— Қараш, басым сынып барады, бес жүз теңге берші, — деді ту сыртымнан келген жездем аянышты дауыспен. Тісімді ысып жатқасын тіл қатпай басымды изедім. Табиғатынан момын Жұмағали одан әрі үн қатқан жоқ. Үйден сүлгі алып шығып, мені күтумен болды. Екі көзі шарасынан шығып, жағы солып, өңі қашып кетіпті. Жуынып болып, сұрағанын бергенімде: «Әй, балдыз, сен болмасаң қайтер едім. Рақмет!» — деп жанары күлім қағып, қашаданшығып кетті.
Апам екеуміз Алматыдан Қарабұлаққа кеше түнде келген едік. Анамның бала күнгі құрбысы жетпіске келіп, Талдықорғанда той жасамақ. Апам: «қонаққа жолдан шаршап бармайық» дегесін, бір күн бұрын жолға шығып, Талдықорған маңындағы Қарабұлақта тұратын жездемнің үйіне кеше түнде келіп түскенбіз. Үй иесі болмағасын, бірден жездеме іздеу салып:
— Қамар, Жұмағали қайда? — деп ем, «Е, жетім қыздың туған күнін тойлап жүрген шығар» деген қысқа жауап алдым. Байқауымша, сол «тойдан» келген беті осы сияқты. Оның әрмен қарай жалғасуына өзім де мұрындық болып отырмын.
— Әлгі күйеубала бір көрінді де жоқ болды ғой.
— Қараш екеуі сыртта сөйлесіп тұрған шығар. Қайда кетеді дейсіз? — деді әпкем шай құйып жатып. Үйдің кіреберіс бөлмесіне бас сұққанымда, дастарқан басында екеуі әңгімелесіп отыр екен.
— Қайда кетеді дейсің бе? Келгені жаңа ғана. Аузына бір тисе, тоқтай алмайтын сияқты ғой. Қамар естімегендей болды ма, әйтеуір үндеген жоқ.
— Е-е-е, мен қырық жыл сендердің алқаш әкелеріңе қатын болып едім. Енді сенің де сорың қайнайтын болды ғой, Қамар, — деді шешем.
— Мама, қойшы, сүйегі баяғыда шіріп кеткен папамның құлағын шулата бермей. Шешем қояр емес: «Біз алқашты қырық жыл бай қылдық. Алты бала таптық. Қайтесің енді, сен де көнесің. Бірақ, сендердің орталарыңда бала жоқ. Бұл кәрі шалды тастап, өзіңнің теңіңді тауып алсаң да болады», — деп қойып қалды. Қамар бұдан ары шыдай алмаса керек:
— Әй, Жұмағали, қайдасың? Енең сағынып келіпті, кірсеңші үйге! — деп айғай салды.
— Кірмейді, кірмейді. Анау бауырың ақша берген ғой. Жұмағалиың бас жазуға кетті, — деді шешем байыппен шайын ұрттап ішіп. Бұдан ары есік аузында тұра алмадым. Қылмыс жасап қойған адамдай қипақтап, Жұмағалисыз кіріп, дастарқан басына жайғастым. Қамар мен шешемнің әңгімесі сап тыйылды. Көп кешікпей жездем де келді. Бетіне қан жүгіріп, жүрісі ширай түскен. Тілі аузына сыймай, бағана әрең сөйлеген Жұмекең: «Мамаша, қалай жеттіңіздер? Алматыдағылар аман-есен бе?» — деп даңғырлай сөйлеп менің қасыма отырды. Анам Алматыдағы бір қауым ағайын-туыстың жайын айтқандай болды. Әпкем қабағын шытып, жездемді жақтырмай, бір кесе шайды әрең ұсынды. Жұмағали Қамардың суық түсінен именді ме, одан ары жақ ашқан жоқ. Төртеумізбіраз уақыт аузымызға су ұрттап алғандай отырдық. Тұздалған қиярды шанышқыммен алып жатып қант үстіне түсіріп алдым. Апам лезде қолымен қиярды алды да: «Мә, Жұмағали, жеп қой», — деп жездемнің алдына тастай салды.
— Мама, бұныңыз не? Ит те болсам осы үйдің иесі мен ғой. Қамар қазір үстел жинағанда қоқысшелегіне тастай салады.
— Неге тастайды? Тап-таза, жей салсаңшы, — деп шешем қояр емес. Әпкем жездеме шүйліге түсті де:
— Ей, Жұмағали, мен осы саған қаншама рет айттым, менің туысқандарым келгенде ішпе деп. Осы үйге келгендерден ақша сұрап жүресің, сорлы неме.
— Ішсем, өз үйімде ішемін. Далада мас болып жатқаным жоқ. Келген қонақтарды боқтамаймын, — деді бүгежектей жауап қатып. Әпкем де қояр емес:
— Іш, іш! Ішіп сосын өлесің, — деді.
— Қараш, біз жарытып үй бола алмаймыз. Өткенде менің басымды жарды. Бұл әпкең мені бір күні өлтіреді. Бізге ажырасу керек. Ажырасу керек! — деп маған бұрылды. Үндегем жоқ. Шешем бағанағы байыпты қалпынан айнымай: «Ажырассаң ажырас. Далада қаласың. Үй қазір менің атымда», — деп киліге кетті.
— Қайтадан өз атыма жазып бересіздер. Үйдің иесі мен, мен! — деп жездем кеудесін ұрғыштап-ұрғыштап барып тоқтады.
— Жұмағали, неменеге Қараштың көзінше жапа шеккен адамдай кейіп танытасың? Бұл үйді бірінші әйелің алимент төлемегенің үшін тартып алатын еді. Сол үшін мамамның атына жаздық емес пе? — деді әпкем. Бұл ұрыс ушығып, арты жанжалға айналып кетпесін деп әпке-жездемді сабырға шақыра бастадым. Шешем мені қостай жөнелді:
— Жұмағали, Қамар, болды енді, қойыңдар. Әсілі, адам баласы үйіне қонақ келгенде ұрсыспайды. Ел жоқта ұрсысасыңдар ма, төбелесесіңдер ме, өз еріктерің. Қамқаш, еркек сөйлегенде үндемей құтылу керек. Сөйлесең, бағаң кетеді, сөйлемесең, нең кетеді? Жұмағали, еркекпін-еркекпін демей, қатынның да сөзіне құлақ асу керек. Сенің қан қысымың көтеріле береді. Ауырып қалмасын деп жаны ашыған соң саған ішпе дейді. Ертең ауру болып, төсек тартып қалсаң, кімге керексің? — Мамашанікі дұрыс-ей, дұрыс, — деп жездем басын көтеріп, маған қарап ыржия күлді. Ашуға булыққан әпкем жарылып кетердей болып отыр. Ләм деп ауыз да ашпады. Шәйнектің сыртын ұстап көрді де, қайта қайнатып алып келейін деп кетті. Арада сүт пісірім уақыт өтті. Әпкем қабағын түйіп жүріп қайтадан шай демдеді. «Отбасы болғасын ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Баяғыда марқұм шал: «қырылысып-қырылысып алып, бірге отырып ішкен шай тәтті» деп күлдіруші еді. Келіңдер!» — деп шешем төрдегі орнына қайта жайғасты. Енесі мен күйеубаласытіл тауып, өзара бір әңгімелерді айта бастады. Біз арасында бас изегеніміз болмаса, «тыңдаушы» деген жұрттанбыз.
— Айтпақшы, мамаша, сізге негізгі жаңалықты айтпаппын. Менің ұлым жақында үйленеді, — бас бармағын шошайтып, — мына деген жігіт болыпты! — деп шірене сөйледі. Әпкеме баласының суретін алдыртып, бізге көрсетті. Қабағына қар жауған бағанағы әпкем жоқ. Өз баласына сүйсінгендей ол да мақтанып жатыр:
— Тура менің Жұмағалиымнан аумай қалған. Мама, Қараш, қараңдаршы, қастары қандай қалың, — дейді. Біз отырмыз: «Жақсы екен, жақсы екен», — деп.
— Обшым, той тура үш айдан соң болады. Шақырту да жіберді. Бару керек! — деген жездем анам екеумізге жалтақ-жалтақ қарайды. Үлкендерден рұқсат сұраған бейне бір бала сықылды. Біз: «Әрине, бару керек», — деп қоштай кеттік.
— Бірақ Қамар бармаймызға салып, қырсығып жүр. Мамаша, айтыңызшы, сіздің тіліңізді алады ғой. Мен қалай туған ұлымның тойына бармаймын.
— Ей, Жұмағали, мені тағы да «тиран» етіп көрсетуді бастадың ба? «Барамыз» дедім ғой. Тек сен жолға, тойға ақша тапсаңшы, тапқан-таянған тиын-тебеніңді араққа жұмсамай. Өткенде «той болады» деген хабар жеткенде банктен бес жүз мың теңге алып, салып жібердің. Ай сайын сол несиені төлеу керек. Неменеге енді қазір байқұс бола қалдың? Жұмыс жаса, жұмыс! — деп әпкем қайтадан ашуға мінді.
— Әй, қойшы, сен қатын. Қара аспанды төндіресің де тұрасың, — деді жездем.
— Сенен гөрі анау ұлың ақылды. Қазір мен әкесіне жазған хатын сендерге оқып берейін, — деді де Қамар түпкі үйден екі бүктелген хатты алып шығып, оқи жөнелді.«Сәлем хат! Папа, қалыңыз қалай? Денсаулығыңыз жақсы ма? Елдегітуған-туыстар аман-есен бе? Менде бәрі жақсы. Диананың да жағдайы жаман емес. Биыл тоғызыншы сыныпты бітіреді. Семейдегі колледждердің біріне тапсыратын шығар. Адам есейе келе бәрін түсінеді екен. Сізге деген бұрынғы өкпе-реніш жоқ. Әкесіз өмір мені шынықтырды. Бала күнімнен еңбек еттім. Сауда орталықтарына келген көліктерді күзетіп, ақша тауып үйрендім. Детдомның балаларымен төбелесіп жүріп, бай-бағландардың машиналарын таласып күзеткен кездер де болды. Сабағымды жаман оқығаным жоқ. Өз күшіммен колледжге түстім. Оқып жүріп, даяшы да, күзетші де, көлік жуушы да болып жұмыс істедім. Ең алғаш рет айлық алғанда Дианаға ән тыңдайтын плеер алып бергенмін. Сол кезде оның қуанғанын көрсеңіз ғой. Мамамды «басқа еркекке тұрмысқа шықтың» деп жазғырушы едім. Енді түсіндім, ол кісіні. Әркім өз өмірінің иесі. Енді, міне, мен де өз өмірімнің жаңа белесіне шықпақшымын. Өз отбасымды құрамын. Колледжден кейін университетке сырттай түсіп алған болатынмын. Дипломды биыл аламын. Сосын, бұйырса, өз мамандығыммен еңбек етемін. Тойым тамыз айының жиырма алтысында болады. Сен міндетті түрде кел, папа!».
Құранның сүресіне ұйығандай шешем екеуміз тапжылмай тыңдап қалыппыз, бірақ хат соңына дейін оқылмай қалды.
— Жетеді! Болды! Маған жазылған ұлымның хатын осы үйге келген-кеткендердің бәріне неге оқи бересің?! — деп Жұмағали Қамардың қолындағы екі бет парақты жұлып алып, үстел басынан тұрды да, үйден шығып кетті. Тысқа шықсам, Жұмағали үйдің бұрышында отыр екен. Маған қараған да жоқ. Қолындағы ұлының хатын менен жасырғысы келді ме, төс қалтасына бүктеп салыпалды. Шылымын тұтатып, маған біреуін ұсынды. Екеуміз будақтатып отырмыз.
— Балдыз, темекі мен арақ қана қайғыңа ортақтасады екен ғой. Жарты ғасырлық ғұмыр өтіп кетті. Мына түрімнен барлықтарың жиіркенесіңдер. Шошисыңдар, ә? Мен әскерде артиллерист болдым. Кезінде қандай жігіт едім! — деп басын бір шайқап алды да, әңгімесін қайта сабақтады, — Ұлым айтпақшы, барлығымыз өз өміріміздің иесіміз. Өз өміріміздің құрылысшысымыз. Мен өмірімді реттей алмадым-ау. Бала күнімде нағашы ата-әжемнің тәрбиесінде өстім. Шал марқұм малдың соңына салды. Оқуды жарытып оқымадық. Әскерден соң әйтеуір «қуып жүріп» отбасын құрғандай болдым. Тоқсаныншы жылдары заман қиындады. Эх, қайсыбірін айтайын. Ақша таппаған еркектен сүйкімсіз жан болмайды екен ғой бұ дүниеде. Әйелім ұл-қызымды алып, бір күнде-ақ мені тастап кетті ғой. Ұлым, міне, ержетті. Тойы болады. Өзі тырысып-тырмысып тойын жасамақшы. Ал менің отырысым мынау. Өткенде несие алып, бес жүз мың теңге жібергенмін. Өмірде жасаған бар жақсылығым сол ғана. Әпкең соны түсінер емес.
Не дерімді білмей отыра бердім. Шылымының тағы да бір талын алып аузына қыстырды. Мен де біреуіне қол создым.
— Жезде, тойға барғаның дұрыс. Қалай болғанда да баруың керек. Жолға ақшаны мен-ақ тауып берем. Менен мұндай сөзді күтпесе керек, Жұмағали: «Рас па, рас па?» — деп маған бұрылды. Жүзінде қуаныштың лебі пайда болды.
— Рақмет, Қараш, рақмет! Әзірге тағы да бір бес жүз теңге берші, мына құрғыр бас болмай тұр, — деді қиылып. Қамар маған ренжиді ғой деп айта жаздап барып, бес жүз теңгесін бердім. Ол жалма-жан орнынан атып тұрып, қақпаға қарай кетті.
***
Қамар әпкемнің менен бар-жоғы екі-ақ жас үлкендігі бар. Екеуміз тете өстік. Тетелердің төбелесіп өсетіні бар емес пе? Біз де үйде үнемі әр нәрсеге таласушы едік. Еркекшора әрі қарулы Қамарға менің шамам жеткен емес. Бірақ түзде үнемі мені қорғап жүретін. Шешем айтпақшы, мен тым жасықтау болдым ба, әйтеуір, қалаған затыма Қамар арқылы қолым жететін. Анам: «Мынау Қараш осы үйдегі кәмпиттің бәрін таусып бітеді. Қайда тықсаң да тауып алады. Үйге қонақ келсе, дастарқанға салайын дейсің ғой, ал бұл жетпегір сандықтың ішін жылан жалағандай етіп қояды». Осылай айғайдың астына алған кезде, басымыз қанша сыйыспаса да жалғыз Қамар ғана ара түсуші еді. «Мама, осы біздің үйге келген қонақтардың кәмпит жегендерін көрмедім. Келгендер тек қана ет жеп, арақ ішеді. Не болды соншама үйді басыңа көтеріп?!» — деп анамның ашуын өртке су сепкендейлезде басыптастайтын. Оған біздің үйде ешкім дауыс көтеріп сөйлей алмайды. Оған себеп те жоқ емес. Үлкен ағамның тобылғы торы аты болды. Белі қысқа, жалы майда, қу бас жүйрік жануар еді. Сонымен көкпарға түсіп жүретін. Бәйгеге қосуға да дәмесі бар болатұғын. Қасымхан балалардың үлкені болғасын, әжемнің бауырында өскен. Оның да бетін қағатын жан баласы жоқ. Әкем марқұм салт жүру керек болғанда тобылғы торыға жоламай, құлынын ертіп, бурыл биені мінуші еді. Бір күні сол атпен Қамар өзі құралпас ұлдарға еріп, жайлауға тартып кетті. Бір апта дегенде ауылға әрең келді. Ағам үстіне шыбын қондырмайтын торыны әпкем арықтатып алып келген. Сол кезде ашуға мінген ағам аямады. Оған әкем де қосылды. Қамардың тентектігінен әбден мезі болған шешем мұндай қолайлы сәтті жіберсін бе, ол да бар кәрін әпкеме төгіп алды. Әулетіміздің ең үлкені — әжемнің екі бастан Қасымханның сөзін сөйлейтіні белгілі еді. Қайсар әпкемді барлығы жабылып иліктіре де алмады ғой. Қанша таяқ жесе де, көзінен жас шыққан жоқ. Тісінқайрап тысқа шығып кеткен. «Мұндай қорлыққа төзгенімше, өлгенім жақсы», — деп қораға барып, асылмақшы болыпты. Алла сақтаған екен, әкем үлгеріп, мойнындағы арқанды кесіп, аман алып қалды. Содан барлығының жалынып-жалпайып кешірім сұрағаны бар. Бұл оқиғадан кейін не істеймін десе де, Қамардың алдына ешкім тұрмайтын болды. Бастапқыда тобылғы торыға жолаған жоқ. Сосын Қасымханның көзі тайғанда мініп алатын болды. Оны үйдегілер көрсе де, көрмегендей кейіп танытты. Кейін білдім, ағамда білмегендей болып жүріпті. Бір жылдан кейін әжеміздің баласын әскерге шақыртты. Ақыры жануар Қамардың меншігіне өтті ғой.
Қамардың бойында бала күннен ожарлау мінез бартұғын. Төбелесқұмар ол астына түскенін аямайтын. Біздің үйден кейінгі екінші үйде тұратын Құралхан деген менің сыныптасым бар. Лақап аты — «пілдің құйрығы». Әкесі Жабаш зор денелі, қапсағай бойлы, шойынқара дәу еді. Ол кісіні құрдастары «қара піл» дейтін. Мен өмірімде ондай көмірдей қап-қара, алып адамды көргенім жоқ. Біздің Құралхан әкесінің соңынан қалмайтын. Қайда барса да артынан еріп жүреді. Содан, кім екенін білмеймін, әйтеуір, тіл жағына сүйенген біреудің «дуалы» аузымен Құрал құрдасым «пілдің құйрығы» атанды. Бірақ, олай атауға ілуде біреудің ғана жүрегі дауалайтын. Дене бітімі әкесіне тартқан қиқар Құралханға өзінен бір-екі жас үлкен балалар да бата алмайтын. Бір күні сол «пілдің құйрығы» біздің аулаға келіп, мені асық ойнауға шақырды. Далаға шықпақшы едім, Қамар: «Сабағыңды оқы!» — деп жібермей қойды. Үйдің кіреберісіндегі табалдырыққа шығып: «Қараш ойнамайды. Сабағын жаттап болғасын ғана шығады», — деді. Анау қояр емес.
— Қамар, қойшы,ей. Шақыршы тездетіп. Менің жаңа сақам бар. Асық ойнағым келіп тұр. Көп сөзді қойып, шақыр, — дейді сабазың. Неге екенін білмеймін, сол күні әпкемнің сіркесі су көтермей жүрген еді. Лезде Құралханға шаптыға айғай салды:
— Ей, қара пілдің қап-қара көтені, айтқансөзді ұқпайсың ба? Шықпайды Қараш. Кет дедім ғой. Кет! — деді. Құрал шыдап тұрсын ба: «Көк көз, көтен ауыз, жерден шыққан жалмауыз. Есік алдыңда неменеге батырсынып тұрсың? Қорықпасаң, шықшы қашаның сыртына!».
— Сен інімнің сыныптас досысың. Сенімен төбелеспеймін. Қазір Қарашты ойнауға жіберемін. Бері кел, — деп шақырды қулыққа басып. Аңғал Құралхан арсалаңдап кеп, табалдырыққа жақындай бергенде, әпкем ауыз үйдегі қол жуғыштың толып тұрған шелегін үстіне төге салды. Анау абдырап қалғанда қайдан тауып алғанын білмеймін, жуан таяқпен ұрғылай бастады. Бетін қан жуып кетті. Әреңдеп жүріп арашалап алдым. Әпкем: «Мен саған көк көз, көтен ауызды көрсетемін!» — деп қояр емес. Қамардың басынан бір емес, мұндай төбелестің талайы өтті. Жоғары сыныпқа барғанда әпкем ұлдармен бірге еркек балаша жүрді. Мектепті бітіргенде оқу оқымаймын, жылқышы боламын» деп шықты емес пе?! Ақыры әпкелерім қоймай жүріп, Алматыдағы тек қана қыздар оқитын университетке түсірді. Бір жыл оқыды ма, оқымады ма, үлкен қалада тұра алмай, ауылға оралды. Шешем мен әпкелерім оған қатты ренжіді. Менің де мектепті аяқтайтын кезім келді. Қысқасы, Қамар үйдегі малға қарап, әкемнің жанында қалды. Әпкем тұрақтай алмаған қалада төрт жыл оқып, сол жақта қазығым қағылып, алып шаһардың тұрғынына айналдым. Ал Қамар ауылдан алыс ұзамай, Талдықорғандағы ауылшаруашылық қолледжін сырттай тәмамдап, қала сыртындағы әскери бөлімдердің біріне жұмысқа кірді. «Өзіме жұмысым ұнайды» деп жүретін. Неге екенін білмеймін, үш жылдан кейін ол жерден кетіп қалды. Маған себебін айтқан жоқ. Мен сұрамадым. Ауылда бір жылдай сыныптастарымен диқаншылықпен айналысты. Сосын қайтадан Талдықорған барып, «Күзет» фирмасына жұмысқа тұрды. Бүгінге дейін сол жерде істейді. Қамар тұрмысқа отыз жасында бір-ақ шықты. Ол кезде біз Алматы маңына көшіп алған болатынбыз. Әпкемнің тұрмысқа шығуы өз алдына бір күтпеген оқиға болды. Ата-анамның алдынан өткен құдаларды көрмедік. Кеш қарая ешкімге хабар берместен, жездемді ертіп, келе қалғаны бар. Әдеттегідей жұмыстан кештетіп келіп едім, алдымнан анам шығып:
— Қараш, анау жынды әпкең тұрмысқа шығатын болды, — деді.
— Е, жақсы ғой. Құдаларыңыз қашан келеді? — деймін.
— Қайдағы құда, келін алып келгендей келіпті, қайдағы біреуді жетектеп. Бар, таныс! — деді бұйыра сөйлеп. — Соншама жүріп тапқаны өзінен он алты жас үлкен еркек екен. Әй, құдай-ай, — деп шешем өз бетін өзі шымшып тыста қалды. Мен ішке кіріп кеттім. Алматыда тұратын екі үлкен әпкем де үйде екен. Дастарқан басында Жұмағали кісі көзіне тура қарамай, көп әңгімеге араласпай, өзімен-өзі отырды. Шешем айтпақшы, расында да, бейне бір алдымдағы ағам келін түсіргендей. Тамаққа да ұяла-ұяла қол созады. Қамардың сөзінен ұққаным, жездем бұған дейін бір рет отбасын құрған екен. Әйелімен дәм-тұзы жараспай, біраз жыл салт та тұрған көрінеді. Облыс орталығына таяу жердегі Қарабұлақ деген жерде үйі бар. Әпкем сөз арасында: «Сызылмай еттен асап-асап ал. Жатқанда қарның ашады», — деп алдындағы тарелкасын асқа дүркін-дүркін толтырып қояды. Дастарқанда не бар, соның бәрін жездемнің алдына тостты. Әпкелерім шешеме қарайды. Шешем әпкелеріме қарайды. Әкем үстел басында көп аялдамай: «Көретін футболым бар еді», — деп тұрып кетті. Ең үлкен әпкем күйеубаласын әңгімеге тартқысы келді ме:
— Жұмағали, әңгімеңді айта отырсаңшы. Өзің көп сөйлемейді екенсің, — деді. Анау:
— Не айтамын, біздің Қамардан сөз қалды ма? — деп шорт қайырды. Еш мазмұн жоқ қос жанарымен Лекерге алая бір қарады да, екіге айырыла біткен алдыңғы екі күрек тісінің арасында тұрып қалған етті қолымен ала бастады. Лекердің қасында отырған Бәтимаш әпкем:
— Ой ужас какой, — деп күлкісін жасырмақ болып, аузын жаба қойды. Лекер сіңілісін ақырын шынтағымен «қой» дегендей түртіп:
— Түсінгенім, әзірге жұмыссыз екенсің, мамандығың да жоқ екен. Көлік жүргізетін куәлігің бар ма өзі? — деді сөзін жалғастырып. Жездем ақсиған тістерін жасыра: «Жоқ», — деп жауап қатты.
— Қызық екен, қызық екен. Қазіргі заманда еркек түгілі әйелдерде права бар.
— Не күйеубалаңа машина алып бермекпісің? — деп араға Қамар түсті.
— Жай, сұрағаным ғой, Камка. Жай, сұрағаным. Кел, Жұмағали саған сорпа құяйын, — деп оның кесесін алып, орнынан тұрып кетті. Кезек енді Бәтимашқа келді.
— Некеге тұрсаңдар, Қамар, сен күйеуіңнің тегін аласың ба? Жұмағали сенің фамилияң қалай? — деп ерлі-зайыптыларға кезек-кезек қарады.
— Мұның фамилиясы — Итбасов,— деді Қамар.
— Көтек, бұндай да фамилия болады екен, — деп шешем өз таңданысын жасыра алмады.
— Теперь ты будешь Собачиха, Собачиха, — деген Бәтимаш әзілдегендей болып езу тартты. — Вообще не смешно! Ей, Жумка, неғып отырсың, тұр. Болды кеттік. Үйге қайтайық. Жұмағалимен бірге біз де орнымыздан атып тұрдық. Қамар:
— Рақмет, мама. Көп-көп рақмет! Все было как всегда, — деді де асығыс жинала бастады. Менің жездеммен алғашқы таныстығым осылай болып еді. Алғашқыда әкемнен басқаларының барлығы Қамарды қатты сөкті. Жұмағалиды«күйеубала» деп атауға шешем қатты қомсынды.
— Бай таппағандай, тапқан байы — кәрі шал. Өзі бір күн жұмыс жасаса, екі күн ауырады. Одан қалса, түріне қарамай арақ та ішеді екен. Ішсе, тамаққа тоймайтын мешкейлігін айтсаңшы. Жоқшылықтан әбден ашығып кеткен адам ғой, — деп жерден алып, жерге салып жататын. Әпкелерім болса: «Әй, бұлар ұзақ бірге тұра алмас. Қамардың мінезіне қашанға дейін шыдар дейсің? Күйеудің өзі де жұмыс жасағысы келмейтін көк жалқау көрінеді. Ондайды есі дұрыс әйел сыйлай ма? Ары кетсе жарты жылдан кейін-ақ ажырасып кетеді» деген болжамдар жасап тастады. Айта-айта жақ та талатын кез болады екен. Жұмағалидың жыры да уақыт өте бәсеңси бастады. Ішкенде ғана ашылатыны болмаса, қашан да артық сөз айтпайтын, ұяңдау, ақ, адал көңілімен жездем біздің әулетте өз орнын тапты. Бау-бақшасын тап-тұйнақтай етіп қарайтын жездемнің үйінің өз берекесі бар. Лекер тамыздың аяғында бала-шағасымен барып, жеміс-жидектен қысқа керек-жарағын даярлап алатынды шығарды. Жаз келсе Балқаш көліне бармаса басы ауыратын Бәтимаш әпкемнің де Алматы мен Лепсі ортасында аялдайтын жері — Жұмағали мен Қамардың шаңырағы. Шешем де жыл сайын: «Биыл да жездеңнің кәртөшкесі жақсы шыққан шығар. Келген-кеткендерден бір мөшек салып жіберер ме екен?» — деп дәметіп отыратын болды. Сондай-ақ, Қамар Лекер сияқты«күйеуім ақша аз табады» деп, Жанардай жолдасының сараңдығын, болмаса, Бәтимаштай «ерім көзіме шөп салады» деген әңгіме айтқан емес. Әпкелері сынды күйеуіне еш шағымданбайды. Жұмағалиды күстаналайтын сөзді өз құлағым естімеді. Бірде Қамармен оңаша қалғанымда ол маған: «Қараш, Жұмағалиды ешкім жақтырмайды. Саған да ұнамайтын шығар. Солай ма? Ренжімеймін. Шыныңды айтшы», — дегені барды-ды. Мұндайды күтпеген Қарашыңыз айтарға сөз таппай қиналды. Сәлден соң барып: «Саған ұнаса болды емес пе? Әркім өз өмірін қалай сүргісі келсе, солай сүреді. Мен сенің шешіміңе құрметпен қараймын», — дедім.
— Қанаштай, басқалардан гөрі менің қалай өскенімді сен жақсы білесің. Ер баладай өстім ғой. Өзімнің қыз екенімді мойындау мен үшін тым ауыр еді. Қазір де мойындағым келмейтін кездер болады. Маған Жұмағалидан басқа еркек қарамады деп ойлайсыңдар ма? Ханзадалардай болмаса да талай сөз айтқан жігіт болды. Бірақ, менің мына мінезіме кім шыдайды? Ал Жұмағали — өмірді көрген үлкен еркек. Ол менің тентектігімді де, еркелігімді де көтереді. Кейде тамақ та жасап қояды. Білесің ғой, мен бала күнімнен қазан-ошақ маңына жолағанды суқаным сүймейтін. Жыным ұстаған кезде ұрып тааламын, — деп сөз соңын әзілге бұрғандай болып еді.
Жездемнің бағанағы дастарқан басындағы сөзіне қарағанда әпкем әзілдемеген екен. Қайткен күнде де шешем айтпақшы, Қамардың қазаны бөлек адам. Алайда, оны соңғы кезде бір ой мазалайтынын да білемін. Аға-әпкелерімнің балалары келсе, өзін қоярға жер таппайды. Солардың асты-үстіне түсумен болады. Жасы қырыққа таяп келеді ғой. Құдайдан тілегені — бір шикі ет. Жаратқан тілеуін берсе деймін.
***
Қайтадан бас жазуға кеткен Жұмағали бұлжолы көп кешікті. Шешем екеуміз кешке қарай тойға кеткенімізде үйде әпкем жалғыз қалған. Оның қай уақытта келгенін нақты білмеймін. Әйтеуір, мені таңғы ұйқымнан жездемнің: «Қараш, өлтірмесең, бас жазарға бес жүз теңге бер», — деген дауысы оятып жіберді. Кештетіп жатса да, ерте оянып алатын жасы үлкендердің әдеті емес пе, шешем де тұрып алыпты. Беті-қолымызды жуып, таңғы шайға отырдық. Жездем өз оразасын тыстан ашып келді. Бұл жолы дастарқан басынан қашқақтап жүрді. Кіріп-шығуы көп. Ара-арасында «ішіп, жеп отырыңыздар» деп қояды. Оң жақ қабағының ісіп тұрғанын байқадым. Шешемнің де көзі шалса керек. Бірақ, аңғармаған кейіп танытты. Қамарға тойдан сарқыт деп тойбастардан алған басқа тағатын шыт, кәмпит, қалаш, тағы басқа ұсақ-түйек бір нәрселерді беріп жатты. Жездем екеуміз тысқа шықтық. Ол көлігіме бір мөшек кәртөшкесін салып берді. Оң жақ қабағын қайта-қайта қолымен көлегейлеп әуре. Сөз арасында: «Жаман жездең кеше қызып келе жатып, шамасына қарамай жастармен байланысып алды. Сендерден ұят болды, сендерден ұят болды», — дейді бір сөзін екі рет қайталап. Біз артынып-тартынып болғанда Жұмағалидың маңдайының қыртысы жазылып, даңғырлап сөйлеп, тілі шыға бастады.
— Мынау өзі күнде ішеді екен деп ойлап қалмаңыздаршы, мамаша, Қараш. Өзі солай болып қалды. Айтшы, Қамар. Кеп тұрыңыздар, — дейді анам екеуміздің бетімізден кезек-кезек сүйіп.
— Мамаша, қызыңызға айттыңыз ғой. Баламның тойына жібереді ғой. Қамар сіздің тіліңізді алады. Ал сен кешегі берген уәдеңде тұрасың ғой. Жолыма ақша тауып беремін дегенсің, — дейді менің қолымды қайта-қайта алып. Біз «иә, иә» деумен болдық. Мен әпкеммен қоштасар сәтте: «Жұмағалидың анау қабағы не?» — деп, ер адамға қол көтеру әбестік екенін айттым.
— Қараш, қойшы. Сен оны білмейсің ғой. Мас болғанда ол албастының тілі жаман. Айтпақшы, енді қанша сұраса да менің күйеуіме ақша беруші болма! — деп маған қатаң ескерту жасады.
Талдықорғаннан кейінгі Бақтыбай, Балпық би, Мұқыры сынды ауылдарды артқа тастап, көлігі сирек тас жолға түстік. Шешем орындығын артқа шалқайтып қойып, ән тыңдап отыр. Менің көз алдымнан «Қамарға айтыңыздаршы. Ұлымның тойына баруым керек қой» деген жездемнің жалынышты түрі кетер емес. Автокөлік магнитафонының дауысын сәл бәсеңдетіп:
— Апа, Қамар неге күйеуіне қол көтереді? Сізде...
— Не сіз де?
— ...
— Мен әкеңе қол көтергенім жоқ. Ішіп алып жатпайтын кезде жұлқылап-жұлқылап төсекке жатқызатынмын. Әрине, әйелдің еріне қол жұмсағаны ата салтта жоқ. Қайтеміз, Қамардың нервісі дұрыс емес қой.
— Неге дұрыс емес?
— Қамар алты айға толғанда жұмысқа шығып кеттім. Әжең бақты. Жыласа, аузына тамақ тыға беретін. Сөйтіп асқазаны созылған. Одан қалса, коляскаға селкілдетіп-селкілдетіп ұйықтататын. Содан миы шайқалып кеткен болу керек. Жалпы, біздің балалардың дені дұрыс емес қой. Қасымхан Ауғанстанға барып, жүйкесі бұзылды. Лекер үш рет қарнын жарып, бала тапты. Қаншама рет наркоз алды. Содан жынды. Жанар әпкең үшінші қабаттан құлаған. өз түсінбейді. Бір нәрсе айтсаң, шамданып шыға келеді. Бәтимаш болса алты жыл наркоманға қатын болып, нервный болды. Қайта құдайға, сосын маған рақмет айт, балалардың арасында сенің ғана есің дұрыс, — деп барып тоқтады. Сол сәтте неге екенін білмеймін, өзімді жазықты сезіндім.
Алматыға оралғасын қайтадан қаланың бітпейтін күйбең тіршілігіне араласып кеттік. Сол баяғыша үй мен жұмыс арасындағы жолды таптаумен болдық. Шаһарда уақыт бір орында тұрмайды ғой. Күндер зулап өтіп жатады, өтіп жатады. Шіліңгір шілде аяқталып, жер-дүниені шыжғырып, тамылжыған тамыз да жетті. Күн қызуын төккен күндердің бірінде маған күтпеген жерден Жұмағали қоңырау шалды.
— Алло, Қараш, бұл мен ғой, жездең.
— Иә, Жұмаш, қалайсыңдар?
— Бүгін Семейде ұлымның тойы болып жатыр. Мен жүз грамм алдым. Жастардың бақыты үшін. Осы кезде барып өз уәдемде тұрмағаным есіме түсіп, абдырап қалдым. Телефонның арғы жағынан Жұмағали:
— Жарайды, жақсы Қараш, уақытыңды алмайын. Мен үшін өмірдің еш мәні жоқ. Мен асылып өлемін. Төс қалтамда «менің өліміме ешкім кінәлі емес» деген жарты парақ қағаз болады. Қош,Қараш, қош! — деді де байланысты үзіп жіберді. Жалма-жан оның нөмірін тере бастадым. Тек гудоктар, гудоктар... Бітпейтін гудоктар. Жездем телефонын алмайды. Не істерімді білмей қиналдым. Сосын Қамарға қоңырау шалдым. Ол да телефонын көтермейді. Құдай-ау, бір сұмдықтың болғаны ма? Жаным алқымыма кеп тығылғандай. Әпке-жездеме кезек-кезек хабарласамын. Екеуі де үнсіз. Тек қана гудоктар. Сәлден соң барып әпкеммен тілдестім. — Алло, Қамар. Қарашпын, Қарашпын. Жұмағали звондады. Өлем деді. Қайта хабарлассам алмайды. Аманшылық па? Сен қайдасың? — деймін жүрегім аузыма тығылып.
— Қайдағы өлген. Ол сорлы мас, мас. Асылып өлуге ол сорлының жүрегі шыдамайды. Қорқақ емес пе, қорқақ, — деп телефон тұтқасын қоя салды.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі