Өлең, жыр, ақындар

Юфрау Фредерикс

Шамасы бір жыл бұрын болса керек, жұмыс орнындағы терезенің алдында тұрғанында, біздің әлжуаз юфрау Фредерикстің аяқ астынан жағдайы күрт төмендеп кетті. Таксимен үйіне қайтарып жіберген оны, шешесі бірден төсегіне жатқыза қойды. Дәрігер келіп, қарап, тыңдай бастады да, ақыры бұл істің көпке созылатынын хабарлады.

Айтқандай ол іс ұзаққа созылды да. Аппақ ағаш жоңкасынан жасалған картон қорабшаға салынған піскен жүзім сатып алып, біздің бөлімде жұмыс істейтін қыз-келіншектер бірнеше мәрте барып оның көңілін сұрап қайтты. «Әзірге, еш өзгеріс жоқ» - деп қайталай беретін юфрау Фредерикс. Бұл оның тарапынан өте қарапайым болып аңғарылатын. Сосын көңіл сұраушылардың қатары сиреп, соңыра қал-жағдайын сұрап ешкім де кіріп-шықпайтын болды. Көшедегі көрініске көзін салып отыруы үшін, шешесі оның төсегін терезеге қарай жақындатып қойғанын да:

— Осылай отырып бірдеңе көруге болады екен — деп қуанды юфрау Фредерикс.

Біз басымызды шұлғып, бәрін де ұғынып тұрғанымызды байқаттық. Біздің жүзім салынған қорабымыз үстелдің үстінде хош иісті әтір құтысы мен кітапханадан алынған сұр тысты кітаптар үйіндісінің қасында тұрды. Біз ұзақ отырып қалмау үшін орнымыздан тұруға ыңғайланғанда, екпінімізден бөлменің ішін әтір жайлап кетті.

— Дәрігер, енді не дейді?- деп сұрады менің жұбайым.

Осы мезетте терезе арқылы мұнара сағатының бір мәрте соғылған дыбысы жетті.

— Құдайым-ай, сағат бестен кетіп қалыпты ғой — деп селк етіп, юфрау

Фредерикс апыл-ғұпыл терезеге қарай бетін бұра қойды. Осы сәтті күткендей-ақ көшеде велосипед тізгіндеген жас жігіт пайда бола кетті. Меніңше ол қызметінен қайтып келе жатқан кісі секілді көрінді. Олай дейтінім асығыс қимылы үйіне тезірек жетуді қалаған адамның әрекетіне ұқсап кетті. Бұл кәдімгі плащ киіп, ақшыл сары кекілі желкілдеген, өте қарапайым жігіт болатын. Терезенің бойына қатарласа бере, жоғарыға қарай басын созып, арлы-берлі қолын бұлғады.

— Сәлем — деп айғай салды юфрау Фредерикс.

Қолын бұлғамақ болып, төсектен құлап түсуге шақ қалды.

Әлгі жігіт болса, жөнімен кете барды.

— Жазған-ау, мынауың кім тағы?

— Білмеймін — деді бұл, — Бірақ күн сайын сағат бестен кете осы жерден өтеді.

— Кішіпейіл сияқты көрінді — деді менің зайыбым, байқампаздығын танытып.

— Ол маған ылғи қолын бұлғап өтеді — деп мойындады юфрау Фредерикс - Мен ше, мен де жауап қатамын. Керек болса мен оның кім екенінен де бейхабармын.

Бізге артынан шешесі айтқандай бұл ол туралы көп нәрсені қиялынан құрастырған екен. Әр кеш сайын бұл шайтанарба тепкен құпия жігіт жайында ұзақ сонар әңгіме айтады. Бұл оған Джек деген есімнің өн бойына жарасатынын айтып, біраз уақытқа дейін сақтандыру кеңсесінде қызмет істейтін болуы керек деп топшылапты. Бір күні шешесі кешкі сағат бестердің кезінде сол айтқан кеңсе жаққа барып, күткенінде ол сақтандыру мекемесінен шықпаған көрінеді. Жарайды онда ол тағы басқа жерде қызмет жасайтын шығар. Бастысы айнымас періште секілді әр күн сайын үйдің қасынан өтіп, қолын бұлғайды.

— Жағдайы көңіл көншітеді — деді бір күні дәрігер.

Бұл біз күкен жағымды жаңалық еді. Жанға жайлы әтір исі сезіліп тұратын терезенің айналасы да, картон қорапшалардағы жүзімдердің де, өзгелердің өмірі туралы жазылған кітапхана кітаптарының көзден бұл-бұл ұшатын сәті де жақындап қалғандай болатын. Енді, бұның, юфрау Фредерикстің өз аяғымен жүгіріп, әйнектең арғы жағындағы өмірге белсене араласатын күні туады.

— Асықпа, аптықпа — деп кеңес берді шешесі — бастапқыда таңғы уақытта аз-аздан серуендеп қайт.

Джекқа қолын бұлғау үшін, сағат кешкі бестің шамасында бұл төсегіне жата қалып, тағатыздана тосатын. Бұл оны дәл осылай дуалап қойғандай еді.

Бұған сауығып кеткен соң далаға шығуға рұқсат еткенінде, бұл жұмыс күнінің аяғын таңдады. Асықпай мұқият киініп, ұзақ уақыт бойы жастыққа жабысып жатқандықтан, ұйысып қалған қалың шашын бір сағатқа жуық тарады. Жұмыс күні аяқталар сәт жақындап, сағат бестен бес минут өткенде, алға басқан аяғы кері кетіп, бұл баспалдақпен төмен қарай түсіп, үйдің алдына тоқтай қалды.

Барлығы дерлік әр минутына шейін есептелген-ді. Бұның шешесі үйде шайын қайнатып, темекісін даярлап қойып күтіп отырды.

«Джек» — дейді бұл күлімдеп, ол велосипедін салдырлатып бұрыштан ытқып шыққанында. — «Иә, сіз оны қайдан білесіз?»

Бұл іштей дәмеленіп, бақыттан басы айнала, оның сол сәттегі бет әлпетін елестетіп қойды.

Қыстық пальтосы қанша жылы болғанмен де, көшенің аяқ жағынан әлгі қарапайым, үстінде плащ, сары кекілі желкілдеген, үйіне өте асығыс кетіп бара жатқын жігітті көргенде қалтырап кетті. Ол жақындай түсті. Оның жүзі жоғарыдан көз салып қарағаннан гөрі төменде өте жағымды көрінді. Ол мұнымен қатарласа бере көз жанарын тайдырып әкетті. Оның көздері әдеттегідей терезенің арғы жағында ағараңдап тұрған бұның төсегіне қадалып, асқан бір мейірімді жымиыспен қолын көтеріп, арлы-берлі бұлғай салды.

Бар болғаны сол. Үн-түнсіз қасынан өте шықты.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер