Өлеңдер Бөлімі

Анамның жаққан ошағы

Ақпан айының бірінші жұлдызы. Қыстың ызғарлы суығынан үйден шықпайтынмын. Азаңмен тәтті ұйқымды шырт бөліп, маужыраған күйі ұйқылы ояу жуынып, өз-өзімді ретке келтірдім. Ас үйден шыққан анамның пісірген тамағы бүкіл үйді алып, иісі мұрныңды жарып барады! Әкемнің «Жүріңдер, таңғы асты ішеміз, суып қалады, тездетіңдер!» деген шақыртуынан кейін, ашқұрсақ асқазанымның  шұрылдаған дыбысы тікелей ас бөлмеге жетеледі. Көзді ашып жұмғанша таңғы астың пора-порасын шығарып тастадық. Көңіліміз тойғанымен, көздің тояр түрі жоқ!

«Әдеттегідей, тағы бір жаңа айды бастадық. Бұл да бір шытырманға толы айлардың қатарынан табылар ма екен?! Әлде, мамырдың мамыражай, шілденің шегірткедей шырылдатар айы болар ма екен?!» Таңғы астың қоймалжың жайын іше отырып, ойдың түбіне түстім. Мені осы айда не күтерінен хабардар болғым келді. Әкемнің:

-Қызым, сенің ватсабыңа бір керемет әнді жібердім. Тыңдап бағасын берерсің? Саған сөзсіз ұнайтынына сенімдімін,-деп сөзін қайырды. Кесемдегі шәйімді бір-екі ұрттап, әкемнің сөзін жерге тастамау үшін, бірден өлеңді тыңдауға кірістім...

Әуеннің сазымен бір толқында жүзіп барамын. Өрбіген сөздері  басталған мезеттен, маржан тастай өріліп, өне бойымды билеп, сарғайған сағыныш сезімінің есігін қағып, естеліктер мекеніне жетеледі. Толқынның бетімен жүземін деп, тереңге бой алдырыппын. Тереңдікте , естеліктер әлеміне тұншығып, әбігерлікке саламын ба?-дегенде бір қорған пайда болды! Сағыныш сезімі менің қорғаным болды! Осы ақпан айын сағынышпен өткірерімді түсіндім.

Әуеннің атауы «Анамның жаққан ошағы». Көз алдыма бірден ақ жаулығын оранған, шуаққа толы нұрлы жүзді, жүрегі кіршіксіз таза, аузының салымы бар, ажарлы әжемді елестеттім. Көз жасыма ерік бердім. Жан-дүнием жылады! Бұл өлең жолдарынан бүкіл әжемнің мінезін, түр-келбетін, ыстық құшағын елестеттім!

Асыл әжем 16 жасында біздің  әулеттің келіні болып, қара шаңырақтың түтінін түтетіп, отымен кіріп, күлімен шыққан жан. Ауылының қыздары секілді қырдан гүл термей, тезекпен қызыл шоқ терген. Өмір деген алып күре жолда қиыншылықтың жүгін көтерген, өмірдің жолын өткірген жан! Әлі күнге есімде, әжемнің қазан-ошақта ыстық тамақты бұрқылдатып, самаурында шайын шұрқылдатып қайнататыны. Бірде, өзі секілді кішкентай қазанын алып, ошаққа отын жағып, бізге ыстық нан пісірмекші болды. Көк өрім шақта апама шыбықтарды тасып, қолғабыс етіп жаттым. Әжем 3 аяқтап жүретін, сүйеніш етер қоңыр таяғы болатын. Сондағы апамның айтатын сөздері: «Ай, Мөлдір, ана қорадан шыбықтарды тасы, ыстық нанмен самаурынның шайын ішейік. Анаңа айтшы, самаурынға су құйып берсін деп, ұқтың ба!?» Мөлтілдеген көздерім түсінгенсіп, осы сөздерді дәлме-дәл анама жеткізетінмін. Ошақтың маңына жолап кетсек, «әй, жүгермек қазір күйсең, мен әкеңе не деймін? Ары ойна!» деп ұйрысыпта қоятын. Балалықтың қызығы мен шыжығына батқанымыз соншалықты, үсті-басымыз қара күйеге малынатын. Бірақ, әжемнің піскен ыстық нанының иісі бүкіл ауланы баурап алатын, тіпті, көрші үйдегі балармен бөлісіп жейтінбіз. Балдай тәтті шайын құмарлана, тауысып ішіп, қайтадан ойынның қызығына тоймай, арбауында кететінбіз.

Әжем біздің қолымызда 12 жылдай тұрды. Үйдің тұла бойы тұңғышы болғандықтан, мен әжемнің қызы болдым. Сол себепті анамдай көретінмін. Әжеме арнап күнде өлең оқып, би билеп беретінмін. «Менің қызымның тұла бойы тұнып тұрған өнер»-десе айды апанға кетіріп, одан ары аттың басын жіберіп, шаршағанша бір тыным таппайтынмын. Әжем де мені бақылап, маған қолдау болудан шаршамайтын. Маған сыйақы ретінде,өзінің жүрек тұсындағы әмиянынан тиын-тебенін беретін.

Асыл әжем балықты сүйіп жейтіндіктен, жәрдемақысы түскен сайын жәрмеңкенің ең үлкен балығын сатып алатын. (Кешкі астың сәнін де мәнін кіргізер, балық емес, әжетайым сіз едіңіз! Құшағына қысып алып, маңдайымнан иіскеп, сүйіп алып, балықты қылтанақтан тазартып, өз қолыңызбен тамақтандыратыныңыз әлі жадымда сайрап тұр).

Қара шаңырағымызда қазынамыздың жоқтығына биыл 8 жыл толады екен. Әжеме хат жолдай алатын мүмкіндігім болса, бар сағынышымды қара сөзбен жеткізуге тырысатын едім.  «Мені барлығы әжесінің  аузынан салбырап түскен дейді. Әпкелерім мен ағаларым, әкем мен анам сізді аузынан бір елі тастамай, мақтанышпен айтады. Бүгінде анам сіздің нұр жалын қара қазан ошағыңызды көзінің қарашығындай баптап, бағалап ұстайды. Әже мен сізді сағындым! Әжетайым-көзімнің нұрысыз!Сіздің ыстық құшағыңызбен, жұмсақ алақаныңызды сағындым! Ботам, балапаным деп еркелете сөйлеген сөздеріңізді, жарқын апалық дауысыңызды сағындым! Басымнан сипап, маңдайымнан иіскеп, бетімнен сүйетіңізді сағындым. Апатайым қазан ошаққа пісірген ыстық тамағыңызды, табаға күйе болып, бірге пісірген наныңызды, самаурынға қайнатқан балдай тәтті шайыңызды сағындым! Алтын апам жай ғана сізді сағындым..... Сіз мендей қызыңызбен мақтанатын боласыз!»

Домбыраның үнімен өлең жолдары да бітті.Әжем туралы естеліктер, сағыныш сазы ерешке сезімдерді бастан кешіруге түрткі болды.Әжемнің бейнесі осы өлең жолдары арқылы мәңгі есімде қалады!...

«Қазаны оттан түспейтін
Қызуы қайтіп өшпейтін
Анамның жаққан ошағы»

«Тұран» университеті Журналистика мамандығы 2 курс студенті Аубел Мөлдір Мұратқызы

Жетекшісі: "Тұран" университетінің профессоры, ф.ғ.д. Алтаева А.К.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Қарап көріңіз

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

×