәкенге бұйырып. — Допты бүгін көріп қалдың ба? Шақырып тұр деді ғой сені.

Сәкен атасының сөзінен соң барып допты жайына қалдырды.

Сыртқа шығып еді, жаңа шақыра келген Дәрмен көрінбейді. Келген Ермек жалғыз тұр. Ермек Жәнібекпен бірге оқиды. Математикаға жүйрік. Есептерді лезде шешеді. Еш қиналмайды.

— Математика сөйлеуді емес, орындауды қажет етеді. Ермек сөзден гөрі іске жақын, — дейді Жәнібектің атасы. — Жұмысы тындырымды. Жаз бойы бірге мал бақтық. Жәрдемдескенін айтсаңшы. Өзі  барып, малдарды қайтарады. Есіне салудың қажеті жоқ.

— Ата, мен де Ермекпен бірге мал бағайыншы.

— Жоқ, балам. Сен үйде бол. Әжеңе қолғабыс жаса. Тауықтарына қарас. Суын тасуға көмектес. Соның өзі үлкен тірлік. Әжеңе бұның бәрі оңай емес қазір, — дейді атасы Жәнібектің сөзін қош көрмей.

Енді, міне, сол Ермектің өзі келіпті үйлеріне.

— Атамды шақырайын ба? Мал бағуға ертең де барасыңдар ма? — деді Жәнібек таяп келе жатып.

— Иә. А-а-таңды ша-шақыр, — деді Ермек тұтыға. Бала күннен бірге өскен олар бірін-бірі жақсы түсінеді.

Ермек тумысынан  тұтығып сөйлейді. Жәнібек оны еш уақытта қыстамайды. Айтарын асықпай айтады. Сабақта да солай. Ермектің  «Ана тілі», «Әдебиет» сабақтарындағы жауаптарын зер сала тыңдайды.

Жәнібектің атасы зейнеткер. Үйдегі мал сол кісінің мойнында. Он сиыр мен он бір қойды Ермектердің малымен қосып, күн сайын ауыл сыртына шығарып, бағып келеді.

— Кел, балам,— деді Жәнібектің атасы оны көріп.

— Ата, — деді Ермек бұл жолы еш мүдірместен.  — А-а-там, — деді де сосын  қинала тұтығып. Ары қарай сөйлей алмай қалды. Жәнібектің атасы Ермектің аузына бір, жерге бір қарап үнсіз қалды. Сөздің соңын күтті. Оның атасының ауырып қалғанын білетін. «Бірдеңе болды ма екен?» деген ой келді артынша.

— А-а-а-там, жазылып кетті, —  деді сәлден соң Ермек. — Сіз-з-зді ша-а-ай-йға шақыр-р-рып ж-ж-ж-атыр.

— Ә-ә, жарайды, балам. Қазір барамын, — деді атасы сонда барып жеңілдеп. — Жәнібек, сен де бірге жүр.

— Қиял шіркінді қойсаңшы. «Атам» дегенде ойыма қай-қайдағылар келді, — деді Жәнібектің атасы Ермек кеткен соң жүрек тұсын ұстап.

— Сен де жамандық шақырып,— деді  кемпірі жақтырмай.

— Қайтейін. Ермектің қиналған қалпы жүрегі түскірді селк еткізді.

— Аман болсын. Жазылса, жақсы болыпты. Ол кісі Ермекке әлі керек.

Міне, Жәнібек пен атасы және Ермек үшеуі ауыл шетіне қарай бағыт алды. Беттері — Ермектердің үйі. Ермектің қуанышында шек жоқ. Атасының жазылып кеткені оған үлкен шаттық сыйлағаны анық байқалады.

Сәлден соң үйлерінің алдында қарайып отырған Ермектің атасы да көзге шалынды.

Ермек Жәнібекке қарап, қолымен нұсқады. Сөйлеп, тез жеткізе алмасын сезді ме, қолымен және бір рет нұсқады.

— Атаңның тәуір болғаны, дұрыс болды, — деді Жәнібектің атасы.

Ермек аузын аша, аппақ тістерін көрсете, рахаттана күлімсіреді. Бұл Ермектің ішкі қуанышының  сыртқы шыққан көрінісі еді.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз