Өлең, жыр, ақындар

Алтын топай

Өткен уақытта бір бай болыпты. Мұның перзент дегенде жалғыз ұлы болады. Бай бір күндері жылқыларын суаруға көлге келсе, көлдің ішінде бір қып-қызыл шикі өкпе жүзіп жүр екен. Байдың айдап келген жылқылары көлдегі жүзіп жүрген өкпеден үркіп суға түспей қояды. Әлгі жерде бай жылқыларын иіріп құдыққа қанша айдаса да суға түсіре алмайды.

Сол арада бай құрығын қолына алып суда жүзіп жүрген өкпені түрткен екен, өкпе суға батып кетеді де әлден уақытта жалмауыз кемпір болып судан шыға келіп, байдың жағасынан ала кетеді. Сол арада байдың көзі алақандай боп қорқып кетеді. Бай жалмауыз кемпірге жалынады. «Ат басындай алтын берейін, қоя бер», — дейді. Жалмауыз кемпір қоя бермейді. «Осы жылқылардың бәрін берейін, қоя бер», — дейді. Кемпір қоя бермейді. Бай ақырында не берсе де кемпірден құтыла алмайтын болады. Бай: «Енді не берейін?» — дегенде кемпір айтады: «Жалғыз балаңды бер, сонда қоя берейін», — деді. Жан — тәтті. Бай жалғыз баласын бермекші болады. Сонымен кемпір байды қоя береді. Кемпір айтады: «Балаңды қай жерде бересің?», — дейді. Бай айтады: «Ертең жайлауға көшемін, сонда баламның алтын топайын қыстауға тастап кетейін, сен қыстауда сол топайдың жанында отырасың», — дейді. Сонымен бай жалмауыз кемпірге уәдесін беріп, жылқыларын айдап кетіп қалады.

Ертеңінде бай қыстауынан жайлауына қарай көшеді. Жалғыз баласының алтын топайын ұмыттырып қыстауға тастап кетеді. Байдың елі тегіс жайлауға көшіп барады. Бір мезгілде жалғыз баласы алтын топайын жоқтайды. Әкесі сонда: «Әттеген-ай, көшемін деп асығып жүргенде ұмытып қыстауда қалған. Барып алып қайта ғой», — дейді. Бала тайына мініп бармақшы болып, әкесінен сұрайды: «Ал, қандай тайға мініп барайын?», — дейді. Сонда бай айтады: «Жылқыға бар да жүгеніңді сылдырлат, жүгеніңе қайсысы қараса, соны мін», — дейді.

Бала жылқыларына барып, жүгенін сылдырлатқан екен, барлық жылқылардың ішінде бір қотыр тай ғана балаға қарайды. Бала сол қотыр тайды ұстайды да жүгендеп мініп қыстауға қарай тартады. Бір уақытта бала қотыр таймен қыстауға келеді. Жұртына келсе, топайдың жанында бір жалмауыз кемпір отыр екен. Бала кемпірге айтады: «Шеше, анау жатқан топайды алып берші?», — дейді. Сонда кемпір айтады: «Шырағым, өзің түсіп ал, мен отырсам тұра алмаймын, тұрсам отыра алмаймын», — дейді. Сонда бала айтады: «Мен түссем, міне алмаймын, мінсем, түсе алмаймын», — дейді. Үстіп біраз тұрады да бір мезгілде бала таймен сыдыртып барып алтын топайды ат үстінен ала қашады. Жалмауыз кемпір тұра қуады. Бала қашып келеді, кемпір қуып келеді. Бір кезде кемпір бір тісін жұлып алып атып жібергенде тайдың бір аяғын жұлып түседі. Тай үш аяғымен қаша береді. Кемпір тағы бір тісін жұлып алып жібергенде тағы бір аяғын жұлып түседі. Тай екі аяғымен қашады. Кемпір тағы бір тісін жұлып алып жібергенде үшінші аяғын жұлып түседі. Тай жалғыз аяғымен қаша береді. Кемпір бір аяқты тағы бір күрек тісімен жұлып түсіреді. Сол жерде бұлардың жолынан бір биік бәйтерек кез болады. Тайға тіл бітіп, балаға айтады: «Сен тез мына бәйтеректің басына шық, мен домалап қашайын», — дейді. Айтқандай бала тайынан секіріп түсіп, бәйтеректің басына шығып кетеді. Тай домалап қашады. Сол арада кемпір бір тісін жұлып алып бәйтеректің түбін қазады. Кешке шейін қазады. Бір кезде бір қызыл түлкі келіп, кемпірге айтады: «Шеше, шаршаған шығарсың, мен қаза тұрайын, сен ұйықтап ал», — дейді. Кемпір кетпенін түлкіге беріп, өзі ұйықтап жатады. Түлкі кетпенін суға лақтырып, өзі кетіп қалады. Кемпір оянса кетпен де жоқ, түлкі де жоқ. Кемпір тағы бір тісін суырып алып, кетпен қылып бәйтеректі қаза береді. Сонда бір уақытта тағы бір түлкі келіп: «Шеше, кетпеніңді маған бер, сен шаршаған шығарсың, мен қазайын», — дейді. Сонда жалмауыз кемпір айтады: «Сен тағы да кетпенімді алып қашып кетерсің», — дейді. Түлкі айтады: «Ол қырдың қызыл түлкісі, мен ойдың ақ түлкісімін. Баяғыда бұл баланың әкесі мені аң аулап жүргенде қуып соға жаздаған. Сондықтан бұл балада менің кегім бар», — дейді. Жалмауыз кемпір түлкінің сөзіне иланып, тағы да кетпенін түлкіге беріп, өзі ұйқыға кіріседі. Түлкі тағы да кетпенді суға лақтырып жібереді де, өзі қашып кетеді. Кемпір тұрса, кетпен де жоқ, түлкі де жоқ. «Ойбай-ай, алданған екенмін ғой», — деп тағы бір тісін суырып, кетпен қылып, бәйтеректің түбін қаза береді. Кемпір аузын ашса бір-ақ тісі қалыпты. Кемпір бәйтеректің түбін қаза-қаза құлатуға жақындатады. Бір мезгілде баланың төбесінен бір топ қарға өтеді. Бала қарғаларға айтады: «Ау, қарғалар, қанатымен жарылқар! Жайлаудағы бес төбетке хабар айта кет, мені жалмауыз кемпірден арашалап алып қалсын», — дейді. Сонда қарғалар қарқ етіп ұшып кетеді. Бір мезгілде үйректер төбеден ұшып өтеді. Оған да айтады, олар да үндемей кетеді. Бір мезгілде бір қарлығаш бәйтеректің төбесінен ары-бері ұшып жүреді де баланың төбесіне келіп қонады. Бала қарлығашқа жылап тұрып тапсырады. Бұрын қыстаудағы ұя салған қарлығаштың балаларына тимей жақсылап өсіріп, ұшырып жібереді екен. Сондықтан қарлығашпен дос еді. Сонымен қарлығаш баланың төбеттеріне тапсырған сәлемін айтып барады. «Осындай пәлен жерде бәйтеректің басында бала тұр. Түбін жалмауыз кемпір қазып жақындатқан, енді құлайын деп тұр», — деп. Қарлығаш төбеттеріне айтады. Мұны естіген соң төбеттер лезде бәйтерекке келеді. Төбеттер де келеді, бәйтерек те жерге құлайды. Төбеттер келісімен жалмауыз кемпір­дің қолын — қол, бұтын — бұт қылып, жүнін шығарып өлтіреді. Бала төбеттеріне кезек-кезек мініп, еліне аман-есен жетеді. Баланың жалмауыздан аман қалып келгеніне әке-шешесі қатты қуанып, ел-жұртын жиып, үлкен той қылады.

Сонымен, бірнеше күндер өткеннен кейін баяғы жалмауыз кемпірдің қызы құлаған бәйтеректің жанына келеді. Келсе, шешесінің жүн-жүні шығып өліп қалған. Кім өлтіргенін білу үшін, сол жерді қарап жүрсе, иттің басып кеткен ізі көрінеді. Сонан қыз иттердің ізіне түсіп, келе жатып көп жылқыға кез болады. Ауылдың жақын екенін біліп келе жатады. Иттердің ізі тұп-тура байдың ауылына барады. Бұл кезде қотанға баяғы жалмауыз кемпірдің келгенін біліп, бес төбеті жалма-жан жалмауыз қызға ұмтылады. Қыз кемпірдей емес, өте күшті. Бес төбетке бой бермейді. Сол арада бала садақпен атып, қыздың бір көзін ағызады. Садақпен екінші атқанда қызды өлтіреді. Сүйтіп, бала жалмауыз кемпірден аман-есен құтылып, өскеннен соң мықты батыр болып өткен екен.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз