Бір күні Асан қайғыны әз Жәнібек қонаққа шақырыпты. Қонақ асы үстінде әз Жәнібек Асанқайғыдан:
— Уа, қария, осы тамақтан құр қалғанда өкпелемейтін адам бола ма? — депті, — Ол кім? — дегенде,
— Ол біздің Әбетжан, — депті. Әз Жәнібек:
— Өзінің әйелін басқа біреуден қызғанбайтын адам бола ма? — дегенде, Асан:
— Болады, — депті.
— Ол кім? — дегенде,
— Біздің Әбетжан, — депті.
— Қаптап келе жатқан қалың жаудан қорықпай қарсы тұратын адам бола ма? — дегенде, Асан:
— Болады, — депті.
— Ол кім? — дегенде,
— Ол біздің Әбетжан, — депті. Сонда әз Жәнібек: «Мына кісі өз баласынан басқаны айтпады ғой», — депті. Әз Жәнібектің Асанмен жауаптасқан кезі Асан қайғының жетпіс бес жастан асқан кезі болса керек.
Асан айтқан үш сөз хан көңілінде қалып жүргенде, бір күні бір бай той қылыпты. Ел шақырады тойға. Әбет те келеді. Әбетке арнап үй беріп, қол жуғызып, дастарқан жайып Әбетке табақ тартпайды. Ел тамағын жеп болғанда дастарқанды жиып әкетеді. Мұны хан істетеді. Әбет ет жеген адамдай риза болып, күліп-ойнап аттанады.
Хан тағы бір күні бір жігітті шақырып алып:
— Сен Әбеттің әйеліне жақындас, егер әйел мақұл болса, Әбет көріп қояр деп именбе. Көрсе, көрсін, — дейді. Жігіт хан ойын орындамақ болып Әбет әйелімен ойнап-күліп жүреді.
Бір күні Әбет жоқта қиындасып, құшақтасып жатқанда Әбет түнде үйіне келеді. Әбет шам жағып, төсекке жатайын деп келсе, төсегінде бір жігіт қатынын құшақтап жатыпты. Әбет қатынының мойнының астында жатқан жігіт қолын қатынының үстіне салып, жігіттің мойнының үстіндегі қатын қолын жігіттің мойнының астына салып құшақтатады.
— «Еркектің қолы әйелдің астында болса, еркектің талайы төмен болады» деген сөзді естімеген жігіт екен, — деп, өзі төр алдына киімін айқара салып, жата кетеді. Жігіт бәрін естіп, біліп жатады. Таң қалып, ханға бастан-аяқ айтып береді.
Әбет бір жаққа жолаушы жүрмек екенін хан естіп, бірнеше адам ұйыстырып:
— Әбеттің алдынан бекінген жау болып қарсы шабыңдар. Қашар ма екен? — дейді. Жүз кісі тұтқиыл алдынан тап береді. Әбет аты дүбірге шыдамай ала қашады. Ақыры аттың сулығынан найза өткізіп, жерге шаншып қойып, жауын тосып тұрады. Келгендер өз ауылының кісісі екенін танып, сәлемдеседі.
— Біз сенің ат-тоныңды олжалағалы жүрсек, өзіміздің Әбет екен, — деп қала береді. Әбет өз жөніне кетеді. Келіп ханға айтады. Хан таң қалады.
Хан Әбетті қонаққа шақырады. Хан сұрайды:
— Сен тамақ ішпесең де, таққа өкпелемейді дейді, рас па? — депті. Әмет айтады:
— Бала жігіт шағымда бір қысырақ үйірін қарап жүрсем, құмнан ізін іздеп жүрсем, үш күнде әрең жетіп, құландай желігіп алған төрт күнде әрең жеттім. Қарным ашқанда бір биенің етін жердей болдым. Жеті күндік тамағымды жинап алдыма қойғанда бір күндікті әрең тауыстым. Содан тәжірибе еттім: «бір рет ішіп жейтін тамаққа өкпелеп болмайды екен» деп, — депті. Хан:
— Әбет, сен әйел қызғанбайды дейді, ол қалай? — деп сұрайды. Әбет айтады:
— Бір күні сексен бір адам болып жорыққа аттандық. Сол бетте бір бай ауылды шауып алдық. Байдың бір сұлу қызымен бірге және бір қызды малмен бірге алып кеттік. Бір бұлақ басында үлкен дара ағаш бар екен. Саясында қымыз ішіп, бие байлап, жылқы сойып жеп, бекініп жата бердік. Қырыққа бір қыз, қырық бірге бір қыз болды. Бір күні мен атымды тынықтырайын деп бір ағаштың саясында жатыр едім. Шатырдан шаң-шұң дауыс шықты. Шатырға бас бағып байқасам, ұрысып жатқан екі қыз екен. Не айтар деп құлағым салсам екі қыз былай дейді: Қырық бірге ие қыз қырыққа ие болған қызға: «сенің артық сөйлейтін, артық болсаң, артық бай тап!» деп жатыпты. Сөйтсе, қырыққа ие болған қыз жасырын тағы екі жігітті өзіне иемденеді екен. Алла таупих берсін демесе, әйел деген қорып болмайды екен деп ойладым, — дейді.
Хан:
— Әбет, сен қаптаған жаудан қалай қорықпадың? Әбет:
— Бұл бір қояннан алған тәжірибе еді. Бір күні екі жүз кісі жорыққа аттандық. Бір тобылғының түбінде бір қоян жатыр екен. Екі жүз адам қоршап алдық. Біреуге жалау ұстап алыңдар дедік. Қоян ытқып арамыздан құтылып кетті. «Ажал келмесе, адам өлмейді» деп ойладым және бұрынғылардың мынандай бір әйгілі сөзі бар еді:
«Абыройыңды асқа сатпа,
Асылыңды қасқа сатпа!
Қатыныңды досқа санама,
Туысыңды басқа санама!
Адамзат аң, ажал оқ,
Дүниені бұзар жалғыз жоқ.
Жалаңаштанып жауға шап,
Ажал келмей өлмек жоқ», —
деген сөзбен үшеуін дәлелдейін, — дегенде, Хан:
— Әбет, сені сынайын деп едім, — депті.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі