Жиреншенің баласы өте жуас екен. Әз Жәнібек хан Жиренше шешеннен:
— Жақсыдан жаман туар ма? — деп сұрапты. Сонда Жиренше:
— Жақсыдан жаман тумайды, — деп жауап беріпті.
Жәнібек хан: «мұнысы қалай?» деп ойына алып жүр еді, Жиренше шешен өлгеннен кейін неше жылдардан соң әз Жәнібек хан қалмақтарға қарсы жұртқа аттанатын болып, шешеннің баласына «жүрсін» деп хабар айтып, жүрмек болыпты. Шешеннің баласының сыр мінез аты жоқ екен деп, әкем: «сыр мінез атың болмаса, сыры ашылмаған бесті ат мін деуші еді» деп ханнан сұрап жирен бесті ат мініп, жорыққа бірге барады. Соғыста қалмақ жағы басым болып, әз Жәнібектің әскері тым-тырақай болып қашып, елге қарай жөнеліп, Жиреншенің баласы ханнан озбай, қатар қашып келе жатқанда ханның аты болдырып, қолға түсетін күйге ұшырайды. Сонда Жиреншенің баласы:
— Тақсыр, астыңыздағы болдырған атты маған беріңіз, мен атымның басын тартып келемін, — дейді. Сонда әз Жәнібек:
— Әркімнің өз жаны тәтті деген емес пе? Маған атыңды бергенше, өзің қашып құтылсаң болмай ма? — депті. Сонда Жиреншенің баласы:
— Мен қолға түссем де еш нәрсе емес, сіз қолға түссеңіз, «қазақтың ханы қалмақты шабам деп барғанда халқы қашып кетіп, ханы қолда қалыпты» деген сөз қазақ атына өшпейтін таңба болар еді, — депті. Әз Жәнібек Жиреншенің баласының атына мініп, жаудан аман-есен құтылады. Бір-екі күн өткен соң болдырған атпен Жиреншенің баласы да аман барыпты. Барғаннан кейін хан Жиреншенің: «жақсыдан жаман тумайды» деген сөзінің шындығына нанды. «Жиреншенің баласын жуас көріп жүруші едім, Жиреншенің айтқаны дұрыс болып шықты», — деп Жиреншенің баласын өзіне бас уәзір қылып сайлапты.
Таудан аққан тас бұлақ
Құймай қоймас теңізге.
Жақсы әкеден туған ұл
Қанша жаман десең де,
Тартпай қоймас негізге, — деген сол.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі