Өлең, жыр, ақындар

Ашылған айып

Бірде ойнап жүрген Ақерке үйге жүгіріп келді. Қолындағы жылтыраған сақина іспетті сары жезді көрсетіп, мақтанып қояды.

— Былай ұйықтап жатыр екен,— дейді ол, екі алақанын қусырып, басын жастыққа қойғандай қисайтып, затты қандай күйде көргенін сипаттап.

Қандай дөңгелек зат болмасын, құлаған кезде жантайып жатары айдан анық. Әйтсе де:

— Қайтіп жатыр екен? — деп әлденеше қайтара сұраймын.

Қуанышы қойнына сыймай тұрған ол қайта-қайта түсіндіріп әлек.

Өткен жазды ол ауылда өткізді. Әңгімені бір қапшық етіп алып қайтса керек, тіпті таусылар емес.

— Мен сені ауылға ертіп барамын,— дейді ол.

— Иә,— деп, өтірік сенген болам.— Мені ауылға ертіп баршы…

— Сен тауықтың кішкентай балапанын жақсы көресің бе?— дейді енді ол.

Көз алдыма жұмыртқаны жаңа жарып шыққан ақ үрпек балапандар елестеп, жымиып қоям. Қызымның қалада өссе де, қозы-лаққа, құстарға, тіпті жәндіктерге деген құштарлығының ерекше екенін біліп, қуанып қалам. Ол өзіндегі құштарлықты ешқашан да жоғалтпаса екен деймін.

— Сен балапанды ұстап алам деп қума,— деп, енді ол маған ақыл айта бастады.

Үлкендер қанша тыйым салса да, ұстасаң уысың толмайтын сүйкімді балапанды әуес көріп, бала кезде қуатыным есіме түсті. «Енесі көздеріңді шұқып, жазым етер», — деп, анамыз шырқырап жаны қалмаушы еді. Шынында да, күрігі жазылмаған тауық бұндай кезде ештеңеден де тайынбайды. Байқап қалса, қанатын жайып, қуып кеп береді. Өз беттерімен бейбіт күн кешкен құстардың тыныштығын бұзудың өзі балалық білместік екен-ау. Не де болса, Ақеркенің осыған көзі жеткен.

— Сен оны ұстап алып, суға да салма,— дейді ол.— Өйтсең өліп қалады.

Иә, бала күнімізде ондай да тентектігіміз болып қалатын. Балапанды оңашада қолға түсіргенге қуанған бір досым екеуіміз, суға салып ойнағанбыз. Ал әлсіз балапан өлді де қалды. Ақ үрпек жүні болмаса, әп- әлжуаз екен. Енді ешқашан қайталамаспыз дегенбіз. Аяқ астынан қызым сол қателігімді есіме түсіріп тұр. Мен айыбы ашылған баладай, бетім қызарып, төмен қарап отырып қалдым.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз