Бала кезден құлын-тайдай тебісіп, бірге өскен, қаладағы досы Жантай ауылдағы құрдасы Бекжанды мерейтойына шақырыпты. Шақыру билетін кеше қаладан келген қызы әкеліп берді. Бекжан өінің де биыл жетпіске толғанын сонда ғана білгендей болды. Мерейтой тұрмақ туған күнінің қай ай, қай күн екенін есіне түсіре қоймайтын, паспортындағы беталды жазыла салған датаға мүлде назар аудармайтын Бекжан бұған таңданып қалды. Тойға емес. Өзінің қалай жетпіске келіп қалғанына, уақыттың осыншама жүрдектігіне таңғалмасқа лажы жоқ еді. Жантай екеуінің ауыл көшесін шаңдатып, әр үйдің итін бір шулатып, торғайларға тас атып жүргені күні кеше ғана секілді еді ғой.
«Бәйге атындай шауып өтіп бара жатқан жалған-ай! Жантай екеуіміз де шал болған екенбіз ғой. Әй, бірақ шал болған мен шығармын. Ал, Жантай шашын қап-қара етіп бояп алған. Сол жақ самайындағы ұзын қып әдейі өсірген шашының бір уысымен жидіп түсіп жалтырап қалған қасқа басы мен жып-жылтыр маңдайын мұқият жасыра жауып қояды. Онысын сиыр жалағандай етіп тарап тастап, жалт-жұлт етіп, жасарып жүрген жоқ па? Бетіне қарасаң шыбын тайғанап кетердей-ақ жылмағай. Шынымен де, менен әлде қайда жас көрінеді-ей. Екеуі бірге оқыған, түйдей құрдас екендіктерін айтқанда, «қойшы-ей» деп күмәнмен қарайтындар көп. Әсіресе, әйелдер жағы тіпті қоғадай жапырылып, Жантайды он-жиырма жасқа жасартып тастайтындарын қайтесің. О, сайтан-ай! Оның қасында мен деген шашым мен сақалымда бір тал қарасы жоқ, аппақ қудайы өз алдында, беті-жүзімді әжім аяусыз шимайлап тастаған нағыз мыжырайған шалдың өзімін ғой» — деп, іштей сыбырлаған Бекжан шақыру қағазына үңіліп отырып езу тартып қойды.
Бұл жай бір шақыру билеті емес, кішігірім кітапша секілді буклет екен. Мұқабасында, Жантайдың кино актері секілді жайнаң қағып күлімсіреп отырған суреті «70» деген санмен көмкеріліп, әшекейленіпті. «Құрметті Бекжан... Сіз (дерді)» деп бастап алып, Жантайдың бір абзац толған дәреже, атақтарын жаза келіп, мерейтойға арналған конференция мен ақ дастарханға шақыратыны және уақыты, мекенжайы бәрі жазылыпты.
Шақыруға қосымша арнайы жасалған парақшада өмірбаяны жазылған екен. «Еңбек жолын совхоз директоры болып бастаған ол кейін аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы...» деген жолдарды оқи сала Бекжан «не дейді?» деп қалай ғана дауыстап қалғанын өзі де аңғармай қалды.
Жантай алғаш оқу бітіріп келгенде Бекжан ауылда тракторшы болатын. Зейнетке шыққаннан бері оншақты жыл өтсе де, туып өскен сол ауылынан тапжылған жоқ. Өзгенің жайынан бейхабар болса да, дәл осы құрдасын он саусағындай біледі ғой.
Ал, енді Жантай қалайша оқу бітіріп келе салып, еңбек жолын совхоз директоры болып бастап, дереу бірінші хатшылыққа өрлейді? Иә, оқуын тәмамдап келіп, ауылда зоотехник болды. Кейін аудандық партия комитетінде нұсқаушы болып қызмет етті. Компартия тарап, совет өкіметі құлағаннан кейін қалаға кетіп, ғалым болып кетті деп естіген. Ал, зейнеткерлікке шыққаннан бері оны жұрт «қоғам қайраткері» десіп жүрген жайы бар. Зейнетке шықты деген аты ғана болмаса, әлі де бір орталық па, бөлім бе, бірдемені басқарады деп естіген.
Әлгі шағын ғана парақшада несі болса да мақтауын асырыпты. Арасында тұздықтап жіберген тұстары жетерлік екен. Жарайды, оның бұрын кім болғанын бүгін біреу тексеріп-тектеп жатыр деймісің. Мерейтойы болған соң осылай асыра мақтап жазу керек болған шығар деген ойға келген Бекжан шақыру қағаз бен буклетті оқып жүрген кітабының арасына салып қоя салды.
Тойға екі күн қалғанда Жантай қоңырау шалды:
— Беке, тойға келесіңдер ғой?
— Иә, ертең жолға шығамыз.
— Саған тапсырар бір шаруа бар. Алдын ала айтып қояйын.
— Айта бер.
— Тойға қандай тарту-таралғы жасайсың, оны өзің білесің. Мәселе онда емес. Мейрамханадағы тойда асаба сөз бергенде «досыма ат мінгіземін, жорғаның тұқымы, көк дөнен» деп айта сал!
— Ой, менде қайдағы жылқы?
— Білем ғой, сенен жылқы сұраған кім бар? Тойда сені бала кездегі досы, бай фермер деп таныстырады. Жай айта салсаң болды. Сенде жылқы бар-жоғын, кейін берген-бермегеніңді біреу тексерер деймісің. Тойда досты сүйіндіріп, дұшпанды күйіндіріп солай деп қоя салсаң болды.
— А, жарайды. Айта саламын ғой, одан оңай не бар.
— Ұмытып кетіп жүрме!
— Ұмытпаймын.
— Бопты. Бәйбішеңді ертіп келіп қал. Күтеміз!
Ертеңінде ауылдан шыққан екеу қаладағы ұлының үйіне қонып демалды. Той болатын күні барын киіп, сәнденіп алған соң үйден шықты. Алдымен конференция болып жатқан залға бас сұқты. Үлкен залдың қаз-қатар тізілген қаптаған орындықтарында шашылған тарыдай болып, әне-жер, міне-жерінде азғана адам отыр. Оларға қарағанда төрдегі ұзын үстелде жайғасқандардың қарасы басымдау секілді. Енді, дәл залдағылардан асып кетерліктей тым көп болмаса да, бүйірлерін бір-біріне тақап алған, сығылысып әрең отыр.
Ортада Жантай. Оның екі жағында түрлері тым таныс, есім-сойлары елге аса танымал екі кісі отыр. Бекжан бірінің есімі Тырнабай екенін жақсы біледі. Себебі, ол өз ауылынан шыққан белгілі тұлға. Кезінде ол совхоз директоры болған Бекжанның әкесін ағалап-жағалап жүретін жап-жас жігіт еді. Қазір шау тартқан үлкен қарияға айналыпты. Екіншісінің аты-жөні тілінің ұшында тұр. Бірақ, есіне анық түсіре алмады. Өзгелерін шырамытқандай болды, негізінен ығай мен сығайлар екені бірден аңғарылады.
Мінберде жас жігіт баяндама жасап тұр. Бір құшақ қағаз алып шыққан ба, немене, өте ұзақ оқыды. Құлақ салып тыңдаса, Жантайдың мақтауын асырып-ақ жатыр екен. Өте әсірелеп, қатты мақтап жібергенде, Бекжан шыдай алмай мырс етіп күліп, қасындағы бәйбішесіне қараса, ол тіпті айналасында еш шаруасы жоқ, өз бетімен әлде кіммен ватцап арқылы бірдеме жазысып отыр екен.
Қатар отырғандарды айналдыра бір шолып шықты. Бәрі дерлік қолдарындағы телефондарымен әуіре. Оларды айтпағанның өзінде сахна төріндегі ұзын үстелде отырған игі жақсылар да өзара бірдемелерін сыбырласып, кейбірі телефон шұқылап отыр. Баяндамашы қағаздан бас алмай оқып әлі тұр. Сөзінің бірін ұқса, бірін ұқпайды. Негізгі мағынасы, Жантайды асыра мақтап, «қазақтың дара һәм тау тұлғасы», «мұндай жан ғасырда бір-ақ рет туады, тіпті тумайтын да шығар», «қазақтың Жантайы» (енді, қытайдікі емесі анық қой), «халыққа жасаған игі істері көл-көсір», «қазақтың қамын ойлап, күндіз күлмеді, түнде ұйықтамады, жарғақ құлағы жастыққа тимеді», «елі үшін еңіреп жүрген еріміз шашасына шаң жұқтырмайтын ғұлама ғалым» дегендей әсіре қызыл сөздерге басымдық беріп, оны ерекше әуезбен әндете әуелетіп, барынша ыждаһаттылықпен жеткізіп тұр.
«Назарларыңызға рақмет!» деп баяндамашы сөзін аяқтағанда, бәрі ду еткізіп қол соқты. Бекжан мен бәйбішесі де көпке еріп шапалақты ұрып-ұрып қойды. Әлгі баяндамашы жігіт «Сұрақтарыңыз бар ма?» деп сауал тастады. Ешкім үн қатқан жоқ. Бекжан «бұған қандай сұрақ қойылуы мүмкін, жынды ма» дегендей ойға келіп, бәйбішесіне бірдеме айтпақ болып еді, үлгермеді. Төрде жиналыс жүргізіп отырған жігіт Тырнабайдың барлық атақ, дәрежелерін бірін қалдырмай түгендеп отырып, құттықтау сөздің кезегін берді. Жарықтық Тықаңа өкімет атақ-абыройды аямай-ақ молынан берген екен. «Халық артисі» деген атағы ғана жоқ демесең, басқасы бәрі бар-ау! Кинода, театрда ойнамаған адамға ол атақ қайдан берілсін. Бірақ, ол кісі үшін өмірдің өзі-ақ сахна ғой. Осындай ой келгенде байырғы тракторшы Бекжан тағы бір рет мырс етті де, қойды.
— Құрметті халайық, мына Жантай өзі біздің ауылдың жігіті екен. Бұрын танымайтынмын. Бір апта бұрын келіп менімен өзі танысты. «Мерейтойым болады, ортамызда болыңызшы» деп қиылып сұрап болмаған соң мінеки, келіп қалған жайым бар. Ауылымыздың жігіттері астананы мекен етіп, ел алдында жүрсе, аға буын біз тек қуанамыз. Жаңа ғана баяндама жасаған жігіттің айтуына қарағанда, мына Жантай да біраз жерге барып қалған азамат екен. Дұрыс, айналайын! Әлі де шаба бер, еш шаршама! Біз ауылдағы өзімізден бұрынғыларды болмаса, кейінгі буынды онша тани қоймаймыз ғой. Оның үстіне бізден үлкендерден ешкім қалған да жоқ. Бәрі о дүниелік болып кетті. Кейінгілер өздері ағаларын танып жағалап жүрсе, ол басқа әңгіме – деді де, залда отырғандардың ішінен Бекжанды көріп қалды:
— Әй, анау отырған қара жігіт сен Ақанбай ағаның ұлымысың?
— Иә, аға мен Бекжанмын ғой! — деп, ол орнынан тұрып амандасты.
— Құдай-ау, әй! Әлде қашан о дүниелік болған Ақанбай марқұм тіріліп келіп, осы залда отырған секілді. Бағанадан бері ары қараймын, бері қараймын. Тура сойып қаптап қойғандай-ақ. Адам баласы өсіп, жетіліп, жасы ұлғайғанда дәл әкесінен аумай қалады екен ғой. Бұл генетика деген өз алдына бір ғажайып нәрсе. Қазақ ата-тек деп жатады ғой. Ал, енді, мына отырған Бекжанның әкесі Ақанбай марқұм өте бір ғажап адам еді. Мені туған інісіндей жақсы көрді. Осыдан елу жыл бұрын мен отыздан енді ғана асқан жас жігітпін. Кезекті демалысымды алып, ауылға бара қалдым. Ақанбай аға сол кезде ары кетсе, елуде болған шығар. Бірақ, бізге егде адам секілді көрінетін. «Қария», «шал» деп қоямыз ағамызды. Қайдағы қария, қайдағы шал? Қазір елу жастағылар тұрмақ алпыс-жетпістен асқандар да жап-жас жігіттей көрінеді ғой. Бүгінгі күні менің жасым сексеннен асты. Біреулер «шал» десе, көңіліме алып қатты ренжіп қаламын. «Аға» десе марқайып... — дей бергенде, жиналыс басқарып отырған жігіт:
— Тырнабай аға! Тақырып — Жантай ініңіздің мерейтойы ғой! — деп ескерту жасап қойды.
— О, ия, ия... Айыпқа бұйырмаңдар жігіттер! Ауылда сыйласып өткен жақсы ағаның өзіне өте ұқсайтын туған ұлын көріп қалған соң еске түскенді айтып жатқаным ғой. Сонымен, Ақанбай... ой, кешіріңдер! Жантай деген мына жігіт те біздің ауылдың тумасы екен. Бұл да өз інім ғой. Аман жүр, айналайын! Мерейтойың құтты болсын! Рұқсат болса, мен кетейін. Далада көлік күтіп тұр. Тағы бір осындай жиналысқа барып сөз сөйлейтін шаруа бар. Кешке мені әлгі мейрамханаға апаратын көліктеріңді жіберіңдер! Барып батамды беремін ғой. Ал, кездескенше! — деді де, мінберден түсіп, залдың шығар есігіне қарай беттегенде, алдынан бір жігіт жүгіріп келіп, қолтықтап алып, шыға жөнелді.
Төрде отырған Жантайдың қабағы түсіп, біртүрлі көңілсізденіп қалғандай көрінді. Төрдегісі бар, залдағысы бар, бір топ адам алма-кезек шығып сөйледі. Сөйледі дегеннен гөрі оқыды деген дұрыс шығар. Өйткені, бәрі дерлік бір-бір папкі ұстап шығады да, әлгісіне жазылған мәтінді ежектеп оқиды. Қайсы бірі бастығының сәлемін жеткізеді. Олардың ішінде бірлі-жарымы базарда толып тұрған қазақ шапаннан бір-бірді әкелген екен. Сонысын жапа-тармағай Жантайдың иығына жауып, дағарадай оюлы қапақты киігізіп кетіп жатыр. Шапан деген аты ғана болмаса, не халат емес, түймесі де жоқ, киюге де жарамайтын оюлы бірдеме. Ата-бабамыз ондайды шапан деп кимеген де болар. Әрбірі әлгі шапан сүрейі мен қалпақты кигізген сайын Жантай да лып еткізіп, шешіп тастаудан бір жалықпайды. Сахнаның ар жағынан бір қыз жүгіріп шығып, папкіні де шапанды да жинап алып, ары қарай ала жөнеледі.
Бір кезде сахнаға түрі таныс, теледидардан жылтыңдап шыға беретін бір ақын шықты. Ағасын мерейтойымен құттықтап, сөзін қысқа ғана қайырды да, төс қалтасынан төрт бүктелген қағаз шығарып келіп, шытырлатып жайды. Микрофонда ондай сыбдыр ғана емес, адамның дем алғанына шейін естіліп тұратын пәле ғой. Сөйтті де:
«Жантай ағам,
Жан ағам,
Айналайын, садағам...» — деп, өзі шығарған өлеңін ұзақ оқыды.
Жарты сағаттай оқыған поэмасын зорға аяқтап, әлгі қағазын қайтадан төрт бүктеп, Жантайға апарып тарту етті. Жұрт орындарынан атып тұрып, ду қол соғып, қошемет көрсетті. Бекжан мен бәйбішесі де солай істеді.
Одан кейін тағы да түр-тұлғасы мен есімі көпке таныс айтыс ақыны шықты да, домбырасын қағып-қағып жіберіп, зор дауыспен Жантайға арнау айтып, әнін әуелетті. Оның сөзінен гөрі Бекжанға әуені мен ақынның даусы қатты ұнады. Әнші болса, биікке самғайтын-ақ жігіт екен. Сөзінде алып бара жатқан ештеңе де жоқ. Екінің бірі, егіздің сыңары айта салатындай-ақ «дежурный тақпақ» қана. Ақыры, «әги-гәгім, әги-гәгім» деп зорға аяқтады-ау, әйтеуір. Айтыскер Жантайға домбырасын тарту ететін шығар деп Бекжан болжаған. Бірақ, олай болмады. Домбырасын сол қолына ұстап барды да, Жантайдың қолын бір мәрте қысып, бірдеме дей салып, сахнаның ар жағына кетіп қалды. Құттықтаған түрі сол болса керек.
Жиын соңында Жантай өзі сөз сөйледі. Жағалай бәріне алғыс айтты. Арасында:
— Ауылдан менің бала кездегі жан досым, жылқыны үйір-үйірімен айдайтын атақты фермер Бекжан бәйбішесімен бірге келіп отыр. Орындарыңнан тұрып қойыңдаршы! — деді.
Екеуі ыңғайсыздана орындарынан көтеріліп еді, нөсер жаңбыр құйып кеткендей шапалақ соғылғанда, Бекжанның екі беті ду ете қалды.
Мейрамханада өтетін тойдың уақыты болып қалғанын хабарлаған Жантай бәрінің сонда баруын өтінді.
Мейрамханаға дейін де жарты сағаттай жол жүрді. Есіл өзенінің сол жағалауында екен. Жантай ауылдан келген ерлі-зайыпты екеуін өз көлігіне мінгізіп алған. Екі қолы тізгінде болғанымен, жол-жөнекей бірнеше адаммен ауыз жаппай телефон арқылы сөйлесіп, біраз шаруаның басын қайырып тастағандай болды. Мына қалалықтардың телефонмен сөйлесулерінің өзі бір ғанибет екен. Ауылдағы Бекжандар құсап, телефон аппаратын құлаққа қос қолдап жапсырып алып айғайлап тұрмайды. Арғы жақтан сөйлеген адамның үні машинаның дауыс зорайтқышы арқылы анық естіліп тұрады екен. Ал, Жантай көлігін басқара отырып, қасында отырған адаммен сөйлескендей-ақ телефонмен әңгіме өрбітеді. Бәрі де тек тойдың қамы, келетін-кететін қонақтардың жайы.
— Алло, Жантай аға! Әлгі кәсіпкер көкем тойға бара алмайтын болды.
— Неге? Мен саған қалай да әкел дегенім қайда?
— Вице-министрдің жиен ағасының қызының тойы дейді. Соған кетіп қалды. Мен өзім ғана сізге бара беремін ғой.
Жантай үн-түнсіз телефонды үзе салды да, тағы біреуге қоңырау шалды:
— Қалекең тойға келетін болды ма?
— Ол кісі өзі бара алмайды, орынбасарын жібереді.
— Неге? Мен саған өзін келтір дегенім қайда?
— Ауырып емханаға түсіп қалды. Қан қысымы көтерілген дейді.
— Қап! Жарайды, орынбасары анау семіз сары жігіт қой?
— Иә, бірінші орынбасары ғой.
— Жарайды, бопты. Жоқтан тәуір...
Тағы біреуге қоңырау шалды:
— Ассалау, Бәке! Үйдегі ақ келін екеуіңіз тойға келе жатырсыздар ма?
— Ой, ағасы! Біз Парижге ұшқалы әуежайда тұрмыз.
— Мен сіздерге екі ай бұрын шақыру беріп, кеше ғана өзім барып, хабарластым ғой...
— Солайы солай ғой, кешірерсіз! Мына ақ келініңіз ғой, «Парижге кеттік» деп болмай, аяқ астынан... солай болып қалды... енді...
— Жарайды, ақ жол!
Жантай байланысты үзді де «ой, тап әкеңнің...» деп кімге екені белгісіз қатты кіжінді де қойды.
Тағы бірнеше адаммен байланысып еді, тойға келе алмайтындар туралы жайсыз хабар алып, еңсесі түсіп қалғандай ауыр күрсінді. Дегенмен, ең соңында хабарласқан бір адам үміт отын жаққандай болды. Сөз ләмдеріне қарағанда қаладағы өте ықпалды тұлғалардың бірі болса керек.
— Кеш жарық, Әбеке! — деп, Жантай бейне бір бетпе-бет кездескен адамша рульде отырса да, оң қолын жүрек тұсына қойып, бас изеді.
— О, қалайсыз, Жантай аға! — деген дауыс нығыздалып, байыпты естілді.
— Әбеке, қазір мерейтойым ғой. Сізді күтудеміз!
— А, солай еді-ау! Қазір біз Нәкеңнің тойына бара жатырмыз. Олардың бірінші үстелінен кейін шығып, сізге барамыз-ау!
— Тойды бастамай сізді күтеміз ғой, ендеше, Әбеке!
— Ой, қойыңыз! Бастай беріңіздер! Ел-жұртты күттіріп қойғаныңыз ұят болар...
— О, не дегеніңіз, Әбеке! Сізді күтпей тойды қалай бастаймыз? Сізсіз тойдың сәні келе ме, құдай-ау!
— Жарайды, өздеріңіз біліңіздер! Нәкең тойының еті тартылып, антракт болғанда сізге қарай жетіп барармыз.
Бұл әңгімеден кейін Жантай бір серпіліп, әжептәуір көңілденіп қалды.
Олар тойханаға келгенде, асабадан өзге тірі жан көрінбеді. Жарты сағат өткенде ғана Жантайдың ет жақын туыстары біртіндеп жинала бастады. Тойхананың кіреберісіне «Жантай-70» деген жазуымен бірге күлімсіреп тұрған фотосы бар үлкен баннерді орналастырып қойыпты. Келгендер сол фотоны фонға алып, суретке түсіп жатыр.
Үстелдердің нөмірі мен оған отыратын қонақтардың аты-жөндері жазылған тақтаға қарағанда 500-дей адам шақырылғанға ұқсайды. Мейрамхананың іші кірсе шыққысыз, көздің жауын алады. Даяшы қыз-жігіттер ұшып-қонып, зыр жүгіріп дастархан жасап жүр.
Бекжан тысқа шығып, темекі тартып біраз тұрды. Жантай әлі сол, телефонмен әркіммен бір сөйлесіп, қолды-аяққа тоқтамай жанталасып жүр. Көліктің үлкен-кіші неше түрлісі келіп, одан түскен қонақтар жиналып, тойханаға қарай беттей бастады. Еркектер жағы тойхананың ауласында тұрып, өзара әңгімелессе, әйелдер жағы ішке кіріп, айна мен киім ілгіш маңында топтасып жүр. Жасы үлкендері дәліздегі жұмсақ дивандарға жайғасып отырып алыпты. Бір топ қыз-қырқын, жігіт-желең музыка әуенімен ирелеңдеп, қиралаңдап, бір-біріне қарсы ұмтыла итектеп, билесіп дегендей...
Тойхананың ішінде қойылған даңғаза әуеннің үні далаға естілгенде сазды әннен гөрі бірдемені дүңкілдетіп ұрып жатқандай әлде бір қызық дыбысқа айналады. Өстіп тұрғанда екі сағаттай уақыт өте шықты. Жиналған адамның қарасы біршама көбейді. Бірақ, тойдың басталатын түрі жоқ. Бекжанның қарны ашып, берекесі кете бастады. Сонда да, шыдап күткеннен басқа амалы жоқ.
Асаба жігіт ауладағы жұртты ішке кіруге шақырды. Шақырылған жұрттың тең жартысы келген секілді. Зал толы үстелдердің үсті дәмді тағамдарға лық толған. Құстың сүтінен басқаның бәрі тұр дерліктей-ақ екен. Той қонақтары аты-жөндері бойынша үстелдеріне тарап жайғасқанда, жотаның үстінде селдір өскен шөптей ғана болып қалды. Әр үстел сайын кемінде 4-5 орындық бос тұр. Кейбір үстелде тіпті, бір де адам жоқ.
Телефонын құлағына жапсырып алған Жантай «Әбеке, Әбеке» деп ит әуіреге түсіп, ерсілі-қарсылы ойқастап жүр. Қонақтар орындарына жайғасқан соң да әлгі Әбекесін күтіп жарты сағаттан астам нәр татпастан сарылып, бәрі күтіп отырды. Бекжан көп жыл көрмеген досы Қамшыбайды дастархан басында кездестірген. Екеуі әңгемелеспек болғанымен, қатар отырса да, даңғыр-дұңғыр етіп қосарланған музыканың сартылдаған асау үні сөздерін жол-жөнекей қағып әкете береді. Саңырау адамдарша бір-бірінің құлағына еріндерін тақап айғайлап-ойбайлап жөн сұрасқан болды.
Бір кезде келді дерсің, әлгі көп күттірген Әбекесі. Асабаның пәрменімен жиналған жұрт түгел қол соғып, өлген әкелері тіріліп келгендей мәз болысып қошемет көрсетіп қойды. Керемет етіп, қырылып қала жаздап күтіп жүрген Әбекелері жас шамасы қырықтан енді ғана асқан, бойы бір-ақ тұтам доп-домалақ жігіт болып шықты. Неге оны соншама әспеттеп, әлде қандай етіп жүр деп Бекжан таңданып қалды. Сөйтсе, ол жігіт жас та болса бас, яғни, Жантайдың төбесінен қарайтын, бірнеше бөлімі бар білдей бір мекемені жатқызып-тұрғызатын, өргізіп-жусататын, қысқасы, осында жиналғандардың көбін тікелей бағындыратын бастық болып шықты.
Кім болса да, келіп қуантқаны абырой болды. Асабаның жаны кіріп, тойды бастап кеп жіберді. Бақандай үш сағат бойы тойды күткен қонақтар да шанышқы, қасықтарын салдыр-сұлдыр еткізіп, салат секілді жеңіл-желпі тіскебасарларды кірш-кірш шайнауға кірісіп кетті.
Жиналған жұрттың іштеріне ел қонсын деді ме, асаба жігіт ортаға шығып өзі әлде бір лирикалық әнді орындап, бишілер тобын шақырып «мың бұралтып» қойды.
Бірақ, арасында қайта-қайта «шапалақ қайда?», «қошемет көрсетіңдер!» мазаны ала беретіні қиын екен. Бекжан бір кішкентай самсаға қарай қол соза беріп еді, «шапалақ, шапалақ» деген асабаның даусынан селт етіп қолын жинап ала қойды. Тағы бір рет қызыл балыққа қарай қол соза бергенде «қошамет, қошамет» деп айғайға басады. Қол соғудан алақаны босамай, ауызға бірдеме салып үлгермей отырғанын аңғарған болса керек. Анандайтын жерде қарап тұрған даяшы жігіт келіп, алдындағы табағын лезде толтырып бере қойды.
Әлгі Әбекесінің бойы тапал болғанымен даусы зор екен. Ең бірінші болып сөз алып, барқылдап ұзақ сөйледі. Мерейтой иесінің мақтауын асырып біраз көсілген соң өзі басқаратын ұжымның есептік баяндамасы секілді бірдемелерді айтып кетті. Қасындағы жұбайы да қалыспайды екен, Жантай ағасы мен оның үйіндегі жеңгесін мақтап, сапылдап біраз жерге барып қайтты. Онысы да жақсы болды. Даңғырлаған музыкадан бір сәт болса да, құлақ тынышталып, Бекжан алдындағысынан қарпып жей отырып, тыңқиып тойып алды.
Ішіне ел қондырып алған соң ендігі жерде Бекжан да оның қасындағыларға асабаның командасын мүлтіксіз орындап, әрбір тосты сөйлегендердің «сол үшін алып қояйық!» деген ұрандары естілген сайын қол соғып, қошамет көрсетіп отыра берді.
Арасында қолдарында қойдың басындай фотоаппараты бар қыз, жігіттер келіп, отырғандарды шырт-шырт еткізіп, суретке түсіреді де, бас бармақтарын шошайта көрсетіп кетіп қалады. «Не деген мәдениетті балалар» деп Бекжан іштей оларға разы болып отырды.
Сәлден кейін әлгі фото түсіргіштер келіп, Бекжанның бәйбішесімен және Қамшыбаймен, өзге де қонақтардың арасында екі езуі екі құлағында, бақыттан басы айналып отырған суреттерін ұсынды. Кейбірін әдейі әйнегі бар, алтын жалатылған рамкаға салып әкеліпті. Бағасын естігенде қипақтап қалса да, досы Қамшыбайдан қысылып әрі фермер деген атағына кір келтірмейін деп бәйбішесінің түрткілеп отырғанына қарамастан бәрінің ақшасын төлей салды.
Бақандай үш сағат екеуі қатар отырса да, Бекжан мен Қамщыбай әлі өзара әңгіме-дүкен құра алмай-ақ отыр. Сырласатын, еске алатын дүниелер іште қыж-қыж қайнайды. Той қонақтары тост айтып жатқанда, шүйіркелесе қалса, асаба біресе «ақ тілекке құлақ салыңдар» немесе «қол соғып, қолдап отырыңдар» деп ызыңдап маза бермейді. Ал, қалған сәттерде құлақты жарып кетерліктей ойнатылған даңғаза музыка ештеңе естіртпейді.
Сөйтіп отырғанда, сөз кезегі достары мен ауылдастарына берілді. Ортаға шыққандардың арасынан асаба жігіт жылп-жылп етіп, Бекжанды бейнебір жылқысын көптігінен баға алмаған бағзы замандағы Жағалбайдың ірі байларындай етіп, аузының суы құрып тұрып тұздықтап таныстырды дерсің. Бекжан бір қызарып, бір бозарып тұрып тілек айтқан болды. Қарсы алдындағы Жантайға қараса, ол ымдап «әлгі сөзіңді айт» дегендей ишара жасап тұр екен. Шара жоқ, тайпалта жорғалайтын көк дөненді ат қып мінгізетінін айтып салды.
Жұрт қол соғумен қатар «Бекжан, Бекжан» деп ұрандатып ала жөнелді. Тігерге тұяғы болмаса да, топ алдында өтірік айтудан асқан қиын не бар десейші. Соғылған әр шапалақ сайын Бекжанның маңдайынан суық тер бұрқ етіп жатты...
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі