Ұлы Жеңіске – 75 жыл!
Әкем Қожахметов Қолғанат пен анам Қожахметова Күлжәмиланың рухына арнаймын.
Әрбір әулеттің басы да, тарихы да Әкеден бастау алары анық. Менің бұдан бұрынғы жарияланған (7.05.2018 жыл) «Жеңіс күні немесе туған жер ұғымы» деген әңгімемде «Станса басынан колхозға қарай бастай беретін аттылы-жаяу талай жол қылған қара жолдың бойында жол қапшығын арқалаған Жеңіспен оралып келе жатқан солдат келеді. Солдаттың дәл қазір қай майданда соғысқаны да, оның қандай бөлімде соғысқаны да маңызды емес. Бәрінен де маңыздысы – оның туған ауылынан мүлде жырақ жерде өткен соғыстан кейінгі өзінің туған жерін – қазақ ауылын сағынып келе жатқандығы» деген жолдар мен «Соғыстан қайтқан қазақ жауынгерінің алдында күтіп жатқан колхозының не деп аталатындығы да, оның қандай нөмірленген ауылдық Кеңеске қарайтындығы да дәл қазір маңызды емес еді. Ондай колхоздар мен ауылдық Кеңестер сол кезгі Қазақстанда (Қазақтың тарихшы ғалымдары келтіргендей, соғыс аяқталған 1945 жылы Қазақстанда 6737 колхоз болды) мың сан болған шығар. Тек бәрінен де маңыздысы – оның Қазақстанның қай тарабына қарай бағыт алған солдат болса да, өзінің туған ауылынан мүлде жырақ жерде өткен соғыстағы оқ-дәрінің иісінен кейін өзінің туған елінің түтінінің иісін сағынып келе жатқандығы анық» деген жолдар мен «Сол кезде соғыс болып өртеніп жатқан жерден шығып келе жатқан әкем де жоғарыдағы әңгімедегі кейіпкер солдат секілді ол да өзінің туған колхозын сағынып келе жатқан шығар деп ойлаймын» деген жолдар бар. Яғни әкем де осыдан 75 жылдан аса уақыт бұрын сол әңгімедегі кейіпкер солдат секілді ол да әскерден өз туған колхозына қарай асыға басып келе жатқан болатын. Біздің отбасының тарихы да, бастауы да сол кезде өз туған колхозына қарай асыға басып келе жатқан осы 19 жасар солдаттан басталады. Кейін бізге, балаларына – 7 балаға әке болатын – сол кезгі 19 жастағы солдат болатын. Еңбекшілер депутаттарының Аранды ауылдық Советінің атқару комитетінің төрағасы Баймаханов пен секретары Әбдіхалықовтың 1949 жылы 13 сентябрьде қолдары қойылып, гербтік мөрі басылып, әкемнің атына толтырылған анықтама құжатында «1943 жылы армия қатарына алынып 1944 жылы август айында келді» деп көрсетілгендей, әкем Армиядан өз колхозына осыдан 75 жылдан аса уақыт бұрын, яғни 1944 жылғы тамызда келе жатқан еді. Оның сол кезде алдында күтіп жатқан туған колхозы да, ол колхозы қарайтын нөмірленген ауылдық Кеңесі де белгілі болатын. Ол сол кезде Армиядан әкемнің өзімен бірге келе жатқан қызыл әскер кітапшасының бөліміндегі жазулы тұрған жауынгердің үйінің адресі – «Қызылорда облысы Қазалы ауданы № 9 ауыл (№9 ауылдық Кеңесі) Жданов атындағы колхоз» болатын. Ал сол кезгі Қызылорда облысы Қазалы ауданы №9 ауылдық Кеңесіне қарасты Жданов атындағы колхоз дегеніміз – бүгінгі Қызылорда облысы Қазалы ауданы Аранды ауылдық округіне қарасты екі ауылдың бірі, туған жердің күні кешегі тарихында 60-жылдардың ішінде құрылып, 90-жылдарда тараған Энгельс атындағы совхоздың 90-жылдарға дейін Жданов атындағы бөлімшесі болып келген – бүгінгі Аранды ауылы.
***
Қазақтың тарихшы ғалымдарының дерегінде келтірілгендей, Қазақстанда тың игеру тәжірибесінен туындаған 1957 жылдың көктемінен жаппай басталған колхоздар мен МТС-тер негізінде совхоздар құру процесі әсіресе 60-жылдардың бірінші жартысында жаңа қарқынмен жүргізілді деп көрсетіледі. Осыған сәйкес айтқанда, 60-жылдардың бірінші жартысында құрылған туған жерімізге қатысты Энгельс атындағы совхоз, мемлекеттік кәсіпорын 1963 жылғы ақпанда қазіргі Аранды, Қожабақы және Өркендеу (Жанкент) жеріндегі колхоздар негізінде құрылған шаруашылық болатын. Сол колхоздың бірі жоғарыда айтылғандай, әкемнің қызыл әскер кітапшасының «Общие сведения» бөлімінде оның туған жері болып жазулы тұрған – Жданов колхозы. Бұл жаңа құрылған совхозға орталық Қожабақы елді мекені болады. Сол уақытта әкем совхоздың орталығы – Қожабақыдан өзіне жеке үй салған. Ол үйге 1967 жылы кірген. Ауылдағы үйіміз – сол. Сол уақытта жаңадан құрылған совхоздың да үй сала бастаған кезі. «Совхоз сол уақыт жағалай қаз-қатар ақшанқан үйлерді бірінен кейін бірін қатарластырып сала бастады ғой, – деп отыратын шешем. – Осы мына тұрған үйлерді сол совхоз тұрғызды ғой. Содан барып қой көшелер түскені ауылға. Бұрынғы адамдар да мына біздің есік алдындағы қоржын бөлме бұрынғы там сияқты тамдарда тұрған ғой, бұл үйді кезінде сатып алған едік. Сенің алдыңдағы баланың бәрі де осы үйде дүниеге келді. Сен әкең салған үйде дүниеге келдің. Кіндігіңді де әкеңнің өзі кесті. Есіміңді де әкең өзі қойды». Бұл – сол кезгі Баспасөз күні.
Мен бір жасқа толған соң барып, 1970 жылғы 12 маусымда үкімет анамды «Ана даңқы» орденімен марапаттапты. Себебі кеңестік кезеңде аналарды марапаттау заңдылығы бойынша семьядағы жетінші баласын дүниеге алып келіп, ол баласы бір жасқа толған соң барып, жеті бала дүниеге әкеліп, тәрбиелеп өсіріп отырған еңбегі үшін үкімет Ананы III дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапаттайтын болған. Ол жайлы 1944 жылы шыққан Жарлық орденнің өз кітапшасына да жазылған.
Қазақтың тарихшы ғалымдарының деректерінде келтірілгендей, Қазақстандағы совхоздар саны 1960 жылға қарай 881 совхоз болса, ал 1965 жылдың соңында Қазақстандағы совхоздардың саны 1521-ге жеткен. Сол совхоздың бірі осы айтылып отырған Энгельс атындағы совхоз екендігі белгілі. Деректер негізінде совхоз «КСРО ауыл шаруашылығындағы жоғары сапада тауар өнімін өндіретін механикаландырылған социалистік мемлекеттік кәсіпорын» деп көрсетіледі.
1963 жылы Қызылорда облысының Қазалы ауданындағы Энгельс атындағы совхоз, ауылшаруашылығындағы мемлекеттік кәсіпорнының құрылуы қазіргі Қожабақының 1963 жылғы тарихында жаңа бір тұрмысқа, жаңа бір кезеңге аяқ салған кезеңі болмақ. Өйткені ендігі жерде совхоздың орталығы боп саналған ауыл мәдениетін дамыту ісі де бұрынғымен салыстырғанда бірте-бірте өзгерген күйде, жаңаша түрде жаңғыра берері сөзсіз. Осыған дәлел келтірсек, энциклопедияда көрсетілген деректер бойынша 60-жылдардың соңына қарай Қазақстанның ауыл-селоларында жаңадан мыңдаған клуб, кітапхана, балабақша сияқты т.б. да қоғамдық үйлер тұрғызылып, соның нәтижесінде ауыл-селолардың архитектурасының бас жоспарына жаңалықтар енген. Мұның ең маңыздысы жоспарлаудың бірімен бірі байланысты екі ауданға бөлінуі болды: тұрғын үй, қоғамдық-мәдени үйлер ауданы; өндіріс пен мал шаруашылығы үйлерінің ауданы. Осы сөзді одан әрі ұштай түссек, 1971 жылдың 30 наурыз – 9 сәуір аралығында өткізілген КОКП-ның XXIV съезіндегі жасаған баяндамасында сол кезгі КОКП басшысы Л.И. Брежнев «Ауыл шаруашылығының өндіргіш күштерінің өсуі, ауыл шаруашылығы еңбегінің бірте-бірте индустриялық еңбектің бір түріне айналуы, деревня мәдениетінің өрге басуы, село тұрмысының қайтадан құрылуы – осының бәрі шаруаның әлеуметтік қабілеті мен психологиясын өзгертуге бастап отыр. Шаруаның бойында жұмысшыға ұқсас қасиеттер барған сайын көбірек пайда болуда. Еңбегі машиналармен және механизмдермен тікелей байланысты колхозшылардың саны көбеюде, колхозшы шаруалардың білімі арта түсуде» дейді.
Қазақ ғалымдарының ғылыми еңбегіндегі келтірілген деректер бойынша Қазақстандағы ауыл-селолардың интеллектуалдық әлеуеті 70-жылдарға қарай толық қалыптасқан деп пайымдайды. Ал ауыл-селоның интеллектуалдық әлеуетін қалыптастыратын негізгі күштің бірі, негізінен алғанда, онда тұратын, үлкен қалалардан білім алып келген кәсіби, оқыған маманмен өлшенеді. Ендігі жерде әр түрлі сала маманына қойылар талап та заман ырғағына сай жоғарылай бермек.
Ендеше, сондай міндеттің бірі ауыл-селоның байланыс жұмысының алдында да тұрғандығы белгілі. Өйткені мұндағы байланыс бөлімшесі арқылы көрсетілетін байланыс қызметтерінің барлық түрлерін – пошта, телеграф, телефон, радиоландыру қызметтерін халық арасында танымал ету және жарнамалау, ауыл-селода орналасқан кәсіпорын мен мекемелерге, ауыл-селоның халқына байланыс қызметінде жоғары сапалы және мәдени қызмет көрсету, байланыс бөлімшесінің тиімділігі мен табыстылығын арттыру, өндірістік және қаржылық жоспарын орындау, халықтан, кәсіпорын мен мекемелерден радионүктелері мен телефон аппараттарын құру мен қайта орнатуға және электр байланысы мен радиоландыру құралдарының зақымдануларын жоюға өтінімдер қабылдау және зақымдануды жою, электр энергиясы үшін төлемдерді қабылдау, саудадан түсетін ақшаны қабылдау, зейнетақы мен жәрдемақыларды төлеу, пошта және телеграф жөнелтілімдерін белгіленген мерзімде қабылдау, өңдеу және тапсыру, ақша сомаларының, пошта және телеграф жөнелтілімдерінің сақталуын қамтамасыз ету, байланыс бөлімшесінің қарамағындағы байланыс құралдарының нақты және үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, мерзімді басылымдарға жазылымды қабылдау, өзінің қызмет көрсететін аумағында мерзімді басылымдарды тарату т.б. қызметтер – аудан орталығында тұрған байланыс тораптарының осы ауыл-село орталығында орналасқан өндірістік құрылымдық бөлімшелерінің негізгі қызметтік міндеттері болмақ.
60-жылдар ішіндегі байланыс бөлімшесі жұмысының да жаңа бір кезеңдерге аяқ басқан кезі болатын. Ал біздің көз алдымызда 70-жылдардағы байланыс бөлімшесі сақталған. Сол кезең – 70-жылдар ішіндегі Энгельс атындағы совхоздың байланыс бөлімшесінің электр монтер мамандары: Ілескен, Ағыбай ағаларымыз, Жұмабаев Дайрабай ағамыз және бұдан бұрынғы жазылған «Қаракесектердің қалжыңы» әңгімесінде айтылатын Алдаберген Жұбаниязов ағамыз және Энгельс атындағы совхоздың Жданов атындағы бөлімшесінің хат тасушы қызметкері Жаппар Дәріғұлов ағамыз және Энгельс атындағы совхоздың хат тасушылары Қолғанатова Гүлзада және Баршагүл апаларымыз болды. Ал оның алдында бір уақыттарда Энгельс атындағы совхоздың байланыс бөлімшесінде Дәріғұл Тағыбаев ағамыздың да хат тасушы болып қызмет атқарғанын қазір көп адамдар ұмыта да бастаған болар. Оны мына фотосурет айғақтайды. Сол кезеңде түсірілген фотосуретте әкем қызмет орнында, жұмыс үстелінің басында телефонмен сөйлесуде. Оның жанында байланыс бөлімшесінің хат тасушы қызметкері Дәріғұл Тағыбаев түрегеліп тұр. Оның мойнында пошта қызметкері – хат тасушының сөмкесі ілінген. Почтальон сөмкесінен сол кезеңдегі Одақтың бас газеті – «Правда» газеті көрінеді.
Электр монтерлер мен хат тасушылар. 90-жылдарға дейін олар бір салада болмақ. Ал 90-жылдардың ішінде осы кездегі құрылымдағы өзгеріске сәйкес жергілікті «Аудандық байланыс торабы» енді екіге бөлінді: Аудандық пошта байланысы торабы («Қазпошта» АҚ), Аудандық өндірістік телекоммуникация торабы («Қазақтелеком» АҚ). Себебі байланыс саласының басқару құрылымы туралы Министрлер кабинетінің 1993 жылғы 5 сәуірдегі қаулысына сәйкес соған дейін 40 жылға жуық уақыт Байланыс министрлігінің біртұтас «Байланыс» саласының құрамында боп келген – Электр байланысы мен Пошта байланысы енді әрқайсысы өз алдына дербес сала болып, бір-бірінен жеке бөлініп кетті.
Әкем Қазалы аудандық байланыс торабының кадры ретіндегі кадрларды есепке алу бойынша жеке іс парағындағы өзінің өмірбаянында «Еңбек жолым 1944 жылғы тамыздан басталады» деп жазған еді. Яғни 1944 жылдың тамыз айынан бастап Ленинград қаласынан әскер қатарынан келгеннен кейін әуелі 4 айдай уақыт № 9 Аранды ауылдық Советіне қарасты Жданов атындағы колхоздың басқарма секретары болып істеп, сонан соң Қазалы аудандық білім бөлімінің бастығы Нұрмановтың 1944 жылғы 31 желтоқсан күні берген бұйрығымен мектептің меңгерушісі әрі мұғалімі қызметіне тағайындалады. Бұл қызметті 1947 жылға дейін атқарады. Сонан соң Қазалы аудандық мәдениет бөлімінің бастығы Әбиевтің берген бұйрығымен саяси және мәдени-ағарту мекемесі – оқу үйінің меңгерушісі қызметіне тағайындалып, бұл қызметті 1951 жылға дейін атқарады. 1947 жылы № 9 Аранды ауылдық Советінің депутаттығына сайланады. Ал 1951 жылы Еңбекшілер депутаттарының Аранды ауылдық Советінің сессиясының шешімімен № 9 Аранды ауылдық Советінің секретарьлығына сайланып, бұл қызметті 1954 жылға дейін атқарады. Ал 1954 жылы Қазалы аудандық мәдениет бөлімінің бастығы Қоспановтың берген бұйрығымен № 9 Аранды ауылдық Советіне қарасты М.Горький атындағы колхоздың кітапхана үйінің меңгерушісі қызметіне тағайындалып, бұл қызметті 1963 жылғы мамырға дейін байланыс саласына қызметке ауысқанша атқарады. Ал 1963 жылдың мамыр айынан бастап Қазалы аудандық байланыс торабының бұйрығымен сол жылы құрылған Энгельс атындағы совхоздың байланыс бөлімшесінің бастығы қызметіне тағайындалады.
Ал әкем бұл қызметтерінен бұрын 1943 жылдың март айынан бастап 1944 жылдың август айына дейін Армияда болды. Ол туралы 1945 жылғы 27 қазанда толтырылған, құжаттағы мөртаңбасында «ҚазССР Қызылорда облысы Қазалы ауданы еңбекшілер депутаттарының Сартөбе ауылдық совет АТКОМЫ» деп жазылған, еңбекшілер депутаттарының Сартөбе ауылдық Советі атқару комитетінің дөңгелек гербтік мөрі басылып, еңбекшілер депутаттарының Сартөбе ауылдық Советі атқару комитетінің төрағасы Ізбақышев пен секретары Өтепов қол қойған, яғни әкем Сартөбеде мұғалім болып қызмет атқарып жүрген уақытта берілген анықтама құжат бетінде «1943 жылы армияға кетіп 1944 жылы келген. Қазіргі тұрған жері № 11 а/с «Социализм» колхозында мұғалім болып істейді» деп жазылған. Ал 1949 жылғы 13 қыркүйекте толтырылған, мөртаңбасында «ҚазССР Қызылорда облысы Қазалы ауданы еңбекшілер депутаттарының Аранды ауылдық совет АТКОМЫ» деп жазылған, еңбекшілер депутаттарының Аранды ауылдық Советі атқару комитетінің дөңгелек гербтік мөрі басылып, еңбекшілер депутаттарының Аранды ауылдық Советі атқару комитетінің төрағасы Баймаханов пен секретары Әбдіхалықов қол қойған анықтама құжат бетінде «1943 жылы армия қатарына алынып 1944 жылы август айында келді. 1944 жылдан бастап 1947 жылға дейін мұғалім болып істеді. Қазіргі уақытта №9 Аранды аулсоветіндегі оқу үйінің бастығы болып істеп келеді» деп жазылған.
Әкем армияға алынғанда алғашқы болған әскери қызмет орны – 87-жеке (Отдельный Артиллерийский Дивизион) артиллериялық дивизионның (наименование части (учреждения) артиллерия паркінде (наименование подразделения (батальон, рота) делбеші қызметін атқарады. Әкемнің қызыл әскер кітапшасына осы артиллериялық дивизионның дөңгелек гербтік мөрі басылып, командир қол қойған жазбада әкемнің бұл артиллерия паркіндегі атқаратын қызметін «ЕЗДОВОЙ» деп көрсеткен. Әкем бұдан соң Ұлы Отан соғысы кезінде Ленинградта болған 36-запастағы атқыштар бригадасының 389-запастағы атқыштар полкінің 2-батальон 4-ротасына ауыстырылады. Ал әкемнің осы әскери қызмет мерзім уақытындағы соңғы болған әскери қызмет орны – Ұлы Отан соғысы уақытында Ленинградта болған 63-гвардиялық атқыштар дивизиясының 190-гвардиялық атқыштар полкінің 1-атқыштар ротасының атқышы. Әкемнің қызыл әскер кітапшасына бөлімі - 190-гвардиялық атқыштар полкінің дөңгелек гербтік мөрі басылып, командир қол қойған жазбада әкемнің бұл бөлімдегі атқаратын қызметін «СТРЕЛОК» деп көрсеткен. Сонымен бірге әкемнің қызыл әскер кітапшасының «Прохождение службы» бөлімінің бұл мәліметтері әкемнің өмірдегі өзінің қызмет орны – Қазалы аудандық байланыс торабының кадрларды есепке алу бойынша жеке іс парағындағы қызметкердің еңбек жолы туралы мәліметтер бағанындағы «Секретарь правления колхоза им. Жданова Арандинского аулсовета» деген жазбадан бұрын тұрған «Солдат Ленинградского фронта» деген мәлімет көзіне де нақты түсірілген.
Сонымен бірге әкемнің қызыл әскер кітапшасының «Общие сведения» бөлімінің «Место рождения и постоянного жительства. Домашний адрес, фамилия, имя и отчество жены или родителей» деген мәлімет бағанында: «Кзыл-Ординская обл. Казалинский р-н аул №9 к/х им. Жданова» деп көрсетілген. Осымен бірге бұл мәлімет әскери госпитальдің дөңгелек мөрімен куәландырылып Ленинградта әкеме берілген № 188575 санды құжатта да жауынгердің туған жері ретінде түсіріледі. Ал әкем 1944 жылғы августе Ленинград қаласынан Армиядан келгеннен кейін, Қазалы ауданының әскери комиссариатының дөңгелек гербтік мөрі басылып, Қазалы ауданының әскери комиссары 1944 жылғы 4 сентябрьде қол қойған № 0133 санды құжатта Кужахметов Кульгананттың (аты-жөні қызыл әскер кітапшасы бойынша түскен), яғни әкемнің туып-өскен жері «№9 а/с к/х им. Жданова» деп көрсетіледі. Яғни әкем 1944 жылғы августе Ленинград қаласында орналасқан № 268 әскери эвакогоспитальдің медицина қызметінің капитаны Вайсман қол қойған қорытындымен Армия қатарынан елге оралғаннан кейін, өзінің өмірдегі алғашқы саналы еңбек жолы – жұмысын 1944 жылғы августен бастап өзінің туған жері: № 9 Аранды ауылдық Советіне қарасты Жданов атындағы колхоздың басқарма секретары болудан бастаған еді. Осымен бірге Жданов атындағы колхоз әке-шешемнің неке куәліктері бойынша анамның да, яғни неке куәлігінің мазмұны бойынша айтқанда: Азаматша Қоңырбаеваның да туған жері боп көрсетілген. «Неке туралы куәлік» мазмұны бойынша анамның фамилиясы «Некеленуге тіркелгеннен кейінгі фамилиясы Қожахметова» деп көрсетіледі. Тіркелген орны: М.Горький колхозы.
Құжаттарда үнемі әкемнің туған жері болып жазылатын, кейіннен біз дүниеге келетін Энгельс атындағы совхоздың да өмірге келуіне негіз болған, жалпы, туған жер тарихында өзіндік орны бар, аулсоветінің толық аты – Еңбекшілер депутаттарының Аранды аулсоветі (1936 жылғы ССРО Конституциясынан кейінгі 1977 жылы 7 қазандағы ССРО Конституциясы бойынша Халық депутаттарының Аранды аулсоветі болып аталады), құжаттарда әкемнің де, анамның да туған жерлері болып жазылған, себебі олардың кіндік қандары тамған ата-баба топырақтарында совет кезінде ауылшаруашылығын социалистік жолмен қайта құру мақсатында орнаған, № 9 Аранды ауылдық Советіне қарасты Жданов атымен аталатын осы колхоз туралы осы Жданов атындағы колхоздың басқарма председателі Дұрысбаев пен Жданов атындағы колхоздың басқарма секретары Елубаевтың 1947 жылы қолдары қойылып, Жданов атындағы колхоздың дөңгелек мөрі басылып расталған, әкеме берілген «Берілді осы справка ж. Қожахметов Қолғанатқа. Себебі: Бұл жолдас 9 - ауыл Жданов к/хозында тұрады» деген Жданов атындағы колхоздың анықтама құжатының бұрышына басылған колхоздың қазақ және орыс тілдерінде жазылған штампында колхоздың толық атауы «Қызылорда облысы Қазалы ауданы Еңбекшілер депутаттарының Аранды ауылдық советіне қарасты Жданов колхозы» деп көрсетіледі. Ал әкеме 1948 жылы берілген осы Жданов атындағы колхоздың анықтама құжатының мазмұнында «Берілді осы справка Азамат Қожахметов Қолғанатқа. Себебі: № 9 Аранды а/с Жданов атындағы к-зда 1925 жылы туған. Қарауында төмендегі семьясы бар.
1. Әйелі Қожахметова Күлжәмила 1928 ж. туған.
2. Баласы Қожахметов Сәбит 1948 "-".
3. Інісі Қожахметов Баймұрат 1933 "-".
4. Інісі Қарақұлов Байболат 1928 ж. "-".
Бөтен семьясы жоқ. Осының дұрыстығына Жданов атындағы к/з председателі Дұрысбаев Секретары Келмағанбетов» деп қолы қойылып, Жданов колхозының бастықтарының қолы Еңбекшілер депутаттарының Аранды ауылдық Советіне қарасты Жданов колхозының дөңгелек мөрімен расталса, Жданов атындағы колхоздың басқарма председателі Дұрысбаев пен Жданов атындағы колхоздың басқарма секретары Келмағанбетовтің анықтама құжат бетіне қойған қолынан кейін оның астына тағы да бұл анықтама құжат бетіне «к/з председателі Дұрысбаевтың қолын бекітемін. № 9 Аранды а/с председателі Баймаханов Секретары Байдуллаев» деп қолы қойылып, Еңбекшілер депутаттарының Аранды ауылдық Советінің атқару комитетінің дөңгелек гербтік мөрі басылған.
Бұл құжаттағы Сәбит Қожахметов – есімі қазақтың әйгілі жазушысымен аттас қойылған әке-шешемнің тұңғыш перзенттері. 1948 жылы 5 январьда туған әке-шешемнің тұңғыш перзенттері осы айтылып отырған әке-шешемнің өздерінің туып-өскен жерлері – Жданов атындағы колхозда туған. Ал туу туралы куәлігі 1948 жылдың 25 январы күні алынған, яғни куәлік берілген күні. 1947 жылы шыққан (Гознак. 1947) Сәбиттің «Тууы туралы куәлігінің» дерегінде «Баланың туған жері: № 9 Аранды а/с Жданов к/зы» десе, «Тіркелген жері: № 9 Аранды а/с М.Горький к/зы» деп көрсетеді. Ал әке-шешемнің 1950 жылғы 6 мартта туған екінші перзенттері Кеңес Қожахметов М.Горький колхозында туған. 1948 жылы шыққан (Гознак. 1948) «Тууы туралы куәлігінің» ішкі мазмұнында «Баланың туған жері: № 9 Аранды а/с М.Горький к/зы» десе, «Тіркелген жері: № 9 Аранды а/с М.Горький к/зы» деп көрсетеді. Берілген күні 1950 жыл 13 март. Олардың да дүниеге келгенін ескерсек, онда шешемді тоғыз бала туған аналарға берілетін I дәрежелі «Ана даңқы» орденін алған ананың қатарына да есептеуге болады.
1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына СССР-дің Қарулы Күштерінің қатарында қатысушы ретінде «1941–1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске жиырма жыл», «ССРО Қарулы Күштеріне 50 жыл» медальдары және Ұлы Отан соғысының барлық тікелей қатысушыларына берілген, тысқы бетіне «Вооруженные Силы СССР» деп жазылған куәлік құжатының ішкі бетіне «За доблесть и отвагу в Великой Отечественной войне» деген сөздер түсіріліп, оның астына ССРО Қорғаныс министрі Кеңес Одағының Маршалы А. Гречконың қолы қойылған «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 25 жыл» төсбелгісімен марапатталған әкеме Қазақстан Компартиясы аудандық комитеті мен еңбекшілер депутаттарының аудандық Советінің атқару комитеті өзінің Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 30 жылдық мерекесіне арнаған құттықтауында «Өз Отанымызға терең сүйіспеншілік, фашист басқыншыларына қарсы өшпенділік Сізді болаттай берік етті, шыңдады, ерлікке бастады. Ұлы Жеңіске – 30 жыл! Сіз осы жылдар бойы бейбіт еңбекке араластыңыз. Ерен еңбегіңізбен соғыс салған жарақатты жаздыңыз. Қазақстан Компартиясы аудандық комитеті мен еңбекшілер депутаттарының аудандық Советінің атқару комитеті мерейлі мереке – Жеңістің 30 жылдығымен Сізді тағы да қызу құттықтап, өзіңізге, семьяңызға ұзақ өмір, таусылмас бақыт, еңбекте биік табыс тілейді» деп жазды.
Нақ осындай құттықтау Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 30 жылдығына байланысты біздің отбасының тағы да бір мүшесі, соғыс кезінде колхоз жұмысында еңбек еткен жан, соғыс қимылына кірген жауынгердің жесірі, артындағы семьясы – әжеме де арналып жазылды. Асанның Мәметегінен шыққан әжем Бәйкенқызы Жәніке Оразбай келінінің (анамның анасы, 1978 жылы дүниеден қайтты) жұбайы Оразбаев Қоңырбай (анамның әкесі, шыққан тегі, сүйегі – Кіші жүздегі Кете руы) – ұрыс даласында хабарсыз кеткен солдат. Ол жайлы 90-жылдардағы деректе «№9 ауылдық кеңесте 1900 жылы туған. Артиллерист ретінде соғысқа қатысқан. 1942 жылы желтоқсанда ұрыс даласында хабарсыз кеткен» деп жазды. Сонымен бірге үлкен әкем Бекейұлы Қожахметтің туған екі інісі, ағайынды Бекеевтер: Қожақ пен Қожабай да Ұлы Отан соғысына қатысып, хабарсыз кеткен солдаттар. Екеуі де үйленген жігіттер, арттарында бір-бір қыздары қалған. Шешемнің айтқан әңгімесінде: Қожақтың қызының есімі Алмашау, Қожабайдың қызының есімі Сәлипа болған.
Қызылорда облысы басшылығы – Қызылорда облысының партия комитеті мен еңбекшілер депутаттары Қызылорда облыстық Советінің атқару комитеті әжеме жазған құттықтауында «Бүгін Ұлы Отан соғысына қатысқандарды еске ала отырып, біз Сізбен және басқа да туғандарыңызбен бірге Отан үшін өзінің қыршын өмірін қиған азаматтың жарқын өміріне, ерлігіне бас иеміз. Сізге жақын адамның өмірі, өшпес ерлігі халқымыздың есінде мәңгі сақталады. Сіздерді Жеңіс мерекесімен құттықтаймыз! Сіздердің семьяларыңызда баянды бақыт орнасын!» деді. Ал Қазалы ауданы басшылығы – Қазалы ауданының партия комитеті мен еңбекшілер депутаттары Қазалы аудандық Советінің атқару комитеті әжеме құттықтауында «Оның өмірі қысқа болса да өнегелі өмір болды. Ол Отанды, елді сүюдің жарқын үлгісін көрсетті. Сіздің оттың басы қайғы-қасірет атаулыны әрқашан көрмейтін болсын!» деді.
Әкем жоғары немесе арнаулы орта білім ала алған жоқ. СССР-дің білім беру жүйесінің дамуын көрсететін «Жалпыға бірдей міндетті бастауыш білім беру туралы» 1930 жылдың ішінде қабылданған қаулыларының негізінде 1930-1931 оқу жылынан бастап СССР-дің барлық жерінде балаларға жаппай міндетті бастауыш білім беруді енгізу жүктелді. Осы қабылданған қаулыларға байланысты 8-9-10 жастағы барлық ер балалар мен қыз балалар 1930 жылдың күзінен бастап СССР-дің барлық жерінде міндетті түрде 4 жылдық бастауыш мектеп көлемінде білім алуға тиісті болды және 11-15 жастағы ер балалар мен қыз балаларды 1930-1931 оқу жылынан бастап жалпыға бірдей міндетті оқытумен қамту жоспарланды. Қабылданған қаулы бойынша балаларды мектепте міндетті түрде оқытудың жауапкершілігі олардың ата-анасына жүктелді. Сонымен бірге 1934 жылғы 15 мамырда мектептердің әр типтілігін жою мақсатында қабылданған «Бастауыш және орта мектептер құрылымы туралы» қаулы негізінде СССР-дің барлық аумағында жалпы білім беретін мектептердің бірыңғай түрі енгізілді. Бастауыш – 4 сынып, толық емес орта – 7 сынып, толық орта – 10 сынып. Бірыңғай мектеп жүйесі бірыңғай оқыту бағдарламасын, бірыңғай әдістемелік жүйені, бірыңғай оқулықтардың болуын талап етті.
Өз ұлтының санасына ықпал етіп, өзінен озық халықтарды қуып жетуге талпыныс жасаған сол кезгі қазақ зиялы қауым элитасы қуана қарсы алған 30-жылдардағы жалпыға бірдей білім беру шарасы туралы айтқанда Балғожа бидің оқуда жүрген немересі, талпынған шәкірт, кейінгі болашақ ұстаз, қазақ әдебиеті пәнінің атасы Ыбырайға жазған мына жыры еске түседі:
Шырағым, мұнда жүрсең, не етер едің,
Қолыңа құрық алып кетер едің.
Тентіреп екі ауылдың арасында
Жүргенмен, не мұратқа жетер едің?!
Ұлттық республикаларда әсіресе жаппай білім беру ерекше тез қарқынмен дамыды. Мысалы, 1929-1930 жылдармен салыстырғанда 1938-1939 жылдарда ауыл мектептерінің 5-7-сыныптарында оқып жүрген баланың саны он еседей көбейген.
Мектептерге мұғалім кадрларын дайындап шығару мақсатында 30-жылдарда педкурстар мен педтехникумдардың желісі артты. Осы кезеңде Қазақстанның бірнеше қалаларында пединституттар жұмыс істеді. Осыған нақты мысал ретінде айтар болсақ, 1988–1999 жылдар арасында өзіміз де Сыр бойындағы осы жоғары оқу орнының студенті атанып, оқу орнының қабырғасындағы белгілі ғалым ұстаздардан дәріс тыңдау кезінде осы жоғары оқу орны қабырғасындағы есімдері белгілі ғалым ұстаздардан – есімі белгілі тарихшы ғалым, кейіннен Қызылорда облысында тұңғыш рет тарих ғылымдарының докторы атанған профессор, ұстаз оқытушы Өтеубай Қожақұлынан («Тарих және қоғамтану» пәндері, Қызылорда пединститутының жанындағы жеті айлық, кешкі, ақылы дайындық курсында) және де есімі белгілі филолог, тілші-ғалым профессор ұстаздар Әли Байжолов, Медеуәлі Бимағанбетов, Жеңіс Сәдуақасовтардан және есімдері белгілі филолог мамандар, әдебиеттанушы ғалым ұстаздар, «Қазақ әдебиетінің тарихы» пәнінен дәріс оқыған кафедра меңгерушісі, ғалым Темірхан Тебегеновтен, «Қазақ әдеби сынының тарихы» пәнінен дәріс оқыған ғалым Тоқболат Еңсегенұлынан, «Әдебиет теориясы» пәнінен дәріс оқыған «Қазақ филологиясы және тарих» факультеті деканы, ғалым Бағдат Кәрібозұлынан және есімі белгілі саясаттанушы ғалым, ұстаз, декан Мұрат Бақтиярұлы басқарған «Тарих және құқық» факультетіндегі белгілі құқықтанушы ғалым, «Құқықтану» кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты, «Саяси және құқықтық ілімдер тарихы», «Мұсылмандық құқық», «Мемлекет және құқық теориясы» пәндерінен дәріс оқыған белгілі ұстаз, оқытушы профессор Мұстафа Матаевтардан дәріс тыңдаған Н.В. Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институты (кейіннен Қорқыт Ата) осы 30-жылдар ішінде Қазақстанға Қиыр Шығыстан кәріс ұлтын депортациялау кезінде 1937 жылы Қызылорда қаласына Қиыр Шығыстан көшіп келген Корей педагогикалық институтының негізінде Қызылорда педагогикалық институты болып ашылған туған өңіріміздегі іргелі жоғарғы оқу орны болатын. 1937-1941 жылдар арасында осы Қызылорда пединститутының жанында онымен бірге мұғалімдер институты да қатар жұмыс істеген. Ал 1941-1945 жылдар арасындағы тарихында соғыс уақытында СССР-дің еуропалық аумағынан эвакуацияланған Киев, Харьков университеттері осы Қызылорда қаласына көшіп келіп, біріккен Украина мемлекеттік университеті реэвакуацияға дейін осы Қызылорда пединституты негізінде жұмыс істеп, университет ғалымдары ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындаған. Ал 1952 жылғы тарихында бұл оқу орнына жазушы Н.В. Гогольдің есімі берілген. Ал 1992 жылы Н.В. Гогольдің атындағы Қызылорда педагогикалық институты Қорқыт Ата атындағы Қызылорда педагогикалық институты болып қайта аталды. Ал 1996 жылғы мамырда Қорқыт Ата атындағы Қызылорда педагогикалық институты Қорқыт Ата атындағы Қызылорда гуманитарлық университеті болып қайта құрылды. Ал 1998 жылғы наурызда Қорқыт Ата атындағы Қызылорда гуманитарлық университеті Қызылорда қаласының Ыбырай Жақаев атындағы Қызылорда политехникалық институтымен бірігіп, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті болып қайта құрылды.
30-жылдар ішінде пединституттардың жанынан құрылған екі жылдық мұғалімдер институтында жеті жылдық мектептер үшін мұғалім кадрлары дайындала бастады. Ондай екі жылдық институтты бітірушілерге аяқталмаған жоғары білімді деген диплом берілді. Сонымен бірге осы 30-жылдар ішінде, 1938 жылы орыс тілін оқытудың міндеттілігі туралы қаулы қабылданды. Қаулы бойынша қазақ мектептеріне де орыс тілін оқытудың қатаң тәртібі бекітілді. Осы жылдар ішінде оқуға тартылған қазақ қыздарының саны өсті. Егер 1940 жылы Қазақстанда жалпы білім беретін мектептерде 44597 мұғалім қызмет істесе, оның 17,5 мыңы қазақ әйелдері еді. Осы кезде білім берудің сапасы айтарлықтай жақсарды, мұғалімнің ролі артты. Жалпы алғанда, 1920-1940 жылдардың арасындағы әр саладан маман кадрлар дайындау ісіндегі жетістіктер арқылы, оның ішінде жергілікті ұлттан кадрлар дайындалды, сол кезгі қазақ қоғамының мәдени бейнесіне мүлде өзгеріс енді.
1940-1941 оқу жылында дерек бойынша Қазақстандағы жалпы білім беретін мектептерде оқып жүрген баланың саны 1 млн. 145 мың 993 оқушы болса, оның ішінде 441 мыңы қазақ баласы еді. Бұл 1925 жылмен салыстырғанда 6 есеге өскен.
Әкем де өзінің 1963 жылы мамырдағы Қазалы аудандық байланыс торабының кадрларды есепке алу бойынша жеке іс парағындағы өз қолымен жазған өмірбаянында мен, Қожахметов Қолғанат, 1925 жылы Қызылорда облысы Қазалы ауданы Аранды аулсоветіне қарасты бұрынғы Жданов атындағы колхоз, қазіргі Энгельс атындағы совхозда тудым. Әкем Қожахмет 1934 жылы қайтыс болды, анам Ұлболсын 1942 жылы қайтыс болды. Өзім 1942 жылға дейін Аранды аулсоветіне қарасты М.Горький мектебінде оқып, 1942 жылы сол мектепті жеті класс біліммен бітіріп шықтым, кейіннен Аранды аулсоветіндегі қазақ орта мектебінің кешкі бөлімі арқылы тоғыз класс білім алдым деп жазады. Сондықтан әкем 1963 жылы мамырда Энгельс атындағы совхоздың байланыс бөлімшесінің бастығы қызметіне қабылданарда құжатта өзінің оқыған оқуын алған білімім 9 класс деп көрсетеді.
Әкем одан әрі өзінің өмірбаянында өзінің өмірдегі алғашқы еңбек жолын 1944 жылдың тамызынан 1944 жылдың желтоқсанына дейін Аранды аулсоветіне қарасты Жданов атындағы колхоздың басқарма секретары болудан басталғанын жаза келіп, 1963 жылғы мамырға дейінгі істеген қызметтерін тізбелеп жазып көрсетеді. Осымен бірге ол қызметтер құжаттағы қызметкердің еңбек жолы туралы мәліметтер бағанында да әкемнің Армияда болған кезінен бастап тағы да тізбеленіп көрсетілген. Сонымен бірге ол қызметтерге тағайындалудың құқықтық, заңдық негізі – қызметтерге тағайындалу жөніндегі берілген бұйрықтар мен сол бұйрықтарды берген лауазым иелерінің аты-жөндері көрсетіліп тұрған, Қазалы ауданындағы Мемлекеттік нотариус қызметкерінің «ҚазССР Қызыл-Орда облысы, Қазалы аудандық Мемлекеттік нотариус конторы» деп жазылған дөңгелек елтаңбалық мөрі басылып куәландырылған ақ параққа машинкамен теріліп басылған әкемнің еңбек кітапшасының көшірмесі де 1963 жылы мамырда толтырылған Қазалы аудандық байланыс торабының кадрларды есепке алу бойынша жеке іс парағына қоса тігілген. 1963 жылы мамырдағы отбасы жағдайы: әйелі Қожахметова Күлжәмила 1928 жылы туған, балаларының үлкені 10 жаста, одан кейінгісі 7 жас, одан кейінгісі 4 жас, ең кішісі Ғабдол 2 жаста деп көрсетіледі. Әскери міндеттілігі әскери міндеттен босатылған, СССР халықтары тілін білуі орыс тілін біледі деп көрсетеді. Адресіне Қазалы ауданы Аранды а/с Энгельс атындағы совхоз көрсетіліп, сонан соң әкемнің қолы қойылады. Сол секілді, 1957 жылдың 6 наурызы күні Қазалы аудандық милиция бөлімі берген №602125 номерлі төлқұжатын ауыстыру негізінде де Қазалы аудандық Советі атқару комитетінің милиция бөлімі 1967 жылдың 16 мамыры күні берген паспортында да «Әскерлік қызметке қатынасы міндеті емес», «Әлеуметтік жағдайы қызметкер» деп көрсетіледі.
Әкем сосын 1965 жылы Қазалыдан кешкі мектеп арқылы орта білім алады. Бұл туралы 1965 жылдың 16 июнь күні берген орта білім туралы аттестатында «Кешкі жұмысшы жастар мектебінің он бірінші класын толық бітіріп шықты» дейді. Әкемнің 1954-1957 жылдар арасында № 9 а/с М.Горький атындағы қазақ орта мектептің кешкі бөлімі арқылы 9 класс білім алғаны жайындағы мәлімет те, сосын 1965 жылы Қазалыдағы кешкі мектеп арқылы толық орта білім алғаны жайындағы мәлімет те әкемнің 1963 жылғы мамырда толтырылған Қазалы аудандық байланыс торабының кадрларды есепке алу бойынша жеке іс парағындағы қызметкердің білімі жайындағы мәліметтер бағанына нақты түсірілген.
Сонымен бірге әкемнің білімі жайлы өзге де құжаттарының ішінде 1942 жылы 23 августе «Қызылорда облысы Қазалы ауданы №9 а/с қарасты М.Горький мектебі» берген оқушылық «Мақтау грамотасы» мен сол жеті кластық білімі жайлы 1954 жылы 9 августе «Қызылорда облысы Қазалы ауданы №9 а/с М.Горький атындағы қазақ орта мектебі» берген «Дубликат» куәлігі бар.
Әкемнің 1942 жылғы 23 август күні №9 а/с қарасты М.Горький мектебі берген №6 санды «Мақтау грамотасына» басылған мөрінде екі тілде «ҚССР Қызылорда облысы Қазалы ауданы еңбекшілер депутаттарының Аранды ауылдық совет аткомы» деп жазылған, грамотаның жоғары бөлігіне кеңестік көсемдер В.И. Ленин мен И.В. Сталиннің бейнесі бейнеленген және грамотаның жоғары бөлігіне Қазақстанның гербі салынған, гербтің үстіңгі жағына «ҚССР Оқу халық комиссариаты» деп жазылған оқушылық «Мақтау грамотасында» «Қызылорда облысының Қазалы ауданы № 9 Аранды аулсоветіне қарасты М.Горький мектебінің жетінші класс оқушысы Қожахметов Қолғанатқа өте жақсы оқып, үлгілі тәртіпті болғандығы үшін берілді. Мектеп меңгерушісі З. Асанова» деп қолы қойылып, мектеп меңгерушісінен кейін тағы да екі ұстаздың қолы қойылған. Ал 1954 жылғы 9 август күні №9 а/с М.Горький атындағы қазақ орта мектебі берген, куәлікке басылған мөрінде казақ және орыс тілдерінде «ҚССР, Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, М.Горький атындағы қазақ орта мектебі» деп жазылған, куәліктің жоғары бөлігінде салынған Қазақстан гербінің астыңғы жағында «Қазақ ССР-нің Оқу министрлігі» деп жазылған, куәліктің бетіне КСРО-ның гербі бейнеленген, құжатқа «Дубликат» деп жазу түскен жеті кластық білімі жайлы «Дубликат» куәлігінің мазмұнында «Қожахметов Қолғанат 1925 жылы туған. Ол Қызылорда облысы Қазалы ауданы №9 а/с М.Горький атындағы қазақ орта мектепте оқып, сол мектептің жеті класын бітіріп, барлық емтиханнан өтті. Мінез-құлқы өте жақсы болып, оқылған пәндерден білімі төмендегідей бағаланды» деп куәліктің бетінде көрсетіліп қойылған он алты пәннің он үш пәнінің тұсына жақшаға алынған санмен және жақшаның сыртына сөзбен бағалары қойылып, ал қалған үш пәннің тұсына – сурет, ән-күй, шет тілі пәндерінің тұсына баға қойылмай, тек сызықша белгісі қойылған.
Жоғарыдағы 1954 жылы «№9 а/с М.Горький атындағы қазақ орта мектебі» делініп отырған бұл мектеп – өзінің бұрыңғы тарихында 1958-ге дейін «М.Горький атындағы қазақ орта мектебі» аталған, 1958-ден 1989-ға дейін «Жданов атындағы қазақ орта мектебі» аталған, толық орта білім беретін мектеп болғанына 2017 жылы 70 жыл толған – қазіргі Қызылорда облысының Қазалы ауданының Қожабақы ауылындағы «№25 орта мектебі».
Менің бұдан бұрынғы жазылған «Мектебім – ауылымның мақтанышы» атты мақаламда (25 маусым, 2017 жыл) осы туған жердегі мектеп туралы «1994–2002 жылдардың арасында осы күнгі 70 жасқа толып отырған Қожабақы мектебінде әдебиет, құқық, тарих пәндерінің мұғалімі болдым» деген жолдар бар. Енді сол мектепті содан 50 жылдан аса уақыт бұрын, яғни 1942 жылы толық емес орта біліммен (жеті класс білім) бітіріп шыққан әкеме 1954 жылы 9 тамызда берілген осы жеті кластық білімі жайлы «Дубликат» куәлігінде сол пәндерден қандай бағалар қойылды екен дегенде, әкемнің 1954 жылғы 9 августе «М.Горький атындағы қазақ орта мектебі» берген жеті кластық «Дубликат» куәлігінде бұл пәндерден: «Қазақ тілі мен әдебиеттік оқу «(5) бес», Тарих «(4) төрт», «ССРО Конституциясы» «(4) төрт» деген бағалар қойылған.
Оқушы баланың бойына биік эстетикалық талғам қалыптастырып, өнер туындысындағы әсемдікті танып ұға білуге үйрететін, баланың кітапқа деген ынтасын оятып, оқырман ретінде мәдениетін тәрбиелейтін, тарих, тіл білімі, музыка, эстетика сияқты салалармен байланысты, әрі өнер, әрі ғылым ретінде ерекшеленетін пән – орта мектептің қабырғасында оқытылатын әдебиет пәнінің оқытылу тарихы жөнінде мамандар 1927 жылға дейін әдебиет пәні жеке пән ретінде саналған жоқ, ол кеңестік идеологияны орнықтырушы қоғамтану құралы ретінде оқытылды. Қазақ әдебиетінің пән ретіндегі жолы 30-жылдардан басталады. 1937-1938 жылы ана тілі мен қазақ әдебиетінің бағдарламасы жасалып, соның негізінде оқулықтар жазылды. 5-10-сыныптарға арналған бағдарламада мектепте әдебиетті оқыту – 5-7-сыныптар үшін «Әдебиеттік оқу», 8-10-сыныптарға «Тарихи әдебиеттік курс» деген атпен беріліп, екі сатыға салынып көрсетілді. 1939-1940 оқу жылын қазақ әдебиетінің пән ретіндегі қалыптасқан мерзімі деп санаймыз деп жазса, ал тарихтың оқытылуы жөнінде мамандар 30-жылдарда тарихи білім берудің жайы өзгере бастады. Тарихты жеке пән ретінде қалпына келтірумен сипатталатын тарихи білім берудің жаңа кезеңі басталды деп жазған еді. Сонымен бірге Ұлы Отан соғысының кезеңінде әдебиет пен тарихты оқытудың өзіндік ерекшелігі болды. Ол, ең алдымен, оқытудағы тәрбиелік мақсаттарға баса мән берумен айқындалды. 1941-1942 оқу жылынан бастап әдебиет пен тарихты оқытуда патриоттық тәрбиеге ерекше мән берілді. Мұғалім сабақта оқушыларды Ұлы Отан соғысында сөзсіз Жеңіске жететініне сендіруге тиіс еді. Ұлы Отан соғысы сол кезгі мектептер үшін де үлкен сын болды. Сол кезгі мектептер ол сынақтан сүрінбей өтті. Оған сол мектептерден тәрбие алып шыққан мыңдаған жастардың майдандағы жанқиярлық ерлігі, олардың өз идеалдарына берік болғандығы, майданда да, тылда да тәртіп пен ұйымшылдықтың үлгісін көрсете білгені дәлел болады деп көрсетіледі деректерде.
Ал ССРО Конституциясы социалистік қоғамның ертеңгі саналы және белсенді құрылысшылары болғалы тұрған оқушы жастарды ертеңгі мемлекеттік органдардың, еңбекшілердің қоғамдық ұйымдарының қызметіне белсенді қатысуға дайындау мақсатында кеңестік мектептерде оқушы жастарға оқытылды. Ол 1936-1937 оқу жылының аяғына дейін-ақ мектептердің оқушыларына егжей-тегжейлі таныстырылды. Ал 1937-1938 оқу жылынан бастап 7-сыныптарға дербес пән ретінде енгізілді. Ол бұл сыныпта 1958 жылға дейін оқытылды. Онда оқушылар басқа да құқықтық тақырыптармен бірге совет азаматтарының негізгі құқықтары мен міндеттері туралы оқып зерделеді. Сонымен бірге азаматтардың Конституциядағы құқықтары туралы «Оқу оқы, білім ап, Жөн ал деген осы заң. Еңбек ет те, міндет ет, Демал деген осы заң» деп жырлаған еді қазақ ақыны – Жамбыл ақын да сол кезеңде. Себебі бұрынғы кеңестік құқықтың тарихында 1936 жылғы 5 желтоқсанда ССРО-ның екінші Конституциясы қабылданған болатын және осы Конституцияның 13-бабына сәйкес он бір одақтас республиканың бірі ретінде (1936 жылдың 5 желтоқсанында ССРО құрамындағы республикалардың саны он бір, 1940 жылдан он алты, 1956 жылдан он бес) Қазақстан Одақтың субъектісі дәрежесіне көтеріліп, одақтас республикаға айналды және осыған байланысты 1937 жылдың 26 наурызында оның жаңа Конституциясы қабылданды. Жалпы, қабылданған советтік Конституциялардың баптарында демократиялық мазмұны бар құқықтар мен бостандықтар жария етілген болатын, бірақ оның көпшілігінің жай формалдық қана мәні болды деп айтылады. Мысалы, саяси құқықтар (сайлану құқығы, мемлекеттік органдарда қызмет етудің баршаға бірдей тең құқығы, сөз бостандығы т. б.). Сол сияқты, 1937-1938 жылдардағы кең көлемде жүргізілген қуғын-сүргін кезінде адамдар заңсыз жазаланды. Атылды, қамалды, жер аударылды. Ал білім алу, еңбек ету, денсаулықты қорғау құқықтары нақты шындыққа айналды деп атап көрсеткен болатын қазақтың белгілі құқықтанушы ғалым мамандары Тәуелсіздік тұсында.
Әкем 1963 жылдың 20 мамырынан бастап жоғарыда айтылған Энгельс атындағы совхоздың байланыс бөлімшесінің бастығы қызметіне Қазалы аудандық байланыс торабының берген бұйрығымен қабылданады. Совхоз құрылған 1963 жылы Энгельс атындағы совхоздың байланыс бөлімшесінің әлі өз алдына дербес ғимараты бола қоймаған еді. Ол ауылдық Советтің кеңсесінің ішінде орналасқан екен.
Әкем 1965 жылдың 14 наурызы күнгі болған сайлауда № 12 «Социализм» сайлау округінен жергілікті Советке – Қазақ ССР Қызылорда облысындағы Қазалы ауданының еңбекшілер депутаттарының Аранды ауылдық Советіне депутаттыққа сайланады. Бұл осы 1965 жылдың наурыз айында әкемнің атына берілген, тысқы мұқабасында «Депутат болып сайланғаны туралы КУӘЛІК» деп жазылған, округтік сайлау комиссиясының председателі және округтік сайлау комиссиясының секретары қолдарын қойып, еңбекшілер депутаттарының Аранды ауылдық Советінің атқару комитетінің дөңгелек гербтік мөрі басылған әкемнің депутаттық куәлігінде көрсетілген. Әкемнің депутаттық куәлігінің ішкі бетінде:
«№ 12 «Социализм» сайлау округінің округтік сайлау комиссиясының дауыс беру протоколына және «Қазақ ССР еңбекшілер депутаттарының өлкелік, облыстық, аудандық, қалалық, поселкелік, селолық және ауылдық Советтерін сайлау туралы Ереженің» 112 және 113-статьяларына сүйеніп, еңбекшілер депутаттарының Аранды ауылдық Советін сайлау жөніндегі округтік сайлау комиссиясы Қожахметов Қолғанат жолдастың 1965 жылы 14 март күні Қазақ ССР Қызылорда облысы Қазалы ауданындағы еңбекшілер депутаттарының Аранды ауылдық Советіне № 12 «Социализм» сайлау округінен депутат болып сайланғандығын куәландырады» деп округтік сайлау комиссиясының председателі мен округтік сайлау комиссиясының секретары қол қойып, еңбекшілер депутаттарының Аранды ауылдық Советінің атқару комитетінің «ҚазССР Қызылорда обл. Қазалы ауд. Е/депутат. Аранды аулсовет аткомы» деп жазылған дөңгелек гербтік мөрі басылған.
Ал әкем, жалпы, оның алдында да – 50-жылдардың ішінде де жергілікті Советке – Қазақ ССР Қызылорда облысының Қазалы ауданындағы №9 Аранды ауылдық Советіне 1947 жылдан бастап 1959 жылға дейін де қатарынан 12 жыл депутат болып сайланған болатын. Оның жылдары әкемнін өзінің қызмет орны – Қазалы аудандық байланыс торабының кадры ретіндегі кадрларды есепке алу бойынша жеке іс парағындағы қызметкердің сайланбалы органдарға қатысуы жөніндегі мәліметтер бағанында нақты көрсетілген. Мысалы, соның бірі әкемнің 1953 жылдың 1 наурызы күні болған сайлауда № 8 «Теріскенді» сайлау округінен Қазақ ССР Қызылорда облысы Қазалы ауданындағы еңбекшілер депутаттарының № 9 Аранды ауылдық Советіне депутаттыққа сайланғандығы туралы еңбекшілер депутаттарының Аранды ауылдық Советінің атқару комитетінің дөңгелек гербтік мөрі басылып, округтік сайлау комиссиясының председателі мен округтік сайлау комиссиясының секретары қол қойған, тысқы мұқабасына «Депутаттыққа сайланғандығы туралы КУӘЛІК» деп жазған әкемнің депутаттық куәлігінде де көрсетілген. Сонымен бірге әкемнің өзінің қызмет орнындағы 1963 жылғы мамырда толтырылған Қазалы аудандық байланыс торабының кадрларды есепке алу бойынша жеке іс парағындағы қызметкердің сайланбалы органдарға қатысуы жөніндегі мәліметтер бағанында әкемнің жоғарыда аталған 1965 жылғы 14 наурыз күні еңбекшілер депутаттарының Аранды ауылдық Советіне № 12 «Социализм» сайлау округінен депутат болып сайланғаны туралы мәлімет те нақты түсірілген.
Енді 60-жылдардағы қазақ жеріндегі байланыс саласы жұмысының дамуы туралы нақтырақ білу үшін егер дереккөзіне жүгінетін болсақ, 1954 жылғы 25 желтоқсанда КСРО Байланыс министрлігінің Уәкілетті Басқармасы ҚССР Байланыс министрлігі болып қайта құрылып, Пошта байланысы мен Электр байланысы осы министрліктің бірыңғай «Байланыс» саласын құрды. 1950-1960 жылдарда қазақ жерінде де Электр байланысының техникалық құралдары мен телевизияны пайдалану басталды. Егер қазақ жерінде 20-ғасырдың басында 250, ал 1930 жылдың басында 1250 пошта-телеграф кәсіпорны, ал 1940 жылы 1987 байланыс кәсіпорны, ал 1950 жылы 2438 пошта кәсіпорны болса, ал біз қарастырып отырған 60-жылдардың ортасынан бастап Қазақстанда толыққанды қызмет көрсететін 4000 байланыс бөлімшесі жұмыс істеді. ҚССР Байланыс министрлігінің Қызылорда облысындағы Қазалы аудандық мекемесіне қарасты Энгельс атындағы совхоздың байланыс бөлімшесінің де осы соңғы көрсеткіште көрсетілген санның ішіне кіретіні белгілі. Республиканың пошта байланысы осы кезеңде тиімділікпен жұмыс істеді, бірақ барлық табыс электр байланысын дамытуға жұмсалды. Қаржының өсуі, қазіргі заманғы техниканы енгізу 60-жылдардың екінші жартысына қарай байланыстың әр түрін дамытуға мүмкіндік берді. Қалалық телефон станцияларының қызмет көрсету дәрежесі екі есе ұлғайды. Хат-хабарларды өңдеуді механикаландыру мен автоматтандырудың нәтижесінде хат, газет-журналдарды жеткізу елеулі жылдамдады. 60-жылдардың ішінде факсимилді байланысты енгізу басталды, соның көмегімен байланыс желісі арқылы құжаттарды, сурет, фото, сызбалар мен газеттерді жіберу жүзеге асырылды. 1970 жылғы сәуірде Мәскеуден Алматыға дейін алғашқы газет жолдары фототелеграф арқылы жіберілді. 1970 жылға қарсы телевизия Қазақ елінің барлық облыстарына дерлік енді. 1970 жылы барлық совхоз, колхоздар, ауыл кеңестерді телефондандыру аяқталды. Бұл барлық желіні бірыңғай автоматтандыруға ауыстыруға мүмкіндік берді. Қалааралық байланыс та автоматты қызмет көрсету әдісіне көшірілді деп көрсетеді дереккөздері.
Әкем 1967 жылдың қараша айында Қазалы ауданының Энгельс атындағы совхозының байланыс бөлімшесіндегі жұмыстарында социалистік жарыс жолындағы Ұлы Октябрь социалистік революциясының 50 жылдығы құрметіне алған социалистік міндеттемелерін табысты орындап шыққаны үшін Қызылорда облыстық байланыс басқармасының бастығы В. Мамонтов пен Байланыс қызметкерлерінің кәсіподағы Қызылорда облыстық комитетінің төрағасы В. Латутиннің қолдары қойылған Қызылорда облыстық байланыс басқармасы мен Байланыс қызметкерлері кәсіподағы облыстық комитетінің «Құрмет грамотасымен» марапатталады. Ал 1968 жылдың 30 сәуірі күні әкемнің есімі Энгельс атындағы совхоздың байланыс бөлімшесіндегі жұмыстарында социалистік жарыс жолындағы жоғары өндірістік көрсеткіштері үшін үздік байланыс қызметкері ретінде Қазалы аудандық байланыс торабының Құрмет тақтасына жазылады. Бұл жөнінде толтырылған «Социалистік жарыста жоғары өндірістік көрсеткіштерге жеткені үшін Қазақ ССР байланыс қызметкерлерінің Құрмет тақтасына жазылғаны туралы» деген куәлік құжатқа сол кезгі Қазалы аудандық байланыс торабының бастығы Ж. Шүренов қол қойып, «ҚССР Байланыс министрлігінің Қызылорда облысындағы Қазалы аудандық мекемесі» деп жазылған дөңгелек гербтік мөрі басылған. Ал 1970 жылдың 14 сәуірі күні әкемнің атына В. И. Лениннің туғанына 100 жыл толуы құрметіне Энгельс атындағы совхоздың байланыс бөлімшесіндегі табысты жұмыстары үшін Қазалы аудандық байланыс торабының бұйрығымен алғыс жарияланып, «Социалистік жарыстың жеңімпазы» жалаушасы табысталады. Ал 1974 жылы әкемнің атына Энгельс атындағы совхоздың байланыс бөлімшесіндегі табысты жұмыстарына орай Қазалы аудандық байланыс торабының бұйрығымен алғыс жарияланып, аудандық байланыс торабының «Құрмет грамотасы» беріледі. Ал 1976 жылы әкем Энгельс атындағы совхоздың байланыс бөлімшесіндегі табысты жұмыстары үшін Қазалы аудандық байланыс торабының «Құрмет грамотасымен» марапатталып, аудандық байланыс торабының бағалы сыйлығы табысталады. Мұның бәрі тиісті бұйрықпен көрсетілген. Осымен бірге осы уақыт аралығында әр кезеңдерде әкемнің атына Энгельс совхозының байланыс бөлімшесіндегі табысты жұмыстары үшін Қазалы аудандық байланыс торабының көптеген алғыстары жарияланғаны және де бірнеше рет ақшалай және бағалы сыйлықтарының берілгені туралы да еңбек кітапшасына жазылған.
«Совхоз үй сала бастады» деп ілгеріде айтылғандай, сол кезде әкемнің жұмыс істеген орны да, кеңсесі де – совхоз салған байланыс бөлімшесінің ғимараты да біздің үйге қарама-қарсы, көшенің қарсы бетіне орналасқан болатын. Бұл – орталық көше. Көшеге кезінде Ленин есімі берілген. Кейін Темірбай Емешов есімі берілді. Бұдан бұрын жазылған «Байланыс бөлімшесі» әңгімесіндегі ғимарат сол болатын. Бұл – ауыл орталығы. Егер үйден аулаға шығып-ақ, көше жақ беткейге көз тастасаңыз, совхоздың орталық мекемесінің барлығы да көзге көрініп тұрар еді. Анадай жерде, көшенің қарсы бетінде мәдениет Үйі ғимараты, оған қарама-қарсы бетте мектептің интернаты, оның жанында ауылдық Кеңес кеңсесінің үйі, кітапхана да сонда орналасқан. Оған қарсы бетте жағалай жапсарлас салынған дүкендер – шаруашылық заттар, мәдени заттар, азық-түлік дүкені және осы жерге байланыс бөлімшесінің кейінгі ғимараты салынған. Ал киімдер дүкені байланыс бөлімшесінің бұрынғы үйінің жанында болды. Және де сол жерде орналасқан тұрмыстық қызмет көрсету үйі, жинақ кассасы және автобус аялдамасы, ал мына жақта жазғы клуб үйі, балабақша және мектеп және Энгельс кеңшарының кеңсесі көзге көрініп тұрады. Қызылорда облысының Қазалы ауданына қараған Энгельс атындағы совхоздың орталығы – осы.
***
Жалпы, бұдан бұрын жазылған әңгімелердегі оқиға, мазмұн сол өмірде болған немесе адамдардың айтқан қалпынан еш өзгертілмей берілгенімен, адамдарының есімдері өзгертіліп алынған болатын. Мысалы, «Солдаттың анасы» әңгімесіндегі солдат, «Шай үстіндегі әңгімедегі» Саттар, «Асанның Мырзабайы» әңгімесіндегі Сабыр – бәрі бір адам. Өзімнің екінші ағам. Үлкен ағама қазақтың белгілі жазушысы Ғабит Мүсіреповтің есімі берілген. Одан кейінгі ағама қазақтың белгілі жазушысы Ғабдол Слановтың есімі қойылған. Бірінші әңгімедегі оқиғада 1981–1983 жылдардың арасында Тәжікстанның Ленинабадында өз Отаны алдындағы әскери міндетін өтеп жүрген кезі. Сонда шешем уайымдап отырған болатын. ССРО Қарулы Күштерінің қатарында әскери қызмет атқару – совет азаматтарының құрметті міндеті, Социалистік Отанды қорғау – ССРО-ның әрбір азаматының қасиетті борышы деп жазылады 1977 жылғы ССРО Конституциясының 63 және 62-баптарында. 80-жылдардың іші Совет әскерінің шектеулі контигентінің Ауғанстанға да кіргізілген уақыты. Әскери міндетін Ауғанстан жерінде өтеген ер-азаматтар ішінде де осындай ауыл балалары болатын. Мысалы, «Әуеннің үні» әңгімесіндегі саз өнерін жақсы көретін, домбыра, гитара сияқты саз аспаптарында еркін ойнайтын Ауғанстанда болған жігіт – осы ағамдар қарайлас жосалылық жігіт. Ол – ағамдардағы тас қалаушы жігіттің жұбайының ағасы. Бұл құрылыс ұжымының атауы – Қызылорда «Интегрострой» ЖШС. Басшысы – облыста есімі белгілі құрылысшы Бағдәулет Ысқақов.
Ал «Шай үстіндегі әңгіме» әскерден кейін болған оқиға. Ол уақыттарда ағам Энгельс совхозының байланыс бөлімшесінде тәжірибелі электр монтер мамандар Алдаберген Жұбаниязов ағамыз, Дайрабай Жұмабаев ағаларымыздың жанында электр монтер болып жұмыс істеген. 85-те Қызылорда қаласына көшті. Жалпы, әкемнің жұмыс саласында, байланыс бөлімшесінде жанұядан үш адам жұмыс істеді. Үлкен ағам Қолғанатов Ғабит 1975 жылдың 7 тамызынан 1977 жылдың 15 тамызына дейін хат тасушының бұйрығымен (бұйрыққа қол қойған бастық Т. Елеуов) әкемнің жанында Энгельс атындағы совхоздың байланыс бөлімшесінің операторлығы қызметін атқарды. Ал Гүлзада Қолғанатқызы мектептен кейінгі жылдарда сол кезгі Қазалы аудандық байланыс торабының бастығы Т. Елеуовтің III разрядты хат тасушылық қызметке қабылданғандығы туралы берген бұйрығымен 1977 жылдың 16 тамызынан бастап Энгельс атындағы совхоздың байланыс бөлімшесіне хат тасушылық қызметке қабылданған еді. Әкем осы 1977 жылдың 8 декабрінде дүниеден өтті. Әкемнен кейін байланыс бөлімшесін Алтынбай Сердалиев есімді азамат басқарды. Ол кісіні де ел азамат кісі деп айтатын. Жалпы, Энгельс совхозының байланыс бөлімшесін 90-жылдарға дейін де басқа да азаматтар басқарды. Гүлзада ол басшылармен де бір жұмыс саласында әріптес, жұмыстас болды. Сонымен бірге жоғарыда аталған Алдаберген Жұбаниязов, Дайрабай Жұмабаев, Жаппар Дәріғұлов және Баршагүл апаларымыз да онымен бірге сол кезеңде әріптес боп жұмыс істесіп келе жатты. Және де байланыс бөлімшесінің бұл кезеңде аталған мамандарынан бөлек басқа да қызметкер мамандары болды. 80-жылдардың ішіндегі Энгельс атындағы совхоздың байланыс бөлімшесінің де өзіндік жұмыс ырғағы, тыныс-тіршілігі болды. Байланыс бөлімшесінің сол кезде өздеріне жүктелген негізгі қызметтік міндеттерінен бөлек, совхоз орталығындағы өзге де мекемелермен бірдей ауылшаруашылығына мал азығын – шөп дайындап беру ісінде совхоздың да жұмысына үлес қосқан кездері бар. Сонымен бірге көпшілікке арналған мәдени іс-шараға да үлестерін қосып, халыққа концерт ұйымдастырып берген кездері де бар.
«Сырында күріш баптаған» деп сол 80-жылдарда дүниеге келген атақты «Қазалы вальсінде» айтылғандай, ол уақыт Сыр-Ананың суын еміп негізгі тіршілік көзі күріш өсіріп баптаумен айналысатын қарапайым халықтың көбісінің қара күзден ерте көктемге дейінгі уақыты сәл де болса дамылдайтын уақыты болып табылатын. Иығына кетпенін салған жүзі күнқақты, қара торы жігіт таң бозынан ерте тұрып, атыз басын жағалап келеді. Су егіске бірқалыпты жайылыпты. Егер көзі қарақты газет оқырмандарының сол 80-жылдар ішіндегі аудандық газеттен осыған ұқсастау келетін сөйлем жолдарын жиі оқығаны есінде қалса, онда бұл – Сыр салысының суға бастырылып тұрған уақыты. Ал қазалылық күрішші диқандардың ала жаздайғы күріш танабына төккен маңдай тер еңбегін КазГУ-дің түлегі, Аранды қырдың перзенті, аудандық «Ленин туы» газетінің сол 80-жылдарда қалам тартқан Жетіскен Мәкенәлиев секілді кәсіби журналисі жалғыз ауыз сөйлемнің ішіне сыйғызар еді: «агротехникалық талаптарға сай күтіп-баптады». Егер Аранды қырдан шыққан тағы да бір талантты қалам иесі, аудандық газеттің сол 80-жылдар ішінде қалам тербеген Раушанбек Сейтенов сияқты майталман журналисінің қаламына «Дала кемелері көз ұшында қарауытады» деген сөйлем іліксе, онда қазалылық диқандар еңбегінің таразыға тартылар сәті туды деген сөз. Бұл – күз мезгілі. Өйткені күріш дақылы күзде орылады. Егілген күріш егісінің әр гектарынан пәлен центнерден өнім жиналды. Қазалылық диқандардың төгілген маңдай тер еңбегінің қорытындысы шықты. Мұндайда «Әсем әніміз тек Сізге арналады, құрметті еңбек адамы!» дер еді Қазалы аудандық мәдениет Үйінің концерт жүргізуші өнерпазы еңбек озаттарына арналған концертін бастай беріп. Ал Қазалы аудандық радиосы: «Қазалыдан сөйлеп тұрмыз... «Егінжайдан ескен леп» атты хабарымызды бастаймыз... Хабарды дайындаған – журналист Раушанбек Сейтенов. Хабардың жүргізушісі Ордабай Аяпбергенов» дер еді. О.Аяпбергенов – байланыс маманы. Әңгімедегі Энгельс совхозы да – негізгі кәсібі күріш өсірумен айналысатын шаруашылық. Бірақ осы 80-жыл, яғни 1984 жылғы құжат бұрышына басылған совхоздың қазақ және орыс тілінде жазылған штампында совхоздың толық атауы «Қызылорда облысы Қазалы ауданы Энгельс атындағы ҚОЙ СОВХОЗЫ» деп көрсетіледі. Бұл негізгі кәсібі күріш өсірумен айналысып отырған шаруашылықтың әу баста қой өсіру бағытындағы совхоз боп құрылған тарихын аңғартса керек. Ал күріш егісі, оны жинау, Абай совхозы, оған жастардың көмекке барған өмірі жайлы, сезім дүниесі қазақтың белгілі жазушысы, драматург Сұлтанәлі Балғабаевтың «Педучилищенің қызы» әңгімесінде Сәкен мен Пернегүл бейнелері арқылы әсерлі баяндалады. Бұл шығарма жазушының 1988 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Дала мен дария» кітабына енген.
Жоғарыда айтылғандай, еңбекші елдің сол сәл дамылдайтын уақытында 80-жылдарда әр жексенбіде басшылардың ұйымдастыруымен совхоздың әр мекемесі халыққа концерт ұйымдастырған болатын. Сол кезгі байланыс бөлімшесі де өз кезегінде ұйымдастырған концерттерінде халыққа халық көретіндей жұмыр дүние ұсынды.
Қазалы аудандық байланыс торабына қарасты Энгельс атындағы совхоздың байланыс бөлімшесінің хат тасушы қызметкері Гүлзада Қолғанатқызының атына 1979 жылдың 6 наурызында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесінің құрметіне орай Энгельс атындағы совхоздың байланыс бөлімшесіндегі хат тасушылық қызметіндегі үздік еңбегі үшін Қазалы аудандық байланыс торабының бұйрығымен алғыс жарияланып, Қазалы аудандық байланыс торабының бағалы сыйлығы табысталған. Ал 80-жылдар ішінде Қазалы аудандық байланыс торабына қарасты Энгельс атындағы совхоздың байланыс бөлімшесінің хат тасушы қызметкері Қолғанатқызы Гүлзада №17 сайлау округінен жергілікті Советке – Қазақ ССР Қызылорда облысы Қазалы ауданындағы халық депутаттарының Аранды ауылдық Советіне депутат болып сайланды. Оған берілген депутаттық куәліктердің бірінде – тысқы мұқабасында «Халық депутаттарының ауылдық Советі» деп жазылған, халық депутаттарының Аранды ауылдық Советінің атқару комитетінің дөңгелек гербтік мөрі басылып, халық депутаттарының Аранды ауылдық Советінің атқару комитетінің төрағасы Темірбай Емешов қол қойған № 4 депутат куәлігінің фотосурет жапсырылған ішкі бетіне:
«Қолғанатова Гүлзада жолдас № 17 сайлау округінен Қазақ ССР-інің Қызылорда облысындағы Қазалы ауданының халық депутаттарының Аранды ауылдық Советінің депутаты болып сайланды. Депутат Қолғанатова Гүлзада Аранды ауылдық Советінің территориясында жолаушылар транспортының барлық түрінде (таксиден басқа) тегін жүру правосымен пайдаланады. Куәлік мерзімі 1982 жылғы июнь айына дейін» деп көрсетілген.
Ал 1984 жылдың 7 мамыры күні – Радио күні және барлық байланыс саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі күні құрметіне орай Қазалы аудандық байланыс торабына қарасты Энгельс атындағы совхоздың байланыс бөлімшесінің хат тасушы қызметкері Қолғанатова Гүлзадаға Қазалы аудандық байланыс торабының ақшалай сыйақысы беріліп, есімі озат байланыс қызметкері ретінде Қазалы аудандық байланыс торабының Құрмет тақтасына жазылды. Сонымен бірге осы 1984 жылдың 7 мамыр мерекесі күні Қазалы аудандық байланыс торабына қарасты Энгельс атындағы совхоздың байланыс бөлімшесінің хат тасушы қызметкері Қолғанатқызы Гүлзада хат тасушылық қызметіндегі еңбегі үшін «Коммунистік еңбек екпіндісі» атанды. Тысқы мұқабасына «Ударник коммунистического труда» деп жазылған Қазалы аудандық байланыс торабына қарасты Энгельс атындағы совхоздың байланыс бөлімшесінің хат тасушысы Қолғанатова Гүлзадаға берілген атақтың куәлігіне Қазақ ССР Байланыс қызметкерлері кәсіподағы Қызылорда облыстық комитеті Қазалы аудандық байланыс торабы кәсіподақ комитетінің төрағасының және кәсіпорын бастығының қолдары қойылып, Қазақ ССР Байланыс қызметкерлері кәсіподағы Қызылорда облыстық комитеті Қазалы аудандық байланыс торабының «ПРОФКОМ Казалинский узел связи» деп жазылған дөңгелек мөрі басылған. Ал 1985 жылдың 7 наурызы күні 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесінің құрметіне орай совхоздың байланыс бөлімшесінің хат тасушы қызметкері Қолғанатқызы Гүлзада Энгельс атындағы совхоздың байланыс бөлімшесіндегі хат тасушылық қызметіндегі озық еңбегі үшін Қазалы ауданының Энгельс атындағы совхозының дирекциясы, партия комитеті, кәсіподақ комитеті, комсомол комитеті және халық депутаттарының Аранды ауылдық Советінің атқару комитетінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Қазалы ауданы Энгельс атындағы совхоздың байланыс бөлімшесінің хат тасушы қызметкері Қолғанатқызы Гүлзадаға берілген құрмет қағазында:
«Құрметті Қолғанатова Гүлзада жолдас! Сізге он бірінші бесжылдықтың қорытындылаушы жылында көрсеткен үлгілі еңбегіңіз үшін және 8 март Халықаралық әйелдер күні мерекесіне сәйкес осы ҚҰРМЕТ ГРАМОТАСЫН ұсынады» деп Қазалы ауданы Энгельс атындағы совхоз директоры Ермағанбет Жұбатқанов, Қазалы ауданы Энгельс атындағы совхоздың партком секретары Қ. Оразәлиев, Қазалы ауданы Энгельс атындағы совхоздың кәсіподақ комитетінің төрағасы С. Өтениязов, Қазалы ауданы Энгельс атындағы совхоздың комсомол комитетінің секретары Е. Жақсыбаев және халық депутаттарының Аранды ауылдық Советінің атқару комитетінің төрағасы Амангелді Есетов қолын қойып, Қазақ ССР А/шаруашылық министрлігінің Қызылорда облысының Қазалы ауданындағы Энгельс атындағы совхозының «Овцесовхоз имени Энгельса» деп жазылған дөңгелек мөрі және халық депутаттарының Аранды ауылдық Советінің атқару комитетінің «ҚазССР Қызылорда обл. Қазалы ауд. Х/д. Аранды ауылдық советі аткомы» деген дөңгелек мөрі және Қазақ ССР Ауылшаруашылығы қызметкерлерінің кәсіподағы Қазалы ауданындағы Энгельс атындағы совхоздың кәсіподағының «ПРОФКОМ совхоза им. Энгельса Казалинск. р-на» деп жазылған дөңгелек мөрлері басылған. Ал 1985 жылдың 5 мамыры күні 7 мамыр – Радио күні және барлық байланыс саласы қызметкерлерінің мерекесі күні құрметіне орай Энгельс атындағы совхоздың байланыс бөлімшесінің хат тасушы қызметкері Қолғанатова Гүлзада Қазалы аудандық байланыс торабының ақшалай сыйлығымен марапатталып, Қазалы аудандық байланыс торабының озат хат тасушы қызметкері ретінде есімі ауданның байланыс торабының Құрмет тақтасына жазылды.
Гүлзада Қолғанатованың куәліктеріне сол кезгі Қазалы аудандық байланыс торабының бастығы Жомарт Қуандықов және Қазақ ССР Байланыс қызметкерлерінің кәсіподағы Қызылорда облыстық комитеті Қазалы аудандық байланыс торабы кәсіподақ комитетінің төрағасы О. Аяпбергенов қол қойған. Ал Ғабдол Ленинабадтан Армиядан міндетін өтегесін әуелде Энгельс атындағы совхоздың байланыс бөлімшесінде электр монтер боп жұмыс істеді, сонан соң Энгельс совхозының құрылыс бөлімінде де істеді, сонан соң Қызылорда қаласына қоныс аударды. Қызылорда қаласына келіп, Қызылорда қаласында «Интегрострой» жауапкершілі шектеулі серіктестігіне ағаш ұстасы болды. Ал «Асанның Мырзабайы» әңгімесіндегі Аймахан – 60-жылдарда Қожабақы ауылында колхоздардың негізінде өмірге келген Энгельс атындағы ауылшаруашылығы мемлекеттік кәсіпорнының құрылыс бөлімінде қаншама жылдар ағаш ұсталығы және пешші жұмыстарын атқарған маман, еңбек адамы, шыққан тегі – Асанның Баймырзасы (Баймырза атамыздың алты ұлының біреуі – Жантөре атамыздан тараған) Аяған есімді ағамыз. Шешемнің айтқан әңгімесінде Энгельс совхозы 63-жылы құрылғаннан кейін, әкем 60-жылдар ішінде совхоздың орталығынан үй тұрғызған кезде де, оның фундаментін құюшының бірі осы айтылып отырған Аяған Көбеков ағамыз болған екен. Ал шығармадағы ішкі істер қызметкері Еркін есімді кейіпкер – сол Аяған ағамыздың қалада тұрған інісінің баласы Ербол есімді азамат.
Ал «Солдаттың анасы» әңгімесіне келсек, Кіші жүз–Әлім–Жаманақ (Шекті)–Өріс–Есенәлі–Кішкене аталарымыздан тараған: «алты Кішкененің» бірі, яғни алты ұлдың бірі – Асан атамыз болса, сол Асан атамыздың төрт ұлының бірі – Сырлыбай атамыздан «бес Сырлыбайдың» бірі, яғни бес ұлдың бірі – Мырзағұл атамыз тарайды. Ал Мырзағұл атамыздың балалары: Баймырза мен Құлшын аталарымыз. Баймырза атамыздан тараған алты ұлдың бірі – Абылда атамыз болса, сол Абылда атамыздың тоғыз ұлының бірі – Ерімбет атамыз. Ал Ерімбет атамыздан: Бекей, Қарақұл, Келімбет атамыз. Ал Бекей атамыздан – Қожахмет атамыз тараған.
Осы шығармада келтірілген Жданов атындағы колхоздың басқарма төрағасы Дұрысбаев пен секретары Келмағанбетовтің және Аранды ауылдық Советінің атқару комитетінің төрағасы Баймаханов пен секретары Байдуллаевтың қолдарын қойып, мөрін басып 1948 жылы берген семья туралы анықтамасындағы Байболат Қарақұлов ағамыздың фамилиясы осы жоғарыда аталған Қарақұл атамыздың атына жазылған ұл, ал өзі Бекейдің баласы Қожахметтің ұлы. Қожахмет әкеміз бен Ұлболсын анамыздан үш ұл туған: Қолғанат, Байболат, Баймұрат. Анықтама беріліп жатқан кезеңде сол туған жері – Аранды қырында мұғалім болып қызмет істеп жүрген жас жігіт Байболат Қарақұлов кейіннен Қазалы аудандық партия комитеті және Қазалы аудандық білім бөлімдерінде жауапты қызметтер атқарған маман. Қазалылық сазгер Қорған Жолдыбаевтың «Қазалы вальсінің» өлеңінің авторы, Аранды қырының түлегі Жетіскен Мәкенәлиев жауапты шығарушысы болған, авторлары: 1995-1997 жылдар арасында Қазалы ауданын басқарып, әкімі болған азамат Нәжмәдин Түрікбенұлы Мұсабаев пен тарих ғылымының кандидаты Айгүл Нәжмәдинқызы Мұсабаевалардың аудан тарихына арналған тарихи маңызы зор еңбек – «Ортаймаған қазаны – қасиетті Қазалы» кітабының 81-бетінде Қазалы ауданының тарихындағы Қазалы ауданының мәдениет бөлімінің бастықтары болған азаматтардың қатарында Байболат Қарақұлов есімі де енгізілген. Яғни әкемнің туған інісі, Қазалы ауданының білім беру саласы тарихында есімі белгілі Байболат Қарақұлов аудан тарихында Қазалы аудандық мәдениет бөлімінің бастығы болды. Бұл қатарда журналист Ж. Мәкенәлиев те бар. Аранды қырдың төсінде туған ұл, есімі танымал журналист Ж. Мәкенәлиев бұдан бұрын жарияланған «Ұстаз Ақанжан Келімбетов ағайдың өлеңдері» шығармасында айтылғандай, аудандық «Қазалы» газетін де басқарды және Қазалы аудандық мәдениет бөлімін де басқарды. Жалпы, кейіннен танымал журналист, редактор, ҚР Мәдениет қайраткері болған ақын Ж. Мәкенәлиевтің аудан орталығына келіп, ауданның мәдени-рухани өміріне араласуы әу баста 70-жылдарда өзінің туған топырағында тұрып қызмет еткенде-ақ, Энгельс совхозының ауруханасында фельдшер боп істеп жүргенде-ақ совхоздың мәдени-рухани тыныс-тіршілігіне араласуынан басталған болатын.
Ал Бекей атамыздың балалары Рахат, Қожахмет, Әлия, Орынша және Қожақ пен Қожабай. «Солдаттың анасы» әңгімесінде Тәжікстанға барғалы отырған Сұлтанмұрат сол Әлия апамыздан тарайды. Сондықтан ол Рахат, Қожахметтер әулетіне жиен. Оның інісі Әбдімұрат Ленинабадта болған. Ауыл жігіті Таурат та Ленинабадта болды. Сол кезде Сұлтанмұратпен бірге інісіне барып-қайтқалы отырған екінші адам оның ағасы Мархабат болатын. Қызылбай да Ленинабадта болған. Бірақ ол барғаннан соң Ошқа (Қырғызстан) ауысты. Бұлардың бәрі Энгельс совхозының жігіттері, Қызылбай Ждановтың жігіті. Олармен бірге 81-дегі көктемгі шақырылыммен Шоқан да алынған. Бірақ ол Қызылорда қаласынан қалдырылды. Ол күзгі шақырылыммен кетті. Ол да Энгельс совхозының жігіті. «Шай үстіндегі әңгімеде» ол жігіттер жоқ. Олар сырттан. Армияда бір болған жігіттер сырттан да келді. Мысалға, Жалғас. Ол – Өркендеулік.
Солдаттың аналары қазірде бар. Олардың ұлдары енді Қазақстан Армиясында қызмет етеді. Қазақ жерінің тыныштығын қорғайды. «Сарбаздың Аруға сәлемі» өлеңінде бүгінгі Қазақстан сарбазы өзінің елдегі аруына:
Онда күз еді, тағы да енді күз келді,
Хазар жақтан ақша бұлттар жүзді енді.
Сол бұлттардан сарбаздың ұқ сәлемін,
Қауыштырар күн де жақын бізді енді.
Хат жазыстық, сыр айтыстық, ұғыстық,
Дегем талай: шекарамыз тыныштық.
Еліміздің шекарасын күзеттік,
Сол тыныштық – Отан үшін ырыс-құт.
Біз өткіздік әскердегі жылды, айды,
Енді көңіл жүрек әнін тыңдайды.
Сарбаздарға туған жері қол бұлғап,
Сағынышы бұрынғыдан ұлғайды.
Олар бүгін солдат болды – шыңдалды,
Өткізді де жауынгерлік сындарды.
Дейді енді туған жер мен туысқа,
Оралуға бізге қанша күн қалды.
Олар мұнда алды құрыш-тағылым,
Сәлемдерін елге жеткіз бәрінің.
Ұмытқан жоқ сарбаз бір сәт достарын,
Ойлады әр кез ата-анасын, Аруын.
Отан барда – қалмас ұлдар еленбей,
Қорған олар сауыт-болмыс берендей.
Өз көңілім өзің жаққа қол бұлғап,
Туған Отан – Сырға сәлем дегендей.
Кеше күз еді, тағы, міне, күз келді,
Сарбаз көңіл сағыныш боп жүзді енді.
Хазар жақтан тыныштық боп күлген күн,
Аман-есен қауыштырсын біздерді,
– десе, 80-жылдардың ішінде айтылатын әнде олардың ағалары әскерге аттанып бара жатып өздерінің елдегі аруларына:
Жылама, жаным, жылама,
Жылағанмен көңіл тола ма?
Екі жыл барып келейін,
Солдат боп мен де көрейін,
– деп аттанған еді. Бұл гитарада айтылған ән.
Мақсаттары қолын бұлғап көш белден,
Әуенменен жастық арман көшке ерген.
Сол гитара ару қыздың жігітін
Күтіп алып тұрды сосын әскерден.
***
Әкеме байланысты жазылған құжаттарда аты түскен туған жеріміздің бір колхозы – Қызылорда облысындағы Қазалы ауданы № 9 Аранды а/с қарасты Жданов атындағы колхозы, жоғарыдағы айтылғандай, бүгінгі Қызылорда облысы Қазалы ауданы Аранды ауылдық округіне қарасты екі ауылдың бірі – Аранды ауылы болса, ал әкеме байланысты құжаттарға аты түскен туған жердің екінші бір колхозы – № 9 Аранды а/с қарасты М.Горький атындағы колхозы – бүгінгі Аранды ауылдық округіне қарасты екі ауылдың бірі, сол Аранды ауылдық округінің орталығы боп тұрған Қожабақы ауылы екендігі белгілі. Осы Қожабақыдағы мектептің 1955 жылы бітірген түлегі, профессор Алмас Жаманбаев өзінің өмір жолындағы досы, Аранды қыры, Қожабақы топырағынан шыққан үлкен тұлға, мектептің тұңғыш медалисі Әби Дәулеткерімов жайлы 2013 жыл 23 желтоқсандағы «Қазалы» газетіндегі «Қажымас қайрат иесі еді» атты мақаласында «Әбимен 1953 жылдың қыркүйек айында Қазалы ауданының М.Горький атындағы колхоздың (қазіргі Қожабақы ауылы) орта мектебінде тоғызыншы сыныбына оқуға барғанымда танысқан едім» деп жазады. Ал сонымен бірге өзі де мектептің Күміс медаль иегері Алмас Жаманбаев естелік мақаласының екінші бір жерінде «Дәулеткерімов Әби Дәулеткерімұлы Аранды жерінде, Максим Горький атындағы колхозында 1937 жылы 11 желтоқсанда дүниеге келген. Әкесі Дәулеткерім, шешесі Дәмеш те колхозшы болды. Қожабақыдағы он жылдық мектепке 1944 жылы барып, 1954 жылы Күміс медальмен бітіргенде оның аттестатында жалғыз «4» тригонометрия пәнінен болатын» дейді. Демек, №25 мектептің 1955 жылғы төл түлегі, ғалым профессордың сөзімен айтқанда, Қожабақы мектебінің алғашқы медалисі Әби Дәулеткерімов сол өзі 1954 жылы Күміс медальмен бітіріп шығатын Қожабақының мектебінің есігін 1944 жылы ашқан. Бұл деген сөз, қазіргі Қожабақының мектебі өзінің өткен тарихында 1944 жылы тарихта бар деген сөз. Әкемнің де Қазалы аудандық байланыс торабының 1963 жылғы мамырда толтырылған жеке іс парағындағы өз өмірбаянында 1942 жылы Аранды аулсоветіне қарасты М.Горький мектебін жеті кластық біліммен бітірдім деп жазып отырғаны да және 1942 жылдың 23 тамызы күні берілген оқушылық «Мақтау грамотасында» мектеп басшыларының «Қызылорда облысының Қазалы ауданы №9 Аранды аулсоветіне қарасты М.Горький мектебінің жетінші класс оқушысы» деп жазып отырғаны да осы күнгі Қожабақыдағы Қожабақы мектебі болатын. Сол мектептің бұрынғы ізі, сол мектептің бұрынғы өткен тарихы. Ал әкеме байланысты құжатта аты түскен тағы да бір колхоз, 1945 жылы жұмыс істеп тұрған, яғни 1945 жылы әкеме «1943 жылы армияға кетіп 1944 жылы келген. Қазіргі тұрған жері №11 а/с «Социализм» колхозында мұғалім болып істейді» деп анықтама беріп отырған, жалпы, біздің туған жеріміздің тарихына катысы бар №11 «Сартөбе» аулсоветіне қарасты «Социализм» колхозы туралы айтар болсақ, шешемнің кезінде осы колхоз туралы айтқан бір әңгімесінде «Кезінде дүрілдеп тұрған колхоз еді. Қазір жұрты жатыр» деп сөйлеген еді. Онда ол колхоздың орнында ауыл жоқ деген сөз. Қазақтың тарихшы ғалымдарының деректерінде келтірілгендей, Ұлы Отан соғысы аяқталатын 1945 жылы Қазақстандағы колхоздардың саны 6737 колхоз болды, ал 52-жылға дейін ол колхоздар саны едәуір қысқарып, 1952 жылы Қазақстандағы жұмыс істеп тұрған колхоздың саны 2047 колхоз болды. Себебі республика бойынша Ұлы Отан соғысынан кейінгі кезеңде колхоздарды біріктіріп, ірілендіру процесі жүрген еді. Міне, осы процестің біздің туған өңірдегі «Социализм» колхозының тарихына да қатысы бар.
Ал әкем осыдан дәл 75 жылдан аса уақыт бұрын, яғни 1944 жылғы август айында бұрынғы Советтер Одағының Ленинград облысының Ленинград қаласынан шығып, сол уақытта өзімен бірге өзінің жанында келе жатқан қызыл әскер кітапшасының «Общие сведения» бөлімінде жазылып тұрған өзінің туып-өскен жері, үйінің адресі – Қызылорда облысының Қазалы ауданының № 9 Аранды ауылдық Советіне қарасты Жданов атындағы колхозын бетке алып, әскерден жоғарыдағы «Жеңіс күні немесе туған жер ұғымы» шығармасындағы кейіпкер солдат секілді ол да асыға басып келе жатқанда, сол уақытта оның арқа тұсында, кейінде, шыққан жері, шыққан қаласында қалған № 268 әскери эвакогоспитальдің ғимараты қазіргі уақытта бар. Оның ғимараты бүгінгі Ресей мемлекетінің мәдени астанасы Санкт-Петербург қаласының Петроград ауданының Мир көшесінде. Осы көше бойындағы (17-үй) ғимарат қабырғасына мемориал тақта орнатылып, тақтаға мынадай текст жазылған:
«В этом здании в блокадном Ленинграде с 1941 г. по 1945 г. размещался военный эвакогоспиталь № 268 для лечения раненых на фронтах Великой Отечественной войны».
Ал әкеме 1944 жылы Ленинград қаласында қол қойып берілген, № 268 әскери эвакогоспитальдің дөңгелек мөрі басылып куәландырылған № 188575 санды құжатпен бірге, оның қызыл әскер кітапшасының ішкі парақтарына да тиісті жазбалар түсіріп, түсірген әр жазбасының астына «медицина қызметінің капитаны Вайсман» деп қол қойып, қойған қолын № 268 әскери эвакогоспитальдің дөңгелек мөрін басып куәландырып отырған № 268 әскери эвакогоспитальдің медицина қызметінің капитаны Вайсман жайлы дереккөздерінде мынадай деректер берілген:
Лия Эльконовна Вайсман – советский военный деятель, капитан медицинской службы. Лия Вайсман родилась в 1910 году в Николаеве. С сентября 1941 года – в РККА. Во время Великой Отечественной войны – начальник отделения эвакогоспиталя № 268.
Ал артиллерияның негізгі атыс және тактикалық бөлімшесі «Дивизион» жайлы дереккөздерінде:
«Дивизион әскери бөлім (полк т.б.) құрамына енеді немесе өз алдына дербес те (бас командованиенің резервінде) болуы мүмкін» деген дерек берілсе, ал жеке бөлім жайлы дереккөздерінде:
«Жеке бөлім – дербес штат бойынша ұсталатын және ұрыстық немесе арнайы тапсырмаларды орындауға арналған әр түрлі әскер түрлері мен арнайы әскерлердегі тактикалық және әкімшілік-шаруашылық бөлік. Жеке бөлімдерге құрама (бөлім) құрамына кірмейтін жеке полктер, батальондар, дивизиондар, роталар, эскадрильялар және соларға сай әскери бөлімшелер жатады» деген дерек берілген.
Ал әкемнің әскерде артиллерияда алғаш болған әскери қызметі «Ездовой» қазіргі Қарулы Күштерде жоқ. Ол жайлы Москва қаласынан 1954 жылы Шет тілдер мен ұлт тілдер сөздіктерінің баспасынан шыққан орысша-қазақша сөздіктің (50000 сөз, жалпы редакциясын басқарған филология ғылымының докторы, профессор Н. Т. Сауранбаев) 178-бетінде мынадай ұғым-түсінік берілген:
ЕЗДОВОЙ м. военный термин. ездовой (әскери жүк арбасындағы делбеші). Ал түркі тілдес халықтарымыздың бірі – қырғыз тіліндегі сөздікте орыс тіліндегі «Ездовой» сөзіне «Артиллерияда араба айдоочу солдат» деген ұғым-түсінік берілген.
Жоғарыдағы кітаптың өзіндік тарихы бар. Біздің үйдің отбасы мүшелерінің балаларының аузынан «көкемнің киіз кітабы» аталып кеткен бұл кітап – әкемнің өзінің кітабы, өзінен қалған кітап. Сірә, кітаптың көлемінің өте үлкен болғанына және қалыңдығына байланысты солай аталып кеткен болу керек. Бұл кітапты әкемнің сатып алғанына бұл күнде 64 жыл толды. Әкем оны Аранды ауыл Советіндегі М.Горький атындағы колхоздың кітапхана үйі меңгерушісі болып жүрген кезінде сатып алған. Сонан соң әкем кітаптың алғашқы ішкі бетіне «Қожахметов» деп өзінің фамилиясын жазып, фамилиясының жанына қолын қойып, оның астына «5.VI-1956 жыл. Сатып алынды Қазалыдағы кітапхана дүкенінен» деп жазу түсіріп кеткен. Бұл кезде іргетасын орыстар қалағанына жүз жылдан асқан Қазалы қаласы Қазалы ауданының әкімшілік орталығы болып тұрған еді. Ол 1958-ге дейін де орталық болды. Әкем кейін бұл жазудың тұсына «Қожахметов Қолғанат» деп тағы өз аты-жөнін жазып, оның астына өзінің жеті баласының аты-жөнін, олардың дүниеге келген күн-жылдарын жазып қойған. Олардың кейінгі 4-еуінің фамилиясы құжат негізінде Қожахметов болса да, бәрін де өз атына Қолғанатов деп жазады. Кітапқа бұл екінші жазуын түсірген күнін әкем ол жазудың астына «I/II 1970» деп көрсеткен. Бұл кітапқа әкем алғашқы жазуын түсіргенде, бұл 7 баланың кейінгі 5-еуі әлі дүниеге келмеген болатын. Бұл кітапқа әкем алғашқы жазуын түсіргенде, сол жылы, 1956 жылғы майда туған үлкен ағам Ғабиттің өзі де (отбасындағы жеті баланың ішіндегі екінші бала) бір айлық, бесік баласы еді. Оның 1956 жылы берілген куәлігінде «Баланың туған жері: Аранды
ауданы: Қазалы облысы: Қызылорда» дейді. Аранды – бұл жерде аулсоветтің аты. Яғни Аранды аулсоветінде туды деген сөз. Егер туылған елді мекенін де нақтыласақ, онда Ғабит Қолғанатов М.Горький колхозында туған. Ал 1955 жылы шыққан (Гознак. 1955) Ғабиттың «Тууы туралы куәлігінде» «Тіркелген орны: Қазалы ауданы Аранды а/с Максим Горький колхозы» деп көрсетіледі.
Бұл кітапқа әкемнің түсірген жазуынан кейін де балаларының тарапынан жазу түскен. Сондай жазу кітаптың 934-бетіне жазылған, 1983 жылы маусым айында орыс тілінен Қожабақы мектебін бітіру емтиханына дайындалып отырып жазылған «Бүгін 13/VI-83 жыл. Ертең орыс тілінен емтихан болады. Енді 4 емтихан қалды. 25 июньде емтиханды да аяқтаймыз» деген №25 орта мектебінде 1973-1983 жылдардың арасында оқыған 66-жылғы Ләззат Қожахметованың жазуы. Бұдан бұрын жарияланған «80-жылдардағы ұстаздар» және «Мұғалімдер күні бүгін» шығармаларындағы «Амангелді ағай сабақты күшті береді» деп жүрген «66-ның математиктері» деп жүргеніміз – орта мектеп қабырғасында оқытылатын математика пәніне келгенде өте құштар болған оқушы осы 66-лардың математигі Ләззат Қожахметова болатын. Ол оқу үздігі болды. Өз класын «Ақжүректерім менің!» деп еркелетіп ұстаған қазақ халқының атақты күйші, композиторы Дина Нұрпейісованың туған немересі, өзінің тұрақты сынып жетекшісі, география пәнінен сабақ берген ұстазы, Қазақ ССР Халық ағарту ісінің үздігі Балжан Нұрпейісова ұстаздың сыныптағы сүйікті шәкірті болған. Сонымен бірге математика пәнінің білікті ұстазы, №25 мектеп директоры, 1963 жылы сол жылы құрылған Энгельс атындағы совхозға еңбекшілер депутаттарының Аранды ауылдық Советінің атқару комитетінің төрағасы болып келген Темірбай Емешов 1985 жылы демалысқа шыққан соң (Темірбай Емешов 1921 жылы Қызылорда облысы Қазалы ауданы Қарлаң ауылдық Советі Бірлік ауылында туған. 1939 жылы Қазалыдағы №17 мектепті бітірген. 1940-1941 жылдардың арасында Алматыдағы байланыс техникумында оқыған, оқудан соғыс басталуына байланысты қол үзген. 1941-1945 жылдар арасында Ұлы Отан соғысының кезінде Қазалы аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімдерінде және еңбекшілер депутаттарының Қазалы аудандық Советінің атқару комитеттерінде жауапты қызметтерде істеп, Ұлы Жеңіске үлкен үлес қосқан. Соғыстан соң 1946-1950 жылдар арасында Қарлаң ауылдық Советі атқару комитетінің, 1950-1951 жылдар арасында Аранды ауылдық Советі атқару комитетінің, 1951-1963 жылдар арасында Калинин ауылдық Советі атқару комитеттерінің төрағалары қызметтерінде істеген. Жергілікті сайланбалы мемлекеттік билік органы – Советке депутат және төраға болған Темірбай Емешов өзінің ұзақ жылғы өмірінде көптеген жоғары дәрежедегі марапаттардың иесі атанған. 13 ұл-қызға әке болған. 2001 жылы 80-ге толған тойы Қожабақы ауылында Тәуелсіз елдің өсіп келе жатқан жас ұрпағына үлгі берер жоғары дәрежеде, кеш сценарийінің тақырыбы «Құрмет, сый да – бәрі табылады, артыңда болса ғұмырың мағыналы» деген атаумен мерейтой иесінің жан-жақта тұратын ұл-қыздарының тікелей атсалысуымен аталып өтті) Совет төрағасы болған Амангелді ағайдан да мектептегі математика пәнін оқыған. Біз мектептен алғашқы қоңырау даусын естіген 1976 жылы №25 мектептің директоры лауазымына тағайындалып, 9 жыл № 25 орта мектептің директоры қызметін атқарып, 1985 жылы халық депутаттарының Аранды ауылдық Советінің атқару комитетінің төрағалығы лауазымына сайланған депутат, іскер басшы Амангелді Есетов ағайға бізді сол 1976 жылы 7 жасымызда Қожабақы мектебінің бастауыш сыныбына 1-сыныпқа оқуға қабылдап алып, үш жыл тәрбие беріп, 1979 жылы үлкен мектепке қарай ұзатып салған алғашқы ұстазымыз, ауыл зиялысы, ақын Нұғыман Әбдіразақов осы 1985 жылы былай деп тілек шумағын арнаған:
Іскер де басшы еді Амангелді,
Орнына Совет қойды қалап елі.
Алдынан бақыт тілеп жас жігіттің,
Қол соғып коллективі қала берді.
Халықтың қалаулысы ол да бұрын,
Қалдырмай жүрген жігіт жолда жүгін.
Біледі әр жұмыстың ағымында,
Істеді коллективтен жазбай жұбын.
Ұстаздың ұстазы ол – жақсы інім,
Ескертіп тұратұғын болса мінің.
Өсе бер, Амангелді, тілектеспіз,
Сайладық ел ағасы етіп бүгін.
Ал Ләззат орыс тілі пәнін № 25 мектеп тарихында талай шәкірт тәрбиелеп, білікті тарихшы болған, сонан соң барып Қазалы ауданындағы №238 мектептің директорлығы лауазымына тағайындалған педагог Аманбай Есетов ағайдың жұбайы, орыс тілінің ұстазы Гүлжан Жарылғасова апайдан оқыған. Ләззатқа орыс тілі пәнінен сабақ берген №25 мектеп тарихындағы сол кезгі орыс тілі мен әдебиеті пәнінің өте білікті ұстазы Гүлжан Жарылғасова апайдың қазақ балаларына орыс тілін оқытуда қояр талабы өте қатаңдау ұстаз болғанын сол кезгі оқушылар біледі. Сондықтан жоғарыдағы «көкемнің киіз кітабын» біздің үйде әкемнің өзінен кейін көбірек ұстаған осы Ләззат болса керек. Ал «Бас редакциядан» деген сөзінде «Оқырмандар біздің энциклопедиядан барлық құрлықтар жайлы, планетамыздың барлық ел, халықтары жайлы, дүние жүзі ғылымы мен жетістіктері жайлы толық түсінік алады. Сонымен қатар қазақ халқының этникалық, этнографиялық жайларына байланысты, әйгілі тайпалары мен рулары туралы, тұрмыс-салт, әдет-ғұрпы туралы және осы бағытта бұрын-соңды қалыптасқан тәуір ұлттық дәстүрі мен жаңалықтары туралы тиісті дерек, мәліметтер беріледі» деп жазылған, Алматыдан 1972 жылы Қазақ Совет Энциклопедиясының Бас редакциясы шығарған энциклопедияның 1-томы («А» әрпі) «Қазақ халқының тұңғыш энциклопедиясы» да біздің үйде әкемнің заманынан бері келе жатқан кітап.
Бұл энциклопедияда Ұлы Отан соғысының кезеңіндегі Совет артиллериясы мен 2-дүниежүзілік соғыста әр елдер қолданған артиллерия қарулары жайлы да түсінік беріледі. Әкем соғыс уақытында артиллериялық дивизионның артиллерия паркінде «делбеші» болғандықтан және бүгінгі мектеп оқушысына да Ұлы Отан соғысы, 2-дүниежүзілік соғыс тақырыптарында жұмыстар орындағанда пайдасы тиер деген оймен одан да кішкене мәлімет бере кетейік. Қазақ халқының тұңғыш энциклопедиясының Бас редакторы:
М.Қ. ҚАРАТАЕВ.
«ӘСКЕРИ ІС» білім саласы бойынша редсоветтері мен кеңесшілері:
Н. БАЙКЕНОВ – генерал-майор (председателі), Қ. АМАНЖОЛОВ – подполковник, Т. БАЛАҚАЕВ – тарих ғылымының кандидаты, К. БОШАЕВ – генерал-майор, Х.Ә. МӘМБЕТҚАЗИЕВ – подполковник, С. НҰРМАҒАМБЕТОВ – генерал-майор.
Артиллериялық зеңбірек – жаудың жанды күшін, құрал-жабдықтарын жоюға және оның қорғаныс құрылыстарын қиратуға қолданылатын соғыс машинасы. Ол жоғары температурадағы (3000°-қа дейін) дәрі газының қысымымен атылады. Артиллериялық зеңбіректің 4 түрі болады: зеңбірек, гаубица, мортира, миномет. Совет артиллериясында гаубица мен зеңбіректің ерекшеліктері сақталған гаубица-зеңбіректер бар. Қашықтағы және көлбеу жатқан нысананы жоюға зеңбірек, жыра түбінде, сайда, терең орда жатқан жауды құртуға миномет пайдаланылады. Гаубица жаудың қорғаныс бекіністерін (баспана, блиндаж, бақылау пункттері) қиратады. Мортира – жаудың берік қорғанысын қирататын қысқа ұңғылы ірі калибрлі зеңбірек. Ұлы Отан соғысы қарсаңында Совет Армиясының Қарулы Күштерінде 45- және 76-мм жаңа зеңбіректер, 122- және 152-мм зеңбірек, гаубица, гаубица-зеңбіректер, 203- және 305-мм гаубицалар, 280-мм мортирлер, 82- және 120-мм минометтер, 37-, 76-, 85-мм зенитті зеңбіректер болды. Ал Ұлы Отан соғысында реактивті, зенитті, танкілік, өздігінен жүретін артиллерия мен минометтер жедел қарқынмен дамытылды. Соғыс кезінде Совет Одағында 45-, 57-, 76- және 100-мм жаңа зеңбіректер, 152-мм гаубица мен 160-мм миномет, жаңа реактивті қондырғылар жасалып, қару-жарақ қатарына енгізілді. Жоғары сапалы артиллерия қаруларын жасап шығару ісіне В.Г. Грабин, И.И. Иванов, Ф.Ф. Петров, Б.И. Шавырин басқарған конструкторлық бюролар зор үлес қосты. Ұлы Отан соғысында Н.Н. Воронов, М.П. Дмитриев, С.А. Краснопевцев, В.И. Казаков, М.И. Неделин, Г.Ф. Одинцов, Ф.А. Самсонов, А.К. Сокольский, Н.М. Хлебников, М.Н. Чистяков, Н.Д. Яковлев сияқты атақты әскери басшылар артиллерияны жетілдіріп, ойдағыдай қолдану ісіне зор үлес қосты.
2-дүниежүзілік соғыс кезінде Германия 37-, 50-, 75-, 105- және 150-мм зеңбіректерді, 105-, 150-мм гаубицаларды, Ұлыбритания 40-, 120-, 152-мм зеңбіректерді, 94-, 152-мм гаубицаларды, Франция 47-, 75-, 105- және 155-мм зеңбіректерді, 155-мм гаубицаларды, АҚШ 35-, 155-мм зеңбіректерді, 105-, 155-мм гаубицаларды, Жапония 37-, 75-, 105-мм зеңбіректер мен 105-мм гаубицаларды қолданды.
Ал әкемнің артиллерия дивизионының артиллерия паркіндегі әскери қызметінен кейінгі қызыл әскер кітапшасына мәліметі түсіп, командирдің қолы қойылып, оны куәландырып полктің дөңгелек гербтік мөрі басылған 389-запастағы атқыштар полкі Ұлы Отан соғысы уақытында Ленинградта болған запастағы атқыштар полкі. Оның командирі 1943 жылғы мамырда жасаған ерлігі үшін Қызыл Жұлдыз орденімен наградталған, марапатталған сәттегі әскери атағы подполковник Павел Павлович Гуляшов болды. 389-запастағы атқыштар полкі Ұлы Отан соғысы уақытында Ленинградта және оның маңайында орналасқан, Ленинград майданының штабына тікелей бағынған 36-запастағы атқыштар бригадасының құрамында болды. 36-запастағы атқыштар бригадасы 1944 жылдың мамыр айынан бастап 36-запастағы атқыштар дивизиясы болып қайта аталады.
Ал 63-гвардиялық атқыштар дивизиясы бұрынғы 136-атқыштар дивизиясы. Жалпы, Ұлы Отан соғысының тарихындағы ең ұзаққа созылған шайқас – Ленинград үшін шайқас 1941 жылғы 10 шілдеде басталып, 1944 жылдың 9 тамызы күні фин шекарасында аяқталды.
Ленинград блокадасының басталған күні – 1941 жылғы 8 қыркүйек.
Ленинград қоршауының бұзылған күні – 1943 жылғы 18 қаңтар.
Ленинградтың жау қоршауынан толық азат етілген күні – 1944 жылғы 27 қаңтар.
Әкемнің жоғарыдағы 1956 жылы Аранды ауылдық Советінің кітапхана меңгерушісі қызметінде істеп жүрген кезінде Қазалыдан сатып алып жүрген, 1954 жылы Москвадан Шет тілдер мен ұлт тілдер сөздіктерінің баспасынан шыққан орысша-қазақша сөздіктің 50-бетінде «БЛОКАДА» сөзіне мынадай ұғым-түсінік берілген:
БЛОКАДА ж. блокада (бір елді я қаланы күштеп қоршап алып, не саяси, не әскери, не экономика жағынан сырт елмен я басқа қаламен қатыстырмай бөліп тастау).
Ленинградтың қоршауы 1943 жылғы 12 қаңтарда басталған, Совет Қарулы Күштері тарапынан Ленинградтың қоршауын бұзу мақсатымен жүргізілген шабуыл операциясы нәтижесінде 1943 жылдың 18 қаңтары күні бұзылды. Бұл операция Ұлы Отан соғысы тарихында «Ұшқын» операциясы деп аталады. Жоғарыда аталған 136-атқыштар дивизиясы осы операцияға басқа да күштермен бірге Ленинград майданының 67-армиясының құрамында қатысты және осы Ленинград қоршауын бұзу шайқасы кезінде жетекші роль атқарды.
1943 жылдың 12 қаңтары және 18 қаңтары күні аралығындағы осы Ленинград қаласының қоршауын бұзу шайқасы кезінде көрсеткен ерлігі үшін 136-атқыштар дивизиясына 1943 жылдың 19 қаңтары күні гвардиялық дивизия атағы беріліп, ол 63-гвардиялық атқыштар дивизиясы болып қайта құрылды және дивизияның командирі генерал-майор Н.П. Симонякке Совет Одағының Батыры атағы берілді. Міне, әкемнің қызыл әскер кітапшасына түскен 63-гвардиялық атқыштар дивизиясының Ұлы Отан соғысының кезеңіндегі жауынгерлік жорық жолының тарихы осы 1943 жылдың 19 қаңтарынан басталады, сөйтіп 1945 жылдың 9 мамыр Жеңіс күніне дейін созылады. 63-гвардиялық атқыштар дивизиясының командирі, гвардия генерал-майоры (1944 жылғы 22 ақпаннан генерал-лейтенант), Совет Одағының Батыры Н.П. Симоняк бұдан кейін 1943 жылдың көктем айынан бастап 30-гвардиялық атқыштар корпусының командирі болып тағайындалды. Ол 30-гвардиялық атқыштар корпусын 1944 жылдың қазан айына дейін басқарды. Ал Ұлы Отан соғысының кезеңінде Ленинград майданындағы армиялардың құрамында болған 63-гвардиялық атқыштар дивизиясына бұдан соң 1943 жылғы сәуір айынан бастап 1944 жылдың қазан айына дейін 1944 жылдың 13 ақпаны күні Совет Одағының Батыры атағы берілген гвардия полковнигі, 1944 жылдың 3 маусымы күні генерал-майор әскери атағы берілген А.Ф. Щеглов командирлік етті. 63-гвардиялық атқыштар дивизиясының командирі, гвардия генерал-майоры, Совет Одағының Батыры А.Ф. Щеглов бұдан кейін 1944 жылдың қазан айынан бастап 30-гвардиялық атқыштар корпусының командирі болып тағайындалды. Ал 63-гвардиялық атқыштар дивизиясының құрамындағы үш атқыштар полкінің бірі – әкемнің қызыл әскер кітапшасында мәліметі түскен 190-гвардиялық атқыштар полкіне 1943 жылдың басынан бастап 1944 жылдың қазан айына дейін 1944 жылдың 21 маусымы күні Совет Одағының Батыры атағы берілген гвардия полковнигі А.Г. Афанасьев командирлік етті. 190-гвардиялық атқыштар полкінің командирі, гвардия полковнигі, Совет Одағының Батыры А.Г. Афанасьев бұдан кейін 1944 жылдың қазан айынан бастап 63-гвардиялық атқыштар дивизиясының командирі болып тағайындалды. Ол осы дивизияны Ұлы Отан соғысының кезеңінде 1945 жылдың Жеңіс күніне дейін басқарды.
Жоғарыдағы Москва қаласынан 1954 жылы шыққан орысша-қазақша сөздіктің 125-бетінде «ГВАРДИЯ» сөзі, ал 793-бетінде «СТРЕЛОК» сөзіне мынадай ұғым-түсінік берілген: ГВАРДИЯ ж. гвардия (1941 жылдың күзінен – ССРО қарулы күштерінің үлгілі бөлімдері, құрамалары, корабльдері). СТРЕЛОК м. военный термин. атқыш (жауынгер).
Ұлы Отан соғысы кезеңінде Ленинград майданындағы армиялардың құрамында болған 63-гвардиялық атқыштар дивизиясының құрамында үш гвардиялық атқыштар полкі – 188-гвардиялық атқыштар полкі, 192-гвардиялық атқыштар полкі және әкемнің қызыл әскер кітапшасына түскен 63-гвардиялық атқыштар дивизиясы мен оның 190-гвардиялық атқыштар полкінің мәліметі мен командирдің қойған қолын өзінің «190-й Краснознам. гвардейский стрелковый полк» деп жазылған дөңгелек гербтік мөрін басып куәландырған Қызыл тулы 190-гвардиялық атқыштар полкі болды.
«Айтпақшы, қайда бораның? Кетейін алып майданға» деп өзінің жас өміріне жақын Оралының боранын да өзімен бірге майданға ала кеткісі келген Ұлы Отан соғысының қатысушы жауынгері, «өртке тиген дауылдай өлеңімен» қазақ өлеңіне Қасым болып із қалдырып, қазақ поэзиясының да найзағай жауынгері болған отты ақын, тамаша композитор Қасым Аманжолов өзінің әйгілі «Дариға, сол қыз» әнінде қып-қызыл өрттің ішінде жүріп, оқ тиіп жатқанда өліммен арпалысып, өмір сүруге құштарлық танытқан жас жауынгердің сол сәттегі сезімі арқылы (ақынның өзі) сол кезгі Ұлы Отан соғысына қатысқан барлық жауынгер қыз-жігіттерге де ортақ болған сезімді, Ұлы Отан соғысында жау оғынан қыршын кеткен қаншама ұл-қыздың бәрі де тірісінде өмір сүруге құштар болған жандар еді, былайша тамаша суреттейтін еді. Әнде жауынгерді ару қыз бейнесі қайраттандырады, сол ару бейнесі оған қайратыңды жи, өлме деп тұрғандай.
Оқ тиді келіп, қайратым кеміп,
Барамын сөніп, келмейді өлгім!
Тұрғандай сол қыз жаныма келіп,
Талпына берді қайран жас көңілім!
Барамын сөніп, барамын сөніп,
Жұтар ма мені мына сұм соғыс?
Арманым бар ма өлсем бір көріп,
Қайда екен, қайда, дариға, сол қыз?!
«Келмейді өлгім, келмейді өлгім,
Қайратым қайда, келші осындайда».
Дедім де тұрдым, жүгіре бердім,
Қолымда найза, шағылып айға.
Жеңдік қой жауды, арман не, құрбым,
Күркіреп күндей өтті ғой соғыс.
Келемін қайтып, өлеңімді айтып,
Қайда екен, қайда Дариға, сол қыз?!
(Текст ақынның 1991 жылы 80 жасына орай «Жазушы» баспасынан шыққан «Нұрлы дүние» жыр жинағынан (218-бет), ал соңғы шумағы ән жинағынан (148-бет) алынған. «Ән – көңілдің ажары» ән жинағын құрастырған Е.Мекежанов, «Өнер» баспасы, 1980 жыл).
Тарих Ұлы Отан соғысындағы Москва шайқасы, Сталинград шайқасы сияқты шайқастардың әрқайсысының тарихи маңызына дербес баға бере отырып, ал 1941 жылдың 10 шілдесінен 1944 жылдың 9 тамызына дейін созылған Ленинград шайқасының тарихи маңызына гитлершіл Германияның ірі жеңілісі болды және халықтар достығы мен ерлігінің көрінісі болды деп баға берді.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі