Өлең, жыр, ақындар

Сұр тышқан

Қонақ келеді десе, ең алдымен қуанатын Айдос. Ойынды ұмытып, ас үйде жүріп алады. Апасы пісірген тәтті тағамдарды саусағының ұшымен бір шұқып көрмей, көңілі көншімейді.

— Осы жаман әдетіңді қашан қоясың?— деп талай мәрте ескертсе де, құлақ асар емес.

Бүгін де үйдегілер қонақ күтпек болып алдын ала әбігерге түсуде. Біреу байлап қойғандай Айдос та үйден шықпай қалған. Әдеттегідей дүкеннен арасына мейіз қосылған бөлке нан әкелінді. Кейінгі кезде Айдос бір қулыққа басқан. Ол нан жұқа етіп туралысымен-ақ, арасындағы мейізді түк қоймай жеп қояды. «Ал енді біліп көр, мейіз қосылған ба екен, қосылмаған ба екен» дейді ішінен мәз болып. Онсыз да мол дастарқанда бәрі жеткілікті.

Күткен қонақтар да келген. «Енді құр сарылып отыра бермей, ойнап қайтқаным жөн шығар» деп, жылыстап шыға бермек еді, Айдосты да дастарқанның басына шақырды. Оған себеп, қонақтардың арасында өзі қатарлы баланың болуы еді. «Атың кім?», «Нешінші сыныпта оқисың?» деген сияқты сұрақтарға қысқа ғана жауап қайырып, білекті сыбанып, кірісіп кеп берді. Қонақтар кемшілігін елемегенсіп:

— Айдос тамақты жақсы ішеді екен, Ерлан, сен де осы бала сияқты болсаң қайтер еді?— деді.

Ерланның да күткені осы сөз екен, енді оның да қолы үстелді жағалай бастады. Үлкендер көңілді қалыптарын бұзғылары келмеді ме, көз алартып тыйым сала қойған жоқ. Бір кезде қонақ бала нан арасынан жалғыз түйір мейіз тауып алды. Іле нанды түгел аударыстырып, мейіз іздеуге кірісті. Нанда білінер-білінбес ізі ғана қалған, ал өзі жоқ. Біреудің теріп алғанын байқау қиын емес. «Мұндай әдепсіз бала болар ма,— деп Айдос ішінен кіжініп-ақ отыр.— Мейіз жегісі келсе, молынан тұр емес пе?» Онымен де қоя қойса мейлі ғой, ендігі сәтте ерекше бір қылмысты әшкерелегендей, жұртқа жар салып:

— Нанның ішіндегі мейізді біреу теріп жеп қойыпты,— деп, жұртқа көрсете бастады.

— Ол не?— деп елең еткендер бұл жаққа жамырай қадалды. Әрине, кімнен келгенін бәрінің іштері сезеді. Үстелдің астына кіріп кетпесе, енді

Айдосқа шегінетін жер қалған жоқ.

— Тышқан. Тышқан жеген. Біздің үйде, тегі, көп,— деді қысылғанынан.

Отырғандар күлкілері кілт үзіліп, тіксіне қалды. Бейне бір дастарқан үстімен сұр тышқан жорғалап өткендей.

— Қайдағы тышқан? Тышқан бұның өзі!— деген қонақ баланың сөзі ғана жұртты жадыратып жіберді.

Өзінің қайдағы бір қап тесер тышқанға ұқсап кеткеніне Айдостың намысы келді.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз