Өлең, жыр, ақындар

Ардагермен сұқбат

Кім кетпес, ажал жетіп, тағдыр болса,
Өмірге ар мен намыс қолқа салса.
Мәңгілік өмір жасап, өлмегені-
Батырдың ел аузында аты қалса.

Б.Момышұлы

 

Ерлік-бірлікте емес, жүректе! Нағыз ер-азамат туып өскен жерін қадірлеп, үлгі тұтады.Ел басына күн туса, өз жанын құрбан қылып, ғұмырын пида етеді.

Ұлы Жеңіске 75 жыл толу мерейтойына орай, Ұлы Отан соғысының батыры, "Қызыл Ту" орденінің иегері, биыл 99 жастың шыңына шыққан Рысманов Төленді атты ардагер атамыздан сұқбат алып қайттық.

-Сәлеметсіз бе, Төленді ата?! Жағдайыңыз қалай?

-Рақмет, шүкір, шырағым! Өздерің қалайсыңдар?

-Шүкір, ата.Төленді ата, сіз қай жерде дүние есігін аштыңыз?

-Мен 1920 жылы 21 мамырда бұрынғы Ташкент облысы, Жоғарғы Шыршық ауданы, Жамбыл ауылында дүниеге келдім.Қаңлы елінің тумасымын.Бес жасымда И.Пананин атындағы мектептің табалдырығын аттап, сауатымды аштым.Менің әкем де-Жамбыл ауылының тумасы.1928 жылы 27 тамызда бай-кулактарды тәркілеу туралы заң қабылданғаннан кейін, әкем Тәжікстанға жер аударылды.8 жасымда жетім қалған біздерді -анамыз тәрбиелеп өсірді.Еңбекке ерте жасымнан араластым.Мектебімді тәмамдаған соң, күнкөріс қамымен түрлі жерлерде қызмет атқарған жайым бар.

-Соғысқа қай жылы қабылдандыңыз және қай жерлерде шайқастыңыз? Осы жөнінде тарқатып айтып беріңізші.Себебі, сіздердің ерліктеріңіз-ұрпаққа үлгі...

-1941 жылы 6-шы желтоқсанда соғысқа алындым.Сұрапыл соғысқа аттанбас бұрын отбасыммен қоштасып, Ташкентте 10 күндей болдым.Отан үшін фашистермен шайқастық.Нөмірі 1126 атқыштар дивизиясында ерекше қызметіммен көзге түсіп, сол дивизияның командирі атандым.Алғашқы кезеңде жеңіл жарақаттар алып, госпитальда емделдім.1941-1944 жылдар аралығында нөмірі 1126 атқыштар дивизиясында қызмет етсем, 1944-1945 жылдары нөмірі 1190 атқыштар дивизиясының қатардағы сержанты ретінде шайқастым.1945 жылы Берлин үшін шайқаста ауыр жарақаттанып, еліме оралдым.Алайда ,1945 жылы 9 мамырда Отанымыздың жеңіске жеткенін естігенде ерекше қуандым.

-Ауыр жарақат алып, еліңізге оралғаныңыз жайында сыр шерттіңіз ғой.Отаныңызға оралып, қандай қызметтер атқардыңыз, немен айналыстыңыз?

-Соғысқа ерте жаста шақырылғанымнан, белгілі бір маман иесі атана алмадым.Туып-өскен жерімде ауыл шаруашылығымен, мал шаруашылығымен айналыстым.1947-1948 жылдары әкімшілікте қызмет атқардым, пошта қызметкері де болдым.Отбасымды асырап-бағу үшін ұсақ-түйек жұмыстарды да қоса алып жүрдім және жұмыс талғаған емеспін.Соғыста бірнеше жерден жарақат алып, ауыр жұмыстармен айналысу құқығынан айрылдым.

-Ата, "Ұлы Отан соғысының батыры" атағы мен ордендеріңізді қай жылы иелендіңіз?

-Берлин үшін шайқаста взвод командирінің көңілінен шықтым, себебі жаудың бірнене тснкілері мен ұшақтарын жайраттым.1942 жылы нөмірі 1126 атқыштар дивизиясының командирі болып жүрген сәтімде "Ерен ерлігі үшін" медалімен марапатталдымАл, соғыс аяқталған соң "ҰОС Батыры" , "Қызыл Ту", "Ұлы Жеңіске 20, 30, 40, 60, 70 жыл" төсбелгілерінің иегері атандым.1970 жылдардың басында "Ұлы Отан соғысының II дәрежелі " орденімен, "ҰОС қатысушысы " медалімен марапатталдым, қызым.

-Енді, жеке өміріңізге ойыссақ.Қай жылы отбасылы болдыңыз?

-Мен 1940 жылы, яғни сұрапыл соғыс басталмай тұрып шаңырақ көтердім.Әйелімнің есімі-Ерімбетова Азиза.Екеуміз 5 ұл, 5 қыз тәрбиелеп өсіріп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, оқытып-тоқыттық.Бүгінде немере, шөбере, шөпшек сүйіп отырмыз.

-Ата, келер ұрпаққа айтар өсиетіңіз қандай?

-Отанды сүйіңдер, үлгі тұтыңдар, құрмет қылыңдар.Ел басына күн туса, жаудың көзін кұртқанша беріспеңдер! Ел-жұрт үшін аянып қалмаңдар.Ұлы Отан үшін отқа түсіңдер!

Сұқбатыңызға рақмет, ата! Еш уақытта ауырмаңыз, аман болыңыз!
Сіздей қайтпас рухты батырлары бар-мына біздер шын бақыттымыз...

Аружан Самидин


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар