Өлең, жыр, ақындар

Жанарымнан танышы

Көздер сөйлей алады. Адамның  көздерінде тылсым күш жатыр.

Омар Хайям

Мүгедектер арбасына таңылған жарты дене  көзін жерден алар емес. Ара-тұра басын изеңдетіп қояды. Көзі болса да ештеңені көрер халі жоқ. Құлағы болса да, әлденені естір қалпы байқалмайды. Бір жағына қисайып кеткен бет-жүзі әлем-тапырық. Көрдей үңірейген аузы көрер көзге тіптен қорқынышты.Тісі әр жерден бір сойдиып, қызыл иектеніп қалған. Сүйегі шыққан тарамыс қолын тізеден төмен кесілген аяғына қойып, сұлқ отыр.

— Осындай бейбақтарды көрсем, жаным ашиды. Жауһар, қызым, садақа тастайық!

— Бұларды Алла аясын, апа! Бірақ сол  Жаратушымыздың маған жаны ашыды ма? — Мұның алдына әлдебір әлуетті қол өңгеріп кеткен тостағанға бір уыс тиын тастаған қыздың білегіндегі аппақ күміс білезік күн сәулесіне шағылысып, әлсіз жарқ етті. Әлгі міскін жанарын ғаламат сәуле қарықтырып жібергендей, онсыз да жартылай жұмулы көзін тіптен сығырайтты..

— Жауһар, күпір сөйлеме! Он екі мүшең сау.Алла сені аяйтындай бейшара ма едің? — Әйел қызын қолынан тартқылап, ала жөнелді.

— Апа, менің жаным жаралы ғой, жаным! — Күңіренген қаралы ару шешесінің жетегінде сүйретіліп бара жатты.

«Жауһар» деген жалғыз сөз тілсіз ғаріптің сансырап қалған, ой ағыны тежелген санасына соққы болып тиді. Көңіл көкжиегін біржолата тұмшалап алғандай көрінген зұлмат тағдырының қап-қара бұлттары жел қуғандай көше жөнелді. «Жауһар!» деген жаңғырық үн санасын сілкіп барып, дәурені жүріп тұрған кезінде сезім падишасы болған, қазір сезім атаулыдан ада болып, қара тасқа айналған жүрегіне де жетті. «Жауһар» деп күбірледі жүрек тілі. Бейбақтың көз алдына тәтті күндерінің таңғажайып елестері тіріліп келіп, замана көшіндей тізбектеліп өте бастады...

... — Көліктің кілтипанын білмей, тек тізгіндеуден аспаған арудың аты кім екен? — Көліктің ақауын жөндеген жігіт қолының майын мұқият тазалап, ту сыртындағы қызға бұрылды.

— Есімім — Жауһар! — деп  күлім қақты бойжеткен.

— Жанары жақұттай жарқыраған сендей аруға әбден лайық ат екен. — Жігіт «сізден» қалай «сенге» көшкенін өзі де аңғармай қалды.Бұл болмашы жақындықты қалтқысыз сезген қыз да үнсіз қалмады.

— Темір тұлпарымның тілін тапқан серінің атын білсем бола ма? — деп әзілге жыға жылы сөйледі.

— Ғазиз! — деп қолын ұсынды жігіт. Өзара қол алысқан екеудің жанарында мөлтек сырдың ұшқыны ойнады.

— Қазіргінің қыздары жігітке өздері жармасатын болған, — деп дарылдай сөйлеген Әрсеннің даусы қос жүрекке енді қонуға ыңғайланған сезімнің әдемі құсын үркітіп жіберді.

— Сау бол! — деп Жауһар жалт бұрылып, мәшинесіне ырғып мініп, тез — ақ көзден таса болды.

— Қымбат көлік мінген аршын төстен көзіңді ала алмай қалдың-ау? Қайтесің сол сылқымды! Еріккен байдың қызы сендей кедейді бір-ақ күн ермек етер! — Өз сөзіне өзі мәз болып, ырқылдай күлген Әрсенмен дауласқан Ғазиз көрінбеді. Белгісіз тұңғиық ойдың шырмауында қалғандай. «Енді сені қайдан табам, жақұт жанарлы ару?!Белгілі ғой, сен — аққусың, жүрер жерің көл ғана. Мен — дуадақ, басар жерім шөл ғана. Үйлеспейміз, кездеспейміз енді қайтып бұл маңда... Жо — жо — жоқ!Алас ұрма, аптықпашы, жүрегім! Бақ жұлдызың жанар сәтің, келер бір күн кезегің!» Өзі де түсініп үлгермеген мың сан сезімдердің арпалысында жүріп кешті батырды. Қимасын абайсызда жоғалтып алғандай, елегізи басып, жалдамалы тоқал тамына қарай аяңдап келе жатты. Бір сәтке бір Ғазиз екіге бөлініп, бір-біріне тап берердей айтыса жөнелді.

— Е — е — е, Ғазеке, түпсіз терең мұхитқа секіріп, түбіндегі маржанды алам деуің бос әурешілік, — деді жүзінде кекесін күлкі ойнаған Ғазиз.

— Атам қазақ қылыштың жүзінде, найзаның ұшында жүріп те ғашық болып, ұрпақ өрбіткен. Оның жанында қазір бейбіт заман, — деп дауласқан болды жүрек үні.

— Ә — әй, ол қазақ пен бұл қазақ тең дегенді қайдан шығардың? Қазір қыздар жігітті таңдайтын болған.Ақшаң бар ма уыстап шашатын! Жоқ! Қымбат көлігің бар ма зәулім сарайыңның алдына қаңтарып қойған? Жоқ! Дүркіреген қызметің бар ма? Жоқ! Жеті жоқ екі еселеніп сенің маңдайыңа жазылыпты ғой! — Әлгі Ғазиз ашы мысқылдап, мырс-мырс күлді.

— Менде сен атамаған бір құндылық бар. Адамгершілігім, адал көңілім, таза жүрегім бар.Өмір сүруіме осы үшеуі жетеді. Сен айтқан қалғандарын жасап алуға болады!

— Күндей күркіреген көкең жоқ. Тіреп тұрған тәтең жоқ. Сенің тіпті әке-шешең де жоқ. Олар қол ұстасып, ана дүниеге асығыс аттанып кеткен.

— Жә, тоқтат! Менің жоғымды түгендеуге шебер екенсің! — Жүрек даусы зілді әмір етсе де, сайқымазақ Ғазиз кетер емес.

— Құр қиял саған не берер? Одан да тамыңа барып, күрішті суға бұқтырып же! — деп және бір кекетті.

Бір жан екіге бөлініп, өзара қайшы пікірлермен айтысса, төрелігін жүректен сұрай ма, әлде ақылдан сұрай ма?Дүдәмал күйінен арыла алмаған жігіт тамға кіріп, дүмін басты.

— Не болды, шебер? Жұмыс шаршатты ма, әлде сүреңсіз тірлік қажытты ма? — Соңғы екі жылда айнымас досына айналған Досым Ғазиздің қас-қабағынан әлдебір түйткілді жазбай таныды.

— Бүгін жұмысқа бір қыз келіп, көлігін жөндетті.

— Ойбай, қыз келді деймісің? Көлігі бар деймісің? Оған несіне сонша мұңайдың?

— Тып-тыныш көңіліме от тастады.

— Ауырған арыстандай алас ұрған түріңе қарасам,  сұлуың саған есімхатын бермеген-ау?

— Тіпті нөмірін сұрап үлгермедім.

— Қап, мен саған «алдымен қыздың телефон нөмірін сұра, атын содан соң біліп аласың» деп үйретіп едім ғой. — Досымның бұл жұбатуына Ғазиз езу тартты да қойды.

— Ғазиз, сәбіз қоспай пісірген күріш дайын болды. Кел, дастарханға жақын отыр! — Қамқор досының бұл сөзі Ғазизға өзін аяусыз шенеген өз даусының қағытпасын есіне түсіріп, тәбеті тоқтап қалды.

— Ойға батып тұңғиық,
Кірпігіңе мұң жиып,
Жатпа текке бұртиып.
Тойып ал да ботқаға,
Таппай оны тоқтама,

Ары қарай ұйқастырып жіберші! — Күлмесіне амалын қалдырмаған Досымның сөзінен соң шай да ішілді, күріш ботқа да түгесілді. Сәлден соң екі жігіт Досымның қалта телефонына шұқшиып, «хабарсыз кеткен періштені» ғаламтордан  іздеуге кірісті.

— Жоқ, табылар емес, — деп қабағын тыржитты Ғазиз.

— Әлеуметтік желіде отырмайтын не қылған айрықша ару бұл? Бәлкім, жасырын атпен тіркелген болар. — Досым күдерін үзбей, телефонын қайта қолына алды.

— Міне, таптым! — деп айғай салған Досыммен қосамжарлана түрегелген Ғазиз оның қолындағы телефонды жұлып алды. Расында да желіде тіркелген қыздың есімі Жауһар екен. Суретін ашса, бөксесін бұлтитып, анарын көкке керген біреу.

— Ол емес, — деп суретті жаба салған Ғазиз көңілсіз күңк етті.

— «Мені қайтесің?» деп безеріп тұрған түрін қарашы бәлекейдің! — Досым суретке қарап, сілекейі шұбырып сәл отырды.

— Сұлу емес бұл сұлу, сайтан сұлу. Суретіне қарасам, бар ойы — еркекті естен адастыру!

— Ғазеке, онда біз «ешқашан естен танбайтын есті еркек» ретінде сен айтқан Жауһарды өмірден іздеп табайық. Мүмкін, қазір ол да көңілінің айнасынан сені іздеп өрекпіп, ұйықтай алмай  жатқан шығар дөңбекшіп. Тез түрегел, жоспар қүрып амалдайық мына біз! Сонда саған жеткізер анау мөлдір қыз!

— Түнгі клубтан іздейік. Амалдап кіріп көрейік, — деп ыржиды Досым.

— Жоқ, періштенің барар жері жын ойнақтың ордасы емес.

— Бас сұғуға біздің тиын жетпейтін мейрамхана?

— Жоқ, Жауһардың даңғаза әуенге елтіп, сусын ішіп сергіп отырғанын елестете алмаймын.

— Түу, онда өзің айт! Менің нұсқаларым таусылды. Қиялыңда Жауһар бикеш қайда, қалай отыр?

— Жауһар  сүйкімді жымиып, театрға кіріп келе жатыр.

— Тұра тұр! Театрға барсын делік. Алматыда театр көп қой.

— Қазақтілді театрлар көп емес.Жауһар солардың ең көнесіне  баратындай.  Мөп-мөлдір жанарынан арманшыл күйді аңғардым.  Ғашықтық қойылымдарды ұнататын хас сұлудың өзі деп болжаймын.

— Қиялың шарықтап кетіпті ғой. Кім біліпті, дәл қазір Жауһар езуіне темекі қыстырып алып, абыройын әрең жауып тұратын қысқа белдемше киіп, түнгі клубтардың бірінде ойран салып жүрген шығар.

— Жоқ, көзінен ұққан сырым — оның жаны таза.Тұнық көлдің түбіндегі тірлікті көруге болады. Ал оның жанарынан жанының пәктігін, боямасыз ақтығын көрдім. — Ғазиздің кесіп-пішіп айтқан сөзіне аңтарылып қалған Досым ғаламтордан  Алматыдағы театр афишаларын қарауға кірісті.

Екі дос театрды торуылдап үш күн жүрді. Ғазиз әр кеш үмітін жетектеп келіп, күдігін құшақтап қайтады.Төртінші күні театрға билет алып, ішке кірді. Өйткені Досым өмірі театрға бармағанын сылтауратып, тыста қалып қойды. Ғазиз есікке жақын диванға жайғасып, келушілерді көзімен аңдыды. Көрермендердің қарасы жуық арада азаяр емес, ағылып келіп жатыр. Шыдам шапанын шымқана жамылып бұл отыр. Минуттары ғасырдай көрінген жігіт орнынан тұрып, айналы қабырғаға қарай жүрді. Байқағаны — қайсыбір қыздар өз сұлулықтарына өздері сұқтанып, айна алдынан кетер түрлері көрінбейді.  «Әр қыздың өз қойылымы болады, әрі сол қойылымның режиссері де, әртісі де — өзі,» — деп іштей күбірлеген жігіт жалғыз жүргеніне ыңғайсыздана бастады.Кенет ол шалт қимылдап, шығар есікке беттеді. Өзінің мына диуана кейпіне күлкісі келді.

— Үлгердік қой, әйтеуір! — деген сыңғыр үнге тоқтай қалды. Аспандағы айдан бетер арман болған Жауһар қарсы алдында бір жігітпен қолтықтасып тұр. Ғазиздің іші ұлып қоя берді.

— Ғазиз, сен де теартға келгенді ұнатушы ма едің? — Жауһар ескі танысындай бірден жөн сұрай жөнелді.

— Жауһар-ау, өзіңе ұқсаған «заманынан қалып қойған» қиялиды тапқан сияқтысың. Мен кете берейінші. Театрда ұйықтап қалып, масқара болып жүрермін. — Азар да безер болған жігіт Жауһардың жауабын да күтпестен тайып тұрды.

— Бөлем ғой. Мұнда келуге жаныма серік таппай, күштеп ертіп алған едім, — деп жымиды Жауһар.Қыз мұны көргеніне қуанғанын тіпті жасыруға да тырыспады.Ғазиз ізет білдіріп, қызды ішке бастап жүрді...

Әлгі бір әлуетті қол қоларбаны жұлқи тартты. Ғазиз сонда барып күні бойы оюмен нақышталған көк күмбезді  мешіттің жанында отырғанын білді. Әлуетті қол мұны белгісіз бағытқа сүйрей жөнелді. Қоларбаның дөңгелегі сықыр-сықыр етіп, жанын аяздай қарып барады.

— Ей, — деді мығым қолдың иесі қабаған иттей арсылдап. — Көзің жылтырап, тірліктен нышан беретін болыпсың. Садақаны да әжептәуір жинапсың. Енді күнде осы мешіттің жанына отырғызып кететін боламын.

Садақасын санап мәз болған әумесердің бұл сөзі пақырдың кеудесінде үміт сәулесін шалқытты. Алла үйінің жанында Жауһармен жолықса, шіркін!«Жолықсам, шіркін» деген жалғыз арман жігіттің көңілінде тағы да өткен күннің елестерін оятты.Ол елестердің барынша шынайы бейнеге айналғаны сонша, Ғазиз қисайып қалған езуінде нәзік жымиыс ұялап тұрғанын аңғармай қалды...
...Ләйлісіне асыққан Мәжнүндеймін, — деп ыңылдаған Ғазиз бөлмеден шығуға айналды.

— Ғазеке, неге сонша асықтың? Бүгін тіпті сырбазданып, сымбатты болып  кетіпсің. Әлемдегі ең келбетті күйеу жігіт те сенің көркіңе таласа алмас. — Досым Ғазиздің телефонын қалтасына салып беріп, қолына бір шоқ ақ гүл ұстатты.

— Жауһарыма жеткенше, гүлім солып қалмасын. Күнікейден көркем, Айбаршадан ажарлы Жауһарыммен сөз байласып қайтайын.

— Түу, сен сөз салғанда ғашығың ойланбастан «иә» дері анық қой. Асықпай-аптықпай, жолда абайлап жүр. — Досым Ғазизді арқасынан қағып шығарып салды.Қолды-аяққа тұрмаған жігіт сәлден соң кең көшені бойлап келе жатты.

— Ғашық болған қандай ғажап! Маңайым түрлі-түсті нұрға бөгіп тұр. Бұрын дәл осы көше шамдары күңгірт тартып көрінетін. Ал бүгін ерекше жарқырап тұр. Осы нұрдың ханшайымы, Жауһар қалқа, саған қарай ұмтылған жүрегімде тағат бар ма? — Ғазиз көшенің келесі қапталына өтпек болып, жаяу жүргіншілер жолағына беттеді. Қауіпсіздігінің кепілі аяғының астындағы ақ жолақтай-ақ аттай беріп еді, бір көлік қиқулап келіп, іліп әкетті. Ғазиз қатты тарс еткен әлдебір дыбыс пен өзінің жерден көтерілгенін ғана сезіп үлгерді. Түксиген қара түнек әлем жігітті құшағына ала берді...

— Өмірге шын ғашық жан екенсіз. Мынадай жарақаттарыңызбен тірі қалуыңыз екіталай еді. Жиырма күн дегенде есіңізді жидыңыз. — Өзіне төне сөйлеп тұрған ақ халаттының сөзінен Ғазиз түк түсінбеді.

— Қайдағы жарақат? Қайдағы жиырма күн? Тоқал тамнан шыққаным жаңа ғана емес пе еді? — Ғазиз бұл сұрақтарының мәңгіге күрмелген тіл ұшында ғана қалғанын білмеді.

— Аман қалғаны да жан сауға, дәрігер мырза! Мен бұл жігітті өз қамқорлығыма аламын. — Мұның қолын қатты қысқан бейтаныс еркектің уысынан шықпақ болып тырмысып көріп еді, онысынан ештеңе өнбеді.

— Сіздей қайырымды жанға тап болған бұл жігіттің бағы бар екен. Алдағы уақытта да оны емдетем деп отырсыз. Сіздей ғажайып жандар мына әлемді жылылыққа толтырған.

— Адамдық парызым ғой, дәрігер. Шамам келгенше емдетемін. Бұдан ары мұнда жата берудің реті жоқ шығар. Бүгін шығарып алып кетейін, — деп мысық көз мияу үн қатып еді, дәрігер мақұлдай жөнелді.

— Мен дәрігер ретінде қолымнан келгенін жасадым. Ал ары қарай науқасты сіздің жылы сөзіңіз бен қамқор көңіліңіз емдер.

Осы сөздердің барлығын естісе де, жүйелі ойлаудан қалған санасы қабылдай алмады. Құрыш қол мұны жатқан орнынан бүріп алып, мүгедектер арбасына қонжитқанда, көжектей болып бүрісіп қалды. Ары-бері шайқалып шықырлаған қоларба дөңгелегінің дыбысы Ғазиздің жүрегіне қасіреттің азалы әнінің қайырмасындай болып жазылып жатты.

— Ана — а — ау күні сені көлік қағып, әуелете лақтырып жібергенде, сені тірі қалады деп ешкім ойламады. Көше шетіндегі арықта бет — аузыңды қан жуып, бүк түсіп жаттың. Менің таң қалғаным, сенің қолыңның шеңгелі жазылмай, шоқ гүл уысыңда қалды. Қанша хайуан болсам да, мен де адам баласымын ғой. Сені ауруханаға апарғанымда, дәрігерлер уысыңды жаза алмай, сен сығымдап ұстаған ақ гүлді түбінен кесіп тастады. Иә, кесіп тастады. Екі аяғыңды да кесті. –Осы тұста Ғазиз бар денесімен дір етті. Ту сыртындағы дауыс мұның жаназасын оқып жатқандай қалтырады. — Енді сен менің тұтқынымсың. Дәл сендей бір жұмысшым өліп еді, екіншісі бұйырған екен. Аяғың жоқ, жүрмейсің. Тілің жоқ, сөйлемейсің. Саған жаны ашыған ақымақтар садақа тастап, менің есебімді түгендейтін болады. Кәне, төрлет, тамұқ — тұрағыңа қош келдің! Ха — ха — ха!

Ғазиздің жанарында түбінен кесіліп, тарам-тарам болып шашыраған бір шоқ гүл кенеттен аппақ құсқа айналып, самғап ұша алмай, шырылдай берді...

...

Біреулердің үмітін ақтап, енді біреулердің күдігін растап Алматының ақ таңы да ағараңдады. Алып шаһардың таңы сәнімен сызылмайды, қарбалас, тым қызу басталады. Терезеден далаға көз салған Жауһар «бір жыл!» деп сыбыр етті. Сыбырдың соңы өксікке ұласты. Жалғыз қызының жай — күйін баққан анасы бөлмеге асыға кірді.

— Қызым, — деді барынша жылы сөйлеп. — Бір жыл бойы меңдуана жегендей мең-зең болып қалып едің. Ақыры бүгін көз жасыңа ерік беріпсің. Сенің жылағаныңды көріп те қуанатын болдық қой.

— Апа, бір жыл! Ғазизсіз өткізген күндерім жылды толтырды. «Келем» деп қоңырау соғып, күттіріп кеткеніне де жыл толды, апа! Бұдан ары үндемей күтуге күшім қалмады! — Солқылдап жылаған қызын баурына басқан Шара қосыла көз жасын сығымдады. Сөйтіп тұрып қызына ұрсып та алды.

— Жасың жиырма беске енді келді. Көз тоймайтын көркің бар. Білімдісің. Бәрінен бұрын әкең екеуміздің аяулы қызымызсың. Інің де сені жақсы көреді. Біз үшін бұл қайғы теңізінен қарманып жүріп құтылшы.

— Апа, — деді  Жауһар оқыстан көз жасын тыйып. — Кеше маған әкем «бұрынғы ақ жарқын қалпыңа оралмасаң, сені психиатрға апаруға мәжбүр болам,» — деді. Мен жынды емеспін ғой.

— Әкең сені қатты уайымдап, тұйықтан шығар саңылау іздеген түрі ғой.Жалғызым, сол атың өшкір антұрған Ғазиз сенің сорыңа бола жолықты. — Апа, олай демеші. Ол мені көзімнен танитын. Бар қалауымды, жан арманымды жанарымнан оқитын. –Көз жасын жұтып тұрған Жауһарға сағындырған сүйіктісінің даусы анық естілді: «Жауһарым, сен жымиғанда, «ажарлымын» деген Айдың өзі бұлт бүркене қалады. Ал сен күлімдегенде кербез Күннің өзі көркіңнен қымсынып, жасырынарға бұлт таппай қалады. Менің нұрсыз, күнсіз өміріме ендің де, ғажайып жарыққа бөледің.»

Өз-өзінен күбірлеген қызына қарап шошынған Шара оны ұшықтай жөнелді. Үрейі ұшқан ана мен жүрек оты сөнуге шақ қалған қызының көздері түйісе қалды.

— Жан балам, сені қалай алып шығам бұл шыңыраудан?

— Анашым, кешір ақымақ қызыңды. Бір жыл бойы сені қорқыныштың қыспағында, уайымның тұзағында қалдырыппын ғой. Неткен өзімшіл едім!

Жауһар іштей бір шешімге келгендей, анасының көз жасын аялай сүртті.

— Апа, мен Ғазизбен бүгін қоштасамын. Жетер осы от басқаным!Жанымды кемірген сансыз сұрақтарды оған қатысты естеліктермен бірге желге ұшырамын!

Қызының әлденеге бекінсе, алған бетінен қайтпайтын бірбеткей мінезін білетін Шара іштей қуанып қалды. Ас бөлмеге шай қамдауға кірген Шара әлден уақытта соңын ала келген Жауһарды көріп аңтарылып қалды. Қызы тура «Ғазиз келеді» деп тағатсыздана тосқан күңіреу күндегідей көк көйлегін киіп алыпты. Тура сол күнгідей жасанып, дәмге қол созған қызына тағы да үреймен қарады.

— Апа, қорықпашы. Сол күні Ғазиз маған «айтатын  сөзімнің маңыздылығы өмірімнің құнымен өлшенеді. Кешке мені күт,» — дегенде дәл осылай киінген едім. Енді онымен қоштасқанда сол бейнеде болғым келді.

— Сонда не істемексің?

— Мешітке барып, оның рухына арнап құран бағыштаймын. Бірге түскен суреттерімді жыртып, қоқысқа лақтырамын. Сосын жаным азат болады. «Келем» деп келмегені, бір хабарын бермегені — мен үшін өлдімен тең!

— Дұрыс айтасың, ботам. Жақсы жігіт болса, жөнін айтып келер еді ғой.

— Апа, мүмкін ол келе алмастай бір кепке ұшыраса ше?Зымыстан тағдырдың тырнағына ілінсе ше? — Жауһардың аясы кең, қою кірпікті қой көзі қайтадан жасқа шыланып шыға келді.

— Қой, қызым, өзіңді бұлай мүжи берме! Сенің жағдайыңа өзінің сай келмейтінін біліп, бетін басып қашқан болар ол жазған!

— Апа, біздің неміз артық? Үйімізді бөліп төлеуге алдық. Мәшинемді несиеге алдым. Ал Ғазиздің басында не несиесі, не қарызы жоқ. Ол бізге қарағанда еркін адам еді ғой.

— Жарайды, қызым. Оған шаң жуытпаайсың. Мешітке барып қайт.

Жауһар жедел сатыға кірмей, жетінші қабаттан жаяу түсіп келеді. Әр аттаған сайын өз жүрек үні көтерген сезім құйынына әзер төтеп беріп, тәлтіректеп келеді. Ақыл үні мен жүрек үні тайталаса жөнелді.

— Мен Ғазиздің жанарынан сыр ұққанда көктем еді жайқалған.Көктем күні қоштасамын, құтыламын жалғаннан! — Ақыл үні сабырға шақырды.

— Жалған деме, бұл махаббат өзгелерге арман еді! — Есіл жүректің өзін бүлкілдеткен сол бір сұлу сезіммен қоштаспақ ниеті жоқ.  

— Жалған демей не дейін. Досымды ертіп қасыма, Ғазизді көп іздедім.Аурухана, тпті мәйітханаға да бардым тентіреп.

— Түс көріп ең, Ғазиз шыңнан құлап, жерге жетпей жоғалған. Ғайып болып, кейін аппақ құсқа айналған.

— Ол аппақ құс қазір менің қасірет құсым, білемін. Оныменен қоштасамын, айнытпа мені, жүрегім!

Жүрегін ақылы жеңгендей болып, Жауһар нық басып көшеге беттеді. Мешітке апарар көшемен ақырын аяңдап келе жатыр. Алға аттаған сайын сүйіктісіне деген күйік сағыныштан, ақылына бағынбайтын сүйіспеншілігінен алыстап кетердей жүрек шіркін емекси берді. Махаббат деп аталатын сезім төресінен адыра қалғысы келмеген ет жүрек қан жылап қоя берді. «Бұл күйіктен құтыламын,» — деген бір-ақ ой санасын билеген Жауһар мешітке таяп келді. Тағдыр — мыстан мазақ еткендей Жауһар тура Ғазиздің жанына келіп аял тұтты. Таңнан бері ары-бері өткендерге көз сүзіп, ғашығын жанымен іздеп, басы қалтақтап отырған Ғазиз қыздың қолындағы күміс білезікті анық көрді. «Сол, сол ғой!» — деп қуанышын мақұлық тектес дыбыс шығарумен ғана білдірді. Бұл білезікті өзінің туған күнінде Жауһарға сыйлаған еді. «Бұл өмірге сен келмесең мен үшін, туар еді мына Ғазиз кім үшін? Бүгін сенің күнің!» — деп асылына өзі таққан болатын. Тостағанға тиын тастаған Жауһар теріс айналуға таяғанда, Ғазиз оның өзін мүлде танымағанына күйініп, өксік аралас дыбыс берді.

— Ғазиз басың қор болған бір пендесің!Алла аясын сендей бейбақ пендесін! — Жауһар осылай деп күбірледі.

— Таныды! Таныды! О, Алла, ол менің атымды атады! — Көптен бері қуануды ұмытқан жүрегі соғуын тоқтатуға шақ қалғанда Ғазиз Жауһардың өзінен алыстап, мешікке кіріп бара жатқанын бір-ақ көрді. Қыртыс-қыртыс жүзін қасірет жасы жуған жігіт Алла үйіне қиыла қарап, қинала тілек етті: «Аяғым жоқ, тілім жоқ. Қимылдарға күшім жоқ. Туған анам көрсе де, танымас мына халімнен! Жауһаржан қайдан танысын? Қайратты қою шашым жоқ! Ақық аппақ тісім жоқ!Жауһаржан қайдан танысын?!О, Аллам, жәрдем бере гөр! Жауһарым көзіме бір үңіліп, мені таныр сәтті бұйыртшы!» Бір тілегін сан мың мәрте іштей қайталаған Ғазиз оқыстан көк көйлекті сұлу мүсіннің жанынан баяу басып өтіп бара жатқанын байқады. «Не жаздым саған, ей, Алла?!» — деп мешітке қарап іштей зарланды. Кенеттен қуат бітіп, селкілдеген сол қолы алдындағы темір тостақты құлаштап кеп лақтырды.Салдыр-сұлдыр еткен дыбыс пен жігіттің булыққан даусы Жауһарды еріксіз тоқтатты. Тездете басып оның жанына жеткен Жауһар алдымен оның тостағанын әперді. Міскін тостағанды кері лақтырғанда, Жауһар тосылып қалды. Селкілдеген сол қолымен ол бұған әлденені меңзеп отыр. Түкке түсінбеген қыз кері бұрыла беріп еді, ол тағы да өксіді, ақыры қыңсылады, уһіледі, ышқынды. Жауһар қайта бұрылғанда, ол талпынған баладай қимылдауға жараған сол қолымен бұған  ұмтылмақ болды. Өзі де байқамастан оған қарай еңкейген қыздың көзі оның көзіне түсті. Нұры өшуге аз қалған кіртиген қос жанарда шексіз қуаныш, мәз-мейрам шаттық атой салып тұрды.

— Албастыдай түрімнен танымады аруым!
Тіл бітірші, Құдайым, осы болсын тартуың!

— Қасіреттің шынжырын үзбекке сен бұлқындың,
Таныс маған көздерің, неге маған ұмтылдың?

Өзін мүлде шырамытпаған қимасына кінә таға алмаған Ғазиз бір сәтке көзін жұмды. Көзінен аққан жасы арандай ашылған аузына құйылды. Жауһар мұның көз жасын бет орамалымен сүртті. Өзін сонша сағындырған, бар болмысымен табындырған Жауһары жанында отыр. Ғазиз бой жасағандай өңі шырайланып, көзінің бар бояуымен қызға мейірлене, үздіге қарады. Мақаудың бар сыры көзінде жалын болып ойнады:

— Жанарымнан танышы, жарығым-ау!
Алқымымнан алып тұр тағдыр мынау!

— Мына нұр, мына шуақ таныс маған,
Сол нұрмен бақыт құшып тыныстағам!

— Саған барар жолымды тағдыр кесті,
Көлік қақты, жоғалттым содан есті!

— Келер деп тектімді көп күттім мен,
Жанардағы шуағың жаныма ем!

— Таныдың, арманым жоқ менің енді,
Алайын құшағыңда соңғы демді!

— Ғази-и-из! — Жарты денені — жарты бақытын тас қып құшақтап, азынау үн көтерген Жауһардың жүрегінде неше түрлі сезімдер ию-қию араласып кетті...    


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз