Өлең, жыр, ақындар

От белгі

Қызыл іңір. Кешеу көктемнің күні шабан атша ілбіп көкжиекке еніп барады. Әлгінде ғана қойды қораға қамап үлгергенім сол еді, атамның: «Шырақжан, қайдасың?» — деген дауысы естілді. «Әу», — дедім дыбыс беріп.

— Көксазға кеттік. Шабдарды жетекте. Кісеннің кілтін ала жүр, — деді атам.

Бұл — біздің күнделікті тірлігіміз. Шабдар бие құлындағаннан бері атамда тыным жоқ. Ертеден қара кешке дейін маңайынан шықпайды. Сауырынан сипайды, жалын тарайды, жемін береді. Қойшы, бір таусылмайтын күйбең.

— Құдай көзден алған соң, не сорым, — дейді атам ауылдан шыға.

— Адасып кетіп бір шұңқырға түсіп кетсем мені іздейсің бе?

— Әрине, — деймін. — Кім атасын далаға тастайын деп жүр екен.

— Айналдым, сенен. — Атам мандайымнан сүйді.

Сонан биені кісендеп ауылға оралғанша, күнделікті әңгімеміз бітпейді, құшағымыз жазылмайды.

— Мынасы несі-ей, антұрғанның, — деді оқыс дүңк еткен атам.

— Қарашы, анау Қарауылдың ұшар басынан от көріне ме?

Қарауыл — біздің ауылға төне қараған, сұсты да, тақиядай дөңгелек төбе. Ұшар басы сүп-сүйір.

— Иә, ата.

— Әй, оңбағаңдар-ай. Жамандық шақырғаны несі мыналардың!

— Саяхатқа шыққан мектеп оқушылары. Олар туған өлкені зерттеп жүр.

— Өйткен саяхаты құрысын! Зерттегеннің орнына өрте деп пе екен. Атам шабдар биені кісендеп жүріп те, ауылға қайтарда да бұрқырай сөйлеп тыным таппады.

— Мен олардың көкесін көрсетейін. Ертең тура мектептің директорына барамын. Жазасын беремін. Бұл не сұмдық. Жамандық бастап...

Шынында да атам ырымшыл адам. Көздерінің үсті тартса қуанғаны, асты тартса ренжігені. Әлдекімге мал берсе, бұйдасын міңдетті түрде өзіне алып қалады. Күн құлақтанса — жақсылық емес. Қойшы, мұндай болжамның өзі — атан түйеге жүк. Бейітті сұқ саусақпен көрсету — қате. Қызыл іңірде әтеш шақырса, ұстап алып бауыздап тастауы анық. Әуелі Бектай ағаның келіншегін бізге келерде, үйге оң аяғымен кіргізген. «Енді мына өртшілер не бүлдіріп қойды екен?» — деп ойладым ішімнен.

— Оның несі — сөкет? «Қураған шөп өртенсе, орнына жасы шықпай ма» деуші едің ғой, ата?

— Әй, балам. Қарауыл басы — киелі жер. Жаңағы саяхатшыларыңды маған жіберші. Мен-ақ жөн сілтейін соларға.

— Жоңғар хандығы жойқын соғысын салды «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген қасірет басталды. Қашқандардың алды Сырдарияға жетті. Ел құм-құмды тасалап, аштықтан, шөлден қырылды. Дегенмен ел ерсіз бола ма? Абылай, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай сияқты батырлар елдің басын құрап жауға қарсы тұрды. Жоңғарларды талқандау үшін әр хандыққа бөлінген елдің басын біріктіріп мемлекет
құрды. Шамасы, «Алтау ала болса  ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген халық мақалы осы кезде шықса керек.

— Ата, Қарауыл туралы айтыңызшы, — дедім әңгімесін бөліп.

— Өзім де аяқтап қалдым. Ту, осы сенің шыдамсызың-ай, — деп ренжіді атам.

— Иә, қазақ елі де жаумен шайқасудың айла-шарғысын ойлады. Ақылдаса келіп, биік төбенің басына от жағып, жаудың жақындап қалғанын сездірген. Төбе басын жасауылдар күзеткен. Әлде қалай көршілес төбенің басынан от көрінсе, олар от жағып келесіге белгі берген. Осы бір от — белгінің арқасыңда бүкіл қазақ елі әп-сәтте-ақ, сырттан жау келгенін біліп отырған. Қол жинап, батырлары бастап, дұшпанға қарсы шыққан. Енді түсіндің бе, балам?

Аузым ашылып, атама аң-таң күйі қарай бердім.

— Ренжіген себебім, осы құлыным.

Атам маған ерте заманның ескерткіші сияқты көрінді.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз