Әз Жәнібектің қырық уәзірі бір күндерде күндеп: «Жиреншенің әйелі сізге лайық кісі екен» деп, «дүниеде көрмеген әйел» деп мақтап, ханға айтып өсіріп сөйлеп, Жиренше мен ханның арасына пәле салуға өздерін өлімнен алып қалғаны есте жоқ. Бұрынғылардың айтқаны бар емес пе, «жаманға жақсылық қылсаң, атыңды ерттеп қойып қыл!». Неге десең, жаманға істеген жақсылығың өзіңе үлкен залал болады. Пәледен басы босанып алған соң сол жаман өзіңе тап береді. Өзіңнің соңыңа түседі. Сонан қашып құтылу үшін тағы бұрынғылар айтқан «.. бұрын күтін, күтінбесең, ақыр бір күн шығар түтін» деген.
Әз Жәнібек ұрғашыға ойы бөлінген. Ұрғашы жанды қудың бірі еді. Бір күндерде Жәнібектің құсы қашыпты қаз алатын лашын дейтұғын. Бір күндерде бірнеше уақыт өткенсін есітіпті: «Құсы барып Жиреншенің үйінің үстіне қонып, қатын ұстап алып, асырап сақтап, түлетіп сылантып қойған екен». Жәнібек хан естіген соң өзі барды. Жиренше үйде жоқ, қатын бүркеніп, алып шығып құсты береді. Қараса, құсқа жарастықты томаға тігіп, биялай тігіп, балақ бауын, ұзын бауын ұқшатып жарастырып қойған екен. Бұрын томағай биялайды көрген-білген жан жоқ екен. Жеңдерімен ұстап, уықтың бауын тағып ұшқанда, құстың аяғында бір құлаш болып салбаңдап, шұбатылып жүреді екен. Хан тамашалап құсына қарарын да білмейді, қатынға қарарын да білмейді. Атынан қисайып, ауып түсе жаздап барып оңалды. Қатынға қарап:
— Біз бүгін осында болармыз реті келсе, — деді. Қатын тұрып:
— Тақсыр, үйде еркек жоғын өзіңіз көріп тұрсыз. Алда-жалда «еркек жоқ болса да қонайын» десеңіз біраз күнді араға салып келіңіз. Кіріміз болса, жуып, ас-майын әзірлеп, қонақ жабдығын дайындайық. Жана да жігіт желеңмен келмеңіз, көп қонақты күтуге мұршам келмейді. Өз басыңыз ғана болмаса, — деген соң, хан:
— Жарайды, — деп, «оңаша келіңіз» деген сөзінен дәмелі болып, көңілі өсіп қайта берді.
Бірнеше күндер өткен соң хан келді. Қатын ұшып жүгіріп алдынан шығып, қолтығынан сүйеп түсіріп, үйге кіргізіп, бар дүниелігін жайнатып, ханның зығырланын қайнатып қойған екен. Көрпе жаюлы, төсек салулы, шымылдық құрулы, ханды отырғызып қойып, тамақ жабдығына кірісіп шаруаға айналды. Хан жалғыз отырып жан-жағына көз салса, қатынның нәрселерінің бәрі кестелеулі кестеменен мынау сөздер жазылған: «Сен біреудің есігін қолыңмен қақсаң, өз есігіңді біреу аяқпенен тебер» деп жазылыпты. Жастықта, көрпеде, шымылдықта, орамал, дастарханда, бәрінде де кестемен жазылған осы сөз. Хан бұл сөзге түсіне алмай, есі-дерті қатынның етегінде болып отыра берді. Қатын палау басып, әр түрлі ыдысқа салып алып келіп, ханның алдына қойды. Хан бұрын палау жеп жүрсе де, әр ыдыста болған соң, басқа-басқа тамақ шығар деп әрқайсысынан бір алып татса, бәрінің дәмі бірдей таң-тамаша болып отырды.
Қатын айтты:
— Тақсыр, ыдыстың басқалығы болмаса, бәрі бір тамақ, — деді. Ханмен әзілі жарасқан соң қатын жайға сұрақ қойды:
— Хан тақсыр, сабын айныса не түзейді?
Хан:
— Май түзейді дағы, — деді.
— Май айныса, не түзейді?
Хан:
— Май айныса, тұз түзейді дағы, — деді.
— Халық айныса кім түзейді?
Хан айтты:
— Хан түзейді дағы.
— Хан айныса кім түзейді екен? — дегенде, хан бұған жауап табалмай терледі. Басқадай дәнеме айтуға шамасы келе алмады. Қолындағы алтын жүзігін қатынға сыйлап, түн ішінде қайтып кетеді.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі