Ноғайлы елінде Қайғылы Науайы (енді бір аңызда Бабай Түкті Шашты Әзіз деп аталады) атағы алты алашқа жайылған арқалы әулие домбырашы болыпты.
Ол жаздың жарық айлы түнінде, ел-жұрт ұйқыға шомғанда, өзі Атырау (Каспий) теңізінің жағасындағы «Ақ-шағылдың» басына шығып домбыра тартқанда Қайғылы Науайының сазына перінің қыздары жиналады екен.
Екі аяғын құммен көміп алып, домбыраны күңіренткенде бойын билей алмай селкілдей бастайды. Сол кезде атлас жібек көйлек киген перінің әдемі қыздары домбырашыны айнала қамап отыра қалатын көрінеді. Сөйтіп жүргенде ол өзіне жақын отыратын перінің бір сұлу қызына ғашық болыпты. Бара-бара махаббат дерті меңдегені сонша — қайғының зарына шыдамай, өз-өзінен аласұра бастаған Қайғылы Науайы ауылдың бір ақылды ақсақалына құпия сырын айтады.
— Ие, балам, — депті ақылшы ақсақал, — перінің де перісі бар, кейбіреуі адам баласына жақын болады. Сенің күйіңді тыңдағаны рас болса, ол адам перісінің қызы болды. Егер оған шынымен ғашық болсаң, сырыңды ешкімге білдірме. Қашалық тауын жайлаған он саусағынан өнері төгілген Жоламан ұста бар, соған бар да біз жасаттырып ал. Бізіңнің сабы тұт ағашынан, ал өзі суарылған болаттан жасалатын болсын! Домбыра тартуға перінің қыздарына барғанда осы бізді жанқалтаңа салып бар да, өзіңнің ғашық болған қызыңның етегіне түйре, сол қыз сендік боп қалады, — депті.
Науайы күйші бізді ақылшы қарияның айтқанындай етіп дайындап, жанқалтасына салып алып барып, сол күні перінің қыздарын еліктіру үшін домбыраны ерекше қызуланып тартыпты. Перінің қыздары айнала қоршап отырып, шақпақ шағып, от жарқылдатып, домбыраның сазына бұраңдап билепті. Күйшінің ғашық қызы бұл күні өте жақын отырыпты. Осы сәтте Науайы күйші ғашық қызының етегіне бізді шаншып үлгеріпті.
Таң алды жақындап, перінің қыздары бірінен соң бірі тарай бастады. Мұның ғашығы да орнынан тұра бергенде етегіне түйреген біз тартып, жібермей қояды. Қыз тағы бір бұлқынған сәт құлап түседі. Науайы құлаған қызды бас салып, айрылмай қатып қалады.
Қолға түскен перінің қызы Науайы күйшіге:
— Маған адамзаттың қолы тиді, мен енді сендік болып қалдым. Бірақ саған қоятын үш шартым бар, соны орындасаң ғана сенің әйелің боламын, ал осы айтатын үш шартымды орындамасаң, мен сендік болмаймын, — депті.
Науайы күйші:
— Шартыңды айт, — депті.
— Олай болса, — депті перінің қызы, — бірінші шартым, мен жалғыз үйде отырғанда, менің үйде не істеп жатқанымды көрейін деп үйдің жабығынан сығалап қарамайсың. Екінші шартым — мен жүріп баратқанда артымнан қарамайсың. Үшінші шартым — түнде жатқанда қолтығымның астына қолыңды салмайсың, — депті.
Қайғылы Науайы бұл айтқан үш шарттың бәрін орындайтын болып уәде беріпті. Сөйтіп, күннен күн өтіп, айдан ай өтіп, Науайы күйші перінің қызымен өмір сүріп тұра беріпті.
Арада біраз жылдар өткен соң күйшіге әбден бойы үйреніп, баяғы үш шартын өзіне білдірмей байқап көрейінші деген ой түсіпті.
Сонымен күйші бір күні сырттан келіп киіз үйдің жабығынан сығаласа, перінің қызы басын мойнынан суырып алып, тізесіне қойып шашын тарап отыр екен дейді.
Біраз күн өткеннен соң шартының екіншісін байқағысы келіп, артынан қараса, теріс аяқтап жүріп барады екен.
Перінің қызының қойған екі шартын бұзып, құпия сырын білгеннен кейін үшінші шартын да білмек болып түнде жатқанда перінің қызының қолтығының астына қол салса, қолтықтың асты тесік, жалқылдап жатады.
Перінің қызы ерте тұрып, Науайы күйшіге:
— Сен менің үш шартымды бұздың, мұнан былай мен сенімен тұрмаймын, өз еліме кетемін, бірақ менің ішімде алты айлық сенің ұл балаң бар, ол балаң Арабияның «Хира» тауының үңгірінде өмір сүреді. Балаң керек болса, сол жерден тауып аласың, — дейді.
Перінің қызы Қайғылы Қара Науайымен қоштасу сөзін айтып, бірнеше рет сілкінеді де, сұлу денесіне қанат бітіп, ұшады да кетеді.
Қайғылы Науайы перінің қызының айтуы бойынша Арабияның Хира тауына барып баласын іздейді. Ұзақ уақыт іздеп, қайғы тартады. Сондықтан да оны «Қайғылы Науайы» деп атайды.
Қайғылы Науайы Арабияның ыстық күнінде баласын іздеп Хира тауын аралап жүргенде бір бала таудың жарығынан шығып ойнайды да, бұл ұстайын десе, бала қашып ұстатпайды.
Ақыл сұрап, сол жердің бір қариясына барады. Арабтың қариясы Қайғылы Науайыға мынандай ақыл айтады: «Осы маңда бір шебер әйел бар, соған әдемі қуыршақ жасаттырып, сонан кейін ершіге ер жасаттырып ал. Баланың ойнайтын жарығының тұсына бар да, бір жеріне қуыршақтарды қой, ал екінші жерге аттың ерін қой да, ердің керсеніне желім жақ, — дейді, — Қыз бала болса қуыршақпен ойнар, онда оны ұстамай-ақ қой, қыз бала саған болмас дейді. Ал ұл бала болса, ерге мінеді, — дейді.
Қайғылы Науайы қуыршақ пен ерді тауға әкеліп, баланың ойнайтын жеріне қояды да, өзі бір жақпар тасқа жасырынып жатады. Бір кезде таудың үңгірінен жас бала шығып «ап» деп ерге мініп алғанда жалаңаш денесі сол мезет желімге жабысып қалады. Науайы шап беріп баланы ұстайды да еліне алып келеді. Кейін ер жеткізіп, ел қамын жеген Едіге батыр сол бала екен.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі