Бұрынғы ноғай ұлдарынан Тоқтамыс деген хан болыпты. Оның «Түкті аяқ» дейтін сұңқар құсы болатын, жылында бір туып, үштен артық жұмыртқаламайды екен. Сол сұңқарды тәрбиелеп бағып тұратын Құттықая деген бір адам болатын. Сол сұңқар жұмыртқалаған уақытта Темір хан деген хан Құттықаяға кісі жібереді: «Сұңқардың бір жұмыртқасын ханына білдірмей маған жасырып беріп жіберсін», — деп. Құттықая бір жұмыртқасын жасырып беріп жібереді. Тоқтамыс хан: «Сұңқар нешеу туды? — десе, — «Екеу туды», — дейді. Темірхан беріп жіберген жұмыртқасын тауыққа бастырып шығарады. Әбдан темір қанат болып жетіскен соң күнде Темір хан аңға шығып, сұңқарын құсқа салып, құс алдырып жүреді. Бір күндерде Тоқтамыс хан аңда жүрсе, бір сұңқар бір үлкен құсты қуып келіп, Тоқтамыс ханға жақындағанда алады. Артынан Темір хан қуып келіп сұңқардікі деп алып кетеді. Ол сұңқарды Құттықаяның Темір ханға ұрлап бергенін Тоқтамыс хан біліп, Құттықаяға: «Саған жазаңды берермін!» — дейді.
Сонан Құттықаяны сұңқар бағудан шығарып, ыссыда түйе бақтырады. Қорегі күнге беретін бір үйрек болады. Соны қорек етіп, ыссыда шөлдеп, тау арасында түйесін бағып жүреді.
Бір күндерде Құттықая көлеңкелейін деп бір таудың үңгіріне кірсе, бір сұлу қыз ұйықтап жатыр екен. Құттықая көреді де айрылмайды: «Сені мен әйелдікке алам» деп. Қыз құтыла алмаған.
— Жақсы. Саған тиейін мына шарттармен, — дейді, — Әуелі, түнде үй сыртынан келіп білдірмей үй сығалама. Екінші, түнде жатқанда төсім үстіне қолың салма, үшінші намазда тұрғанда аяғыма қарама! — дейді. — Егер де осы үш затты істесең, мен саған жоқпын, — дейді.
Сөзін қабыл етіп, әйелдікке алып жүреді. Құттықая тыным көрмейді де, ыссыда түйесін бағып жүреді. Бір уақыт келіп үйінен тамақтанады. Қорегі — баяғы бір үйрек. Ұқсатып, жүнін жұлып, пісіріп сорпалап қояды.
Бір күні Құттықаяның үйіне бір мүсәпір адам келсе, басқа беретін ас болмағандықтан, әйелі баяғы Құттықаяға пісіріп қойған үйректі аяғымен мүсәпірге береді. Мүсәпір көбін жеп, сорпасын ішіп, сарқытын қайырып береді. Әйел алып барып, жауып қояды. Сонан Құттықая келген соң әйелі:
— Әй, әттеген-ай, басқа ас болмағандықтан, пісіріп қойған үйрегіңді бір мүсәпір келген соң беріп қойып едім, — деп, қалған сорпасын алып берейін деп аяқтың бетін ашып қараса, үйрек бүтінімен тұр екен. Құттықая ішіп, жеп алып, әйеліне:
— Қалай кетті? — деп сұрап, ізіне түсіп келсе, бір таудың үңгірінде қырық шамалы кісі намаз оқып жатыр екен. Бұда келіп намазға тұра қалады. Әбдан намаз оқып болған соң,
Құттықаяға:
— Не тілегің бар? — дейді. Сонда Құттықая:
— Маған хан ұлын таққа қоймастай бір бала бер! — дейді.
Құттықаяға әлгі қырық адам бата береді де, бір алма береді.
— Осыны ортасынан жарып, жартысын өзің, жартысын әйелің жесін. Қас сорлы болмасаң, бір балалы боларсың, атын «Едіге» қой, — дейді. Сонан үйіне келіп, алманы екеуі бөліп жейді. Әйелінен бір бала туады, атын Едіге қояды.
Бір күні Құттықая түнде келіп үй сығаласа, әйелі бас терісін жұлып алып, битін қарап отыр екен. Түнде төсіне қолын салса, төсінен жүрегі жылтылдап тұрады екен. Намазға тұрғанда аяғына қараса, екі аяғының басы кейін қарап тұр екен. Әйелі біліп еріне айтады:
— Сен әуелдегі айтқан шартты сөзді бұздың. Мен саған енді жоқпын, мынау бала — асылзада бала. Мұны жақсы тәрбие ет, — деп, ғайып болыпты. Сөйтіп жүргенде Құттықаяны Тоқтамыс хан шақырып алып, жендеттеріне өлтіртеді. Ханның жолдастары айтады: «Мұны өлтіргенмен болмайд, мұның бір баласы бар. Оны да өлтіру керек», — дейді. Ханның баланы өлтіретінін біліп, баланың бір көршісі бұл баланың асылзада екенін біледі екен. Едігені бесігімен үйіне апарып, үйіндегі жас баласын бесігімен Едігенің орнына апарып қояды. Хан ол баланы да өлтіреді.
Едіге есін білгесін-ақ, өзі теңдес балаларға бас бола бастайды. Балалар онымен жиналып ойнағанда Едігені хан қылады. Едіге сегіз-тоғызға келгенде Тоқтамыс хан сұрап алып жылқы бақтырады. Түнде жылқы бағып, күнде таң ертең ертеменен Тоқтамыстың үйіне сәлем беріп кіргенде хан селк ете түседі. Оны әйелі біліп ханға айтады:
— Осы сіздің аруағыңыздан Едігенің аруағы күшті-ау! Неге десең, Едіге есіктен кіргенде сіз селк ете түсесіз, — дейді.
Хан:
— Қайдан менен Едігенің аруағы күшті болсын, — дейді.
Бір күні әйелі Едігенің келер қарсылығында ханның жанбасының астына бір ине қадап қояды. Ханды сынау үшін Едіге есіктен кіргенде хан селк ете түскенде ине сырт етіп, сынып кетеді. Хан ханымына айтады:
— Енді Едіге келгенде сиіп, сідігіңді құйып қой, — дейді. Ғадатта Едігеге бір үлкен аяқпен қатық, айран ұйытып құйып береді екен.
Бір күні хан әйелі аяқтағы қатық, айранның үстіне сиіп қойып, Едігеге келгенде ұстата береді. Едіге ұрттап жұтып жіберіп, тамсанып-тамсанып:
— Айран тәтті екен, ыдысы ескірген екен, — деп аяқты алдына қойып, қылышымен төрт бөліп шауыпты да, үйден шығып аттанып кетіпті. «Ыдысы ескірген екен» дегені, ханның әйелі үлкен кісі екен дейді. Едігенің артынан Кеңестің ұлы Кенжембай деген бір адам шауып барып:
— Хан шақырады, қайта жүр, үйге түс! — десе де қайтпайды. Келген кісіні қуып жібереді.
Сонан Едіге тоғыз жолдаспен жорықта жүргенде келе жатса, бір жерде қазылып жатқан көп аттың ізін көріп, Еді- ге айтады:
— Қабартен дәу Темірханды шабады деген қабар бар еді. Бұл солардың ізі болар, — деп ізге түсіп жүреді де, жолдастарына айтады:
— Көлденеңнен қосылған көк атты болып араласып, әлім келсе, қазан асуға кірісіп қарайын. Қонған, түстенген жерде ет тастап кетермін. Соны жеп ере беріңдер, — дейді.
Сонан Едіге батыр көлденең қосылған көк атты болып, қазан асуға, ас пісіруге араласып, қонған түстенген жерге ет тастап кетеді. Соны жеп жүре береді. Бір күні түстенуде Дәу Едігеге айтады:
— Бүгін түстенетін жерге күшті қолды түсірудің билігі сенде, — дейді. Едіге күшті қолды көп суы бар алыстағы жерге қондырады. Дәу шатырын тігіп, Қанкей, Тінекей деген Темірханның екі қызын екі жағына алып жатып, ұйықтап қалады. Едіге жай тасын жайнатып, күнде іс етіп, күннің қызуына шыдай алмай, алпыс шақты жолдасы алыстағы суға шұбырады. Олар әбдан кетіп болған соң, шатырдың сыртындағы қаңтарулы тұрған шұбар атқа Едіге батыр: «ия, Алла!» деп мініп, есіктің алдына келіп, найзасымен шатырдың есігін көтеріп қайырып тастап қараса, Дәу ұйықтап жатыр екен. Едіге екі қызға «шық!» десе, «Дәуден қорқамыз» дейді. Едіге батыр садағын суырып алып, қақ жүректен атқанда Дәу жан ашуымен тұра жүгіргенде, шұбар аттың құйрығы қолына түседі. Едіге: «Әй, шұбар жылқы, құйрығың шолақ болсын!» — деп дұға етеді. Сонда шұбар аттың құйрығы үзіліп кетеді. Шұбар жылқының құйрығының шолақ болуы Едігенің дұғасынан дейді.
Едіге батыр суға шауып келсе, алпыс кісі екі бөлініп, су жағасында жағалық ойнап жүр екен, отызы «Едігелікпіз» деп, отызы «Қабартен дәулікпіз» деп. Едіге отыз кісіні өз қасына алып, Дәулікпіз деген отыз кісіден жиырма тоғызын өлтіріп, біреуін қоя беріпті: «Еліңе барып, көрген-білгеніңді айтарсың» деп.
Сонан Едіге жолдастарымен Темір ханның екі қызын алып елге келіп, «Тоқтамыс ханды шабам» деп жүрген хабарын естіп, Тоқтамыс қашады. Едіге артынан қуып, Қызғыш көліне барған жерде жетіп, Тоқтамыс ханды өлтіріп қайтады. Сонан келген соң Едіге Тоқтамыстың орнына хан болады. Тоқтамыстың бір батыр баласы болып, баяғы Тоқтамысты шапқанда о да бір жаққа қашып кетеді. Аты Қадірберді жас сұлтан дейді. Едіге батырдан Нұрадын деген бір батыр бала болады. Жігіт болған соң өлтіруге Нұрадынды іздейді. Бір жерлерден табады. Ақ отауын тігіп отырғанын Қадірберді жас сұлтан Нұрадынның хабарын естіп, есіктен төрге шейін іс қадап, төрге жебе төсеп қояды. Нұрадын сәлем беріп үйге кіргенде жас сұлтан айтады:
— Жүрер жерің — мынау, отырар жерің — анау, — дейді. Нұрадын темір істің үстін басып, қарш-қарш еткізіп, аяқтан шашыраған қан бет-аузын жуып, төрдегі жебенің үстіне отыра кетеді. Жебе Нұрадынды ұстайды, жібермейді. Сонда Қадірберді жас сұлтан Нұрадынға айтады:
— Әй, Нұрадын,
Аллаң еш бермесін мұрадың,
Толғай, толғай жүгірген,
Тоқпақ жалды торғай
Күзде төрімде
Мұны неттің, Нұрадын?
Жағасы алтын шөкіш
Мұны неттің, Нұрадын?
Толғамбалы алтын ала балтамды
Мұны неттің, Нұрадын?
Жұрт иесі атамды
Мұны неттің, Нұрадын?
Нұрадынның жауабы:
— Әй, Қадірберді, жас сұлтан,
Ақылың көп бас сұлтан,
Сұрасаң, мен айтайын,
Айтайын да қайтайын.
Тоқпақ жолда торғай көзді түріңді
Тәңірі өзіме бергенде
Ер астынан алғанмын,
Өз астыма салғанмын.
Жағасы алтын мың шөкіш,
Тәңірі өзіме бергенде
Ер иығынан алғанмын,
Өз иығыма салғанмын.
Толғамалы алтын ала балтаңды
Тәңірі өзіме бергенде
Ер қолынан алғанмын,
Өз қолыма салғанмын.
Жұрт иесі атаңды
Арқыратып ақ құрбанға шалғанмын.
Ұлы да жолға салғанмын.
Бұлқыншақтан қисықпын,
Буыршыннан тентекпін.
Тезге салсаң, түзелмен,
Санымнан бұйда өткізсең, оңаймын,
Баба түкті Шашты Әзінің сойымын.
Сонан Нұрадынның ұсталған хабарын Едіге естіп, Қадірберді жас сұлтанға кісі жіберіпті. «Өткенді селге берелік, қалғанды елге берелік. «Өткен өрел, қалған салауат» дегендей, жас сұлтан келіп қонақ болсын!» — депті. Сонан Қадірберді жас сұлтан Нұрадынды босатып, Едігеге алып жүреді. Жолда бір терең судан салмен өтіп келе жатқанда Едіге Қадірберді жас сұлтанды салдан итеріп жіберіп, салдан құлатып суға ғарық болыпты. Сөйтіп, Тоқтамыс ханның тұқымын құртыпты дейді.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі