Бұрынғы заманда Бұхарай-Шәріпте бір қасиетті керемет иесі әулие болған екен. Сол әулиенің ер жетіп, азамат болған жалғыз баласы болыпты. Күнлерде бір күн Бұхара ханының ақтаяқтары әулиенің баласын бір жаман іс қылған орыннан ұстап алып, ханға алып бармақшы болғанда:
— Әуелі тақсырдың өзіне алып барып алдынан өтейік. Сонан соң ханға алып барайық, турадан-тура бұл жерден алып кетсек, баласының мінезін білмей, бізді қарғар! — деп баланы атасына алып барыпты.
— Қылғаның рас па? — дегенде бала танбай, мойнына алыпты.
Сонан соң әулие:
— Мұны бүгін маған беріп кетіңдер. Ертең қолдарыңа берейін! — депті, ақтаяқтылардан алып қалыпты. Ақтаяқтылар кеткен соң, әулие Құтып заман екен, басын төмен салып, мұрақпа қылып, қырық шілтен, ғайып ерендерін түгелімен жинап алыпты:
— Бұхараның осы тұрған ханы өлген соң, орнына хан сайлауға қолтықтап, қолдап жүрген кісілеріңді маған алып келіңдер, көремін, — депті.
Сөйтсе, қырық шілтенінің он бесі сол тұрған ханның бір баласын қолтықтап, қолдап: «Хан болуға осы лайықты!» десіп жүреді екен. Он төрті бір қазының баласын қолтықтап, қолдап: «Хан болуға осы лайықты!» десіп жүреді екен. Енді қалған он бірі Әмір Темірді қолтықтап, қолдап: «Хан
болуға осы лайықты!» десіп жүреді екен. Ол Әмір Темір өзі — Самарқандық Қыпшақ. Әміртағай деген батырдың баласы екен, Бұхарада оқу оқып жүрген күні екен.
Әуелі он бесі ханның баласын оңаша алып, Құтыпқа әкеліп тапсырды. Құтып:
— Мынау отырған менің жалғыз балам, бір жаман іс қылып, өзі мойнына алды. Осыған не бұйырасың? — дейді.
Ханның баласы:
— Өзіңіз білесіз де, — дейді.
— Өзім білген нәрсені сенен сұраймын ба? Кет, көзіме көрінбей! Жоғал, шығың, шығың! — деп қуалап шығарды.
Онан соң он төрті қазының баласын алып келді. Оны да оңаша алып, хан баласына айтқанын айтып еді, ол:
— Тақсыр, шариғат біледі де, — дейді.
— Шариғат жұмысын сенен сұраушы ма едім?! Шариғат иесі сен бе едің?! Отырма, жоғал! — деп оны да қуып шығарды.
Сонан соң он бірі Әмір Темірді алып келді. Әлгі екеуіне айтқан сөзін бастан аяқ бұған айтып еді:
— Сіздей жақсының баласы мұндай істі қылған болса, өзі мойнына алса, «атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі». Ата жолын қумаса, барынан да жоғы игі! Мұның төресі мынау! — деп ұшып түрегеліп, Құтыптың ілулі тұрған қылышын алып, баланы көк желкесінен бірақ шауып, басын жерге түсірді.
Құтып:
— Афырин қолыңа! Рақмет сені тапқан қатынға! — деп қырық шілтенді шақырып алып:
— Жай қолдарыңды, бер бұған баталарыңды! Балам, аяғың жеткенше жүр, қолың жеткенше қарышта! Бетіңе жан келмесін! — деп бата берді дейді.
Қырық шілтеннің он бесі мен он төртіне айтты:
— Сендердің: «адам болады, іске жарайды!» дегендерің қуыс қурай екен. Біреуі: «өзің білесің» дейді. Ол — адамның жаманы. Ар жағында айтарлық дәнемесі жоқ болған соң: «өзің білесің» дей салады. Біреу адам деп ақылдасқан соң, тисе де, тимесе де, бір төте сөзді айтып қалу керек: тисе, алады, тимесе, сол жерде қалады. Екіншісі: «Шариғат біледі» дейді. Шариғат білетұғынын кім білмейді?! Оның да бөтегесінде дәнеме жоқтығы. Өзі біреуге сүйенейін деп тұрған жасық жұрт ұстауға жарай ма? «Биқайратқа пейіш жоқ» деген. Міне, қайратты ердің жұмысы: «Халыққа әшкере қылмай, жұртқа масқара қылмай: «көпке өлтірткенше, өзің өлтір!» деп, өлтірді де салды.
«Әмір Темірдің Әмір Темір боп жүргені әулиелердің назары түскен екен. Қырық шілтен, ғайып ерендер қолтықтаған екен!» десіп келеді.
Сегіз жасар күнінде намаз жамағатқа ең әуел хұтпа намазына барған екен. Үйге қайтып келген соң шешесіне айтыпты:
— Жұрттың не жыны бар екенін білмеймін. Мешітке кірісімен Қағба-Алланы көріп, құлақтарын қаға бастайды. Мен имам әлхамды оқып болып, сүре қосар кезде әрең көріп, сонда құлағымды қағып, намазға кірістім, — депті. Өз ойында ойлаған екен: «Намаз оқығандардың баршасы мешітке кірісімен, Қағба Алланы көреді ғой! Соны көріп, құлақ қағады ғой», — деп. «Қағба Алланы көрмей, құлақ қақпаймын» деп қалшиып қақпастан тұрып қалады екен. Сонан соң Қағба Алланы көріп алып, құлақ қағады екен.
Шешесі баласының бәтін көзі ашық екенін біле қойды да:
— Балам, мешітке баратұғынлардың бәрі де түні бойы ұйықтамай, таң атқанша Құдайға жылап шығады. Сол үшін кірісімен, кешікпей көріседі. Сен түні бойы ұйықтап жатасың. Сол себепті кірісімен көре алмайтұғының — сол, — дейді.
«Қайтып бала өмірінде түнде басын төсекке салмайтұғын болды, — дейді. — Әмір Темір көреген атанғанның себебі бұл», — дейді. Мағынасы «көргіш», «көрімпаз» деген сөз екен. Және өзі Хызыр пайғамбарды дүниенің қай шетінде жүрсе де, үйде отырып көріп отырады екен. Хызырдың бет алған жағына аттанады екен.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі