Өлең, жыр, ақындар

Қып-қызыл перде

Беліне дейін төгілген қою қара шашын жайып жіберіп, теңіз жағасында тұр екен дейді. Өрекпіп кеп құрлыққа соғатын толқынды тудырған жел әйелдің шашын желбіретеді. Желмен ойнаған толқын бір көтеріліп, бір басылып, жағаға жетіп құтылған желге қолын қармап қалатындай. Судың сылқ-сылқ күлгені. Екеуінің ойынына төбеде күн жымиып тұрған секілденеді.

Тобығына жығылып, жылыстап бара жатқан суды әйел сезбейтін тәрізді. Аяғы да дымқылданбаған. Бұл теңіздің адамға неліктен жұқпайтынын ол түсіне алмай, аң-таң. Көк толқын қайта айналып, жағадағы құмды бір шайып кетеді. Қараса, тура тобығынан келетін су кері шегініп жатыр, бірақ аяғы құрғақ. Сынаптай сырғанап, лыпып барады. Кенет желке тұсынан құстар ұша жөнелді, арт жағында ну орман екен дейді, әлде жайқалған жасыл бақ па екен, бұрылып қарамады. Әлгі құстардың көптігі сонша, аспанды бүркемелеп алыпты. Миллиондаған қанаттың сабалағаны мен шиқылдап, қарқылдап, қиқулаған дыбыстар құлағын шыңылдатып әкетіпті. Көктен түсетін сәулені қанаттылар жапқанда көк теңіз де қоюлана түсіп, бірте-бірте қара түске боялып жатыр екен дейді. Жел мен теңіздің ойыны да біртіндеп төбелеске ұласа бастағандай, екеуі де үдей түсуде. Әйелдің шашы жалбырап, біресе көзіне, біресе ауызына түсіп, әйелдің мазасын алып, шашын қайырып әлек. Жел иектеген қап-қара теңіз толқыны алас ұрып, жағаға жақындаған сайын биіктей береді, биіктей береді. Байқаса, ұшқан құстарға жетіп қалыпты дейді. Суда дүлей бір күш... Әлгі толқынның арасында өзі жақсы біле бермейтін тістері ақсиған үлкен жыртқыш балық тектес мақұлықтарды көріп, осы күнге дейін аспанның айнасы болған бейбіт көк теңіздің ішінде небір жыртқыштың тығылып жатқанына үрейлене таңданады. Қаперсіз жатқан судың кенеттен алабұртып, алапат күшке ие болып кеткені түсініксіз. Қара теңіз бен ішіндегі жалмаңдаған жыртқыш мақұлықтар арт жағындағы орманды қиратып тастамақшы екен дейді, ойынша. Теңіз қара жерге үстемдік еткісі келетіндей. Ал бұл әйел жер мен су соғысының ортасында қалып қойыпты. Шекарада... Дауылдан ну ормандағы ағаш атаулы желмен ілесуге талпынып, тамырынан ажырай алмай, желбіреп, майысып жатыр-мыс, әйткенмен өзі бұрылып көз салмады. Десе де, апатты тоқтатуға қауқарсыздығы жанын тырмалайтындай... Жанталасқан құстардың жан дауысы шығуда. Төменде ұшқан құстарды толқын бір-бірлеп батырып әкетіп, жұтып, құрлыққа қарай төне бергенде, аспанды бүркеген қанаттылардың арасы сәл ашылады да, күннің сығалаған сәулесі әйелдің жанарына жылт-жылт етеді екен дейді. Соңғы жарығы іспетті...

Әппақ әлем... Оянса, терезедегіжұқа, селдір шымылдықты батысқа еңкейгенкүннің нұры тесіп өтіп, көзіне түсіп тұр екен. Жартылай ашық терезеден аулада сайраған құстардың үні естіледі. Пәтердің іші жайма-шуақ түске боялып... Көзінен күн сәулесі өтіп кеткен бе, әйтеуір, айналасында терек мамығына ұқсас мөп-мөлдір әлденелер қалбалақтап ұшып жүр.Әйтсе де, әйелдің бойын беймәлім бір қауіп торлағандай, көзге көрінбейтін бір залал осы маңайда жүргендей, беймаза күйден арыла алмады.

Дудыраған шашын буып, киініп, ванна мен қолжуғыш орналасқан тар бөлмеге кіріп бара жатып, ас бөлменің ашық есігінен балконда азаматтық некедегі өзінен жеті жас кіші күйеуінің темекі шегіп тұрғанын байқады. Беті-қолын жуып тұрып,ванна мен душты қоршай ілінгенқалың қызыл пүліш пердеге қарап қалды. Кеше ілген еді. Оған дейін ол жерді унитаз бен қол жуғыштан оңашалайтын,әйнектей полиэтилен перде тұрған еді. Бірақ, әйел аяқ-асты қызыл матаны жөн санады да, бұрынғысын қоқысқа лақтырған.

Пластик терезен төрт бұрыш болып төгілетін шуақтың бір бөлігін қылтимаға сүйене темекі тартып тұрған еркек көлегейлегенімен, сәуле дастарқандағы асжаулыққа шағылысып, бөлмеге тараған нұр ас бөлмені жылы реңкке бөлейді. Шәугімнің астына газ-плитадан лап еткізіп от жағып, шәйнегіне қара түйіршек шай демдеп, мұздатқыштан сүт-май, қызанақ-қияр, буфеттен нан алып турап, дастарқан жайып жүрген әйелдің қимылын керегедегі сағат санап тұр. Алайда, ауладағы балалардың, құстардың, көліктердің, шүмектен шарылдап аққан судың, үстелге тиген ыдыстардың,ашылып-жабылған мұздатқыштың, еденге тиген табанның үндері сағаттың шықылдағанын естіртпейді. Уақыт ешкімге білдірмей зуылдайтын секілді. Шәйнек шүмегінен жаңа демдеген шайдың буы ысқырып, қияр мен қызанақтың селбескен жұпары пәтерді шарлап, пастерленген сүт пен бөлке нан аңқыған ас бөлмеге шылымның иісі мүңкіген еркек балконнан кіріп келді. Пәтердегі барлық иісті темекі түтіні жаныштады.

— Сонша ұйықтадың ғой?!-деді, сақал-мұртын жып-жылтыр қылып қырғанымен, түктің орны көгеріп көрінетін күйеуі әзілдегенсіп.

— Ой, енді түнгі сменге шықпаймын, — деді әйел, ысқырған шәугімін газ-плитадан алып жатып.

— Неге? Қартайып қалыпсың ба? — дейді еркек қалжыңдай түсіп. Тура сол сәтте барлық дыбыстардан тек сағаттың шықылдағаны ғана қалғандай, шық-шық-шық етсін.

— Ой, түнгі ұйқы жақсы ғой, әйтпесе неше түрлі жаман түс көріп жүрмін, соңғы кезі. Оның үстіне, қазір жұмыста студенттер көбейіп жатыр, күндіз сабақта, түнде жұмыс істейді. — Шыны түбіне шөккен қою қызыл шайға сүт қосып, күйеуіне ұсына бере, жұбайы оның бұл сөзіне сенбегенін жасырғандай, жасанды жымиғанын аңдады.

— Айлық алдың ба? — деді еркек жымиған қалпынан танбай, ыстық шәйді үрлеп ішіп.

— Жоға, әлі екі апта бар ғой. — Әйел өз шынысын толтырып, алдына қойды да, орындыққа жайғаса кетті.

— Байқа, ана салмағыңмен орындықты сындырасың, — деп, күйеуі аптығып айтып үлгерді. Тіптен, соны айту үшін ыстық шайын да асығыс ұрттағаны.

Тағы да әзілдегені. Еркектің әлпетіндегі өмірге деген дән ризашылық қайдан пайда болғанын, әлде өзі бірдеңені ұқпай отыр ма, бірдеңеден құр қалып қойды ма, түсінбеді. Бұрын байқамаған секілді ме?.. Жүріс-тұрысы, сөзі, мәнері бұрынғысына мүлдем ұқсамай ма?.. Қимыл-қозғалысы, өз-өзін ұстауы қалыбына сыймайтын сияқты. Ернеуінен асып-тасыған күш тәрізді ме?.. Терезеден сүңгіген күннің қызарған шапағы әйелдің шынысынан көтерілген буды қызғылтқа бояп алған.

— Ваннаға перде алғаныңа ойлағаным ғой, — деді еркек миығынан күліп.

— Жоға, үйде жатқан перде ғой. — Әйел шыныдан жоғары қарай будақтаған қызғылт буға телміре қарап, ойға шомып, самарқау жауап қатты.

— Қып-қызыл қылып, оны неғып іліп қойғансың? — деп, күйеуі күле бастады.

— Жоға, — деп алып, неліктен осы бір сөзді бейберекет қолданып отырғанын түсінбей, кідіріп қалды. Ақталып жатқан кісі секілденіп, жайдан-жай өзін әлденеге кінәлі сезінетіндей... — Жай, ілгім келді.

— Жуынғанда, су шашырайды ғой. Мата су болмай ма? — деп, еркекмұқата сөйледі.

— Су болса, кептіремін, кірлесе, жуамын, ода тұрған не бар? — Жауабының тұщымсыз екенін өзі білді, алайда одан әріге басын қатыруға құлықсыз еді.

— Бір түрлісің, негізі. — Күйеуі бос шыныны беріп жатып, көзіне тура қарады да, оның бар құпиясы өзіне мәлім тәрізді, қулана күлімсіреді. — Қызыңды шайға шақырмайсың ба?! — «Ваннаға пүліш перде іліп, ақымақ болғанша, қызыңа көңіл бөлмейсің бе?» дегендей қып жеткізді ме, әлде ол өзі солай қабылдап алды ма, әйтеуір, әйел абдырап қалды.

— Ол үйде ме еді? — Азаматтық некедегі еркекмұның әпенділігіне бас шайқай, көзін тайдырып әкетті. — Бүгін подругаларыммен қыдырам деп жатыр еді ғой, — деп, кенет сасқалақтап шыға келді де, орнынан ебедейсіз тұрып, дастарқанды денесімен сүріп өтіп, шай атаулыны шайқап,қызының бөлмесіне беттеді.

Пердесі жоқ әйнектің арғы шетінде жел тараған қызғылт бұлт анық көрінеді, бейне бір ер адамның әдемілеп артқа жылмитып қайырып қойған шашына ұқсайды екен. Әйнектің бергі жағында жиналмаған төсегінің үстіне аяғын айқастырып, құлағын наушникпен бітеп алып, шайнаң-шайнаң етіп, шорты киген бойжеткен басқа әлемде шалқасынан жатыр. Анасын көріп, наушнигінің бір құлағын шешті.

— Төсегіңді неге жинамағансың? — деген сұрағы көмейінен ұрыстың нотасымен шыққанын өзі де аңдамады, әрі неліктен соншама ащы екенін де бағамдай алмай...

— Ой, жинаймын, мам! Не болды, сонша айқайлап? — деді бойжеткен шатынап.

— Жоға, ұрысқаным емес, жай айтқаным ғой. Сен қыдырам деп едің ғой? — деді анасы асау үнін жуасытып барып.

— Алдымен кеш болсын да! — Қыз орнынан секіріп тұрып, көрпесін сілкіп қап, жұлқынып, төсегін жинай бастады.

— Мен сені кетіп қалған шығар деп ойлаппын. Шай ішесің бе? — деді әйел дауысын майдалай түсіп.

— Жоқ!

— Бір шыны ішсеңші бізбен?!

— Ой мам, ішпеймін, айта бермеші, — деп, жастығын жиналған төсектің бас жағына лақтырып, бойжеткен шалқалай құлады.

— Жарайды, жарайды, — деп, шешесі жеңілген кейіпте мысықтабандап тайып тұрғанымен, ойының бір бөлшегі сол бөлмеде қалып қойған еді.

Көкжиекте өртенген күн қаланың биік ғимараттарын ғана таңдап алып, сарғыш-қызғылт түске бояйды. Суып қалған сүтті шайына қарап, өзін әлденеге кінәлі сезініп, бірдеңелерден мақұрым қалған тәрізденіп, әлденеге қолын барынша созып, жеткізе алмағандай, қусырап әйел отыр. Күйеуі мұның әпенділігінен шаршағандай, дастарқан басынан бетін сипап тұрып кеткен. Шаңырақтың жайма-шуақ ауа-райын өз қолымен былғаған сияқты, бос кеңістікке батып, қанша уақыт өлтіргені беймәлім, ойлары пәтерге оралғанда байқаса, іш киімін ғана қалқалаған қысқа көйлектен аппақ балтыры жарқыраған қызы бет-әлпетін опа-далаппен өңдеп алып,әтірді бұрқырата сеуіп, кіре берісте тесік-тесік жаздық туфлиін киіп, қыдыруға шығып барады екен.

— Әй, әй, андағы түріңмен шыққаның не? — деген әйелдің дауысы тағы да жағымсыз әуезбен естілді. — Жаз емес, күз келді ғой, аяғыңдағы не?

— Ой, мама, қойшы, тегі! — деді қызы қырсыға. Анасының құрғақ ақылы миын кептіріп жібергендей ашынып.

— Ең болмаса, тізеңді жабатын көйлек кисеңші!

— Өзім білем! — Қыз сырт әлемге шығардан бұрын сұлулығын бір тексергісі келгендей кіре берістегі айнаға қарады. Әлдекімді күттіріп қойғандай, шалт қимылдайды.

— Қойшы-ей, осы, — десін еркек жатын бөлмеден жетіп кеп. Енді бір сөзден, болмаса, артық қимылдан төзімі сарқылардай... Мұнысы — бойжеткеннің көзінше сыпайы ашуланғаны сияқты, бірақ әйел дәл қазір аузын жаппаса, екеуі оңаша қалғанда, оң мен солын танымайтын дүлей күш атып шығатынын ескерткені секілді. Тіптен, еркектің тұтығуының себебі де басқаға ұқсайды. — Тұрғалы бері, мазаны алып біттің ғой! Нең бар?! — Табалдырыққа таяу тұрған қызға назарын аударды да, үні жұмсара түсті. — Өзіне жарасып тұр. Әп-әдемі!

— Рахмет, — деп, қыз жылы сөзді қабыл алып, пәтердің табалдырығынан ары аттаған сәтте әйел өзін мүсәпір кейуана кейіпте елестетіп қала берді. Тірі пендеге қадірі жоқ, пәтуәсіз сөздерді былжырайтын... Не күйеуіне, не қызына жолатпайтын арада бір селдір перде бардай... Көреді, бірақ ұстатпайды, жақын, бірақ қол жетпес...

Дастархан басында соның себебін іздеп, түн қоюланғанша қимылсыз серейіп отырғанымен, нақты түсіне алмады. Жеті жыл бұрын бірінші күйеуімен ажырасқанда бұл қыз әкесінің қасында қалған-тын. Енді биыл мектеп бітіріп, Алматыға университетке түскен соң, осында көшіп келген еді. Ана мен баланы алшақтататын жеті жыл бөлек тұру ғана емес, тамыры тым тереңде жатқан бір реніштер ме, тарқатылмаған шер ме, не тарам-тарам тағдыр орталарын бөгей ме, белгісіз. Бойжеткеннің өтпелі кезеңдегі өткінші назы ма?.. Баласының Алматыға келгенінеекі айға жуық мерзім өтсе де, әлі де тілін таппай жүр. Не бұл өзін ана ретінде көрсете алмай жүр ме, әлде баласы «шеше» деп қабылдамай ма, бұлыңғыр байланыс...

— Сен қашан ұйықтайсың? — деді әйелшешініп жатып. Артынша,терезені қалың пердемен қымтады.

— Ұйқым келгенде.

— Қашан сонда? — Еркек жанарын теледидардан жұлып алып, жын ұрған адамды көргендей, жүйкесі жұқара, жалт қарады. Әйел сескеніп, өзін күштеп күліп кеп жіберсін. — Жоға, — деді жөн-жосықсыз. — Мен ертең күндізгі смендемін ғой. Соған ерте жатайын дегенмін. Сол сен телевизорды қашанға дейін көресің дегенім ғой. — «Сандырақтай бермеші» дегендей, күйеуі көзін көк экранға қайта қадады. — Саған ертең жұмыс па?

— Жоқ, ертең демаламын.

— Неге? — деді үрке. Дауысын игере алмай...

— Сен есіңнен алжасайын дегенсің бе? Негесі несі? Ертең демаламын. Бүрсігүні жұмыс, — десін еркек тұтығып.

— Жоға, жай сұрадым. Қоя қойшы енді, ашуланбай, — деді әйел кіріптар үнмен. Өтінішпен...Ерінің бұқа секілді күжірейіп қалған мойнын уқалап...

— Бүгін емес, — дейді азаматтық некедегі еркек сәл жұмсарып.

— Жоқ, бүгін болсыншы...

Өз есебі түгел секілді қимылсыз жата берген еркекпен болған ұзақ алысудан соң, пәтер ішін тек сағаттың шықылдағаны ғана тербеп тұрды. Әйел душқа бет алғанда, ас бөлменің жанынан өтіп бара жатып, балконда түрсишең темекі тартып тұрған күйеуін көрді. Үйкеліс біткен сайын, қызған денесін шылыммен суытатын әдетіне басып, көк түтінді будақтатып тұр. Әйелдің санасына сыймайтын, ақыл-естен тыс бір күш, оны жан-жағынан қысатындай. Душқа кіре бергенде көзіне қызыл перде жарқ етті. Қыдырып кеткен қызының кешіккені де ойына оратыла... Бірақ, неге екені, оның оралатынына күмәні болған жоқ, тіптен хабарласса, ұрсысып қалатындай.

Төбеден су сарылдап аққанда ойына көрген түсі қайта айналып соқты. Көрген түсін біреумен бөліскісі келгенімен, сезінгенін айтып жеткізе алатынына күмәні бар. Оның үстіне, өзіне сонша әсерлі болған түстің өзге адамға ешқандай сезім сыйламайтыны, тіптен, қызық болмайтыны — райынан қайтарды. Ешкіммен ортақтаса алмайтын жалғыз ізілік түсін не жақсылыққа, не жамандыққа жоритынын білмей, десе де, түстің аса бір құны болмаған соң, ертең-ақ санадан өшетінін ескеріп, жуынып бітті де, душтың есігін айқара ашқанда, қарсы алдында тұрған күйеуінен селк ете шошынып қалды. Дәл осы сәт, дәл осы көрініс қайталанған сияқтанып... Бірнеше күн бұрын, ыдыс жуып болып, жатын бөлмеге өтіп бара жатып, душтың жартылай ашылған есігінен мойны күжірейген еркек сығалап тұрғанын көзі шалған еді. Әйнектей полиэтилен шымылдықтың арғы шетінде қызының жалаңаш бұлдыр сұлбасына телмірген еркекті сыртынан көрді. Сол көріністің санасындағы ізі жоғалған секілді еді, қазір қайта жаңғырды.

— Туалетке кірейін дегенмін, — деді еркек тура сол кездегідей.

Әйел үн-түнсіз төсегіне кеп жантайғанымен, еркек көз ілмейінше, ұйықтай алмады. Ол қорылдағанда барып, көзі ілініп кетіп еді, түсінде аппақ пердеден сорғалап аққан қанды көрді. Ақ шымылдық қызылға малынып...Қан ағып жатыр екен дейді. Соған жүрегі ауырады екен дейді, неге екені... Қанның иісі сондай жақын, таныс...

Есіктің сыртылдап ашылғанынан селк етіп оянып еді, күйеуі де тұрып барады екен.

— Қайда барасың?! Жат, жат, — деді әйел ұйқылы-ояу.

— Жынды болып қалғансың ба? Туалетке барам, — дейді еркек күйініп.

— Жоға, жай сұрағаным ғой.

Күйеуінің артынан еріп, серуеннен оралған қызының бөлмесіне кірсе, ол шешініп жатыр екен. Пердесі жоқ пластик терезенің ар жағынан қарсыдағы көпқабатты үйлердің ояу жарықтары жылтылдайды.

— Сен ұйықта, ертең ерте мына терезеге перде ілеміз, — деді әйел баласына. — Мен жұмысқа бармай-ақ қоямын.

— Перде іле беретін болғансың ба, мам? — деп күлді қыз.

— Жоға, жалпы, ілу керек қой енді, — деді әйел абдырап. — Ал енді жатып, ұйықта!

— Ұйықтаймын ғой енді.

— Жоға, ұйықтайтыныңды білем ғой, жалпы деймін де. Ал...

Түні бойы күйеуі ары-бері аунаған сайын, бірдеңе тырс еткен сайын, әйел шырт ұйқыдан сақ оянып, «қайда барасың? Жат, жат!» дей берді. Әлдебір қауіпті аңдамай қалатындай, құлағын түріп жатқаны...


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер